Реферат
Орындаған Балтабай Ернұр
Эмоция тұжырымдары және эмоция интеллектісі
Эмоциялар адамның белгілі бір затқа бағытталған қажеттіліктерін сипаттайды. Эволюция үдерісінде эмоционалды түйсінулер мен күйлер өмірлік үдерістерді оңтайлы шекарасында қолдаудың құралы ретінде биологиялық тұрғыда бекіді. Олардың ағза үшін мәні белгілі бір факторлардың бұзушы сипаты туралы ескертуде байқалады. Осылайша, эмоциялар адамның ағзасы мен іс-әрекетінің функционалды күйін реттеудің негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.
Эмоциялар – бұл аса кең ұғым, сезімдер эмоционалды күйлердің белгілі бір көрінісін білдіреді. Күнделікті өмірде эмоция деп, біз әдетте адамның алуан түрлі реакцияларын – ынтызарлықтың буырқанған күйінен көңіл-күйдің нәзік тербелістеріне дейінгі реакцияларды атаймыз. Психологияда эмоция деп, адамның өмір сүруіне арналған ішкі және сыртқы жағдаяттарды бағалауды және тұлғалық маңыздылықты көрсететін, толғаныстар түрінде жүзеге асатын психикалық процестер аталады. Нәтижесінде, эмоцияның аса маңызды сипаттамасы ретінде олардың субъективтілігі алынады.
Эмоциялар арқылы адам өзінің заттарға деген қажеттіліктерін саналы ұғынады. Кез келген эмоция жағымды немесе жағымсыз болуы себепті, адам қойылған мақсатқа жету туралы тұжырым жасай алады. Мысалы, жағымды эмоция әрдайым қаланған нәтижеге жетумен байланысты болса, ал жағымсыз эмоция керісінше, қойылған мақсатқа жетудегі сәтсіздіктермен байланысты болады. Осылайша, эмоциялар адамның іс-әрекетін реттеумен тікелей байланысты болады деген тұжырым жасауымызға болады.
Қазақ дүниетанымының психологиялық қырларына бойлай білген Шәкәрім «Шын бақыттың айнасы» еңбегінде баланың жасөспірім кезіндегі мазасыздануы мен қорқуы, үрейленуі туралы «Ол кезде өзімізден жасы үлкендерден қорқыңқырап, именетұғынымыздың аулақ жүргіміз келетұғынымыздың себебі не еді?» – деп сұрай отырып, мұның да өзекті мәселе екендігін ұғындырады.
М. Жұмабаев эмоция, ішкі сезімдер түрлері және олардың жағымды, жағымсыздығы туралы дербес тоқталып айта келіп, осы сезімдерді тәрбиелеу қажеттігіне тоқталады. Бала мазасыздану туралы қорқу сезімін де баса айтады. «Қорқу сезімі – адам жанында бір бақытсыздық күткенде болады», – деп оны терең талдай отырып, «Бала тым қорқақ келеді. Мұның себебі – баланың қиялы тым тірі һәм денесі әлсіз» – деген тұшымды ой айтады. Алдымен, баланың қорықпауына мән беру керектігі, жасында қорқақ болған баланың ерлік істерге бара алмайтындығымен түйіндейді.
Нақ осы біздің эмоцияларымыз сол немесе өзге істерді орындауға және шешім қабылдауға итермелейді. Психология ғылымының жас ғылым екендігіне қарамастан, психологиялық білімдер төркіні антикалық философтар мен дәрігерлер еңбектерінен бастау алады. Ежелгі грек философы Платон, философия мен психологиядағы идеалистік бағыт өкілінің пікірінше, эмоциялар жоғары, «интеллектуалды» және төменгі қанағаттануларға бөлінеді.
Платонның шәкірті Аристотель «Жан туралы» трактатында 3 түрлі жан түрін анықтады және сезімнің міндетті түрдегі заттылығын, эмоцияның сипатын айқындады. Ежелгі гректік философияда эмоция жайлы Эпикур еңбектерінде құнды пікірлер айтылады. Ғалым жан күйзелісін, қорқыныш сезімін, мазасызданудың сана-сезімнің адасуы деп түсіндірді. Эпикур пікірінше, адам үшін сезімнен артық даму жоқ.
Аффективті қалыппен күресудің бірқатар жолдары ұсынылды:
1) Аффекті сырттай байқалуға ауыспауы тиіс: сырттай байқалу аффектіні нығайтады (мұнда ішкі, эмоционалды реакциялар сыртқы мінезқұлықпен байланыста болады);
2) Өзге әрекетке ауысу яғни, қорқыныш кезінде ерлік пен шыдамдылық үлгісін, ал мазасыздану кезінде тыныш күйді еске түсіру. Бұл сияқты ұсыныстар, зейінді өзекті қалыптан ауқымды қалыпқа ауыстыру қазіргі, яғни психотерапевтік бағыттарда, мысалы нейролингвистикалық бағдарламада ұсынылады (NLP).
3) эмоцияларды үнемдеу оның қарқынын бәсеңсітеді.
4) iс-әрекет пен аффект арасында арақашықтықты құру.
Мысалы, атақты философ Ф. Декарт өзінің философиялық тұжырымдамаларында эмоцияның психофизиологиясына үлкен мән береді, яғни тыныс алу, қан қысымы, пульстің өзгеруі сияқты өзгерістердің табиғаты туралы жазды.
Сезімдер проблемасы жайлы «этика» деген еңбегінде Б. Спиноза терең жазды. Л.С. Выготский Б. Спинозаның еңбегіне орынды баға берді. Б. Спиноза бойынша, адам тәні табиғатынан аффектілер шығады. Ол 3 негізгі аффект түрін бөліп көрсетеді: қанағаттанбау, қанағаттану және қалау. Адамға зиян келтіретін аффектілер: қайғыру және жек көру. Жаратылыстану ғылымдарының қарқынды дамуы біздің зерттеу пәндерімізге де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Адам табиғаты жөнінде революция жасаған ғалымдар Ж.Б. Ламарк, Ч. Дарвиндер пайда болды. Жаратылыстанушы Ч. Дарвин өзге проблемаларымен қатар эмоцияларды да зерттеді. «Адамда және жануарларда эмоцияның пайда болуы» деген 1872 жылғы еңбегіндегі жүйеленген зерттеулер оны мынандай қорытынды жасауға келіп жеткізді: «Біздерді ым-ишарат арқылы бейнеленетін сезімдеріміз эволюциялық процесс нәтижесі болып табылады». Ч. Дарвин эмоциялардың байқалуын бас салып төну мен қорғануда көрінетін сақталып қалған әрекеттердің қалдығы деп қарастырды. Жануарлардың әлеуметтеніп дамуына орай бұл қимыл-қозғалыстар дербес рөлге ие болды.
Американ психологы У. Джеймс теориясында субъективті эмоционалды тәжірибе физиологиялық функциялармен қатысты қарастырылады. У. Джеймстің жұмыстары әрі қарай ми мен эмоцияның нейрофизиологиялық негізін зерттеуде алғашқы қадам болып саналады [11]. З. Фрейд неврологияны мидың жұмысы арқылы эмоцияларды түсіндіруге тырысты. Ол былай деді: «Эмоциялар – ми тереңіндегі жағымсыз сезімдерінің күшеюі немесе азаюы».
Американ психофизиологтары Д. Олдс, П. Милинер, Р. Хит, К.Сен-Джонсон, швейцар физиологы В. Гесс, кеңестік нейрофизиологтар В.Н. Бехтерев, Ю.А. Макаренко, П.В. Симов және т.б зерттеулері бас миында түрліше эмоционалды орталықтардың ашылуына әкеліп соқты. Бұл жаңалық П.К. Анохинге эмоционалды құбылыстардың жануарлар эволюциясының механизмі, олардың өмір сүруге тырысу, қоршаған ортаға бейімделу қасиеті екендігі жайлы тұжырымдама жасауға әкеліп жеткізді. П.К. Анохин эмоцияларды қарапайым субъективті құбылыстар деп түсіндірді де олардың психологиялық мазмұнын нақтылады.
У. Джеймс пен К.Г. Лангенің перифериялық теориясы маңызды рөл атқарды. Бұл теория бойынша эмоция туындағанда, субъект бұл эмоцияны өзінің ағзасында физиологиялық өзгерістерді түйсіну ретінде бастан кешіреді. У. Джеймс былай деді: «Біздер қайғырамыз, себебі: жылаймыз, өкпелейміз – себебі: соққы береміз, қорқамыз – себебі: дірілдейміз».
Әдебиеттерге талдау жасай келе, бүгінгі күні сипаттау ретінде эмоцияның келесі сипаттарын бөліп көрсетуге болады:
а) санада эмоцияның тікелей бастан кешулер ретінде берілуі;
б) эмоцияның психофизиологиялық сипаты: бір жағынан аффективті толқу, енді бірі – органикалық байқалуы:
в) эмоцияның айқын берілген бояуы.
С.Л. Рубинштейн өз теориясында эмоцияны қажеттіліктердің болуының субъективті формасы деп көрсетеді. Бұл дегеніміз, мотивация субъектіге эмоционалды құбылыс түрінде ашылады да оларға қарай іс-әрекетті бағыттайды.
А.Н. Леонтьев эмоцияны іс-әрекет жүйесінде қарастырады. Ол былай дейді: «Эмоциялар өзіне іс-әрекетті бағындырмайды, қозғалыстың «механизмі» және нәтижесі болып табылады». Эмоцияның функциясы жайлы «эмоциялар ішкі сигналдар функциясын орындайды. Эмоция ерекшелігі, олар мотивтер арасындағы қатынасты бейнелейді». А.Н. Леонтьев мынандай құнды пікірді алға тартады: «мотивтер сезілмеген уақытта да олар өздерінің психикалық бейнеленуін ерекше формада – әрекеттің эмоционалды бояуы формасында табады».
В.К. Вилюнас эмоциялардың функционалды жіктелуіне күш салды. Ол эмоциялардың екі негізгі түрлерін бөліп көрсетеді, жетекші және өндіргіш. Жетекші эмоциялар қажеттілік затының мәнін және мағынасын ашады. Осы жетекші эмоциялар іс-әрекет мотивімен, тікелей байланысады. Аффект пен эмоциялар өзінің ситуативтілігімен ерекшеленеді. Аффектілер А.Н. Леонтьев бойынша, әрекет соңында пайда болып, әрі жағдайдың жалпы бағасын береді де, ал эмоциялар болған немесе мүмкін болатын жағдайға бағалау және жеке қатынасты бейнелейді де, идеаторлық сипатта болуы мүмкін.
Ал сезімдер – айқын сипаттағы заттық сипаттағы тұрақты эмоционалды бастан кешулер болып табылады және іс-әрекетке қатысады, бірақ жағдайға тәуелді болмайды. Қазіргі таңда күрделі эмоциялардың динамикасын ғана түсіндіретін теориялардан басқа, эмоцияның дамуын жеке дамуымен байланысты қарастыратын теориялар пайда болды. Ол бұл тұжырымдамасында былай дейді: эмоционалды даму деген жоқ, тек жеке адамның дербес дамуының эмоционалды аспектісі болады. В.А. Петровский жеке адамның «эмоционалды дамуының» екі аспектісін бөліп көрсетеді:
1. Эмоционалды күрделілікке адамның тартылуы;
2. Өзге адамдармен эмоционалды бірлікті орнатуы.
Б.И. Додановтың зерттеуінде «Эмоционалды күрделілік» ұғымы «Когнитивті күрделілік» ұғымына жақын екендігі айтылған. Эмоциялар саласы бойынша, зерттеулер әлі жеткіліксіз, бірақ дегенмен жалпы сипатта эмоционалды процестердің пайда болуы және динамикасын анықтайтын басты зандылықтарды көрсетуге болады.
-Эмоционалды процестер – индивид үшін әрекетке әкеліп жеткізетін психикалық басқару класының ерекше класы.
-Эмоционалды процестер индивид үшін маңызды факторлар арқылы туындайды. Бұл – ең алдымен, физикалық тітіркендіргіштер.
-Эмоционалды процестер басқару процестеріне әсер етеді, ағзаның ішкі қалпына және сыртқы мінез-кұлыққа да әсері болады.
Бихевиористік бағытқа реакция ретінде ХХ ғасырдың 50-жылдардың аяғы, 60-жылдардың басында когнитивті психология мектебі пайда болды. Оның көрнекті өкілдері – С. Шехтер, Дж. Келли, Л. Фестингерлер эмоционалды қалып пен мазасыздануды төмендегідей қарастырды. Яғни, «эмоционалды қалыптар субъект бір аспект жөнінде екі түрлі психологиялық білімде болғанда пайда болады. Ал мазасыздану – теріс эмоция, дискомфорт күйі және оны жағдайды дұрыс шешу жағына өзгерту жолы арқылы, әрі жаңа мәліметті алу жолы арқылы өзгертуге болады».
Физиологиялық көзқарасты ұстанған психологгар Д. Гамбург пен Дж. Адамстор мазасыздану қалпын соматикалық аурулар табиғатымен салыстырды. Олар мазасыздық деңгейін адам ағзасының вегетативті функциясын тіркеу әдісі арқылы өлшеуді ұсынды. К. Кеннан мазасыздану кезінде адам қанында адреналин деңгейі жоғарылайтындығын анықтады. Франкенштейн мен Кинг, қанға мехолил кұйғанда яғни мазасыздану барысында қан қысымы тез арада және біршама уақытқа төмендейтіндігін дәлелдеді. Мазасыздануды талдау З. Фрейдтің тұжырымдамасын назардан тыс еш қалдырмайды. Осы проблеманы теориялық тұрғыда зерттеуді бастаған осы З. Фрейд болды. Ғалым бөлген мазасыздануды тудыратын жағдайлар мыналар:
а) қалаған объектіні жоғалту, мысалы, ата-анасынан немесе жақын досынан айрылған бала т.б.;
б) махаббат сезімінің жоғалуы .
Э. Фромм, К. Хорни, Г.С. Салливанның тұжырымдамаларына сәйкес, мазасыздану – әлеуметтік құбылыс. Адамдар тумасынан мазасыз болмайды, оларды мазасыз болуға өмірлік жағдайлар себепші болады. Г. Салливан теориясы бойынша, мазасыздану екі түрлі болады: невротикалық және экзистенциалды. Мазасыз (қорқақ) адамдар: бастауыш мектеп немесе жалпы бала кезеңде қорқыныш сезімі ақырғы шегіне жетеді, яғни олар адамдардан, өзге балалардан, ит, найзағайдан т.б қорқады.
Сонымен, мазасыздану дегеніміз қиындық жағдайындағы әлеуметтік қажеттіліктер фрустрациясын бастан кешіру. Ал, бастан кешулер дегеніміз Л.И. Божович айтқандай-ақ, ерекше эмоционалды формада қажеттіліктерді қанағаттандыру дәрежесін бейнелейді. Мазасыздану мен тынышсыздық таламусты тітіркендірген кезде байқалған.
Психоанализге мазасыздану проблемасы жайлы көптеген еңбектер жазған ғалымдар Э. Фромм, К. Хорни мен Г.С. Салливандар болды. Э. Фромм «Сүйе білу өнері» және «Бостандықтан көшу» деген ірі еңбектерінде мазасыздануды тек қорғаныстық механизмдер деп атады. К. Хорни Фрейдистік жүйені тереңдетуді жалғастыра түседі. Ол «негізгі мазасыздықты» – оқшаулану сезімі немесе баланың зұлым әлемде көмектен тыс қалуы», – дейді. Жалпы алғанда, баланың ата-аналарымен қарым-қатынасында қауіпсіздікті жоятынның барлығы мазасыздануды тудырады. Қауіпсіздікті сезбей тұрған мазасыз бала бойында оқшаулану және дәрменсіздік сезімін игеруге арналған түрліше стратегиялар дамиды. Ол бала зұлым немесе, керісінше, өте ақылды, яғни өзі жоғалтқан махабатты қайтаруға дайын болатындай қалыптасуы мүмкін. Балада шындыққа сай емес, өзінің бейнесі калыптасуы да мүмкін.
Э. Фромм, К. Хорни және Г.С. Салливан тұжырымдамалары бойынша айтатын болсақ, олардағы жалпы болатын ұғым: мазасыздану әлеуметтік құбылыс деп есептеледі. Адамдар табиғатынан мазасыз бола қоймайды, оларды өмір жағдай – шарттары мазасыз етеді. Фрейд пікіріне қарама-қарсы адамдар табиғатынан деструктивті емес. Олар деструктивті бола алады, ол үшін өзін-өзі жүзеге асыру жолына түсулері тиіс. Кейбір тұжырымдама авторлары мазасыздануды мінез акцентуациясы деп санайды да, мазасыз жеке тұлғалар деп типтерге бөледі. Мысалы, ол автордың бірі К. Леонгард ол былай дейді: «Бала өскен сайын мазасыздануы азаяды».
Эмоционалды күйлерді реттеудегі жетекші рөлді үлкен жарты шарлардың қабығы атқарады. И.П. Павлов мидың қабықшасы эмоциялардың жүруі мен көрінісін реттейтінін, денеде болатын барлық құбылыстарды бақылауда ұстайтынын, қабықша астындағы орталықтарға тежеуші әсер ететінін, оларды басқаратынын атап көрсеткен болатын. Егер бас миының қабығы шамадан тыс көп қозу күйіне келетін болса (шаршауда, мас болуда және т.б.), онда қабықшадан төмен орналасқан орталықтардың қайта қозуы жүзеге асады, нәтижесінде бірқалыпты ұстамдылық жоғалады. Кең ауқымды тежелу тараған жағдайда, бұлшық еттерінің қысымдалуы, әлсіреуі немесе қатып қалуы, жүрек-қан тамыр жүйесіндегі бұзылыстар,тыныс алудағы ауытқулар байқалады.
Мидың қабықшасы эмоционалды күйлерді реттеуде маңызды рөл атқаратынын клиникалық жағдайлар көрсетеді, онда субъективті толғаныс пен олардың сыртқы көрінісі арасындағы күрт алшақтық байқалады. Мидың үлкен жарты шарларының қабықшасы бұзылған науқастарда, кез келген тітіркендіргіш өзіне сәйкес емес сыртқы реакцияны туындатуы мүмкін: күлкі немесе жылау. Алайда, күле отырып, бұл науқастар өздерін қайғылы сезінеді, ал жылай отырып, өздерін көңілді сезінеді.
Адамның эмоционалды күйлерінде маңызды рөлді екінші сигнал жүйесіатқарады, толғаныстар сыртқы ортаның тікелей әсерлері арқылы ғана емес, сонымен бірге, сөздер мен ой-пікірлер арқылы туындауы мүмкін. Мысалы, оқылған әңгіме адамға сәйкес эмоционалды күйді туындатады. Қазіргі кезде екінші сигнал жүйесінің жоғары адамзат сезімдерінің – интеллектуалды, моралды, эстетикалық сезімдердің физиологиялық негізі болып табылатыны туралы пікір қалыптасқан.