Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы


МИССИС СНОУҒА АРНАЛҒАН ТОСЫН СЫЙ



бет10/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   33
10. МИССИС СНОУҒА АРНАЛҒАН ТОСЫН СЫЙ

Поллианна миссис Сноуға екінші рет келгенде, Милли оны бірден бөлмеге кіргізіп жіберді. Перде қайтадан жабық тұрғандықтан, көзін тағы да қараңғылыққа үйретуге тура келді.


– Бұл мисс Поллиден келген қыз, – деп, Милли Поллианнаны анасының жанына қалдырып, өзі шығып кетті.
– А, кіре ғой! – деген дауыс естілді төсек жақтан. – Мен сені есіме сақтап алдым. Сені кім болса да есіне сақтап алар еді! Әттең, кеше келмегенің өкінішті. Кеше сені қатты көргім келген.
– Шынымен бе? Онда мен тағы үш күннен кейін емес, бүгін келгеніме өте қуаныштымын, – деп көңілденген Поллианна төрге өтіп, себетін төсек жанындағы орындыққа қойды.
– Қандай қараңғы! – деді. – Мен сізді көрмей тұрмын.
Ол нық басып терезенің алдына келіп, пердені түрді.
– Сіз шашынызды мен көрсеткендей етіп тарауды үйрендіңіз бе, соны білгім келеді, – деді де, төсек жанына қайтып келіп. – Ойбу, үйренбепсіз ғой. Ештеңе етпес! Мен бұған тіпті де қуаныштымын! Осы жолы да сіз маған шашыңызды тарауға рұқсат бересіз деп ойлаймын. Бірақ мен шашыңызды сәл кейінірек тарап беремін. Ал қазір, не әкелгенімді көріңіз.
Әйел төсегінде мазасызданып, олай-бұлай аударылып қойды.
– Менің қарағанымнан тамағың дәмді боп кетпес, – деп мысқылдай сөйлесе де, себет ішіне үңілді: – Ал, не әкелдің?
– Сіз өзіңіз не қалайсыз? – деп Поллианна сұрақ қойды. – Тезірек жауап берсеңізші, миссис Сноу!
Миссис Сноу абыржып қалды. Көп жылдар бойы оның қалауы – оған әкеліп бергеннен тіптен бөтен бірдеме еді. Ал енді таңдау өз еркіне берілгенде, не айтарын да білмей қалды. Поллианна жауабын естімейінше тынышталмайтынына сенімді еді.
– Сірә, – деп күліп жіберді ол: – қой етінен сорпа?...
– Оо, мен оны әкелдім! – деп оның сөзін бөліп жіберді Поллианна.
– Жоқ, оны мен бүгін қатты қалап тұрған жоқпын, – деп ол аяқ-астынан өзгеріп шыға келді. Әйтеуір бір қарсылық танытатын сөз тапқанына қуанып, өзін қайта сенімді сезініп, байғұс ауру асқазаны не қалайтынын түсінгендей болды. – Мен қуырылған балапан етін жегім келіп тұр, – деді.
– Ғажап! Менде қуырылған балапан еті де бар! – деп, Поллианна оның сөзін мақтанышпен бөлді.
– Анау да-мынау да ма? – деп жайлап сұрады ол.
– Үшіншісі де! Мен өзіммен бірге сиыр сирағынан жасалған тамақты да ала келдім, – деп маңғаздана жауап берді қыз. – Сіз бір рет болса да өзіңіз қалайтын тамақты жеп көруіңіз керек деп шештім. Сосын біз Нэнси екеуіміз мынаны ойлап таптық: аз-аздан болса да, әр түрлі тамақтан салайық дедік, оның бәрі себетімізге сыйып кетті. Сіздің қуырылған балапан қалағаныңызға мен қатты қуанып тұрмын! – деді ол тамақ толы үлкен үш ыдысты шығарып жатып. – Білесіз бе, сізге келе жатып, әкеле жатқан үш тамақтың үшеуін де қаламай қоя ма деп қорқып едім. Елестетіп көріңізші, егер сіз мен әкелмеген қарыннан жасалған тағамды немесе пісірілген жуаны қаласаңыз, не болар еді?! Бірақ, шүкір, олай болмады. Нэнси екеуіміздің барынша тырысқанымыз зая кетпеді, сол үшін қуаныштымын!
Науқас қатты абыржып, ойын жинақтай алмай қалды, сол себепті жауапты да естімеді.
– Мен сізге бәрін қалдырайын, – деп Поллианна көтеріңкі-көңіл күймен сөзін жалғастырды: – Ертең қой сорпасына, ал арғы күні сиыр етіне тәбетіңіз ашылып қалар. Сіз өзіңізді бүгін қалай сезініп тұрсыз, миссис Сноу? – деп үш ыдысты да үстел үстіне қойып жатып, сыпайы тіл қатты.
– Рақмет, нашар, – деп жеңілденіп күбірледі миссис Сноу, өйткені денсаулығы жайлы сұрақ оны қайтадан сылбыр, әрі ашуланған күйге түсірді. – Мен таңертең дұрыс ұйықтай алмадым. Көрші Нелли Хиггинс атты қыз музыка сабағынан берген тапсырмаларын орындап, әбден есімді тандырды. Ол таңнан бері рояльда тоқтаусыз ойнап жатыр. Енді қалай өмір сүретінімді де білмеймін.
Поллианна түсіністіктікпен басын изеді.
– Иә-ә, қиын екен! Миссис Уайттың да басынан сондай жайт өткен. Сіз танымайсыз, Миссис Уайт маған көмектескен «Әйелдер көмегі» ұйымының мүшесі еді. Ол белінен шойырылып, қозғала алмай, тіпті әрі-бері аударылуға да мүмкіндігі болмай жатып қалды. Кейін бір қырынан екіншісіне өз күшімен аударыла алғанда, кәдімгідей жақсы боп қалғанын айтып еді. Сіз солай істей аласыз ба, миссис Сноу?
– Нені істей аласың ба дейсің?
– Музыка сізді әбден шаршатқанда, төсекте әрлі-берлі аударылып, қозғалып, орын ауыстыра аласыз ба?
Миссис Сноу таңырқаған кейіппен Поллианнаға қарады.
– Әрине! Мен төсегімде жатып-ақ, қозғалып орын ауыстыра аламын, – деп бұртия жауап берді ол.
– Ендеше, сіз оған шамалы болса да қуана аласыз ғой, солай емес пе? Ал миссис Уайт тіптен қозғала алмады. Өйткені құяң кезінде оны жасау мүмкін емес екен. Миссис Уайт бір жағынан екінші жағына қатты аударылғысы келетінін айтатын. Сонымен бірге ол күйеуінің апасының құлағы болмағанда, тіптен есінен адасып кете жаздағанын айтқан.
– Күйеуінің апасының құлағы дейсің бе? Сен өзің не айтып тұрғаныңды түсініп тұрсың ба, балам?
– Иә, миссис Сноу. Мен мұны сізге бұрын айтпаған едім. Қазір ғана есіме түсіп отыр. Сіз Уайттарды мүлдем танымайды екенсіз ғой. Білесіз бе, миссис Уайттың күйеуінің апасы саңырау болатын. Ол солардың үйіне қонаққа келгенде, миссис Уайттың құяңы ұстап, оны күтіп, ас-суын дайындау үшін сонда қалған еді. Бірақ саңырау адам оны түсіне алмай қиналатын еді. Сол уақыттан бері, миссис Уайт көрші үйде рояль ойнағанда қуанатын, өйткені оның құлағы естиді ғой. Білесіз бе, миссис Сноу, ол солай менің ойынымды ойнаған.
– Ойынды?
– Ой! – деді Поллианна шапалақтап. – Мен ұмытып кете жаздаппын ғой. Мен сіз не үшін қуануыңызға болатынын ойлап таптым!
– Қуануға? Мұнымен не айтқың келіп тұр сенің?
– Мен сізге алдында уәде беріп едім ғой. Шынымен ұмытып қалдыңыз ба? Сіз маған төсек тартып жатып қалай қуануға болады, соның себебін ойлап табуды сұрап едіңіз ғой?
– А, соны айтасың ба? – деп жақтырмай жауап берді миссис Сноу. – Иә, есімде. Ол кезде мен қалжыңдадым ғой. Сонда сен, шынында да, осы бос нәрсе туралы ойлап жүрдің бе?
– Әрине, шындап ойландым! Мен оны ойлап таптым да. Бұл өте қиын болды. Бірақ қиынырақ болған сайын, ойнау да қызық болады. Шынымды айтсам, алғашқыда маған ешқандай ой келмеді, бірақ сосын, соңында ойлап таптым...
– Сенің басыңа қандай ой келді? – деп сұрады қалжыңдаған сыпайы дауыспен миссис Сноу. Поллианна шамалы дем алып, ойындағысын лақ еткізіп айта салды:
– Менің ойымша, басқа адамдар өздерін сіз сияқты нашар сезбейтіні үшін, сіз қуануыңыз керек. Өйткені олар науқас емес және күнде төсек тартып жатпайды.
Миссис Сноудың көзі шатынап кетті.
– Мәссаған! – деп айқайлап жіберді ол. Оның дауысында ризалық деген атымен жоқ еді.
– Ал енді мен сізге бұл не ойын екенін айтып берейін, – деп сабырлы күймен сөзін жалғастырды Поллианна. – Сізге бұл ойын өте қатты ұнайды. Өйткені қиынырақ болған сайын, ойын қызығырақ бола түседі. Ал бұл ойын мынадан басталған… – деп, ол діндарлардың қайрымдылық шаралары туралы, балдақ және өзіне бұйырмаған қуыршақ жайлы айта бастады. Осы әңгімені айтып бола бергенде, есіктен Милли көрінді.
– Сіздің тәтеңіз үйге қайтуыңызды сұрайды, – деді ол ешбір эмоциясыз. – Ол қарсы үйдегі Харлоусамнан телефон соқты. Сізді асықтыруымды өтінді. Тәтеңіз «сіз әлі рояльда ойнап жаттығуыңыз керек» дейді.
Поллианна кеткісі келмей орнынан әзер көтерілді.
– Жақсы, мен тездетейін, – деді ол томсарған түрмен, сосын аяқ астынан күліп жіберді. – Миссис Сноу, сіз көріп тұрғаныңыздай мен өз аяғымның болғанына және үйге жылдам бара алатыныма қуанамын!
Миссис Сноу ешнәрсе деп жауап бермеді. Ал Милли болса, анасын көріп, шошып кеттіп, айғай сала жаздады. Науқастың бозарған бетін тарам-тарам жас жуып жатқан еді.
Поллианна есікке қарай беттеді.
– Сау болыңыз! Әттең, сіздің шашыңызды тарап беруге үлгермегенім өкінішті, миссис Сноу. Мен мұны қатты істегім келген еді. Ештеңе етпес, келесі жолы тарап беремін деген ойдамын!
Шілде айының бір-біріне ұқсас күндері бірінен кейін бірі зымырап өтіп жатты. Поллианна үшін бұл өте бақытты сәттердің бірі еді және ол Полли тәтесіне әрдайым соны айтатын. Ал Полли тәтесі болса:
– Бұл өте жақсы, Поллианна! Сен өзіңді бақытты сезінгенде, менің де жаным жай табады. Алайда сенің уақытың босқа өтіп жатпағанына сенгім келеді. Әйтпесе мен өз борышымды нашар орындап жатқанымды мойындауым керек болады.
Бір жолы тігін сабағанда, тәтесінің әр күнін босқа өткізбеу жайлы ескертулерінен соң Поллианна өзін мазалаған сұрақты қойған еді:
– Сіздің ойыңызша, мен күнімді жай ғана бақытты өткізсем, ол күн босқа өткен бола ма?
– Дәл айттың, балақай.
– Сіз маған нә-ти-же-ге жету қажет дегенді жиі айтасыз, – деді ол сөзін буынға бөліп айтып.
– Иә, солай, балақай.
– Ал нә-ти-же деген не? – деп жалғастырды ойын.
– Бұл деген сен әр нәрседен белгілі бір пайда алуың керек деген сөз. Әйтсе де, сен таңғаларлық баласың.
– Ал егер мен жай ғана қуансам, одан ешқандай пайда жоқ па? – деп сұрады Поллианна үреймен.
– Әрине, жоқ.
– Өкінішті. Ендеше менің ойыным сізге ұнаймайды деп ойлаймын және сіз бұл ойынды ешқашан ойнай алмайсыз, Полли тәте.
– Ойын? Қандай ойын?
– Әлгі, біз әк.., – Поллианна аузын қолымен тез жаба қойды. – Жоқ, ешнәрсе емес, – деп жай ғана сыбырлады ол.
Мисс Полли қабаған түйіп:
– Менің ойымша, бүгін жеткілікті тапсырма орындадық, Поллианна, – деді де, тігін сабағын аяқтады.
Кешке таман Поллианна өзінің шатырдағы кішкене үйшігінен төменге түсіп бара жатып, баспалдақта Полли тәтесін көріп қалды.
– Полли тәте! Полли тәте! Сіздің маған келгеніңіз қандай тамаша. Тезірек жүріңізші. Мен қонақтарды қарсы алғанды сондай жақсы көремін! – деп айқайлады ол.
Тез кері бұрылып, Поллианна баспалдақпен жоғары жүгіріп шығып, өзінің шатырдағы үйшігінің есігін шалқайта ашып қойды.
Полли тәтесінің жиеніне қонаққа бару ойында да жоқ еді. Ол шатырдағы үйшіктің шығыс терезесінің қасындағы сандықтан ақ шәліні іздеуге келе жатқан. Полли бір мезетте сандықтың орнына Поллианнаның бөлмесіндегі қатты орындыққа қалай жеткенін түсінбей қалды, бұған өзі де қайран қалды.
Қанша рет қайталанcа да, жиені келгелі бері, мисс Харрингтон, аяқ астынан басқа бір нәрсені істей бастайтынына таңғалатын.
– Мен қонақ келгенді қатты ұнатамын, – деді сыңғырлаған дауысымен Поллианна, ол тәтесін жұпыны шатырдағы үйшікте емес, керемет бір сарайға әкелгендей айналасында жүгіріп жүр. – Әсіресе, сізді дәл қазір қабылдау мені қуанышқа бөлейді. Өйткені қазір менің өз бөлмем бар. Әрине, бұрын да менің өз бөлмем болатын, бірақ ол кезде біз пәтер жалдап тұрдық. Ал енді менің жеке бөлмем бар және бұрынғыларға қарағанда өте жақсы болме. Өйткені бұл бөлме біржола менікі, рас қой?
– Иә, Поллианна, әрине, – деп жай ғана сыбырлады тәтесі, жоғарыға барып шәліні іздемей отырғанына таңғалып.
– Білесіз бе, мен бұл бөлмені қатты жақсы көремін, әрине мұнда кілем, перде және суреттер жоқ, бірақ олар маған қатты ұн...
Осы кезде Поллианна артық айтқанын байқап қалып, қызарып, үндемей қалды.
– Не айтқың келіп еді Поллианна?
– Еш-ештеңе емес, Полли тәте, бұл жай ғана, әншейін.
– Солай да болуы мүмкін, – деп салқын ғана үн қатты мисс Полли. – Бірақ сен бастаған екенсің, енді сөзіңді аяқта.
– Бұл шынымен де әншейін нәрсе ғой. Мен тек әдемі перде, суреттер, кілемдер болады деп үміттеніп едім. Бірақ, әрине...
– Үміттендім дейсің бе? – деп қатқыл үнмен сұрады мисс Полли.
Поллианна одан сайын қызарып кетті.
– Әрине, маған үміттенбеу керек еді, Полли тәте, – деді ол өзін кінәлі сезініп. – Тек мен бұрыннан бері бөлмемде кілем мен суреттер болғанын армандап едім. Бізде қайырымдылық шарасынан берілген тек екі кішкене кілемше болатын. Оның біреуі сия шашырап, бүлінген, ал екіншісі тесік-тесік болатын. Ал екі сурет... Біреуін әк... Менің айтайын дегенім, жақсысын біз сатып жібердік, ал жаманы сынып қалған. Оларды көрмесем, мен ол туралы сіздің холлға кіргенде ешқашан армандамайтын едім. Ал мен холл арқылы өтіп бара жатып, бөлмемнің қандай әдемі болатынын ойладым. Бірақ сіз жаман ойлап қалмаңыз, Полли тәте, мен тек шамалы ғана армандадым да, одан кейін қуана бастадым. Өйткені менің бөлмемде айна жоқ, есесіне мен бетімдегі секпілдерімді көре алмаймын. Менің тереземнен көрінетін көрініс әлемдегі ең әдемі суреттен де әдемі! Ал сіз маған әрқашан қайырымдысыз... – Мисс Полли орнынан атып тұрды. Оның беті лапылдап жанып тұр еді.
– Әрі қарай жалғастырмай-ақ қой, – деді тәтесі салқын үнмен.
Бір мезетте ол аяғын шапшаң басып баспалдақтан түсіп кетті. Ол ең төменгі қабатқа жеткенде ғана, шығыс жақтағы терезе түбіндегі сандыққа бармағанын есіне түсірді.
Бір тәуліктей уақыт өткенде, мисс Полли Нэнсиді шақыртып алды.
– Нэнси! – деп бұйырды ол. – Сен бүгін Поллианнаның заттарын шатырдағы кішкене үйшік астында орналасқан бөлмеге апаруың керек. Менің сіңлім енді сонда тұрсын деп шештім.
– Тыңдап тұрмын, мэм, – деп қатты дауыстады Нэнси. «Кішкене бау-бақшасы бар үйім менің» деп күбірледі ол мұрнының астынан.
Бір минутта-ақ ол Поллианнаның бөлмесіне келді.
– Сен тек тыңдашы мені! – деп қуана айқайлады. – Сен енді төменде тұратын боласың, ол бөлме мына бөлменің астында орналасқан. Рас айтам! Сен бұл жерден көшесің, енді төменде тұрасың. Дәл мен айтқандай, сонда тұрасың.
Поллианнаның беті бозарып кетті.
– Сіз шынымен де солай дегіңіз келе ме... О, Нэнси! Бұл рас па? Бұл рас па?
– Шамалыдан соң өзіңнің де көзің жетеді деп ойлаймын, – деп жауап берді Нэнси, киім салатын тартпадан Поллианнаның бір құшақ көйлегін алып жатып. – Маған сол бөлмеге сенің заттарыңды апаруға тапсырма берілді және мен оны тәтеңнің басына басқа ой келгенше орындап үлгерем, – деді қулана басын екі жаққа шайқап.
Нэнси аузын ашар-ашпастан, Поллианна төмен қарай жүгіре жөнелді. Бір жерімді ауыртып алам не мертігіп қалам деп ойламастан, бір аттағанда, қос баспалдақтан қатар аттап, ұша жөнелді, екі есік және жолында кездескен орындықты тарсылдатып құлата жаздап, ең соңында керек жеріне жетті.
– Полли тәте! Полли тәте! Мен шынымен де барлығы: кілем де, перде де, үш сурет те, терезеден көрінетін тамаша көрініс те бар бөлмеде тұрамын ба?! Ой, Полли тәте! Сіз қандай жақсы адамсыз!
– Бұл сөздерің жаныма жағып, жайлы естіледі, Поллианна. Менің шешімімді құптағаныңа қуаныштымын! Сонымен бірге бұл заттардың бәрін қатты қалап тұрсаң, оларды ұқыпты ұстайсың деп үміттенемін. Сөзімді жалғастырмауыма болады деп ойлаймын. Ал енді, орындықты көтерші, өтінемін. Соңғы екі минутта екі есікті тарс-тұрс ашып-жапқаныңа назарыңды аударғым келеді, абайлап жүр! – деп жалғастырды сөзін қатқыл үнмен қадірлі мисс Харрингтон.
Ол өзі де неге жиеніне осындай қатты ескерту жасағанын түсінбеді. Шынтуайтында, қатты жылағысы келген еді, сондықтан осындай күйін көрсетпеу үшін қатқыл сөйледі.
Поллианна орындықты көтерді.
– Бәрі дұрыс, мэм, – деп көңілді құптады Поллианна. – Бұл есіктердің қалай тарсылдатқанымды білем. Бірақ мен тек қазір ғана өзімнің жаңа бөлмем туралы естіп тұрмын ғой. Менің ойымша, сіз де есікті бар күшіңізбен серпе жабар едіңіз, егер... Поллианна сөзін кілт тоқтатып тәтесіне қадала қарады. – Полли тәте, ал сіз өміріңізде есіктерді тарсылдатып жауып көрдіңіз бе?
– Әрине, жоқ, Поллианна, – деп сенімді жауап берді мисс Полли және оның дауысында парасаттылық бар еді.
Өкінішті, Полли тәте! – деді аяушылықпен Поллианна.
– Өкінішті дейсің бе? – деп мисс Полли қос алақанын қос қапталына созып, тосырқап қалды.
– Иә, өкінішті. Өйткені есікті тарсылдатқыңыз келгенде, сіз есікті тарсылдататын едіңіз. Ал сіз тарсылдатқыңыз келмеген және тарсылдатпағансыз да, ал ол ешқашан ешнәрсеге қуанбағаныңызды білдіреді. Мен сіздің ешқашан ешнәрсеге қуабағаныңызға қатты өкінемін!
– Поллианна! – деп естілер естілмес жауап қатты қадірлі ханым.
Бірақ Поллианна жауап бермеді. Ол құйындай жүйткіп кетіп үлгерген еді. Тек шатырдағы кішкене үйшік жақтан естілген есік тарсылы ғана мисс Поллидің сұрағына қайтарылған жауап тәрізді болды. Поллианна шапшаң жоғарыға көтеріліп, Нэнсимен бірге заттарын тасуға кірісті. Ал мисс Полли қонақ бөлмеде отырып, бойын көп жылдардан бері болмаған абыржу сезімі жайлап бара жатқанын сезді. Әрине, оның өмірінде де қуанышты сәттер болған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет