26. АШЫҚ ЕСІК Нью-Йорктағы Мид дәрігер бір апта өткен соң ғана келді. Ұзын бойлы, сұр көзді, кең иықты, жарқын жүзді дәрігер Поллианнаны өзіне бірден баурап алды. Ал Поллианна өз кезегінде өзіне тән тәтті қылықпен оған әңгіме айтуға асықты:
– Сіз менің дәрігеріме қатты ұқсайсыз, – деп ұзақ әңгімесін бастады.
Мид дәрігер әріректе күтуші әйелмен сөйлесіп тұрған Уоррен дәрігерге таңдана назар салды. Оның таңғалуын түсінуге болады. Бойы қысқа, қой көзді, қара сақалды Уоррен дәрігер Мид дәрігерге мүлде қарама-қарсы кейіпті адам болатын.
Нью-Йорктан келген Мид дәрігерді көзімен бағып отырған Поллианна күліп жіберді де былай деді:
– Жоқ, мистер Уоррен Полли тәтемнің дәрігері, ал мистер Чилтон – менің дәрігерім.
– А-а, – деп Мид дәрігер, екі беті нарттай қызарып жанып тұрған Полли тәтесіне қарап, дауысын созды
– Әрине, – Поллианна бірер минутқа ұялып, сонан соң шынын айтайын деді: – Маған мистер Чилтонды шақырғанын қалап едім, бірақ Полли тәтем келіспеді. Тәтем міндетті түрде сіздің келгеніңізді қалады. Тәтем “мистер Чилтонға қарағанда сіз сынған аяқ туралы көп біледі” деді. Сіз шынымен көп білесіз бе? Олай болса сіздің келгеніңізге қуаныштымын!
Мид дәрігер оған біртүрлі қарады.
– Бұл жағдайда тек уақыт емші, қызым, – деп биязы жауап берді.
Сонан соң ол қайтадан Уоррен дәрігерге ымдады да, олар тәтесімен бірге сыртқа шығып кетті.
…Соңында бәрі осы жағдайға мысық кінәлі деді. Мүмкін, солай да шығар. Жақсы көретін қожайынының жанына кіргісі келген мысық есікті тырналап жатып ашып алады да ішке кіріп кетеді, ал есік ашық қалады. Ашық есіктен Поллианна мисс Поллидің қайғылы дауысын естіп қояды:
– Олай дей көрмеңізші, дәрігер?! Тек олай демеңізші?! Бұл қыз өмір бойы жүре алмайды дейсіз бе?!
Ары қарай не болғаны туралы айту қиын. Жатын бөлмеден Поллианнаның шар еткен дауысы шықты:
– Полли тәте! Полли тәте!
Осы кезде мисс Полли есіктің ашық тұрғанын байқады. Жиенінің бәрін естіп қойғанын түсінді. Ал енді бірер секундта өмірі болмаған жағдай болды: мисс Харрингтон есінен танып қалды.
– Ол біліп қойды! Біліп қойды! – деп күтуші әйел айқайлап қызға қарай ұмтылды. Екі дәрігер де мисс Поллидің жанында қалды. Мид дәрігер оның қасынан кете алмады, өйткені мисс Полли оның құшағына құлаған еді, енді ол есінен танған ханшайымымыздың есін жиғызуы керек. Уоррен дәрігер отбасы дәрігері ретінде бөлмені қараусыз қалдыра алмады, бірақ оның бар қолынан келгені – науқастың жанында әрі-бері жүру ғана болды.
Күтуші әйел Поллианнаға асықты. Аурудың жанында керуетте Флафи отыр. Ол қожайынын өзіне қаратқысы келіп қатты мияулап қояды, бірақ онысынан түк шықпады, ешкім оған назар салмады.
– Мисс Хант! Мисс Хант! – деп айқалады Поллианна күтуші әйел есіктен көрінгенде. – Өтінемін, өтінемін сізден, тезірек Полли тәтемді шақырыңызшы! – Қыздың көзі аларып, беті бозарып кетті.
Мисс Хант есікті қаттырақ жауып, кереуетке жақындады. Ол да бозарып кеткен, дегенмен қызға қарағанда жағдайы кішкене де болса жақсы еді.
– Тәтең... тәтең қазір келе алмайды, – деді тұтығып. – Ол саған кейінірек келеді. Ал қазірше саған мен көмектесейін.
– Сіз көмектесе алмайсыз, – деп басын шайқады Поллианна. – Мен тек неге олай айтқанын сұрайын деп едім. Тәтемнің айтқан сөзі рас па, жоқ па, – соны анықтағым келген.
Күтуші әйел қызды алдандырып, рухын жанығысы келгенмен, оған тілі бағынбады. Керісінше қыз алдында көз жасына ерік беріп қойып, Поллианна бәрі де өзі ойлағандай емес екенін түсінді.
– Сонымен сіз де бәрін естіген екенсіз ғой, мисс Хант, – деп сыбырлады. – Мен енді ешқашан, ешқашан жүре алмаймын ба? Бұлай болуы мүмкін емес, мүмкін емес, – деді Поллианна бетін қолымен жауып.
– Керек емес, керек емес, қалқам, – деді дауысы дірілдеген күтуші әйел. – Мүмкін, ол дәрігер білмейтін шығар, мүмкін қателескен шығар. Бәрі де мүмкін.
– Бірақ Полли тәтем оның өте білікті дәрігер екенін айтқан. Тәтем маған сынған аяқты сол ғана керемет емдейді деген.
– Иә, қалқам, мен де ол туралы естігенмін. Бірақ кейде ең керемет деген дәрігерлер де қателеседі. Сен қазір бұл туралы ойлама.
– Бірақ мен қалай бұл туралы ойламаймын? – деп Поллианна аяғын қолымен нұсқады. – Бұл енді, мен ойлайтын жалғыз мәселе, – деп жыламсырады. – Бұл дегеніңіз – енді мен ешқашан мектепке бара алмаймын, мистер Пендлтонға да қонаққа бара алмаймын, миссис Сноуды көре алмаймын деген сөз ғой. Ешқашан еш жерге бара алмаймын.
Ол теріс айналып қабырғаға қарап, иығы селкілдеп жылап жатты. Бұл жағдай бірер минутқа созылды. Содан соң ол жылауын қойып, сұмдық қайғылы жүзбен күтуші әйелге қарады:
– Мисс Хант! – деді. – Енді мен қуануды да қоямын ғой. Жүре алмасам несіне қуанамын?
Мисс Хант олардың ойынын білмейтін аз адамның бірі еді. Бірақ кәсіпқой маман ретінде ауру адамды тыныштандыру керек екенін білетін. Міне, сондықтан сасып қалғанына қарамастан, дәрі тұрған үстелге келіп, тыныштандыратын дәріні алды.
– Ал, қанекей, қалқам, қазір біз мынаны қабылдаймыз, – деп мейіріммен дәрі бергісі келді. – Содан соң екеуіміз демалып, ары қарай не істейтінімізді көреміз. Кім біледі, мүмкін, бұл тіпті де жаман жағдай емес шығар. Бәрі де басқаша болуы мүмкін, қалқам.
Поллианна күтуші әйелді тыңдап, шыныдағы сумен ұнтақ дәріні ішті.
– Иә, есіме түсті, – деп келісті қыз. – Бұл әкем айтқандай шығар. Ол «жамандықтан бетер қиындық болмайды, әрқашан сол қиын жолдан шығатын жол болады» деп жиі айтатын. Шынында, әкеме ешқашан сен жүре алмайсың деп айтпаған. Сондықтан «жамандықтан бетер қиындық» дегенді көз алдыма елестете алмай отырмын.
Мисс Хант үндемеді.