7. ПОЛЛИ БИКЕШТІҢ ЖИЕНІН ЖАЗАЛАУЫ Екі жарымда Тимоти Полли бикеш пен сіңлісін қаланың ірі деген дүкендеріне апарды. Поллианнаға киім-кешек алу – осы іске қатысқандардың бәрін керемет күйге бөледі. Бәрі сезімдерін жасыра алмады. Дүкендерді аралап біткенде, Полли бикештің сілесі қатып шаршады. Сатушылар болса Поллианна туралы әңгімелесумен болды, ал Поллианна қуаныштан қалықтап ұшып жүрді, жүрегін бақыт кернеді. Ол дүкеншілерге өзінде ешқашан жаңа киім болмағанын, тек «Әйелдер көмегі» беріп тұрған жамау киімдер ғана болғанын айтумен болды.
– Жаңа киім алудың осыншама қуаныш сыйлайтынын білмеппін! Дүкенге келіп, жаңа көйлек аласың, ал оны үйге барып тігіп, жамаудың қажеті жоқ.
Дүкен аралауға жарты күн кетті. Кешке Поллианна тәтесімен бірге кешкі ас ішіп, бақташы Томмен әңгімелесті. Тәтесі көршісіне қонаққа кеткенде, ыдыстарды жуып болған Нэнсимен де сөйлесіп үлерді.
Кәрі Том Поллианнаға оның анасы туралы керемет оқиғалар айтып берді. Поллианна бұл оқиғадан кейін тіпті шаттанып, жүзі қуаныштан бал-бұл жанды. Ал Нэнси оған Корнер деген кішкентай ферма туралы әңгімелеп берді. Корнерде Нэнсидің анасы, екі әпкесі мен ағасы тұратын. Егер Полли бикеш қарсы болмаса, Нэнси Поллианнаны өзімен бірге фермаға алып баратынын айтты.
– Олардың есімдері өте әдемі! – деді Нэнси армандап отырып. – Саған олар ұнайды, көресің. Ағамның есімі – Элджернон, ал сіңлілерімнің есімі – Флорабель мен Эстель. Менің атым болса... Нэнси деген есімді жек көремін!
– Неге олай дейсіз? – деді таңырқаған Поллианна. – Өз есімін жек көруге бола ма?
– Бәрібір менің есімім олардікіндей әдемі емес. Мен үйдің тұңғышымын. Ол кезде анам роман оқымаған. Ал кітап оқи бастаған соң, сіңлілерім мен інімнің есімдерін сол романдардың ішінен тауып алған.
– Ал маған Нэнси деген есім ұнайды. Өйткені Нэнси – ол сізсіз.
– Егер мені Клариса Мейбл деп атағанда, сен мені қазіргіден кем жақсы көрмейтін едің, ал маған өмір сүру сәл де болса, жеңілірек болатын еді. Клариса Мейбл – керемет есім.
Поллианна күліп:
– Ең болмағанда сізді Гипзиба деп атамағанына Құдайға шүкір деңіз.
– Гип-зи-ба? – деді Нэнси ежіктеп.
– Иә, Гипзиба. Уайт ханымның есімі бұл. Ал күйеуі оны Гип деп атайтын. Күйеуінің оны бұлай деуі оған ұнамайтын. Уайт мырза оны шақырғанда «Гип! Гип!» дейтін. Ал ол бізге «Гип! Гип! Алақай!» сияқты естілетін.
Нэнси бұл сөздерді естігенде ішек-сілесі қатып күле бастады.
– Иә, сенің басың толған ақыл! – деді Нэнси. – Бұдан былай сені көргенде менің құлағыма «Гип! Гип! Алақай!» келетін болды және мен әрдайым күле бастаймын. Мен қуаныштымын... – деді де Нэнси сөзін аяқтамастан қызға қарады.
– Сен осы жаңа ғана өз ойыныңды ойнадың ба, Поллианна? Сондықтан сен Гипзиба туралы айтып бердің бе?
Поллианна күліп жіберді.
– Мүмкін, шынымен де, ойнаған шығармын, Нэнси. Бірақ мен өзім де байқамай қалдым. Қуанышты іздеген сайын өз-өзінен табыла беретінін байқамай да қалады екенсің. Қазір дәл солай болды. Шын тырыссаң, кез келген нәрседен жақсылық табуға болады.
– М-мүмкін, – деді Нэнси сенімсіз.
Тоғыз жарымда Поллианна ұйқыға кетті. Терезеге әлі тор қағылмаған еді. Қымталып жабылған шатыр астындағы кішкентай бөлме қыз-қыз қайнап кетті. Поллианна терезелерді ашқысы келді, бірақ ашпады. Ол өз борышын біледі. Киімдерін жинап, Құдайға жалбарынды да майшамды өшіріп, ұйықтап қалды. Қанша сағат ұйықтағаны белгісіз, бірақ ары аунап-бері аунап, ыстық бөлмеде мазасы кетті. Түн ұзарып кеткендей. Бір кезде ол орнынан тұрды да, шатырға шығып кетті. Оны мақпал түн орап алды. Шығысқа қарайтын терезенің кішкентай ғана тесігінен айдың сәулесі сығалап тұр.
Қараңғыда аяғының астына қарамастан, жарық түсіп тұрған терезеге қарай жүрді. Ол жердегі терезеде тор бар деп ойлап еді, жоқ екен. Поллианна терезеден далаға қарады. Ар жақта әдемі әлем бар. Бірақ әттең қолы жетпейді.
Бір кезде Поллианнаның көзіне бір нәрсе шалынды. Шатырдағы бөлменің алдында кең терасса көрінді. Бұл көрініс оның жанын жабырқатты, себебі ол таза ауаны құшырлана сіміргісі келіп тұр, бірақ сыртқа да шыға алмайды, терезені де аша алмайды.
Поллианна қорқып, артына қарады. Артына қараса қараңғыда оның қапырық бөлмесі мен төсегі тұр. Таза ауа үшін қараңғыда бөлмесінен шығып кеткен Поллианна «менің төсегім осында тұрса ғой» деп армандады. Далада ұйықтайтындар қандай бақытты! Мысалы, ол бұрын тұрған жерде Жоэл Хартли деген кісі болған. Оның өкпесі ауыратын, сондықтан бақта ұйықтауға мәжбүр еді.
Осы уақытта Поллианнаның есіне жақын жерде тұрған бірнеше қапшық сап ете қалды. Ол Нэнсиден бұлар не үшін керек екенін сұрағанда, Нэнси оған «қыстық киімдерді жинау үшін» деп жауап берген еді. Поллианна қараңғыда сол қапшықтарды іздеуге кірісті. Олар шынында да бақта тұр екен. Поллианна өзіне ең мамығын (бұл қапшықтың ішінде Полли бикештің тоны тұрған еді) таңдап алды да, оны төсеніш қылды. Одан кейін ол жұқарақ бір қапшықты алып, оны екіге бүктеп жастық қылып алды. Үшінші қапшықтың іші бос еді. Ол жамылғы болуға әбден жарап тұр. Мәселенің шешімін тапқан Поллианна қапшықтарды шатырға қарай көтеріп шықты. Шатырда тұрып, шыбындар кіріп кетпесін деп терезені өзінен кейін қымтап жапты.
Шатырда шынымен салқын еді. Поллианна таза ауамен терең тыныстады. Ол тұрған темір шатыр сықырлап, оны тербетіп тұрғандай болды. Поллианна қызық көріп, шатырдың үстінде ары-бері шапқылап жүгірді. Темірдің тарсылына да қарамастан, бәрін ұмытып, өмірдің рақат күйін кешті. Шатыр кең әрі тегіс болатын. Сондықтан оның үстінен құлап кетуі екіталай еді. Сергіп алған Поллианна қапшықтың бірін төсеп, бірін жастанып, бірін жамылып, жата кетті.
– Енді мен терезелеріме тор қақпағанына қуанып тұрмын. Тор болғанда, мен бұл рақатты көрмес едім, – деді ұйықтап бара жатып.
Ал осы уақытта терассаның қасындағы бөлмеде Полли бикеш халаты мен тәпішкесін асыға киіп, Тимотиға келіп, үрейлі дауспен:
– Әкеңізді оятып, дереу бірге шатырдағы бөлме жаққа қарай барыңыздар. Онда біреу бар. Шатырда жүр. Ол бақшадағы темір тор арқылы шыққан сияқты. Үйге кіріп кетпей тұрғанда, оны ұстап алу керек. Шатырдағы бөлмеге апаратын есікті мен жауып қойғам, бірақ сонда да асығыңыздар! – деді.
Поллианна енді ұйықтай бергенде оны қалта шамның жарығы мен айғайлаған дауыстар оятты. Көзін ашса, алдында Тимоти тұр. Ол Тимотиға, Тимоти оған шошына қарап қалыпты. Терезе жақтан кәрі Томды көрді. Томның артынан ерген Полли бикеш те көрінді.
– Бұл тірлігіңді қалай түсінуге болады? – деді Полли.
Поллианна:
– Том мырза, Полли тәте! Сіздер неге қорқып тұрсыздар? Қорықпаңыздар, мен мұнда өкпем ауыратындықтан ұйықтап жатқан жоқпын. Менің бөлмем ысып кетті. Мен терезелерді ашқан жоқпын. Полли тәте, қорықпыңыз, шыбындар үйге микроб алып кірмейді.
Тимоти мен Том кетіп қалды. Ал Полли бикеш болса, аң-таң болып Поллианнаға қарап тұр. Ұзақ үнсіздіктен соң, ол зілді даусымен:
– Маған бұл заттардың бәрін бер, Поллианна. Барлық біртүрлі балалардың ішіндегі... – сөзін аяқтамады да, тағы үнсіз қалды.
Бір қолына қол шам алып, екінші қолымен Поллианнаны жетелеп Полли бикеш шатырдан төмен түсті. Бөлменің іші одан сайын ысып кеткендей. Олар төмен түсіп бара жатқанда, Полли әр сөзін шегелеп:
– Поллианна! Таңға дейін сен менің төсегімде ұйықтайсың. Торды ертең алып келеді. Оны алып келмейінше, сені көзімнен таса қылмауым керек.
– Сізбен?! Сіздің төсегіңізде?! Полли тәте! Мен қуаныштымын! Менің өте жақын адамым өз қасына алып жатса екен деп армандайтын едім. «Әйелдер көмегіндегілер» емес, ең жақын адамым. Торды ертең алып келетіні де мен үшін зор қуаныш. Менің орнымда болсаңыз, сіз де қуанар ма едіңіз?
Полли ешетеңе деп жауап қатқан жоқ. Жиені оны таңқалдырды. Өйткені ол жиенін үшінші рет жазалағысы келді, ал жиені болса үшінші ретте де тәтесінің жазалауын ең жоғарғы сыйлық деп қабылдады. Поллидің бұл жағдайдағы халін түсіндіру қиын.