Мини-футболды барлық жас аралығындағы балалар ойнай алады. Ол қуаныш пен шаттық сыйлайтын ойын.
3×3 ойыны
Ойын ережесі:
Алаңның көлемі 30×20 м (алайда, ойыншылардың дайындық деңгейлеріне қарай, алаң көлемі басқаша да болуы мүмкін). Ондай алаңды жалаушалар (фишка) көмегімен де жасауға болады. Егер алаң
сызығы болмаса, қолайлы болу үшін жалаушаларды (конустарды) 6 м сайын орнатуға болады.
Қақпаға допты кез келген қашықтықтан соғуға болады. Ең бастысы – доп қақпа сызығынан толығымен өтуі тиіс.
Ойын кезінде 3-4 минут сайын үзіліс жарияланып, ойыншылар құрамын өзгертуге болады.
Әр команданың қақпашысы болады, тек олар ойын сайын ауысып отырады, яғни әрбір ойыншы жаттықтырушы белгілеген уақыт ішінде қақпашы қызметін атқарады.
Доп ойыннан тыс қалатын болса, ол қапталдағы сызықтан ойынға аяқпен немесе қолмен қосылады (мини-футболда – қолмен, футзалда - аяқпен).
Аяқтан шалу, қолмен ойнау және т.б. ойын ережесі бұзылған жағдайда, еркін соққы тағайындалады. Бұл жас аралығындағы балалар ойын кезінде ойын ережесін бұзбауға тырысады, дегенмен еркін соққылар тағайындау, оларды өзара әрекет етуге тәрбиелеу және өз ойыншысына уақытыл пас беру әдетін қалыптастыру үшін қолданылады.
Еркін соққы орындағанда, бұрыштамадан және қақпа маңынан ойынға қосқан кезде, қарсылас доптан 5 м жерде болуы керек.
Футбол ойнаудағы дене дайындығы Футболшылардың жақсы ойнау қасиетін, кәсіптік шеберлік деңгейін жоғарлату үшін жаппай дайындықты жоспарлы түрде балаларды өте ерте, бала кезден бастап оқыту болып табылады. Оқу әдістерін және жаттығуларды уақытылы орындау арқылы ғана жасөспірімдердің жақсы дамуына, жоғары дәрежелерге қол жеткізулеріне болады.
Футбол ойнауды жаңа бастаған балалардың дене дайындығы.
1. Футболшылардың жалпы және арнайы дене дайындығы күштілік, жылдамдық, төзімділік, ептілік, иілгіштік сияқты қабілеттерді дамытады.
2. Футболда күш алдымен динамикалық немесе, бейнелеп айтқанда, қопарылыс күшін керек етеді. Мұндай күш уақыттың қас қағым сәтінде жасалатын жедел қимыл барысында (доп соғу, допқа атырылу, тез жүгіру, тоқтау) айқын көрінеді.
3. Жылдамдық ойыншылардың тез орын ауыстыруынан, техникалық әдіс-тәсілдері тез орындауынан, тактикалық шешімдерді тез ойлап таба қоюынан көрінеді.
4. Төзімділік – бұл белгілі бір қимыл-әрекет кезінде организмнің шаршауға қарсы тұра алу қабілеті.
5. Ептілік ойыншы қимыл-әрекеттерінің үйлесімді көрсеткіші болып табылады. Епті ойыншылар ойынның өзгермелі жағдайларына кез келген ойын тәсілдерін сәнді әрі техникалық жағынан дұрыс орындап шығады.
6. Иілгіштік – бұл буындардың жоғары дәрежеде қозғалтқыштығы, бұлшық еттердің тез босаңсуы мен қатайғыштығы, сондай-ақ қозғалыс әрекеттерін барынша үдете түсу қабілеті. Иілгіштік жас футболшылардың қимыл-әрекетіне еркіндік, сенімділік береді. Иілгіштік пен ептілік ойыншыға елеулі жарақат алу қауіпінен сақтануға, қарсыласының кез келген әрекетіне қарсы әрекет жасауға дайын болуына көмектеседі.
Иілгіштік пен төзімділікке жаттықтыратын айналма жаттығулар. Қолға нығыздап толтырылған доп ұстап, екі аяқты алшақ қойып тұрған қалыптан кеудені алға ию.
1. Ілгерілей отырып гимнастикалық орындықтан секіру.
2. Қарын бұлшық еттерін нығайту жаттығуы – аяқтың ұшын гимнастикалық қабырғаға іліп еденде отырған қалыптан (екі қол желкеге қойылады) шалқадан жатып, кеудені қайта көтеріп бастапқы қалыпқа келу.
3. Екі аяқты бір-біріне тигізіп тұрып, бір орында секіру.
4. Қолды тіреп етпеттен жатып, шынтақты бүгіп-жазу (кемінде 10-15 рет).
Футболмен айналысудың мазмұны спорттық ойындардың басқа да түрлері секілді, мынадай қабілет-қасиеттерді дамытуға бағытталған.
1. Жалпы дене даярлығы;
2. Арнайы дене даярлығы;
3. Техникалық даярлық.
Футбол ойынының техникасын меңгеруге талаптанған бала жалпы және арнайы дене даярлықтарынан өтуге тиіс. Ол үшін бала ойын техникасын тікелей доппен ойнау арқылы меңгеруден бұрын оны допсыз меңгергені жөн. Ойын техникасын допсыз меңгеру мынадай элементтерден тұрады: жүру, жүгіру, тоқтау, секіру. Бұлар әдетте өзара былайша үйлесіп келеді: жүру мен жүгіру, тоқтау мен бұрылу, секіру мен жүгіру. Футболшының жүрісі өзгеше. Алаңдағы ойыншы аяғы сәл ғана бүгілген қалыпта жүреді. Бұл футболдағы ойынның жағдайына қарай дұрыс және тез орын ауыстыруға мүмкіндік береді.
Футболшының орын ауыстыруы жүгірістен, жүрістен, тоқтаудан, бұрылыстан және секірістен тұрады. Бұл элементтерді ең алғашқы сабақтан бастап, әуелде жеке-жеке, кейін бірлесіп үйренуге тура келеді. Жаттығу барысында жүгірудің әр түрі қолданылады. Жүгіру әдетте жүрумен алмасып отырады. Футболшының жүгіру тәсілдері әркелкі: алға қарап жүгіру, теріс қарап жүгіру, аяқты қайшылай адымдап жүгіру, ілеспелі (қосалқы) қадам жасап жүгіру. Жүгіру кезінде футболшының қадамы қысқа әрі жеңіл болады. Жүгірудің мұндай түрі ойыншының жағдайды дәл бағдарлай алуын қамтамасыз етеді және өз қарқыны мен қозғалу бағытын тез өзгертуге мүмкіндіқ туғызады. Сонымен қатар, футболшы түзу сызық бойымен тез жүгіру техникасын меңгеріп алуға тиіс. Тоқтау, бұрылу, бір орында тұрып немесе жүгіріп келіп секіру - «техникалық» ептілікті дамытудың өте маңызды элементтері. Бір қадамнан соң, сондай-ақ секіргеннен кейін кілт тоқтай қалуды үйрену қажет. Бұрылуды әуелі бір орында тұрып, сонан соң жүгіру кезінде де орындап үйренуге болады. Тоқтау және бұрылу техникасын үйренуге, оны жетілдіруге арналған жаттығулар: - жай жүгіру; бір бүйірге қарай жүгіру немесе аяқты қайшыластырып жүгіру; - орташа жүгіру, 90°-қа бұрылып, тез жүгіру; - жүріс немесе жүгіру; 180°-қа бұрылып, тез жүгіру; - 360°- қа бұрылып, тез жүгіру; -бір қолмен екінші аяққа ауыса отырып, көптеген секірулер жасау;- жүгіріп келіп, бір немесе екі аяқпен итеріле секіру барысында жоғарыда ілулі тұрған допқа басты тигізу. Ойын техникасының элементтері: допты аяқпен және баспен алып жүру; допты әр түрлі тәсілмен соғу; допты аяқпен, баспен, кеудемен тоқтату; бағытты өзгерте, тоқтаумен алмастыра, жұлқына, жылдамдықты арттыра жүгіру. Жаттығулар мен әдістердің бұл кешені футбол алаңында бір-бірімен ұштаса өте тез орындалады, сонымен бірге ойыншы өз қарсыласымен «кімді кім жеңеді» дейтін жекпе-жекке түседі. Осының бәрі организмнің жалпы және жылдамдыққа тән төзімділігін, тездігін, ептілігін дамытады. Бұдан басқа, ойыншының бойындағы сезім мүшелерінің қызметін жетілдіреді және шешім қабылдай білушілік, тапқырлық, ұжымшылдық сезім тәрізді қасиеттерін шыңдайды.