Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет29/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33
28. ОЙЫН МЕН ОЙЫНШЫЛАР

Мистер Пендлтоннан соң Милли Сноу келді. Бұрын ол бұл үйге аяқ баспаған адам еді, сондықтан үй иесімен жеке қалғанда өзін қалай ұстау керек екенін білмеді.


– Мен... Мен сол кішкентай қыз туралы сұрауға келдім, – деп тұтығып сыбырлады.
– Рақмет, қымбаттым! Ол сол қалпы. Ал сенің анаңның халі қалай? – деді шаршаңқы үнмен мисс Полли.
– Мен осы туралы сізден сұрайын деп едім. Жоқ, бұл туралы емес. Мен мисс Поллианнаға мынаны айтқаныңызды қалаймын. Бұл бір қиын іс болыпты! Анамыз екеуміз кішкентай қыз жүре алмайды дегенге сенгіміз келмейді. Оның маған және анама қанша жақсылық жасағанын білесіз бе? Поллианна бізге өзінің ойынын үйретті.
Осының бәрін бір деммен тез айтып шықты да Милли үнсіз мисс Поллиға қарады. Ол да үнсіз қалпы мына қыздың не айтқанын түсінгісі келді. Бірақ ол қанша тырысса да, еш нәрсе түсіне алмады. Ол көптен бері Миллиді көрмегендіктен оны ақылынан адасты деп ойлады.
– Иә, оған жеткізгеніңізді қалаймын, – деді қыз. – Ол бізге көп жақсылық жасағанын білуі керек. Әрине, ол анамдағы кей өзгерістерді өзі де көрді. Бірақ ол анамның қалай өзгергенін білуі керек деп санаймын. Мен де өзгердім. Қазір мен де осы ойынды ойнап жүрмін. Шындығында, ойнауға тырысып жүрмін.
Мисс Полли ештеңені түсінер емес. Миллидің «ойын» деп айтып тұрғаны не нәрсе? Осы туралы енді сұрауға оқталғанда, қыз қайтадан әңгімесін бастады:
– Сіз бұрын анама ешнәрсе ұнамайтынын білетін бе едіңіз? Анам әрдайым бәрі басқаша болғанын қалайтын. Оны жазғырғандай болмау үшін, анам туралы үндемейін. Ал, қазір ол маған терезе пердесін ашуға рұқсат береді, өз келбетіне де назар аударып жүр, түнгі киімін ауыстырады және жер бетінде не болып жатқаны туралы қызығушылық білдіреді. Оған қоса анам тоқыма тоқуды бастады. Кішкентай балаларға арналған бас киім мен жамылғыштар тоқиды. Ол заттарды жәрмеңкеге және ауруханаларға таратады. Мұны ол бар ынта-шынтасымен жасайды және осылай жасай алатынына қуанады. Осының барлығы мисс Поллианнаның арқасы, өйткені мисс Поллианна анама қолы жұмыс істей алатынына қуануы керек екенін айтқан. Сол сөзді естігеннен бастап анам «неге мен жұмыс істейтін қолымды бағаламаймын?» деп ойлана бастады. Осылай ол тоқыманы қолға алды. Сіз анамның бөлмесінің қызыл, көгілдір, сары жүнмен және мисс Поллианнаның терезеге ілетін призмасының арқасында қалай көркем боп кеткенін көз алдыңызға елестете де алмайсыз. Бұрын ол бөлмеге кіргім келмейтін, бөлме қараңғы, көңілсіз болатын, ал анам бақытсыз, мұңды болып жататын. Ал қазір онда кіру бір ғанибет! Сондықтан да мисс Поллианнаға біздің сөзімізді жеткізуіңізді өтініп сұраймыз, бәрі соның арқасы. Тағы да оны танитынымызға өте қуанышты екенімізді жеткізіңізші, өтінемін! Біз де ол бізді танығаны үшін қуанады деп сенеміз! Осымен болды. Бәрін жеткізесіз ғой? – деп Милли орнынан тұрып, сөзін аяқтады.
– Иә, әрине жеткіземін, қарағым, – деп сендірді мисс Полли, айтылған монологтың барлығын түсіндім бе деп тағы бір ой елегінен өткізіп алды.
Мистер Пендлтон мен Милли Сноудың келгені келушілердің басы ғана екен, олардан кейін басқа да келушілер болды. Олар көп еді. Олардың бәрінің аманаты мен сезімдерін жеткізу, ұмытпай есте сақтау мисс Поллиға қиын тиіп, басы ауыра бастады. Бір қызығы – сол көп жолдаудың ойы мен сөзінде бір құпия бар еді, олардың мағынасын түсінуге мисс Харрингтонның жағдайы болмады және түсіну қиын еді.
Бір күні жесір Бентон келді. Бұрын ол Харрингтон сарайының иесімен кездеспеген, бірақ мисс Полли аласа бойлы бұл әйелді жақсы танитын. Ол тек қара киім киіп жүретін және Белдингсвильдегі ең көңілсіз адам болатын. Бірақ бүгін миссис Бентон мойнына көгілдір бау тағып келіпті.
Миссис Бентон мисс Поллиге уайымдап қалғанын айтып, Поллианнаны көруге рұқсат сұрады.
– Сізді ренжітуге тура келгеніне өкініп тұрмын, миссис Бентон, – деп басын шайқады мисс Полли, – бірақ мен әзірше сіңліме ешкімді кіргізіп жатқан жоқпын.
Миссис Бентон кешірім сұрап, кетуге бет бұрды. Бірақ есікке жетпей, қайта айналып келді де:
– Мисс Харрингтон, сізден өтінерім, – деді тұтығып, – менің айтқан бір ауыз сөзімді мисс Поллианнаға жеткізіңізші.
– Әрине, миссис Бентон!
Мисс Поллидің сөзі қонақты қанаттандырса да, ол біраз сенімсіз болып, тұрып қалды.
– Өтінемін, оған мынаны жеткізіңізші, оған мен мынаны тағып жүргенімді айтыңызшы? – деп, мойнындағы көгілдір бауды қолымен ұстады. – Сіздің жиеніңіз көптен бері қандай да бір түрлі-түсті киім ки деп үгіттеп жүр еді, – деп түсіндірді миссис Бентон, – осыны білсе, ол қуанып қалар деп ойладым. Ол қыз егер мен әдемі бір нәрсе кисем, Фредди қуанып қалады деп еді. Сіз Фредди менің жалғыз байлығым екенін білесіз ғой, мисс Харрингтон.
Миссис Бентонның көзіне жас келді, ол қолын сермеп, есікке қарай бет алды.
– Өтінемін, Поллианнаға жеткізіңіз. Ол бәрін түсінеді, – деп миссис Бентон бөлмеден жылдам шығып кетті.
Сол күні тағы бір қара көйлекті жесір әйел келді. Бұл әйелді мисс Полли бұрын ешқашан көрмеген еді, онымен Поллианнаның қай жерде танысқанын ойлап таңғалды.
– Мен, миссис Тарбелмін, – деп өзін таныстырды жесір әйел, – біз сізбен әлі таныс емеспіз, – деді мисс Поллидің таңғалғанын аңғарған ол. – Бірақ мен сіздің жиеніңізді танимын. Былтыр жазда қонақүйде тұрғанмын және күнделікті серуендеуге шығатынмын. Дәрігерлер маған денсаулығым үшін көп жаяу жүру керек деген. Осындай бір серуенде мисс Поллианнамен кездестім. Қандай сүйкімді қыз десеңізші! Мен сіздің бірден түсінгеніңізді қалаймын: сіздің жиеніңіз мен үшін өте қадірлі адам. Осы қалаға келгенде мен де көңілсіз едім. Кейін Поллианнаны кездестірдім, оның өмірге құштарлығы, көңілді келбеті маған өз қызымды еске салды, менің қызым қайтыс болып кеткен. Мисс Поллианнаның жол апатына түскені туралы естігенімде, орнымда байыз тауып отыра алмадым. Қандай ауыр жағдай! Қайран қор болған қызым-ай! Шынымен де енді ол ешқашан жүре алмайтын болды ма? Мисс Харрингтон, мені түсінесіз бе, бұл жерге келмесіме болмады. Мисс Поллианнаға рақмет айтқым келді, айып етпеңіз?
– Рақмет сізге, көңіліңіз үшін рақмет! – деді мисс Полли.
– Өтінемін сізден, оған миссис Тарбел қазір қуанышты деп жеткізіңізші. Бұл өте оғаш көрінетін болар. Бірақ сіз рұқсат берсеңіз мен ештеңені де түсіндірмей-ақ қояйыншы. – Енді әйел күлімсіремеді, мисс Полли оның көңілсіз көзін байқады. – Менің не айтқым келгенін сіздің жиеніңіз түсінеді. Егер менен қателік кетсе, сізден алдын ала кешірім сұраймын және рақметімді айтамын, – дегенді қосып, ол шығып кетті.
Мисс Полли Поллианнаның бөлмесіне асықты.
– Сен миссис Тарбеллді білесің бе? – деп сұрады ол жиенінен.
– Әрине, Полли тәте. Мен миссис Тарбелді құрмет тұтамын. Тек ол өте көңілсіз адам. Оның денсаулығы жоқ, сол үшін таза ауада көп қыдырып жүреді. Біз бірге серуендейтінбіз. Енді «біз жүргенбіз» дегім келген, – осы кезде Поллианнаның дауысы дірілдеп, көзінен қос тамшы жас домалап түсті де, жастыққа тырс-тырс тамды.
Мисс Полли жөтеле бастады.
– Қалқам, жаңа ғана миссис Тарбел үйге келіп кеткенін білесің бе? Ол саған мына сөздерді жеткізуімді сұрады... шындығында, ол түсіндірмегесін «мен енді өте қуаныштымын» дегенін түсіне қоймадым, осыны саған жеткіз деді.
Поллианна қолын шапалақтап қуанды.
– Ол солай айтты ма? Полли тәте, мен сондай қуаныштымын!
– Поллианна, ол не айтқысы келді?
– Бұл ойын туралы және..., – Поллианна үндемей қалды.
– Қандай ойын? – деп қайта сұрады Полли тәтесі.
– Ол сондай маңызды емес, тәте. Мен сізге айта алмаймын. Оны айтатын болсам, басқалары туралы да айтуға тура келеді. Ал сіз маған тиым салғансыз.
Мисс Полли оның құпиясын білгісі келді. Бірақ қыздың абыржып қалғанын көріп, өзінің қызығушылығын басып, басқа тақырыпқа ауысуға мүмкіндік берді.
Миссис Тарбелден кейін үйге тағы бір бикеш келді. Оның үйге рұқсатсыз кіргеніне тәтесі ашуланып қалды. Дөрекі киінген, бетін әлем-жәлем қылып бояп алған, үсті-басына арзан әшекейлер іліп алған бикешті мисс Полли жақсы танитын. Сондықтан да беделді, сыйлы үй иесі бұл миссис оған қолын бермек түгілі, жанына жоламайды деп ойлайтын.
Мисс Поллиді көріп, бикеш орындықтан тұрды. Осы кезде мисс Полли көп жылағаннан оның көзінің ісіп кеткенін байқады. Келген адамның дауысы өктем шығып: «Мисс Поллианнаны бір сәтке көрейінші?» – деген өтініші бұйрықтай болып естілді.
– Жоқ, – деді мисс Полли. Мисс Полли қонақтың өтінішке толы көзін көріп, кішкене болса да жібіп, қазір кішкентай қызға ешкімді кіргізіп жүрмегенін өте сыпайы хабарлады.
Қонақ біраз теңселіп, ала көзімен бір қарап, сөзін қайта сабақтады:
– Менің есімім миссис Пейсон, миссис Том Пейсон. Сіз мен туралы естіген боларсыз. Қаладағы біраз жақсы отбасылар мен туралы естіген. Мені елдің сөгетінін білемін, бірақ оның көбі шындыққа жанаспайды. Ал, жарайды. Мен неге келіп едім? Мен қыздың жағдайы туралы білгім келеді. Жол апаты туралы естігенімде, жанымды қоярға жер таппадым. Ал өткен аптада тағы бір дәрігер келіп, «енді оның ешқашан жүрмейтінін айтты» дегенін естідім. Қандай сұмдық! Қолымнан келсе, өз аяғымды кесіп, сіздің қызыңызға берер едім. Бұл аяқ маған қарағанда, оған көбірек керек. Өйткені ол бір сағат қана жүрсе де, мен өмірімде жасамаған көп жақсылықты істеп үлгереді. Бірақ бұл ешкімді қызықтырмай ма деп қорқамын. Менің білгенім, аяқ керек адамға беріле бермейді екен. – Ол бір сәт үнсіз қалып, тамағын кенеп алды. Бірақ ол да көмектеспей, қайта сөйлегенде, дауысы бұрынғысынан да ары қырылдап шықты. – Менің қызыңызбен көп араласқанымды мүмкін сіз білетін боларсыз. Біз Пендлтон Хилл Роудта тұрамыз, ол балалармен ойнауға жиі келетін, үйде болса, жолдасыммен әңгімелесетін. Оған біздің үй ұнайтын және бізбен уақытты қызықты өткізетін. Әрине, ол сіздің ортаңызға біздің лайық емес екенімізді білмейтін. Егер сіздің ортаңыздың адамдары бізге жиі келіп тұрса, шындығында, біз сияқтылар аз болар еді, мисс Харрингтон. Ал, жарайды. Жалпы, сіздің қыз бізге жиі келетін, көріп тұрғаныңыздай, біз оған ешқандай жамандық жасамадық, бірақ ол бізге көп жақсылық жасады. Егер ол бәрін түсінсе, басқа да нәрселердің түбіне жету керегін білер еді, бірақ мен оны қаламаймын. Біз үшін бұл қала тым қатал болып шықты. Жолдасым екеуімізге қиын соқты, түңіліп кетіп, ажырасқымыз келген. Ал балаларды… сол кезде балаларды не істейтінімізді білмедік. Сөйтіп жүргенде қызыңыз мынандай күйге тап болыпты. Біз сорлы оның есік алдында қалай отыратынын елестеттік. Ол әңгіме айтатын, күлетін, өзі үнемі айтатындай «жай ғана қуанышты» боп жүретін. Ол әрқашан бір нәрсеге қуанып жүретін. Содан соң ол бізге өзінің ойыны туралы айтып берді және бізді де осы ойынды ойнауға үгіттеді. Ал қазір біз жолдасымыз екеуіміз Поллианнаның өзі өз ойынын ойнауды ұмытып қалғанын естідік. Оның енді ештеңеге қуана алмайтынын естідік. Ол біздің жағдайымызды естісе, қуанар деп ойладым. Біз күйеуіміз екеуіміз ажыраспайтын болдық. Осыны арнайы айтуға келдім. Біз де оның ойыны ойнап көрейік деп шештік. Оның ойыны бізге көмектесе ме, жоқ па, – білмеймін, бірақ біз тырысып көреміз. Мисс Поллианна осыны қалап еді. Өтінемін сізден, мисс Харрингтон, осының бәрін оған айтыңызшы?
– Мен міндетті түрде жеткіземін, – деп сендірді мисс Полли. Содан соң ол қонаққа жақындап қолын созып:
– Келгеніңізге көп-көп рақмет, миссис Пейсон! – деді.
Миссис Пейсонның тамағына өксік кептеліп, мисс Поллидің көзімен көзі түйісіп қалмау үшін басын бұрып алып, далаға жүгіріп шықты.
Оның артынан есік жабылысымен, мисс Полли асүйге келіп Нэнсиді сұрақ астына алды.
– Нэнси, бүкіл қала айтып жүрген ойынды маған жақсылап түсіндіріп бере аласың ба? Бұл ойынға Поллианнаның қандай қатысы бар? Мен мұндай істерден хабардар болғым келеді, Нэнси.
Келушілер Мисс Поллиді жалықтырып жіберді және ол ашуын біреуден алуы керек еді. Нэнси үй иесіне таңғала қарады. Жиені ауырғалы, онымен осылай бірінші рет қатты сөйлесіп тұр еді.
– Рас, Нэнси, менің де білгім келіп тұр, – деп жалғастырды мисс Полли. – Неге бәрі: Милли Сноудан бастап миссис Том Пейсонға дейін ойын ойнап жүргенін және бұл ойынды Поллианнаның арқасында ойнап жүргенін жеткізуімді сұрайды? Егер мен дұрыс түсінсем, біздің қалалықтар көгілдір бау тағады, үй ішімен татуласады немесе алдында жақсы көрмеген заттарын жақсы көре бастайды. Осының бәрі Поллианнаның арқасында болған екен, біздің қыз бәріне әлдебір ойынды үйретіп жүр екен. Бұл туралы мен өзінен сұрағанымда ол жауап бергісі келмеді, оның толқуға болмайтынын ескеріп, мен әрі қарай қазбалап сұрамадым. Сондықтан да сенен сұрап тұрмын, Нэнси, бұл нені білдіреді, түсіндірші маған?
Нэнси жылап жіберді, Мисс Полли одан әрі таңғалып, тұнжырады.
– Бұл өткен маусымнан бастап сіздің жиеніңіз бүкіл қалаға қуаныш толқынын жайып жүр дегенді білдіреді, – деді жылап тұрып. – Ал енді бүкіл қала сіздің кішкентайыңыздың қуанғанын қалап, барын салып жатыр.
– Несіне қуануын?
– Жай ғана қуануын. Ойынның бар тәртібі осы ғана.
Мисс Полли түк түсінбеді:
– Байқаймын, Нэнси, сенің де басқалардан айырмашылығың шамалы. Мен сенен бұл қандай ойын деп сұрап тұрмын ғой.
Нэнси басын көтеріп, қожайынының көзіне тік қарады.
– Жарайды, мэм, сізге айтып берейін. Бұл ойынды біздің қызымызға әкесі үйретіпті. Бірде біздің қыз қуыршақ алғысы келген, бірақ қайырымдылық қорынан оған екі балдақ жіберіпті. Балдақты көріп, біздің қыздың жылағаны түсінікті, оның орнында басқа бала болса да солай істер еді. Мен сізге мынаны айтайын, құрметтім менің. Қызының неге жылағанын естіген әкесі: «өмірде қуанбайтын зат болмайды. Ол балдаққа да қуану керек» дейді.
– Балдаққа қуану керек? – деп сұрады көз жасын әзер тиып тұрған мисс Полли.
– Солай, мэм. Мен де таңғалғанмын. Мен сізге мынаны айтайын: таңғалдым да: «Мисс Поллианна, балдаққа қалай қуануға болады?» – деп сұрадым. Сөйтсем оның әкесі оған «ол балдақтың саған керек болмағанына қуануың керек» депті.
Мисс Полли аһ ұрды.
– Осылай, мэм. Осыдан соң олар өз ойынын ойнауды бастаған. Олар әр нәрседен қуаныш табуды әдет қылған. Сіңліңізге қуаныш табу қиын тимепті. Өйткені «әр нәрсеге басқа қырынан қарасаң, көзқарасың өзгереді, қуыршағым жоқ деп өкінбейсің, бірақ балдақты қолданбайтыныңа қуанасың». Әкесі екеуі бұл ойынды «Қуаныш ойыны» деп атаған. Барлығы осы, мэм.
– Бірақ қалай, қалай, қалай..., – деп мисс Полли сөзінің аяғын жұтып қойды.
– Бұл қалай болатынын білгіңіз келе ме, мэм? – деп қағып алды Нэнси көзі жарқ етіп. – Сіз сенбейсіз, мэм, бірақ солай болады. Сіз қазір менің анамның өзгергенін көрсеңіз ғой, тек ол емес, бүкіл отбасым өзгерді. Осының барлығы жиеніңіздің арқасы. Өзі біздің үйімізге екі рет қана барды ғой, соның өзінде ойынын сіңіріп кете алды. Ол мені де қуануға үйретті, ұсақ-түйек болсын, маңызды мәселе болсын қуанамын, қазір маған да бұл оңай. Бұрын Нэнси деген есімімді ұнатпайтынмын, қазір бұл мені алаңдатпайды. Маған мисс Поллианна: «Сенің есімің Гипзиба болмағанына қуануың керек,» – деді. Содан мен қуана бастадым. Мысалы, мына дүйсенбі таңын алайық. Бұрын мен ол күнді жек көретінмін. Ал қазір мисс Поллианнаның арқасында осы күнге қуанамын.
– Дүйсенбі таңына қуанасың ба? – деді мисс Полли.
– Иә, мэм. Түсініп тұрмын сізді, – деп күлді Нэнси. – Мүмкін бұл ақымақтық шығар, бірақ мен сізге айтып берейін. Бірде біздің қыз менің дүйсенбі сайын ерте тұруды жек көретінімді естіді. Сіз не деп ойлайсыз? Ол маған: «Сен басқа күндерге қарағанда дүйсенбінің таңына қатты қуануың керек деп ойлаймын. Өйткені келесі дүйсенбінің таңына дейін бір аптаң бар,» – деді. Содан бастап, мэм, дүйсенбі күні таңда ұйқыдан тұрғанда, мен біздің қозымыздың сөзін есіме аламын да, жеңілдеп қаламын. Өйткені оны есіме алған сайын, мені күлкі қысады. Ал күлкінің көмегі зор, мэм. Көп көмектеседі, құрметті менің мисс Харрингтоным.
– Өзінің ойыны туралы ол маған неге айтпаған? – деп сұрады мисс Полли. – Мен осы ойын туралы өзінен сұрағанымда, үндемей қойған.
Біраз теңселіп алып, Нэнси басын шайқады:
– Сіз, әрине, кешіріңіз мені, бұған өзіңіз кінәлісіз. Сіз біздің қызға өз әкесі туралы айтуға тиым салғансыз. Сондықтан ол сізге айта алмады. Бұл ойынды оның әкесі ойлап тапқан еді ғой.
Мисс Полли ернін тістеді.
– Ол сізге ойын туралы баяғыда-ақ айтып бергісі келген, – деп жалғастырды Нэнси. – Басында онымен бірге ойнайтын ешкім болмады. Содан соң ол ойын туралы маған айтты. Сосын бұл ойынды мен ойнай бастадым, өйткені бірге ойнайтын жанында ешкім болмады.
– Ал қалғандары ойын туралы қайдан білді? – деді дауысы дірілдеген мисс Полли.
– Қазір бұл ойын туралы барлығы да біледі. Біреулерге ойын туралы мисс Поллианна айтып берсе, өзгелері біреуден естіген, солай-солай тарап кеткен. Бірақ көбіне біздің қызымыздың өзі айтып берген. Мэм, барлығы осылай болды ғой. Мен сізге мынаны айтайын: барлығы осылай болды. Ал біздің қызымыз, біздің кішкентай қозымыз бәріне мейіріммен қарайтын, әр сәт қуанып жүретін, сөйтіп бәрінің көзіне түсетін. Ал енді, оны мәшине қағып кеткелі бері бәрі күйзеліп жүр. Сондықтан да олар осында күн сайын келіп жатыр. Қазір бәрі біздің қызымыз олардың қуанып жүргені туралы естіп, қуанса екен дейді. Олар осыған үміттенеді. Мен сізге мынаны айтайын, қымбаттым, олар мисс Поллианнаға осы көмектеседі деп үміттеніп, өзі қалағандай бәрі қуанып жүргенін біліп, онымен бірге ойнайтынын біліп, оның да қуанатынына сенеді деп осы ойынды ойнап жүр. Мен сізге мынаны айтайын, мэм, барлығы ойнап жүр, осымен болды!
– Енді онымен үнемі бірге ойнайтын адам болады, – деп жыламсыраған мисс Полли асүйден шығып кетті.
– Сіз де айтады екенсіз, мисс Полли, – деді ақырын ғана Нэнси, бірер минут бұрын үй иесі тұрған орынға қарап қойып. – Енді мені бұл әлемде ешкім де таңғалдыра алмайды. Енді мен үшін бәрі де мүмкін.
Күтуші әйелдің бөлмеден шығуын күткен мисс Полли дірілдеген дауысын басуға тырысып былай деді:
– Бүгін саған тағы бір әйел келді, қалқам. Миссис Пейсон есіңде ме?
– Миссис Пейсон? Әрине, есімде. Ол мистер Пендлтон мен біздің үйдің ортасында тұрады. Оның үш жасар сүйкімді қызы бар, ал ұлы бес жаста. Полли тәте, білсеңіз ғой, миссис Пейсон сондай жақсы адам, оның күйеуі де жақсы адам. Олар бір-бірін толық білмеген соң, анда-санда ұрсысып қалады, бір сөзбен айтқанда, жақсы тұрмайды дегім келген. Олар осының бәрі кедейліктің кесірі дейді. Олар тіптен қайырымдылық қорынан да көмек алмайды, өйткені мистер Том Пейсон пастор емес, солай... сонымен ол пастор емес.
Поллианна мен Полли тәтесі бір сәтте бірдей қызарып кетті.
– Өздері кедей болса да, миссис Пейсон анда-санда әдемі киінеді, – деді Поллианна. – Оның керемет гаухар, лағыл, зүбаржат тасты сақиналары бар. Бірақ ол бір сақинасын бәрінен артық көреді. Ал қазір ол сол сақинасын лақтырып тастап, ажырасқысы келеді. Полли тәте, сіз ажырасу деген не екенін білесіз бе? Менің ойымша, ол жаман нәрсе сияқты. Өйткені ол туралы миссис Пейсон айтқанда, көңілсіз болып қалады. Егер ол ажырасса, бұл жерде тұрмайтынын айтты. Мистер Пейсон алысқа, өте алысқа кетеді, ал балалар, мүмкін олар да кететін болар. Оған сақинасын лақтырмау керек сияқты... Ажырасу дегеніміз не, Полли тәте?
– Білесің бе, қалқам, олар ешқайда кетпейді, – деп тура жауаптан қашып, тез-тез сөйледі мисс Полли. – Олар бірге қалуды ұйғарыпты.
– Тәте, мен сондай қуаныштымын! Мен олардың үйіне барғанда, бәрін көремін бе? – деп қуанды қыз. – Құдай-ай! Полли тәте, енді мен ешқашан жүре алмайтынымды неге ұмытып кете беремін? Енді мен аяғымнан тік тұрып, миссис Пейсонның, мистер Пендлтонның үйлеріне ешқашан да бара алмаймын ғой.
– Қане-қане, тыныштала ғой, қалқам, – тәтесі көз жасын көрсетпеуге тырысып, қызды жұбатты. – Біріншіден, сен достарыңа күймемен баруыңа болады. Екіншіден, мен саған миссис Пейсон туралы әңгімемді аяқтамадым ғой. Ол саған күйеуі екеуі сен қалағандай ойын ойнайтынын жеткізуімді сұрады.
– Шынымен бе? Бұл рас па? Мен сондай қуаныштымын! – деді Поллианна әрі жылап, әрі күліп.
– Шын, қалқам. Миссис Пейсон осыны айту үшін үйге арнайы келіпті. Ол сен қуанады деп үміттенеді.
– Бірақ, Полли тәте, – деді Поллианна тәтесінің көзіне тік қарап. – Сіз бәрін білетіндей сөйлейсіз ғой... Полли тәте, сіз ойын туралы білесіз бе? Сіз... – Поллианна таңғалғанынан демі бітіп қалды. – Полли тәте, мен сондай қуаныштымын, – деді демін бір алып. – Түсінесіз бе, бұл өмірде сізбен бірге ойнауды армандаған едім ғой.
Енді Полли тәтесінің демі бітіп қалды.
– Иә, қалқам, – деді әзер естірте. – Менің басқалардан нем кем деп ойладым. Менен басқа бүкіл қала бұл ойынды ойнайды екен. Тіпті пастор да! Бүгін таңертең оны кездестірдім. Ол саған бір мүмкіндік тауып, міндетті түрде келетінін айтты. Оны сенің айтқан сегіз жүз сөзің әлі де қуантатынын жеткізуімді сұрады. Міне, көрдің бе, сен тіпті пасторға да әсер еткен екенсің, қалқам. Меніңше, сен қуана аласың! Бүкіл қала сенің ойыныңды ойнап жүр, қуанып жүр. Сен адамдарға сөзіңді өткізе алдың, сен оларға қуану мен қуанышты сезінуді үйреттің!
Поллианна қуана қол шапалақтады.
– Мен сондай қуаныштымын! – деді көңілдене. – Полли тәте! Мен мынаны түсіндім, менің қуануға себебім бар: мен бұрын өз аяғыммен жүргеніме қуануым керек. Егер мен бұрын да жүрмеген болсам, ешкімді ойын ойнауға үйрете алмас едім ғой.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет