Кез келген ғылым саласының жай-күйі оның алдына қоғам қойып отырған міндеттермен, ғылымның өткені мен қазіргі деңгейімен, сондай-ақ онымен байланысты басқа ғылым салаларының жай-күйімен анықталады. Жалпы қандай да бір ғылым дамуы оның өз ішінде саралану жəне өзге ғылым салаларымен ұштасу, тоғысу үдерісімен, үрдісімен байланысты. Сол себепті қазіргі заманғы тіл білімі де жалпы ғылым дамуынан қалыс қалып отырған жоқ, яғни оны полипарадигмалы жəне интегративті тіл білімі деп танимыз.
Техника-технология, өндіріс, коммуникация қарыштап дамып, əлемнің барлық дерлік елдерінің бəрі бірдей дерлік заттарды тұтынып, бірдей дерлік идеологияны ұстануына мəжбүрлеп отырған жаһандану кезінде əр халық өзінің ана тілін сақтап қалуға ұмтылуы, оның белгілі бір кеңістіктегі, қоғамдағы орнын, маңызын зерделеуі, болашағын болжауы, болашағына алаңдауы, тілі арқылы өзін- өзі жəне өзгені тануы, өзін өзгеге танытуы заңды құбылыс. Осы тұрғыдан келгенде тілді құрылымдық-семантикалық, танымдық, тарихи-əлеуметтік, қолданбалы тұрғыдан қарастыратын тіл білімі ерекше маңызды.
Қазіргі тіл білімі үшін аса маңызды боп отырған мəселенің бірі — мəтінөзектілік, себебі əр адам мəтін арқылы тіршілікте алатын бар білімін жинақтайды, ой-өрісін кеңейтеді, рухани бітім-болмысын қалыптастырады. Ал мəтін тілдің барлық құралдарының əлеуетін көрсететін феномен, сондықтан сол мəтінді оқу оны түзуші мен оны оқитын адресаттың танымдық базасын, кеңістігін ұштастыратынын ескерсек, мəтін жалпы ойлау, таным үдерістері туралы да хабар бере алатынын байқаймыз.
Жаңа ғылыми парадигмаға байланысты эколингвистика, лингвоконцептология, лингвоглобалистика сияқты интегративті бағыттар пайда болса, когнитивтік лингвистика, əлеуметтік лингвистика, этнолингвистика сияқты салалардың өзі бұрынғы зерттеу нысандарын қайта қарап, оларға пəнаралық тұрғыдан қарай бастады. Оның себептері қатарында көптеген объективті жəне субъективті факторлар бар. Мəселен, əлеуметтік лингвистиканы алайық. Оның негізгі нысандары ретінде ғалымдар ана тілі мен екінші тіл, тіл мен диалектінің арақатынасын, тілдің əлеуметтік жіктелуін, тіл эволюциясының əлеуметтік шарттарын, тілдердің бір-біріне əсерін, тілді меңгеру деңгейлерін, сөйлеудің əлеуметтік қырларын, семантика мен тіл бірліктерінің тіркесімділігіне əлеуметтік шектеулердің болуын атаған еді. Алайда гео- жəне тілдік саясат өзгеріп, тілдердің мəртебесі алмасып, шекаралар ашылып жатқан қазіргі кезеңде қандай да бір тілде бір ғана емес, дүние жүзінің əр тарабында жатқан түрлі халықтар сөйлеп, жазып, басқа халықтармен сан салалы қарым-қатынас тілі ретінде қолданып отырғанын, сондай-ақ белгілі бір лингвомəдени кеңістікте түрлі тілде сөйлейтін
10 тұлғалардың тұрып жатқанын ескерсек, бұл нысандарды сипаттау үшін жаңа зерттеу модельдері керек болғаны сөзсіз. Осы орайда қазіргі əлеуметтік лингвистикада жиі қолданылып жүрген термин — плюрицентрлік тілдер.
Тіл білімін зерттеуде ғалымдар мынадай мəселелерге назар аударады:
жаһандану үдерістері жəне олардың тілдерге ықпалы;
тіл жəне көші-қон (миграция)
білім экономикасындағы тілдің рөлі;
ұлттық азшылықтың тілін сақтау үшін тілді тауарға айналдыру;
контактілі тілдердің құрал жəне символ ретіндегі қызметі;
би- жəне мультитілді топтардың материалды мəдениеті;
метрополиядан тыс қолданылатын тілдердің прагматикалық нормаларының өзгеруі;
ұлттық тілде сөйлеушілер жəне білім жүйесіндегі мəселелер;
тілдік құқық: заң жəне тəжірибе арасында;
мəдени дипломатиядағы билингвизм мен мультилингвизмнің рөлі.
Қазіргі қазақстандық орыстілді медиамəтіндерде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, болмысына, рухани дүниесіне қатысты онимдер тұрақты түрде кездеседі. Олардың барлығы жиі қолданылғандықтан, орыстілді оқырмандарға, тыңдармандарға жақсы таныс. Олардың арасында тек аз ғана фонетикалық өзгеріске ұшыраған, мысалы, келін (келин), ага (брат, братан), бауырым (братишка), қарындас (сестренка), жездешка сияқты қаратпа сөздер, шаңырақ, бесік (бесик) секілді материалдық дүниенің атаулары, саяси-əлеуметтік салада қолданылатын аким, мажилисмен, жол полициясы тəрізді бірліктер болса, еш өзгеріссіз жұмсалатын бірліктер қатарында түрлі мемлекеттік бағдарламалардың (Рухани жаңғыру — Духовное обновление, Ата жолы — Дорога отцов, Денсаулық — Здоровье, Баспана — Жилье), əр алуан сыйлықтардың атауларын (Алтын жүрек, Алтын қалам), салт-дəстүрмен байланысты əрқилы сөздерді (тұсаукесер, беташар, шілдехана, той, сарқыт, бата, алып қашу), сондай-ақ жалпы халықтық қолданыстағы ауыл, наурыз, əлем, əдемі, ақын, жүз сөздерін атауға болады. Кейбір мəтіндерде қазақ сөзінен орыс тілінің сөзжасам үлгісімен жасалған акимат, акимство, мажилисмен, болашакер сияқты қолданыстарды байқауға болады. Жекелеген сөздер үнемі жағымсыз контексте қолданылып, стереотипке де айналып үлгерді, мысалы, ағашка лексемасы бейресми, заңға қайшы қарым-қатынасты вербалдайтыны байқалады, дəл осындай мағынасы ауыстырылған сөз — рақмет, ол кейбір медиамəтіндерде пара ұғымымен теңестірілген.
Мұның өзі қазіргі Қазақстан аумағында ұзақ уақыт коммуникативтік жəне функционалдық тұрғыда үстем болып келген орыс тілінің дамуына қоғамда болып жатқан өзгерістер ықпал етіп отырғанын көрсетеді.
Əлеуметтік лингвистика қоғам мен тілдің қатысын зерттейтінін, ал қоғамды құрайтын адамдар екенін ескерсек, қазіргі лингвистика адаммен тығыз байланысты, адам үшін қызмет ететін, оның бар болмыс-əрекетін, сезімін, танымын, қарым-қатынасын, əлеуметтік-рөлдік мəртебесін, маңызын əр қырынан танытатын ғылым деуге болады жəне ол осы заманның жаңа сұрақтарына жан-жақты жауап бере алатын деңгейде.
11 Дамудың жоғары сатысындағы халықтар мен түрлі тарихи себептерден кенжелеп дамыған халықтардың қоршаған әлемге көзқарасы, оның өзіндік заңы туралы түсінігі біркелкі болмайтьны табиғи нәрсе. Бірақ ол белгілі бір халықтардың жаратылысының ерекшелігінен, құдіреттілігінен, ал екінші бір халықтың кері тартпалығынан, жаратылысының төмендігінен, жамандығынан болатын жайт емес, олардың бәрі де ер халықтың экономикалық тұрмыс жағдайларына, әр түрлі объективтік себептерге байланысты. Тілдер құрылымындағы өзгешеліктерге де дәл осы тұрғыдан қараған мақұл.
Тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасын зерттеу, сөз жоқ, ғалым үшін қажетті. Этнолингвистер бұл салада көптеген бағалы материалдар жинады және мәселенің актуалдығын дәлелдеді. Бірақ бұл мектеп, әсіресе оның Америкалық тармағы, тіл табиғатына тән емес идеяны уағыздады. Олардың пікірінше:
- қоғамның рухани жақтары - діні, құқығы, көркем өнері, ғылымы, тұрмыс-салтты халық психологиясына тәуелді, олардың барлығын халық психологиясы белгілейді, сондықтан олар халық психологиясының керсеткіші болады;
- тіл қоғам өмірінің барлық саласында шешуші, билеуші, нұсқаушы қызметін атқарады, қоғам мүшелерінің ойын, дүниеге көзқарасын, мінез-құлқын қалыптастырады;
- әр халықтың өзгермейтін өзіндік мәдени үлгісі (моделі), тұрақты тілдік үлгісі болатындықтан, тілдердің әр түрлі болуы олардың ойлау дәрежесінің әр түрлілігін білдіреді деп түсіндірді
Сонымен, тіл білімі өзінің дербес ғылым ретінде дамуының бір ғасырдан аз-ақ асатын тарихы ішінде бірнеше дағдарыстарды, тартыс-талас, сілкіністерді басынан өткізді. Бірақ солардың ешқайсысы да оның алға басқан қадамын тоқтата алмады. Ондағы талас-тартыстар, пікір шайқастары, белгілі мөлшерде болса да, ғылым жолында кездескен бөгеттерді жоюға жәрдемдесті. Зерттеу әдістерінің айқындала, нақтылана түсуіне, ғылыми проблемаларының кеңеюіне жағдай жасады.
Қазіргі заман тіл білімі - дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әр түрлі лингвистикалық бағыттар, мектептер, зерттеудің әр түрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөліп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете, білдіре алмайды, оған өрісі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.