КеАҚ білім беретін медицина университеті Мейіргерлік білім беру мектебі РЕФЕРАТ Тақырыбы: Ежелгі Орта Азияның мәдениеті
Орындаған : 102 ком студенті
Ахметова А.С.
Қарағанды 2023 жыл
Жоспар: 1. Орта Азияның ортағасырлық қалалары және қала мәдениеті.
2. X-XIII ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті.
3. «Ұлы Жібек Жолы» сауда керуені
4. Орта ғасырдағы Батыс Европа мәдениеті мен Романдық стильдегі шіркеулер.
1. Орта Азияның ортағасырлық қалалары және қала мәдениеті. Орта ғасырдағы Орта Азия мәдениеті - көптеген ұлттардың, қоғамдардың, діндер мен этникалық топ мұраларының көркем жиынтығынан құралған. Азия мәдениетінің маңызды бөлігі-көркем өнері,музыкасы және әдебиеті. Мұнда әлемдік діндер яғни индуизм,ислам және христан діндері дамыған өркениеттер қалыптасқан. Орта ғасырда тарихы және географиялық әдебиеттерде Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс, Орталық Қазақстанда, Талас, Қырғыз, Іле, Жоңғар Алатауының бөктерлерінде,Қаратаудың күнгей беттерінде, Сырдария, Арыс Шу, Талас, Сарысу, Кеңгір өзендерінің аңғарларында егіншілікпен қатар VI-XIII ғасырдан бастап қала құрылысы, сәулет өнері қолға алына бастады. Саяси және экономикалық орталықтар бірте-бірте зәулім сарайлары бар қалаларға айнала бастады. Қазақстанның ұлан-байтақ жерінде ежелгі замандардан бері отырықшылық, ал орта ғасырдан бастап қалалық өмір-тіршілігі дамыған ірі-ірі тарихи - мәдени аймақтар салынды.
Оңтүстік Қазақстанда қала үш бөліктен: Цитадель, Шахристан, Рабадтан тұрды. Цитадель - қала орталығының мықты қорғаныс айлағы болып табылатын бөлігі. Шахристан - қаланың негізгі орталығы. Рабад – шахристанның сыртында орналасқан қала сыртындағы қақпа. Қаланың осы ғасырдағы жаңадан енген белгі жаңалығы мешіттердің салынуы. Жазбаша деректерге қарағанда ІХ-ХІІ ғғ. қалада міндетті түрде мешіт аталып өтіледі. Қала өмірінің маңызды рөлі болып базар және сауда-саттық айналым саналады. Қала ішіндегі базарларды араб авторлары «сұқ» және «асвақ», парсылар – «базар» деп атаған. Базарлар Шахристан мен Рабад территорияларында орналасқан.
Орта Азияның ортағасырлық қалалары: Самарқан, Бұқара, Термезу, Мерв, Үргеніш болды. Атап айтар болсақ: Самарқан ( Samarqand) – Өзбекстан Республикасындағы ежелгі қалалардың бірі. Тұла бойы тарих пен тағылым тұнған Самарқанд қаласы Памир-Алтай тауларының баурайындағы Өзбекстанның оңтүстік-шығысындағы Зарафшан өзенінің алқабында орналасқан. Самарқанд – көркіне көз тоймастай сұлу қала. Әлемге атағы шыққан небір философтар мен ақындар: «Әлемнің Айнасы», «Көңілдің бағы», «Шығыстың жауһары», «Жер Дидары» секілді түрлі теңеулер арнағанымен, қаланың әдемілігін жеткізуге ешбір сөздің құдіреті жетпейді. Барлық жақұты мен әсемдігін көзбен көріп қана ләззат ала аласыз. Сан мыңдаған ғасырлар бойы қаланың көрмегені жоқ шығар, сірә? Ұлы Жібек жолында қанат жайған қала небір жойқын шапқыншылықты көріп, қаншама соғыстың ащы дәмін татты, отқа да оранды, оққа да ұшты, құлады да, қайта тұрды... Бірақ қала өз құндылығын жоғалтқан емес, одан сайын көркейе берді. Көптеген жылдар бойы дәл осы шаһар арқылы сауда-керуендері батыста Парсы жеріне, шығыста Қытайға, оңтүстікте Үндістан даласына ағылып жатты. Б.з. ІV-ғас Марканд деген атпен белгілі болды. Біздің заманымыздан 330 жылы Ескендір Зұлқарнайын жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына енгізді. Б.з.І-ғас.–б.з.ІV-ғас. дейінгі аралықта Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болды. IV ғасырдан VI-ғас дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Көне қаланы VIII ғасырдың басында арабтар, IX ғасырда Самани әулеті, XI ғасырда Қарахан әулеті, одан соң түрік салжұқтары, XII ғасырдың орта шенінде қидандар басып алды. XIII ғасырдың бас кезінде Хорезм шаһтары билік етті. 1220 жылы Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. XIV-ғасырдың соңы мен XV-ғасырдың басында Әмір Темір мемлекетінің астанасы болды. 1500 жылы Шайбани мемлекетінің, XVI-ғасырдың соңында Бұхар хандығының құрамына кірді. 1868 жылы патшалық Ресей әскерлері басып алды да, Ресей империясының қарауына енді. 1924-1930 жылы Өзбекстанның астанасы болды. 1938 жылдан облыс орталығы болады. 1970 жылы қазанда Самарқанның 2500 жылдығы аталып өтілді. Самарқанның ежелгі Афрасиаб атанған солтүстік-шығыс бөлігінде қала тарихының мұражайы, Шаһи Зинда ғимараты, Бибі ханым мешіті сияқты тамаша сәулет ескерткіштері шоғырланған. Ескі Самарқанның орталығында Регистан, одан оңтүстікке қарай Гүр Әмір, Ақсарай, Рухабат мазарлары; оңтүстік-шығысында Ишарат хан мазарлары, т.б. орналасқан. Самарқанда Жалаңтөс Баһадүр салдырған “Ширдор” медресесі өзінің көркемдігімен ерекшеленеді. Онда машина жасау зауыты, жеңіл өнеркәсіп фабрикасы, химиялық комбинат, театрлар және жоғары оқу орындары бар.
Облыстың экономикасында мәдени туризм саласы маңызды орны алады. Самарқанд қаласында орта ғасырларда құрылған тарихи ескерткіштер, кесенелер, мешіттер сақталған. Самарқанд қаласындағы әйгілі «Регистан алаңы» әлемнің көптеген туристтерінің басты орны болып табылады. Негізгі кесенелер мен ескерткіштер:Гур Эмир, Бибі Ханым, Шахи Зинда кесенелері, Ұлықбек обсерваториясы және т.б.
Самарқандты өздері құрған мемлекеттің астанасы еткен Александр Македонский, Шыңғыс хан, Әмір Темірлер қала тарихына есімдерін мәңгі өшпестей етіп қашап жазып кетсе, Темірдің немересі Ұлықбектің кезінде қала Шығыстың ғылым мен мәдениет орталығына айналды. Ұлықбек соққан атақты обсерватория да Самарқанд маңында болған. Дөңгелек пішіндес үш қабаты ғимаратта Ұлықбек өз шәкірттерімен астрономиялық зерттеулер жүргізген деседі.
Бүгінде Самарқанд – көненің көзі саналатын өте ерекше құндылықтары құнттай сақталып тұрған қасиетті мекен. Осы ерекшелігінің арқасында ЮНЕСКО қаланы бүкіл адамзаттың мұрасы саналатын тарихи құндылықтар тізіміне енгізілген болатын. Ежелгі сәулетшілік өнердің ескерткіштері, ғылыми және көркемөнер мектептерінің мұралары, ұлттық қолөнер орталықтары жыл өткен сайын әлемді аузына қаратуда.
Орталық Азияның өзге қалалары секілді Самарқандта екі бөлімге бөлінген: жаңа қала және көне қала. Жаңа бөлімі қаланың білім беру және мәдениет орталығы деп танылса, көне бөлімі тарихи ескерткіштер мен дүкендерге, сауда лашықтарына және көне ғимараттарға толы болып келеді. Туристерге арналған саяхаттар көбіне көне қалада өткізіледі. Жүзден аса ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астында жинаған шаһарда жалпы саны шамамен 500 мың адам тұрады. Тұрғындарының саны мен көлемі жөнінен Өзбекстандағы екінші үлкен қала саналады. Қаладағы ең көрікті орындардың бірі Регистан қалашығында Ұлықбек, Шері-Дар, Тіллә Қари медреселері орналасқан. Медресенің үшеуі де әр түрлі мезгілде тұрғызылып, өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасы ретінде жеткізілген. «Шығыстың Жауһарының» әрбір тасы, әрбір қабырғасы тарихтың тірі беттері секілді. Оның есімін Рудаки, Навои, Захири, Самарқанди, Омар Хайям, Ибн-Сина, әл-Бируни сынды ортағасырлардағы ділмарлар мен ақындардың есімдерімен байланыстыруға болады.
Орта ғасырдағы Орта Азияның ең көне қалаларының бірі Бұхара қаласы. (Buxoro)- Өзбекстан Республикасындағы қала, Бұхара облысы орталығы болып келеді. Қызылқұм шөлінің оңтүстік шетінде, Зарафшан өзені аңғарының батысында, Бұхар шұратының орталық бөлігінде, Шахруд каналының бойында, теңіз деңгейінен 226 метр биіктікте орналасқан. Б.з.б. І-мыңжылдықтың орта шенінде іргесі қаланып, бастапқы кезде соғды тілінде Нумижкат деп аталған. Бұхара атауы алғаш рет жазба деректерде V-ғасырдағы қытай жылнамасында кездеседі. 709 жылы арабтар басып алған кезде, ол Орталық Азиядағы ірі сауда және мәдениет орталығы болған. Бұхара тұрғындары араб жаулаушылығына қарсы күресте Муканна жетекшілік еткен “ақ киімді адамдар” қозғалысына (VIIІ-ғ.соңы) белсене қатысты. VII-X-ғасырларда Самани әулеті мемлекетінің құрамына кіріп, оның астанасы болды. X-ғасырдың соңында Қарахан әулетіне, XII-ғасырдың ортасында қарақытайларға бағынды, XIII-ғ. басында Хорезмшахы Мұхаммедтің иелігіне айналды. 1220 жылы Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. Бұхарада оларға қарсы Махмуд Тараби бастаған көтеріліс болды. 1370 жылы Темір, ал XVI-ғасырда Шайбани әулеті мемлекеттерінің құрамына кірді. XVI ғасырдың ортасынан 1920 жылға дейін Бұхар хандығының, 1920-1924 жылдары Бұхар Халық Кеңес Республикасының астанасы болды.
Қазіргі таңдағы Бұхара қаласы ірі өнеркәсіптері мен мәдени орталықтары бар көне қалалардың бірі. Онда қаракөл өңдеу, мақта тазалау, май зауыттары, жібек, трикотаж фабрикалары, ет, сүт, шарап, т.б. кәсіпорындары бар. Көне қалада архитектуралық ескерткіштер саны 140-қа жуық. Сәулет өнерінің тамаша үлгісімен салынған Исмаил Самани кесенесі (IX-ғасырдың соңы мен X-ғасырдың басы), Калән мұнарасы (1127), Мір-Араб медресесі (1536), Сайфеддин Бохарзи кесенесі (XIII-ғасыр), Ұлықбек (1417), Көгілташ (1568), Надир Диуан бегі (1612) және Абд-ул-Әзиз хан (1652) медреселері нақышты өрнегімен көз тартады. Қала сыртындағы құрылыстардың ішінен Бехауддиннің ханакасы (1544-1545), Чар-Бакр ғимараты (1560-1563), Файзабад ханакасы (1598-1599), Чар-Минар медресесі (1807) ерекше назар аудартады. Бұхарада әлемдік ғылым мен мәдениетке үлкен үлес қосқан Әбу Әли Ибн Сина, Бұхари, Рудаки, т.б. өмір сүрген. 1996 жылы ЮНЕСКО Бұхараны әлемдік мәдениет ошағы болған қалалардың қатарына қосып, оны өз қамқорлығына алатынын мәлімдеген. Бұхарадағы медреселерде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында бірқатар қазақ зиялылары білім алған. Қалада тарихи өлкетану, халық өнері музейлері, ибн Сина мұражайы бар.
Орта ғасырдағы Орта Азияның ең көне қалаларының бірі -Үргеніш қаласы. Үргеніш, Гурганч, Гургандж (Джурджания) - ежелгі қала, ортағасырлық Хорезм мемлекетінің астанасы, қазіргі Өзбекстан Республикасы Хорезм облысындағы көне қалалардың бірі. Үргеніштің пайда болған уақыты анықталмаған. Қала жөніндегі алғашқы деректер мұсылман жазбаларында келтірілсе де, қаланың арабтар келерден әлдеқайда бұрын салынғаны күмән туғызбайды. Шамасы Гургандж (арабша. Джурджания) атауы б.з.б. І-ғасырға жататын жазбалардағы Хорезмнің қытайша атауынан (Юецзянь) шықса керек. І-ғасырда Хорезм бір-біріне тәуелсіз екі иелікке бөлінді:
1. Астанасы Қият болған Хорезмшах аймағы;
2. Гургандж әмірінің аймағы болды.
Ғалым әл-Бирунидің «Әл-Асар әл-Бақйиа» атты еңбегінді: арабтар жаулап алғаннан кейін Қиятты бұрынғы билеуші әулет өкілдері шахтар, Гурганджды араб әулиелері билеген болатын, деп жазады. Бұл жағдай елдің екіге бөлінуіне әкеп соқтырады. 995 жылы Гургандж әмірі Қиятты басып алып, жергілікті әулет өкілдерін биліктен тайдырады. Сөйтіп, Хорезмді қайтадан біріктіріп, өзіне Хорезмшах атағын алады. Х-ғасырдағы араб саяхатшылары Гурганджды үлкендігі жағынан Хорезмнің екінші қаласы ретінде сипаттайды. Ежелгі Қиятқа қарағанда ол тез өсіп, сауда мен қолөнердің гүлденген орталығына айналады. Қос иелік біріктіріліп, біртұтас мемлекетке айналған соң Қият пен Гургандж маңызы бірдей астаналар болып есептеледі. Алайда кейінгі билеушілердің тұсында Гургандж мемлекеттің негізгі астанасына айналады.
Үргеніштің гүлдену кезеңі ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы хорезмшахтар билік еткен кезеңге тура келеді. Үргеніш қаласы 1224 жылдан Жошы ұлысының құрамына кіріп, көп ұзамай қалпына келтіріледі. ХІІ-ғасырдың ортасынан бастап Алтын Орданың құрамында болып, сауда, қолөнер, әкімшілік орталық ретінде өз маңызын жойған жоқ. XIV ғасырдың ортасына қарай Хорезм Алтын Ордадан бөлінген кезде Үргеніш қайтадан оның астанасына айналады. 1388 жылы Үргенішті Әмір Темір әскерлері қиратады. 1391 жылы ішінара қалпына келтірілгенімен, даму қарқыны төмендеп кетеді. XVII ғасырда қала тіршілігі құлдырап, кері кетеді. Оның негізгі себептерінің бірі – Әмудария өзені арнасының ауысып, қаланың судан қашық қалуы еді. Үргеніш тұрғындарын Хиуа ханы Әбілғазы жаңа Үргенішке көшірді. Үргеніште сақталған тарихи-мәдени ескерткіштер:
XII ғасырдың 2-жартысына жататын Фахраддин Разидің кесенесі (12 қырлы негізге орнатылған, шатырлы 12 қырлы күмбезі бар шаршы түрдегі көлемді құрылыс, алды оймышты терракотамен безендірілген);
XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың бас кезінде салынған Текеш кесенесі (тікбұрышты, “қатпарлы” негізге орнатылған шатырлы-конусты күмбезі бар); 1321-1333 жылдары аралығында салынған Құтлұқ Темір мұнарасы (әшекейлі кірпіштерден қаланған белдеулер мен жазулар түсірілген жолақтармен безендірілген, конустық биік бағанды);
XIV ғасырда салынған қонақ үйі бар Нажмеддин Құбр кесенесі (үш күмбезді порталды құрылыс);
XIV ғасырдағы керуен сарайының порталы (алдыңғы беті түрлі түсті қаптама материалдармен безендірілген);
Софы әулетінен шыққан Төребек ханым кесенесі (1360 жылдары салынған, композициясы күрделі, мозаикалы негізге орнатылған үш биік күмбезі, порталы бар).
Үргеніштегі археологиялық қазба жұмыстары 1929 жылы А.Ю. Якубовскийдің, 1952 жылы С.П.Толстовтың басшылығымен жүргізіледі. Хорезм мемлекетінің халқы ертеден отырықшы салтта өмір сүріп, егін шаруашылығымен айналысқан. Әсіресе суармалы егіншілік жақсы дамыды. Каналдар қазып, суландыру жүйесін ежелден білген. Егістікте арпа, бидай, тары, мақта егілді. Бау-бақшада шабдалы, өрік, бадам, жүзім, алма, алмұрт, өсірілді.Мал шаруашылығы да өркендеді. Жібек құртын өсіріп, жібек те өндірген. моңғол үстемдігі орнағаннан кейін Орта Азияда шаруашылық күйзеліске ұшырайды. Орта Азия және Қазақстан қалалары арқылы өтетін сауда керуені «Ұлы Жібек жолы» өзінің маңызын жоя бастайды. Тек қана XV ғасырдан бастап суландыру жүйесі кеңейіп, қалалар қайтадан сауда орталығына айналады, қолөнер дами бастайды.