Факультет:Тарих, филология және халықаралық қатынастар Кафедра:Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы Мамандығы:Қазақ тілі мен әдебиеті
РЕФЕРАТ
пәні: «Жалпы тіл білімі»
Тақырыбы: «Тіл білімі және оның қазіргі жай – күйі»
Өскемен қаласы, 2021ж
Мазмұны
І. Кіріспе …………...………………………………….…………….………….. 3 ІІ. Негізгі бөлім ..........................................………...………………………….... 4 2.1. Жалпы тіл білімі туралы түсінік және оның қалыптасуы........................... 5 2.2. Жалпы тіл білімінің нысаны мен салалары ….....…...……………………. 6 2.3. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы ............................................. 9 2.4. Тіл білімінің қазіргі жай – күйі.......................................................... ..........10 ІІІ. Қорытынды............... .............. .............. ..................................................... 13 ІV. Әдебиеттер тізімі................................... .............. ....................................... 14
2 І. Кіріспе
Адамзаттың сөйлеу тілі – тіл білімінің негізгі зерттеу нысаны болып табылады. Адамдар арасындағы өзара түсінісу құралы саналатын кез келген тіл адамзат үшін, қоғам үшін қызмет етеді. 1980 жылғы мәліметтерге қарағанда дүние жүзінде 5661 тіл бар, олардың 1400-ден астамы бұл күнде өлі тілге айналған, 4200-і жеке, дербес тілдер. Тіл білімі күнделікті қолданыста жүрген тілдерді қарастырады. Адамзат баласы ерте заманнан-ақ өзіне ең қажетті құрал – тілдің ерекшеліктерін білуге, ұғуға тырысқан. Соның нәтижесінде тіл туралы ілім пайда болған. Лингвистика (глоттология, тіл білімі; лат. lingua — тіл) — әлем тілдерінің құрылымын, әлеуметтік қызметін, тарихи дамуын және оның жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Адамның сөйлеу тілі – тіл білімінің ғана үлесі емес, ол – психология, физиология, логопедия, тағы басқа ғылымдардың қарастыратын саласы. Лингвистика тек бар (бұрын болған және болашақта пайда болуы мүмкін) тілдерді ғана емес, жалпы адамзат тілін зерттеумен айналысады. Лингвист тілді тікелей бақыламайды: тікелей бақылауға тек тілдің фактілері (немесе тілдік құбылыстар) ұшырайды, яғни тірі тілдің тасушыларының тілдік актілері және олардыің нәтижелері (мәтіндер) немесе тілдік материалдар (мысалы, қазіргі таңда ешкім негізгі тіл ретінде қолданбайтын өлі тілдерде жазылған жазбалардың шағын мөлшері).
Тіл білімі жалпы және жеке болып бөлінеді, оны осылайша бөлу, зерттеудің мақсаты мен нәтижесінен туындайды. Нақты бір тілдің (мысалы: қазақ) немесе туыстас тілдердің (мысалы: алтай, түркі тілдері) мәселелерін зерттеу жеке тіл білімінің үлесіне тиеді, ал жалпы адам баласының тілі, тіл элементтерінің өзара қатысы, тілдің даму себептері мен бағыттары, тағы басқа жайттар жалпы тіл білімінің зерттеу нысаны болып табылады. Фундаменталды (іргелі) тіл білімінің тілдің қазіргі жай-күйін, бұрынғы өткен тарихын зерттейді, негізгі мақсаты – тілге ғылыми талдау жасау емес, тілдің бүгінгі, кешегі күйін зерттеп, тәжірибе жүзінде бақылау. Нормативті тіл білімі фундаменталды тіл білімі жинақтаған зерттеулер негізінде жасалып, тілдің қоғамдық қызметі, стиль тармақтарының қолданылуы, тілдік нормалардың қалыптасуы мен өзгеруі, тілдің біркелкі қалыптасқан нормаларын қолдану шарты, т.б. мәселелерді қарастырады. Қолданбалы тіл білімі тіл нормалары толық қалыптасқан жағдайда ғана жүзеге асады, ол тілдік нормаларды таратып қана қоймай, оны жетілдіре түседі, тұрақтандырады. Тіл білімі мен басқа да ғылымдардың тоғысуы нәтижесінде лингвистиканың жаңа салалары дүниеге келді. Тіл білімі мен әдебиеттанудың байланысы негізінде стилистика ғылымының негізі қаланды.