Бастауыш мектеп педагогикасында мәтінмен жұмыстың зерттелуі
Мәтін – тілді оқытудағы негізгі құралы. Ол оқу, жазу, тыңдау, сөйлеу арқылы жүзеге асады. Мәтінмен жұмыс тіл үйренушінің сөздік қорын байыту мен еркін сөйлеуге үйрету немесе өз ойын ашық, анық жеткізе білу дағдысын қалыптастыру мақсаттарын көздейтіндіктен, тілді оқытуда мәтінмен жұмыс жүргізуде ұтарымыз мол болмақ.
Мәтін – қазақ тілін оқыту барысында үлкен орын алатын оқыту нысаны. Біріншіден, білім беретін материал оқыту мәтіндері түрінде болса, екіншіден, жаттығулардың тұтас мәтін түрінде берілуі де мәтінмен орындалатын жұмыстардың сараланып жүйеленуін қажет етеді.
Мәтіннің қызметін таныту – оқушыға тіл бірліктерін функционалдық тұрғыдан танып-білуіне, сол арқылы логикалық ойлауының бірізді қалыптасуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім мәтінмен жұмысты жүйелі жүргізгенде және оқушының сауатты оқу дағдысын қалыптастыра білгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады. Оқыту мен оқу үдерісінде білім алушы теориялық, танымдық ақпаратты мәтін арқылы алады, ал алынған ақпаратты қабылдап, ой елегінен өткізу арқылы шығармашылық әрекетпен өмірде қолданады.
Мәтін – мағыналық және құрылымдық аяқталуымен, автордың ақпаратқа көзқарасымен, ақпараттың нысандылығымен танылатын болса, шығармашылық – тұлғаның стандартты емес шешімдер қабылдаудағы терең қасиеттерін көрсететін қабілеті. Мектеп оқушыларының жаңартылған білім беру жағдайында күнделікті білім алу, пәндер бойынша жиынтық бағалау жұмыстарында, қорытынды аттестаттау емтихандары мен сыртқы және тәуелсіз бағалау сынақтарында берілген мәтіндегі ақпаратты табу біліктілігін арттыру үшін мәтінмен жұмыс жасау дағдысын дамытудың бүгінгі күні маңызы зор.
Оқушы тапсырманы орындау барысында мәтінді «көзбен сүзіп» өтіп, оның негізгі элементтерін анықтау және қандай да бір болмасын сипаттамаларына қарап мағыналық бірлігін (ұқсастықтарды, айырмашылықтарды, себептік-салдарлық қатынастарды және т.б. анықтау) табу, ақпаратты салыстырып көру, автордың ойын білу, жауапты дайындау барысында әлем туралы өз пайымдауына сүйеніп, өз ойын қорғайтын дәлелдер келтіруді меңгеруі қажет. Сондықтан мәтінмен жұмыс жасаудың мақсаты – мәтіннің тілдік-құрылымдық, стильдік жүйесін ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеу.
Білім алушылардың мәтінмен жұмыс жасау дағдыларын дамыту арқылы шығармашылық ізденістерін, өзіндік ой-пікірлерін жетілдіру, игерілген ақпарат арқылы сыни ойлауы мен метатанымдық қабілеттерін арттыру. Мәтінмен жұмыс жүргізуде теориялық білімді практикалық жұмыстармен тығыз ұштастырып, мәтіннің және шығармашылықтың өзіндік заңдылықтарын сауатты қолдануға негізделген ауызша, жазбаша жұмыстар, теориялық ұғымдар негізінде мәтін мен шығармашылық бойынша түрлі деңгейдегі тапсырмалармен шығармашылық, ізденушілік бағыттағы өзіндік зерттеу жұмыстары.
Оқушы шығарманы, мәтінді сүйсіне отырып, құлшыныспен оқуы үшін тиімді, қызықты, жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану қажет. Осындай жұмыстар барысында оқушылардың оқылым дағдыларын дамытуға ықпал ететін мына әдістерді қолдануға болады: көз жүгірте, шолу жасай отырып оқу; мәтіннің тақырыбы мен бастапқы бөлігіне сүйене отырып, оқиғаның дамуын болжау; мәтіннің негізгі ойы мен бөліктерін анықтай отырып оқу; ақпаратты табу үшін оқу, қызығып оқу және өз көзқарасын айту үшін оқу, мәтінге ауызша және жазбаша шолу жасау.
Мәтін мазмұнын жан-жақты ашуда белсенді әдістер арқылы топтық, жұптық, жеке жұмыс түрлері, тақырыптар бойынша тілдік және мәтіндік талдау, сыни тұрғыдан ойлануға байланысты жағдаяттық тапсырмалар, шығармашылық тапсырмалар берілсе, оқушылардың өзіндік ізденісін де арттыруға мүмкіндік туады. Мәтінмен жұмыс жасау барысында тілдік (әңгіме, дәріс, диалогтік оқыту, топтық оқыту, бірлесе оқыту), көрнекілік (танымдық, зерттеушілік, сюжеттік, деректі фильмдер, көрсету, презентация) әдістер қолданғаны жөн.
Практикалық (жаттығулар, тапсырмалар, графикалық органайзерлер, шығармашылық жұмыстар, ақпараттық ізденістер), репродуктивтік, проблемалық-ізденушілік, сыни тұрғыдан ойлау стратегиялары сияқты әдістерді кеңінен қолдану ұсынылады.
Оқу-тәрбие үдерісінде жоғарыда ұсынылғандай жұмыстар жүргізілгенде білім алушылардан мынадай нәтижелер күтуге болады: мәтінге қатысты құрылымдық сипаттарды, ерекшеліктерді, лингвистикалық терминдерді меңгереді; мәтін түрлері мен шығармашылық жұмыстардың түрлерін ажырата алады, құрылымдық ерекшелігіне сәйкес қолдана біледі; түрлі жанрдағы, тақырыптағы, типтегі мәтіндердің мазмұнын түсінеді және түсіндіру, салыстыру, бағалау, түрлендіру жұмыстарын жүргізе алады; мәтіннің жасырын мағынасын және мәтінге енгізілген көркем бейнелеуіш құралдардың, сөздердің мағыналық топтарының мәнін анықтай алады; оқудың түрлі стратегияларын пайдаланып, мәтінге ақпараттық ізденіс жүргізеді, қажетті ақпаратты іріктейді және өңдейді; шығармашылық жұмыстарды жанрлық және стилистикалық ерекшеліктеріне сәйкес орындай алады [4].
Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында қазақ тілі пәні жататын «тіл және әдебиет» білім беру саласындағы пәндердің мазмұнында тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білу дағдысын қалыптастыруға бағытталғаны туралы жазылған. Қазақ тілі пәні бойынша бастауыш сыныпты аяқтаған кезде оқушы оқылған және тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; мәнерліліктің эмоциялық-реңкті құралдарын қолдана отырып, әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұның баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады; оқылған, тыңдалған ақпараттың негізінде рухани-адамгершілік құндылықтар туралы түсінікті талдайды; кейіпкерлердің мінез-құлықтарын талдайды және іс-әрекетіне баға береді; көркем мәтіндерді көркем емес мәтіндерден ажыратады; жазушының өз кейіпкерлеріне қатынасы туралы қорытынды жасайды; мәтіндерді белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын қолдана отырып оқиды; шығармалардағы оқиғалар барысын болжайды; мәтін түрлерін айқындайды, көркем әдебиет туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды; сөздерді негізгі түрде іріктеп алып, әртүрлі типте, жанр мен стильде өз мәтіндерін құрастырып жазады; жеткізудің әртүрлі тәсілдерін қолдана отырып, мәтіндер жазады; сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, таныс емес сөздері бар мәтіннен негізгі ақпаратты, автордың тұжырымы мен бағасын түсінетін нәтижелері анықталды.
Қазақ тілі пәні бойынша орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш мектепке (2-4 сыныптар) арналған оқу бағдарламасында «Қазақ тілі» пәнін оқыту міндеттерінің бірі ретінде түрлі мәтіндер негізінде білім алушыларға адамдардың өзара түсінісуі, сыйластық, құрмет сезімдері, адамгершілік қасиеттері, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарай білуі сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыру міндеті жазылған. Ал, «Қазақ тілі» оқу пәнінің 2-сыныпқа арналған базалық мазмұнына келесі материалдар жататыны туралы жазылған: мәтін, мәтін туралы түсінік: жеке сөйлемдерден мәтіннің өзгешелігі; мәтіннің тақырыбы және ондағы негізгі ойды анықтау; мәтінге, сюжетті суреттерге ат қою; тақырып (мәтіннің аты), тірек сөздер арқылы мәтіннің мазмұнын болжау; тыңдаған мәтін бойынша түсінбеген сөздерін белгілеу; тыңдаған мәтін мазмұны бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру; тыңдалған материалға өз пікірін білдіру; оқыған мәтін мазмұны бойынша сұрақтар құрастыру және жауап беру; берілген тірек сөздерді қолданып ауызша әңгіме құрау; мәтіннің құрылымы (басы, ортасы (негізгі), соңы (қорытынды) туралы ұғым: негізгі ойды беру формасы сөйлем; мәтіндегі азат жолдың рөлі; мәтіндегі сөйлемдердің байланысы; дұрыс құрылмаған мәтінді қайта құру; мәтін түрлері: әңгімелеу, сипаттау, пайымдау: заттар мен құбылыстар туралы әңгімелеу, сипаттап айту; мәтіннің тақырыбы және ондағы негізгі ойды анықтау; мәтіндерге салыстырмалы талдау жасау. 3-сыныпқа арналған базалық мазмұны келесі материалдар жататыны туралы жазылған: мәтін: мәтін туралы 2-сыныпта өтілгенді қайталау; көмекші сөздердің көмегімен әңгімелеу, сипаттау, пайымдау мәтін түрлерін және құрылымдық бөліктерін анықтау; мәтіннің тақырыбын және ондағы негізгі ойды анықтау; мәтін мазмұны бойынша пікір білдіруге бағытталған сұрақтар құрастыру және жауап беру; мәтіндерге салыстырмалы талдау; ұқсас тақырыпта берілген мәтін түрлерін, стилін салыстыру; тыңдалған мәтін бойынша тірек сөздерді белгілеу; ашық және жабық сұрақтарға жауап беру; берілген тақырып пен суреттер, фото, диаграмма бойынша мәтіннің мазмұнын болжау; берілген мәтіннің тақырыбы мен тірек сөздерді, жоспарды пайдаланып ауызша әңгіме құрау. 4-сыныпқа арналған базалық мазмұны келесі материалдар жататыны туралы жазылған: мәтін түрлері (әңгімелеу, сипаттау, пайымдау) туралы берілген ұғымды кеңейту; мәтіннің құрылымын талдау; мәтіннің тақырыбы мен мазмұнының өзара сәйкестігін анықтау және ондағы негізгі ойды тұжырымдау; пайымдаудың мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктерін (түсіндіру, дәлелдеу, қорытынды) анықтау; мәтін мазмұны бойынша шешім табуға бағытталған сұрақтар құрастыру және жауап беру; мәтіндерді салыстырмалы талдау: бір тақырыпта түрлі жанрда берілген мәтіндерді салыстыру; тыңдалған материал бойынша негізгі тұсын түртіп алу және солардың негізінде мәтіннің мазмұнын айту; берілген мәтіннің тақырыбы мен диаграмма, сызба, кесте бойынша мәтіннің мазмұнын болжау және өз ойын дәлелдеу; аудио-бейне жазба мазмұнын өзіндік бағалау.
Демек, бастауыш сыныптағы қазақ тілі сабақтарында мәтінмен жұмыс жасау ауқымды әрі күрделі үрдіс екенің түсінеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |