8. ПОЛЛИАННАНЫҢ ҚОНАҚҚА БАРУЫ
Көп кешікпей Харрингтон жер иелігінде күн тәртібі сияқты бірдеңе орнады. Шынында, ол мисс Поллидің бастапқыда болжаған қатал үлгісіне онша келе бермеді. Поллианна расында тігін тікті, рояльда ойнады, дауыстап өлең оқыды және тамақ әзірлеп үйренді. Бірақ ол осы жұмыстардың бәріне жоспарлағандай емес, айтарлықтай аз уақыт жұмсады.
Түстен кейін екіден алтыға дейін, толықтай өз билігінде болды және Полли тәтесі әлдеқашан үзілді-кесілді тыйым салғандардан басқасының барлығын жасап, көңіл көтере алды. Басқаша айтсақ, оның барлық қорқыныштарына қарамастан, «өмір сүруге» уақыты айтарлықтай көп болды.
Бұл Поллианна сабақтардан жақсылап демалуы үшін істеліп жатыр деп саналды. Алайда, оған ба әлде Полли бикешке ме, – қайсысына демалыс көбірек қажет екені әлі белгісіз еді. Поллианна оның үйінде неғұрлым көбірек тұрған сайын, мисс Харрингтон: «Қандай жұмбақ бала!» деп жиі айтатын болды. Ал жиенімен күнделікті сабақтарды аяқтағанда, ол өзін әбден әлсіреген және рухы сөнген адамдай сезінетін.
Нэнси болса өзінің асүйдегі сабақтарын әлдеқайда жақсы атқарды және өзін әлсіреген немесе рухы сөнген адамдай сезінбеді. Керісінше, сәрсенбі мен сенбілерді ол мейрам сияқты қуанышпен қабылдады.
Харрингтондардың жер иелігі қала мен ауылдың дәл шекарасында орналасқан. Бұл уақытта қала үйлерінде де, ауылға жақын жерде де Поллианнамен құрдас бала жоқ еді, онымен бірге ойнайтын ешкім болмады. Бірақ бұл оның көңілін титтей де түсірмеген сияқты.
– Бұл мені мүлдем ойландырмайды, – деп түсіндірді ол Нэнсиге. – Маған қыдырған, үйлер мен адамдарға қараған ұнайды. Мен адамдарды жай ғана құрметтеймін. Ал сіз ше, Нэнси?
– Мен оларды сондай құрметтеймін деп айта алмаймын, қандай жағдай болса да, барлығын емес, – деп суық жауап қатты Нэнси.
Поллианна әрбір шуақты күнде серуендеуге тырысты. Мұндай күндері өзіне қалаға баратын қандай да бір жұмыс беруін сұрайтын. Серуен кезінде оған сол жерде-ақ «Менің Бейтаныс танысым» деп атап кеткен адам жиі кездесетін, ол басқа бейтаныс адамдардан өзге еді. Ол адам үнемі ұзын қара пальто мен биік қалпақ киетін. Басқа бейтаныс адамдар олай киінбейтін және ол басқалардан сонысымен де ерекшеленетін. Ол үнемі сақал-мұртын жылмитып қырып алатын, түрі солғын, денесін тік ұстап, жылдам жүретін адам. Бурыл тартқан шаштары қалпағынан әрең көрінетін. Поллианна оны еш ортадан ешқашан көрмеген және оның Бейтанысы оған жападан-жалғыз болып көрінетін. Ол бейтаныс танысын аяп, ақыр аяғында онымен сөйлесуге бел буады.
– Сәлеметсіз бе, сэр! Бүгін күн тамаша болып тұр, солай емес пе? – деді көтеріңкі көңіл-күймен.
Ер адам жан-жағына үрке қарап, қадамын сәл баяулатты.
– Сен маған айтып тұрсың ба? – деп қатал жауап берді.
– Иә, сэр, – деді Поллианна құптап, – әрине, сізге! Расымен, бүгінгі күн тамаша емес пе?
– Е-е-о-о-хм-м! – деген ауыр үн шығарды да, оның Бейтанысы алға қарай жылжи берді. Поллианна күліп жіберді. «Қандай қызық!» – деп ойлады.
Келесі күні олар қайта кездесіп қалды.
– Әрине, бүгінгі күн кешегідей тамаша емес, бірақ бұл да жарайды! – деп бейтаныс танысының артынан қуанышпен айқайлады.
– Е-е-о-о-хм-м! – деп қайталады оның Бейтанысы, бұл Поллианнаға одан сайын қызық көрінді.
Бейтаныс танысына үшінші рет тіл қатқанда, ол кілт тоқтап, былай сұрады:
– Сен кімсің, балақай, менімен күнде не үшін сөйлесесің?
– Мен – Поллианна Уиттиермін. Сіз жападан-жалғыз жүрсіз. Сондықтан сізді қатты жалғызсырап жүрген шығар деп ойладым. Сіздің тоқтағаныңызға қуанып тұрмын, әйтпесе бір-бірімізді бүгін де танып білмес едік. Негізі, сіз әлі өзіңізді таныстырмадыңыз.
– Пәлі! – деп күрсінді Оның Бейтаныс танысы, сөйтті де бар күшімен алға қадам басып, ләм-мим демей кете барды.
Поллианна оны түңілген күймен шығарып салды. «Мүмкін, оның Бейтаныс танысы бірдеңені түсінбеген шығар? Адам танысқан кезде өзін олай ұстамауы керек еді ғой. Тіпті, есімін де айтпады», – деп ойлады қыз.
Бүгін Поллианнаға миссис Сноуға сиыр сирағынан дайындалған ас апаруды тапсырды. Миссис Сноу мен мисс Полли бір шіркеуге баратын. Миссис Сноу біраздан бері төсек тартып жатқан, сондықтан шіркеудің ауқатты мүшелері оған көмектесуді өздерінің міндеті деп санайтын. Мисс Полли миссис Сноуға қатысты өз борышын әр бейсенбі сайын атқаратын, Нэнси ауру әйелге түскі асқа тамақ апарып беретін. Бейсенбінің бір күні Поллианна бұл міндетті өзіне тапсыруды сұрады, мисс Полли қарсы болмаған соң, Нэнси Поллианнаға жолын берді.
– Оған бүгін бармайтыныма қатты күйзеліп тұрған жоқпын, – деп Нэнси Поллианнамен жеке қалғанда шынын айтты. – Бірақ бұл жұмысты саған тапсырғаным да дұрыс емес, қошақаным. Осылай дегенім де дұрыс емес.
– Бірақ мен шын көңіліммен барамын, Нэнси.
– Алдымен бір рет барып көр, содан соң сенің қалай жалығатыныңды көреміз, – деп мысқылдады Нэнси.
– Онда тұрған не бар? – деп таңғалды Поллианна.
– Оған ешкімнің де барғысы келмейді. Сондай мазасыз жан, егер адамдардың бойында аяушылық сезімі болмаса, оған ешкім де жоламас еді. Тек оның қызына обал. Байғұстың жолы болмады.… Әйтпесе миссис Сноуға құлақ ассаң, бұл әлемде ештеңе дұрыс емес. Тіпті апта күндері де дұрыс басталмайды дейді ғой жарықтық. Дүйсенбі күні жексенбінің аяқталғанына наразы, ал егер оған сиыр сирағынан ас дайындап апарсаң, ол аяқ астынан тауық сорпасын қалайтын боп қалады, ал тауық сорпасын ұсынсаң, сол мезетте қой етін аңсап қалатыны бар.
– Оһо, қандай қызық адам! – деп ішек-сілесі қата күлді Поллианна. – Нэнси, оны бұрынғыдан да тезірек көргім келіп тұр. Ол басқаларға мүлдем ұқсамайды ғой, ал егер адам ешкімге ұқсамаса, бұл сондай қызық емес пе?!
– Хм-м. Иә, расымен де солай. Миссис Сноу шынында да басқаларға ұқсамайды. Ұқсамайтынына сенгім де келеді. Сен екеуміздің ондай емес екеніміз айқын! – деді Нэнси.
Поллианна ар жағында бояуы кеткен шағын үйі бар қақпаны бекітіп жатып, осы әңгімені есіне алды. Оның қызық миссис Сноумен кездесемін деген үміті орындалуға жақын, соны ойлағанда, шыдамсыздана көзі ойнақшып кетті. Ол есік қақты. Есікті жүзі қуқыл тартқан қыз ашты, түріне қарап, мына тірліктен қатты қажығанын көруге болады.
– Сәлеметсіз бе, – деді Поллианна сыпайы ғана. – Мен мисс Полли Харрингтоннан келдім. Миссис Сноудың жағдайын сұрайын деп едім.
– Егер шын айтып тұрсаң, оны көргісі келетін бірінші адам – сенсің, – деп сыбырлай жауап берді қыз, бірақ Поллианна оны түсінбеді.
Қыз есікті ашып, Поллианнаны жарығы аз, ала көлеңке бөлмеге кіргізді де, есікті жауып, кетіп қалды. Поллианна қараңғыға үйрену үшін көзін жыпылықтатты, сосын бөлменің түкпіріне қарап еді, төсекте отырған әйелді көрді.
– Сәлеметсіз бе, миссис Сноу, – деп жанына барды Поллианна. – Жағдайыңыз қалай? Мисс Полли бүгін сіздің жағдайыңыз жақсы екеніне үміттеніп, сәлем айтты. Ол сізге бұзау етінен жасалған тағам беріп жіберді.
– О, Құдайым! – деген дауыс шықты төсектен. – Мен, әрине, өте ризамын, бірақ бүгін қой етінен сорпа ішемін деп үміттеніп едім.
Поллианна біраз абдырап қалды.
– Қызық, – деп сөзін жалғады, – сізге сиыр етінен жасалған тамақ алып келсе, тауық сорпасын ішкісі келеді деп айтып еді маған.
– Не? – деп науқас жалт қарады.
– Жәй, ештеңе емес! Жалпы, бұл маңызды емес. Нэнси солай айтқан еді, әдетте сізге сиыр етін әкелсе, тауық сорпасын қалайсыз, ал тауық сорпасын ұсынса, қой етін аңсайсыз деп еді. Бірақ Нэнси жаңылған да шығар.
Науқас кереуеттің арқалығынан ұстанып, тіктеліп отырды. Мұндай отырыс ол үшін әдеттен тыс болатын, бірақ Поллианна бұл туралы білмейтін және оған назар аудармады.
– Ал енді, батыл қыз, сен кімсің? – деп сұрады миссис Сноу.
– Жоқ, менің есімім батыл емес! – деп күліп жіберді Поллианна. – Есімімнің басқа болғанына қуаныштымын. Бұл есім тіпті Гипзибадан да жаман ғой, солай емес пе, миссис Сноу? Мен Поллианна Уиттиермін, мисс Полли Харрингтонның сіңлісімін. Осында көшіп келгеніме көп болмады, енді тәтеммен бірге тұрамын. Сондықтан да бүгін сізге тамақ әкелдім.
Поллианнаның әңгімесінің бастапқы бөлімін миссис Сноу бар ықыласымен тыңдады. Бірақ әңгіме тамақ жайына ауысқан кезде оның денесі былқ-сылқ етіп, шаршаңқы кейіппен жастыққа қайта шалқайды.
– А, иә, саған рақмет! Тәтеңнің қайырымды екені сөзсіз. Бірақ бүгін тамаққа мүлде тәбетім жоқ. Қой еті… – дей беріп, сөзін кілт тоқтатты да, сөзді басқа арнаға ауыстырып жіберді: – Мен бүгін мүлдем ұйықтамадым. Тіпті бір минутқа да көз ілмедім.
– Ох, миссис Сноу! Сізді қалай қызғанып отырғанымды білсеңіз ғой! – деді Поллианна. Ол тамақты кішкене үстелдің үстіне қойды да кереуеттің жанындағы орындыққа жайғасып, әңгімесін жалғастырды: – Мен уақытымды ұйқыға кетіруге аяймын. Сіз де аяйсыз ба, миссис Сноу?
– Уақытты ұйқыға кетіру? – деп аң-таң қалып, қайта сұрады науқас.
– Әрине! Ұйықтаудың орнына, жай ғана өмір сүруге болады. Түннің босқа өтетіні өкінішті.
Миссис Сноу жастықтан басын қайта көтеріп, тіктеліп отырды.
– Сен ерекше бала екенсің! – деді ол. – Тыңда, ана терезеге бар да, пердені аш. Мен сенің түріңді анықтап көргім келеді.
Поллианна орнынан тұрып:
– Қап-ай, а! Сіз менің секпілдерімді көріп қоятын болдыңыз ғой, – деп жымиды. – Мына жердің қараңғы болғанына қуанып, оларды байқамайтын болды деп ойласам. Ал енді сіз... Ой! – деген қыздың даусы жарқын шықты. – Менің секпілдерімді көретіңізге сондай қуаныштымын. Өйткені енді мен де сізді көремін. Полли тәте де, Нэнси де сіздің жақсы адам екеніңізді айтпап еді…
– Мен? Жақсы адам? – деп қайғылы кейіппен таңданды науқас.
– Әрине! Тіпті, мен ойлағаннан да жақсысыз. Әлде сіз өзіңіз оны білмейсіз бе? – деп таңданды Поллианна.
– Өкінішке қарай, жоқ, – деп ақырын үн қатты миссис Сноу.
Ол қырық жыл өмірінің он бес жылында айналасындағыларға көңілі толмай келген, ешкімді, ешнәрсені ұнатпайтын. Қандай да бір жақсылықты аңғаруға уақыты болмаған.
– Сіздің қара көздеріңіз мөлдіреп тұр, шашыңыздың түсі де қара екен, – деп, Поллианна науқасқа сүйсіне қарап тұрды. – Бұйра, қара шашты қатты ұнатамын! Мен жұмаққа барғанда, менің шашым да осындай болса екен деп армандаймын. Ал бетіңіз қызылшырайлы, сондай әдемі екен. Өңіңіз жылы, «Түсі игіден түңілме» деген, сіздің сондай жақсы адам екеніңіз түріңізден көрініп тұр, миссис Сноу. Айнаға қарағанда сіз мұны байқамайтын да сияқтысыз ғой?
– Айна?! – деп ызалана жастыққа шалқайып: – Жоқ, мен айнаға қарамаймын! Мен сияқты төсек тартып жататын болсаң, сенің де айнаға қарауға зауқың соқпас, айналайын.
– Ол рас, – деп жаны аши жауап қатты Поллианна. – Кәне, мен сізге айна әкелейін.
Ол бір секіріп комодқа барды да, кішкентай айнаны алып, науқасқа жанарын салды.
– Егер сіз қарсы болмасаңыз, мен алдымен сіздің шашыңызды тарайын, содан кейін айнаға қарайсыз. Осыған келісіңізші, жарай ма?
– Енді, мен… Әрине, егер сен қаласаң… Тек бұл бекер. Шаш үлгісі ұзақ уақыт тұрмайды.
– Ой, рақмет! Мен басқа адамдардың шашын тарағанды қатты ұнатамын!
Поллианна айнаны қоя тұрды да, тарақты алып іске беріле кірісті.
– Бүгін мен ерекше ешнәрсе істемеймін. Тек сіздің қандай әп-әдемі екеніңізді өзіңіз де білсеңіз екен деймін. Ал келесі жолы сізді жақсылап тұрып сәндеп беремін, – деді науқас әйелдің шатасқан шашын ақырын сипалап.
Келесі бес минутта Поллианна науқастың шашын тарап, ретке келтірді, желкедегі шашын түзеді. Содан кейін науқастың басына ыңғайлы болу үшін жастықты қағып-сілкіп қайта қойды. Миссис Сноу тұнжырап, мырс етті және кекесін ескерту жасады, ол бұл бақытқа мүлде сенбейтіндей көрінді. Ол әдеттегідей тұнжырап тұрғанымен, қатты қобалжып та қалғаны байқалды.
– Міне! – деді Поллианна. Ол кенет төсектің жанында тұрған гүлдері бар құмыраны байқап қалды. Алқызыл қалампырды жұлып алып, науқастың шашына қыстырды.
– Енді сіз дайынсыз деп ойлаймын, – деп миссис Сноуды сақтықпен айнаға жақындатты. – Қараңыз!
– Хм-м-м! – деді науқас өз бейнесіне сенімсіз бағдарлай қарап. – Негізі, қызыл қалампыр маған ұнайтыны рас, бірақ егер бұл гүл біраздан соң бәрібір солып қалатынын ескерсек, оның еш пайдасы жоқ.
– Гүлдің солып қалатынына қайта қуануыңыз керек! Құмыраға күн сайын жаңа гүлдер салынып тұрса, керемет емес пе! Сіздің шашыңыздың осылай көтеріліп тұрғаны маған қатты ұнайды, – деп шаттанды қыз.
– М-м-мүмкін, – айқын нәрсені мойындағысы келмеген кейіппен жауап берді миссис Сноу. – Бұл шаш үлгісі бәрібір ұзақ тұрмайды. Мен, қымбаттым, жастыққа бас қойып, бір бүйірімнен екіншісіне аунап жатқаннан басқа ештеңе істемеймін ғой.
– Дұрыс, ұзақ уақыт тұрмайды! Бірақ бұл да жақсы. Мен өте қуаныштымын! Өйткені тағы келіп, шашынызды тағы тарап бере алатын болам! – деп көңілді жауап берді Поллианна. – Сонымен бірге, сіздің осындай тамаша қара шашыңыз болғанына қуаныштымын. Өйткені олар ақ жастықтың үстінде керемет көрінеді. Менің шашым ақ түстің үстінде сіздікіндей әдемі көрінбейді.
– Мүмкін. Бірақ маған ешқашан қара шаш ұнаған емес. Кішігірім ақ шаш шықса, бірден білінеді, – деп шәлкес жауап берді миссис Сноу, бірақ айнаны алдынан алып тастамады.
– Жоқ, қара шаш жақсы! Менің осындай қара шашым болса, қуанар едім, – деп күрсіне сөйледі Поллианна.
Миссис Сноу айнаны төсекке тастай салып, қыз балаға ашулы көзбен қарады.
– Жоқ, қымбаттым, менің орнымда болғанда, қуанатыныңа күмәнім бар, – деді ол мазасызданып. – Менің орнымда жатып көрсең, сені қара шаш та, басқасы да қуанта алмайды!
Поллианна ойлы көзбен қасын керді. «Бәлкім мұндай жағдайда шынымен қуану қиын шығар», – деп ойлады ол.
– Ал енді маған қандай бұйрық бересің? – деп сұрады науқас жеңген дауыспен.
– Барлығына қуану! – деп жауап берді қыз.
– Барлығына қуану? Төсек тартып жатқанда, қалай қуануға болады, айтшы соны? Менің ойымша, бұл саған да оңай тимес еді. Неге үндемейсің?
Келесі сәтте Поллианна көңілденіп, шапалақтап жіберді, бұл қылығымен миссис Сноуды әбден жаңылдырды.
– Иә, қиындау болатыны рас, – деді ол. – Дегенмен бұл да жақсы, солай емес пе, миссис Сноу? Үйге дейін бара жатып, жол бойы сіздің неге қуануыңызға болатынын ойлап барамын. Мүмкін мен бірдеңе ойлап табамын да келесі келгенде сізге айтып беремін. Ал қазір менің кетуім керек. Сау болыңыз! – деп дабырлай сөйлеп, қыз есіктің ар жағына шығып, жоқ болды.
– Есімнен адасатын шығармын! Бұнымен ол не айтқысы келді? – деп қыздың артынан жабылған есіктен көзін алмай күбірледі миссис Сноу. Ол төсектен айнаны алып, қайта қарады. – Бұл балақай шашты қалай күту керек екенін біледі, – деп сыбырлады ол шамалы уақыт өткен соң. – Мен мұндай сүймкімді екенімді білген жоқпын ғой. Бірақ маған одан не пайда, – деді мұңды үнмен, сөйтіп айнаны төсекке тастай салып, жастыққа шалқайып, басын шайқады.
Шамалы уақыттан кейін қызы Милли бөлмеге кіргенде айна сол күйінде төсек үстінде жатқан. Тек бұл жолы ол төсекте қалай болса солай жатпай, сырт көзден жақсы жасырылған күйде болды.
– Анашым! – деп, есікті сәл ашыңқырап тұрып дауыстады Милли. – Сенің бөлмеңнің пердесі ашылып тұр ғой!
Бөлмедегі жарыққа таңғалып үлгермей жатып, анасының шашындағы қалампырды көріп, таңғалысы одан сайын күшейді.
– Неге сонша таңғалдың? – деп ренішпен жауап қатты анасы. – Дертті болғандықтан ғана өмір бойы қараңғы бөлмеде жатуым керек пе?
– Дұрыс, анашым! – деп қызы асыға жауап берді де, дәрілері бар бөтелкелерді жарыққа шығарды. – Қанша рет пердені ашу керек екенін айтсам да, маған ешқашан келіспеген едің.
Миссис Сноу түнгі көйлектің шілтерін саусақтарымен қайта-қайта сусылдатып сипап, үнсіз отырды.
– Ойпырмай, маған ешкім түнгі көйлек сыйлай алмай ма? – деген оның шәлкес дауысы естілді. – Біреу болмаса, біреу маған қойдың етінен жасалған сорпаның орнына түнгі көйлек беріп жібере алмай ма?
– Анашым, қазір! – деді Милли жарқын үнмен, сөйтті де тартпада жатқан су жаңа екі түнгі көйлектің біреуін алып берді. Алдында анасы оларды ки дегенде, көнбей қойған еді.
Достарыңызбен бөлісу: |