Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы


БЕЙТАНЫС АДАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ



бет9/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   33
Байланысты:
Поллианна 19 12 2022

9. БЕЙТАНЫС АДАМНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Бұл жолы Поллианна өзінің Бейтаныс адамын көргенде, жаңбыр жауып тұр еді. Бірақ қыз оған жарқын көңіл-күймен жымиды:


– Бүгін өте жақсы күн емес екені рас қой? – деді ол. – Бірақ барлық күндер осындай емес екеніне қуаныштымын!
Бұл жолы оның Бейтаныс адамы бұрынғыдай ауыр күрсінбей, жай ғана қасынан өтіп кетті. Сөздерін естімей қалғандықтан өзін солай ұстады деп ойлады Поллианна. Келесі күні онымен кездескенде қаттырақ сөйлеуге тырысты. Ол дұрыс істеген сияқты, оның Бейтаныс танысы көзін төмен түсіріп, екі қолын беліне қайыра қойып өтті. Поллианнаға айналаға бей-жай қарау мүмкін еместей көрінді, әсіресе жарқыраған күнді, таңғы саф ауаны қалай елеусіз қалдыруға болады?! Оны тапсырма орындау үшін таңғы астан кейін далаға шығып серуендеп қайту мүмкіндігі қуантады.
– Сәлеметсіз бе! Жағдайыңыз қалай? – деді ол сыңғырлаған дауыспен. – Бүгінгі күн кешегіге тіпті де ұқсамайды! Мен қатты қуанып тұрмын, сіз де қуанып тұрған шығарсыз?
Оның Бейтаныс танысы кенеттен жерге қаққан қазықтай сілейіп, қозғала алмай тұрып қалды. Ол ызалы еді.
– Тыңдашы, сен қыз, – деді ол: – Бірден келісіп алайық, есіңе сақтап ал: маған күннің бары не, жоғы не – бәрібір! Ауа райымен айналысатын уақытым жоқ. Басқа шаруам онсыз да толып жатыр.
Поллианна сыпайы ғана жымиды:
– Иә, сэр, солай. Мен сіздің ауа райына мүлде мән бермейтініңізді өзім де көріп тұрмын. Сондықтан да сізге арнайы айтып тұрмын.
– Е-ео-хм-м-м. Немене? – деп бір сөздің өзін әрең айтып, ол кісі үндемей қалды.
– Мен, сэр, сол себептен сізге ауа райы туралы айтып тұрмын деймін, сіз жарқыраған күнге қарап, айналаның қандай тамаша екенін байқасын дегенім ғой. Мұны сізге айтсам, сіз бірден қуанып, жүзіңіз қазіргідей емес басқа болатынын білемін.
– Мәссаған! – деп оның Бейтанысы қолын екі жаққа дәрменсіз жайды.
Ол алға қарай бірнеше қадам жасап барып тоқтады. Жүзі бұрынғыдай мұңды еді.
– Тыңдашы, сен неге өзіңнің құрдастарыңмен әңгіме айтпайсың?
– Қуана-қуана әңгімелесер едім! Бірақ Нэнси жақын жерде мен құралпы бала жоқ дейді. Жарайды, ол сондай маңызды емес, маған үлкендермен сөйлескен көңілдірек әрі үйреншікті де. Өйткені мен «Әйелдер көмегі» ұйымына үйреніп қалғанмын.
– Хм-м, «Әйелдер көмегі»?! Сен не, мені соларға ұқсайды деп есептейсің бе?
Оның Бейтаныс танысының ернінде жымыю сияқты бір ұшқын көрінді, бірақ оның қатал жүзі көңілді түр жасауға мүмкіндік бермегендей.
– О, жоқ, сэр, – деп күле жауап берді Поллианна. – Сіз тіпті де «Әйелдер көмегіндегілерге» ұқсамайсыз! Бірақ сіз олардан жаман емес, жақсысыз, – деп сыпайы қосты ол. – Иә-иә, сізді сырттай көргеннен бері өте жақсы адам екеніңізге сенімдімін!
Оның Бейтаныс танысы тағы бір ауыр күрсінді. Бұл бұрын шығармаған ең күрделі дыбысы еді.
– Иә! – деді де ол басқа сөз айтпай кете берді.
Келесі кездескенде оның Бейтаныс танысы өзінің әзілқой жүзімен Поллианнаға алғысын білдірді және оның бұрынғыға қарағанда сымбатты болып кеткенін Поллиана байқап, қуанып қалды.
– Қайырлы күн! – деп салқын сәлемдесті ол. – Саған бірден ескертуім қажет шығар: бүгін күннің жарқырап тұрғанын айтпасаң да білемін.
– Сізге мұны маған айтудың қажеті жоқ, – деп жауап берді Поллианна. – Мен сізге бір қарағаннан-ақ, ол туралы білетініңізді байқадым.
– Сен байқадың ба?
– Иә, сэр. Мен оны сіздің көзіңізден және күлімсіреген жүзіңізден байқадым.
Оның Бейтаныс танысы жай ғана мысқылдап, әрі қарай өте берді. Сол кезден бастап ол Поллианнамен жиі әңгімелесіп, тіпті әңгімені арасында өзі де бастайтын болды. Алайда, олардың әңгімелері сәлемдесуден әрі қарай өрби бермейтін, бірақ осының өзі Нэнсиді таңғалдыруға жеткілікті еді. Бір жолы көшеде ол Поллианнамен келе жатқанда, Бейтаныс таныстың қызбен сәлемдескенін көріп, таңғалғанынан аузы ашылып қалған.
– Кішкентай бау-бақшасы бар үйім! – деді Нэнси таңғалғанда айтатын сөзіне басып, көңілдене. – Менің көзіме елестеді ме әлде ол шынымен де сенімен сөйлесті ме?
– Әрине, сөйлесті. Ол менімен енді әрдайым сөйлеседі, – деп жымиып жауап берді Поллианна.
– Әрдайым дейсің бе? Мынаң қара! Сен ең болмаса оның кім екенін білесің бе?
Поллианна басын шайқады.
– Ол өзін таныстыруды ұмытып кеткен сияқты, – деп ойланып қалды. – Білесің бе, мен оған атымды айттым, ал ол маған есімін айтпады.
– Қаншама жыл болды, ол өзіне қажет болмаса, ешкіммен сөйлеспейтін еді ғой. Бұл – Жон Пендлтон. Ол байғыз сияқты, Пендлтон төбешігіндегі үлкен үйде жалғыз тұрады. Үйінде үй қызметшісі де жоқ, сондықтан қонақ үйге күніне үш рет баруды тәуір көреді. Ол жерде оған әрқашан Салли Майер қызмет көрсетеді. Қызмет көрсетушінің айтуынша, ол тіпті тамаққа тапсырыс жасағанда да ернін әрең жыбырлатады екен. Ал кейбір уақытта қызмет көрсетуші оған не керек екенін өзі шамалайды. Қызмет көрсетушінің жақсы білетіні – ол арзанырақ тамақтарды қалайды.
Поллианна түсінгендей болып басын изеді.
– Мен бұны білемін. Кедейге әрқашан арзанырақ нәрсені алуға тура келеді. Біз әкем екеуіміз жиі арзан асханадан тамақтанатынбыз. Бұршақ пен балық тефтелиіне тапсырыс беретін едік және бұл тамақты жақсы көретінімізге қуанатынбыз. Өйткені қуырылған күрке тауық етіне қарауға қорқатынбыз. Оның бір бөлігі алты жүз цент тұратын. Мистер Пендлтон да бұршақты жақсы көре ме екен?
– Бұршақты жақсы көре ме?! – деді ашумен Нэнси. – Нені жақсы көрсе де, оған бәрібір емес пе? Сен оны шынымен де кедей деп ойлайсың ба, мисс Поллианна? Көзіңді ашып қара, оған әкесінен мұраға көп ақша қалған. Біздің қаламызда Жон Пендлтоннан бай адам жоқ. Егер ол қаласа, күнде таңғы, түскі және кешкі асқа доллардан тамақ жасатып жей алар еді!
Поллиана күліп жіберді.
– Мәссаған, Нэнси! Ол қандай керемет екенін елестетіп көрші! Мистер Пендлтон үстел басына отырып, долларды шайнай бастайды! – деді де Поллианна ішек-сілесі қатып күле бастады.
– Сен түк түсінген жоқсың, – деді Нэнси ызамен. – Менің айтайын дегенім – ол бай адам және өзіне не керек болса, соны сатып ала алады. Бірақ ол ақшасын шашау шығармай, жинап жүр.
– А-а, – деп таңырқады Поллианна. – Мен оның неге олай істейтінін білемін. Ол ақшаны пұтқа табынушылар үшін жинап жүр. Қандай жақсы адам! Түсінесің бе, ол өзіне керек нәрселердің бәрінен бас тартып, біздің нанымызды жабайыларға жеткізуді мақсат етеді!
Нэнси мелшиіп тұрып қалды да, қызға қарады. Ол мистер Пендлтонның өз ісіне жан-тәнімен берілгендігі туралы әзілдегісі келген еді, бірақ Поллианнаның көңілшек жүзін көріп, ештеңе айтпауға бекінді.
Біраздан кейін үзілген әңгімені қайта жалғауға асықты:
– Оның сенімен сөйлескені – таңғаларлық жайт. Ол ешкіммен сөйлеспейді. Ешкіммен! Менің саған айтпағым, бір шаруа үшін қажет болмаса, ешқашан ешкіммен сөйлеспейтін. Түсінбеймін. Жалғыз өзі алтынмен апталып, күміспен күптелген жиһазға толы зәулім сарайда тұрады. Мен өзім, әрине, үйін көрген емеспін, бірақ адамдар дәл солай айтады. Ол туралы «үйі де тамаша, ондағы заттары да керемет» деп айтады. Біреулер Пендлтонды есі ауысқан десе, екіншілері жауыз, ал үшіншілері тіптен «ол шкафта адам қаңқасын тығып ұстайды» дейді.
– О, Нэнси! – деді Поллианна әрі жиіркеніп, әрі зәресі ұшып. – Ол шынымен де өзінің шкафында сондай жан түршігерлік нәрселер ұстай ма? Мен оның орнында болсам, мұндай заттардан баяғыда құтылар едім.
Нэнси күліп жіберді. Ол Поллианнаның осындай танымал мәтелді білмейтініне таңғалды, бірақ оның қаңқа деген сөзді тура мағынасында қабылдағанын түсініп, белгісіз себеппен оны сол ойынан айнытқысы да келмеді.
– Көпшіліктің ойынша ол түсініксіз өмір сүреді, – деп жалғастырды. – Ол жиі саяхаттайды және олардың бәрі пұтқа табынушы елдер екен. Бірде Египетке, бірде Азияға, ал бірде, тіпті, Сахараға саяхат жасаған.
– Мен саған айттым ғой! Ол шынымен де дін таратушы! – деп өзінікін қайталай берді Поллианна. Нэнси өтірік күлімсіреді.
– Мен олай айтпас едім, Поллианна. Ол саяхаттан оралған соң кітап жаза бастайды. Көпшіліктің айтуынша, кітаптары түсініксіз екен. Олардың ішінде алыс аймақтарда тапқан заттары туралы да жазады. Ақшасын осы жақта жұмсауына не кедергі? Ол сол ақшаны өзінен де үнемдейді.
– Мен оның мұнда ақшаны неге жаратынын түсінемін, – деп сенімді жауап берді Поллианна. – Сізге айттым ғой, ол ақшаны пұтқа табынушылар үшін жинайды. Білесіз бе, оның мінезі қызық және басқаларға ұқсамайды. Миссис Сноу сияқты десем болады. Бірақ ол миссис Сноуға да ұқсамайды.
– Шынымен да ұқсамайды, – деп мырс етті Нэнси.
– Сондықтан да, оның менімен сөйлесіп жүргеніне қуаныштымын, – деп Поллианна масайрап, демін алды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет