Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет24/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   33
23. ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒА

Бірде Поллианна мистер Чилтонға барды. Миссис Сноу бір дәрісінің атын ұмытып қалған екен, соны білу үшін ол Поллианнаны жұмсапты. Поллианна бұрын дәрігердің үйінде болмаған, сондықтан ол айналасына қызыға қарады.


– Мистер Чилтон сіздің үйіңіз осындай ма еді! Сіз үнемі осында тұрасыз ба? – деп сұрады ол.
– Иә, – деп көңілсіз жауап берді. – Басқа үйім жоқ. Шынтуайтында, бұл үй де емес, Поллианна. Жай ғана бөлме, бұл жерде ауруларды қабылдаймын және мен ұйықтайтын тағы бір бөлме бар.
– Мен оны білемін, – деді қыз жазуын асығыс жазып жатқан дәрігерге... – Нағыз үй болуы үшін әйелдің қолы мен жүрегі қажет және бала болуы шарт.
– Не дейсің? – деп, жазып жатқан қағазынан басын жұлып алды дәрігер.
– Мистер Пендлтон солай айтқан, – деп басын батылдана изеді Поллианна.
– Ол маған нағыз үй болуы үшін әйелдің қолы мен жүрегі қажет және бала болуы шарт екенін түсіндірді. Ал сіз неге бір әйелге қол созып, жүрегін жауламайсыз, мистер Чилтон? Және де... Егер мистер Пендлтон бас тартса, сіз Жимми Бинді ала аласыз. Аласыз ба?
Чилтон дәрігер біртүрлі басқаша күліп жіберді.
– Сонымен мистер Пендлтон саған нағыз үй болуы үшін әйелдің қолы мен жүрегі қажет деді ме? – деп қайта сұрады.
– Әрине, иә, ол да сіз сияқты өз үйін бұл үй емес, жай ғана баспана деді. Сіз неге осылай жасамайсыз, Чилтон дәрігер?
– Нені? – деп дәрігер қайтадан үстелге қарады.
– Сүйікті әйелдің жүрегін неге жауламайсыз? Мен сізге мынаны айтуды ұмытып кетіппін ғой, – деді аяқ астынан қызарып кеткен Поллианна.
– Сізге бірден ескертуім керек еді. Мистер Пендлтон көп жылдар бойы Полли тәтемді жақсы көрмегенін білесіз бе? Сондықтан да біз оған көшіп бармаймыз. Түсінесіз бе, мен қателесіппін. Сіз ешкімге ештеңе айтпады деп үміттенемін, – деп қауіптене сұрады ол.
– Жоға, әрине, мен ешкімге ештеңе айтпадым, Поллианна, – деп көзін тайдырып әкетті.
– Олай болса, бәрі де дұрыс, – деп қуанды Поллианна. – Мен тек сізге ғана бәрін айтып бергенмін. – Қыз ойланып қалды. – Тек мистер Пендлтон, сіз мұны білетініңізді естігенде, маған біртүрлі қызық қарады...
– Солай ма? – деп сұрады дәрігер, ерні дірілдеп.
– Иә, – деп салмақты жауап берді Поллианна. – Бұл шындыққа жанаспаған соң, басқалардың білгенін қаламаған шығар деп ойлаймын. Ал сіз ше, мистер Чилтон, бір әйелдің жүрегін неге жаулап алмайсыз? – Чилтон дәрігердің бөлмесінде тыныштық орнады. Ол былай деп жауап қатты:
– Білесің бе, Поллианна, кейде оған қол жеткізу қиын. Қанша қатты тырыссаң да, мүмкін болмайтын кездер болады...
– Бірақ сізге бұл қиын емес қой? – деп «сізге» деген сөзге екпін жасай жауап берді Поллианна.
– Рақмет! – деп күлді риза болған дәрігер. – Бірақ, – деп көңілсіз жалғастырды сөзін, – үлкендер олай ойламайды. Мен бірнеше жыл бойы тырысып келем, бірақ қолымнан ештеңе келер емес.
Поллианна ренжіп қалды. Сосын таңғалған үлкен көздерімен дәрігерге қарап тұрып былай деді:
– Мүмкін емес, мистер Чилтон. Сіз де, мистер Пендлтон секілді бір әйелдің жүрегін жаулауға тырысқаныңызбен, жаулай алмадыңыз ба?
Дәрігер орнынан ұшып тұрды.
– Жарайды, Поллианна. Жетеді. Өзгелердің қиындықтарына басыңда қатыра берме. Ал, қане, миссис Сноуға бар да, мына қағазды бере ғой. Бұл жерде дәрінің атауы мен мөлшері жазылған. Ол басқа ештеңе сұраған жоқ па?
Поллианна басын шайқады.
– Жоқ, сэр. Сізге көп рақмет! – деп ақырын ғана жауап берді де, шығуға бет алды.
Дәлізден өтіп бара жатып кілт тоқтап, дәрігерге жадырай қарап:
– Мистер Чилтон, сіз қуануыңыз керек! Сіз менің анамнан басқа кісіні жақсы көріп, соның жүрегін жаулағыңыз келгеніне қуануыңыз керек! Ал жарайды, сау болыңыз!
Қазан айының соңғы күнінде қайғылы оқиға болды. Мектептен үйге асығып келе жатқан Поллианна, жолдан жүгіріп өткен. Тап сол қиылысқа машина жақындап қалғанын көргенімен, бірақ ол әлі алыста деп ойлап...
Одан кейін не болғанын ешкім дұрыстап айтып бере алмайды. Бұған кім кінәлі екенін де ешкім түсінбеді. Қалай болғанда да, кешкі сағат бестерде ес-түссіз жатқан қызды көтеріп, өзі жақсы көретін бөлмесіне алып кірген.
Түрі бозарып кеткен Полли тәтесі мен жылап жүрген Нэнси екеуі қызды шешіндіріп, керуетке жатқызған, сосын телефон соғып, Уоррен дәрігерді шақырды, ол демде келді.
Бөлменің есігін мықтап жауып, дәрігер ауруды қарай бастады. Нэнси қатты қайғырып, бақшаға шығып кетті де қарт Томды тауып алып, бәрін айтып берді.
– Мистер Том, сіз оның тәтесі қалай қайғырып жүргенін көрсеңіз, – деді жыламсырап. – Ол борышын орындамадым деп қайғырып жүрген жоқ. Борышы емес, мен сізге солай айтамын, мистер Том, тіптен де борышы емес. Оның қолы дірілдеп, бейшара қыздың үстіне төніп тұр, қызға таяп келе жатқан ажалды көрсе, оны өз қолымен қағып жібергісі келгендей қарайды. Жоқ, ол қазір борышын өтеп жүрген жоқ. Мен сізге тура айтайын, мистер Том, ол қазір борышын өтеп жүрген жоқ, қайта...
– Қатты жарақат алды ма? – деп дауысы дірілдей сұрады қарт Том.
– Мистер Том, ештеңе де түсіне алмай отырмыз, – деп жыламсырап сөзін жалғастырды Нэнси. – Өңі боп-боз, қимылсыз жатыр. Мен басында оны өліп қалды екен деп ойладым. Бірақ мисс Полли тірі екенін айтты. Мисс Полли біледі ғой. Ол оның жүрек қағысын тексеріп, кеудесіне құлағын тосып тыңдады. Тыңдап алып «байқұс қызымыз дем алып жатыр» деді.
– Дегенмен қалай болды екен… – деп қарт Том сөзін аяқтай алмай, кемсеңдеп кетті.
– Білсем ғой! – деді Нэнси. – Біздің қызды қағып кету… ойлап көріңізші! Мен әркез осы түтін шығаратын көліктерді жек көретінмін. Мен сізге мынаны айтайын: жек кө-ре-тін-мін!
– Қай жерін жарақаттапты?
– Оһһ, білмеймін, білмеймін, мистер Том! Басында кішкене көгерген жері бар. Бірақ мисс Полли ол ештеңе етпейді дейді, ол ішкі жарақаттан қорқады.
– Сен, шынында, мисс Полли қыздың ішкі ағзасына қан кетуден қорқады дейсің бе? Солай ма, Нэнси? – деп түзеді мистер Том, көзі жасқа толып.
– Үлкен айырмашылық бар! – деп басын шайқады Нэнси. Ол иықтары селкілдеп, теріс қарап жылап алды. – Мен бұған шыдай алмаймын. Мына дәрігер шыққанша жүрегім жарылып кететін шығар. Қазір барып көп кір жусам ба екен? Өмірімде болмаған көп кір жусам ба екен, мистер Том? Бұл нағыз іс болар еді, мистер Том. Мен сізге мынаны айтайын: нағыз іс болар еді.
Дәрігер кеткеннен соң да жағдайды түсіну қиын еді, сөйтіп Нэнси өз әңгімесіне еш жаңалық қоса алмады. Дәрігер қыздың сүйектері дін аман екенін, ал басындағы көгерген жері еш қауіп төндірмейтінін айтты. Бірақ мистер Уорреннің уайымдаған түріне қарап секем алуға болатындай.
Дәрігер кеткен соң мисс Полли Нэнсиге келді. Ол Поллианна әлі есін жимағанын, бірақ қазір бұрынғыға қарағанда жақсырақ екенін және қанша уақыт осылай жататыны белгісіз екенін түсіндірді. Мисс Полли түнде жиенінің қасында отыратын кәсіби күтуші шақырыпты. Басқа айтатыны болмаған соң, ол Поллианнаның қасына кетті, ал Нэнси асүйге бет алды.
Келесі күні таңертең Поллианна өзіне келіп, есін жиды. Көзін ашқанда төсегінің қасында отырған тәтесін көріп таңғалды.
– Полли тәте! Не болды, Полли тәте? Дала жап-жарық болып кетіпті, ал мен әлі төсектен тұрмағанмын ба? Неге мен тұрмай жатырмын? – деп таңғалды қыз.
– Ой, Полли тәте! Мен тұра алмаймын! – ол ауырсынып, жастыққа қайта сылқ етті, оның көзінде қорқыныш пайда болды.
– Білесің бе, қалқам, мен сенің орныңда болсам, тұруға талпынбас едім, – деп жайлап түсіндіре бастады тәтесі.
– Неге, Полли тәте? Неге мен тұра алмаймын? – деп сұрады қыз.
Мисс Полли ақ орамалдағы әйелге қарады. Әйел терезе алдында тұр екен, Поллианна оны байқамапты.
– Оған айтыңыз, – деді күтуші әйел ернін жымқырып.
Мисс Полли сөйлей алмай, тамағы кеберсіп, жөтеле бастады.
– Сені, қалқам, кеше кешкісін мәшине қағып кетті, – деп бастады ол. – Бірақ қазір ол маңызды емес. Қазір тәтең сенің жатып, қайтадан ұйықтағаныңды қалайды, – деп үшінші жақтан сөзін аяқтады мисс Полли.
– Мәшине қағып кетті? Енді, иә.. мен жүгіріп… – деп тез-тез сөйледі Поллианна. Ол қолын маңдайына апарып: – бірақ неге менің мына жерімді байлап қойған және осы жерім ауырады?
– Қазір ол маңызды емес, қалқам, – деп қайталады мисс Полли. – Саған демалу, демалу керек.
– Полли тәте, мен біртүрлі жаман болып жатырмын. Менің аяғым… Қызық, олар ештеңені де сезбейді.
Күтуші әйелге жалынышты көзбен қарап, мисс Полли орнынан тұрып, бұрылып кетті.
Күтуші әйел төсектің жанына тез келді.
– Сенімен сөйлесетін уақыт келді деп ойлаймын, – деп жымия сөйледі ол. – Біріншіден, танысайық. Менің есімім – мисс Хант. Мен сені қарауға тәтеңе көмектесемін. Біз мына ақ дәрілерді ішуден бастаймыз. Ал, қанекей, дәрі қабылдайық.
Поллианна оған жаман көзбен қарады.
– Бірақ мені қарағандарыңызды қаламаймын. Айтқым келгені, мен ұзақ ауырғым келмейді. Сіз білесіз ғой мен мектепке баруым керек. Ертең мектепке бара аламын ба?
Терезе жақтан мисс Поллидің пыс-пыс етіп жылаған дауысы естілді.
– Ертең? – деп сұрады көңілді дауыспен күтуші. – Жоқ, ертең сені мектепке жібере алмаймын. Ал енді мына дәріні ішіп қояйық та, олардың саған қалай әсер ететінін көрейік.
– Жарайды, – деді сенімсіздеу үнмен Поллианна. – Ал арғы күні мен міндетті түрде мектепке баруым керек. Қазір біздің емтихандарымыз басталып жатыр ғой, мисс Хант.
Бірер минуттан соң ол мисс Хантқа мектеп туралы, қандай емтихан тапсыратыны туралы, кейіннен басының аурып жатқанын және де қағып кеткен мәшиненің көп қиындық келтіргенін айтып жатып, бір кезде ішкен дәрісі әсер етіп, ұйықтап кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет