Химиялық және химиялық–фармацевтік өнеркәсіптерде жиі өңделуші материалдардан ылғалды аластату қажет болады, негізінен қатты денелерден суды кептіру керек болады.
Кептіру обьектілері әртүрлі өңделу сатысындағы түрлі материалдар болып табылады.
Ылғал әртүрлі әдістермен аластатыла алады:
а) механикалық – қысымның әсерімен, вакуумда фильтрлеу немесе центрифугирлеу. Бұл әдістер химиялық–фармацевтік өңдірісте материалдардан механикалық ылғалды кептіру үшін жиірек қолданылады.
б) физикалық–химиялық – кептірілетін материалды ылғалды сіңіріп алатын зат бар ыдысқа орналастырады. Мұндай зат болып: а) бу қысымы төмен сұйықтықтар, мысалы, күкірт қышқылы, хлорлы литий немесе кальций ерітінділері; б) беті қатты кеуек заттар – силикагель тәріздес адсорбент. Кептірудің бұл әдісі әдетте лабораториялық жағдайларда қолданылады.
в) жылулық әдіс – ылғалды буландыру арқылы. Бұл әдіс химиялық – фармацевтік өндірісте негізгі процесс ретінде кеңінен қолданылады.
г) радиациялық – кептірілетін материалды инфрақызыл сәулелермен өңдеу арқылы кептіру. Бұл әдіс ампулалар мен құтыларды туннельды кептіргіш – стерилизаторларда кептіру және стерильдеу (зарасыздандыру) үшін қолданылады, олар инфрақызыл сәуле таратушылармен жабдықталған.
Кептірудің статикасы мен кинетикасы. Басқа процестердегідей, кептірудің де екі жағы болады: статикасы және кинетикасы.
Кептірудің статикасы материалдық және жылулық баланстардың теңдігі негізінде кептіруге қатысушы заттардың бастапқы және аяққы параметрлері арасындағы байланысты қалыптастырады. Кептірудің статикасы арқылы материалдың құрамын, кептіруші агенттің шығымын және жылу шығымын анықтайды.
Кептірудің кинетикасы материалдың ылғалдылығының белгілі уақытқа байланысты өзгеруі мен процестің параметрлері арасындағы байланысын қалыптастырады.