Марқакөл қорығы 1976 жылы құрылған. Қорық солтүстігінде Қазақстан Алтайының Күршім жотасы мен оңтүстігінде теңіз деңгейінен 1447 м биіктіктегі Азутау жотасы аралығындағы аса әсем Марқакөл шегінде орналасқан. Қорықтың жалпы ауданы 75 мың гектар, оның 44 мыңын көл айдыны құрайды. Өкінішке орай, шығысында 1,5 мың гектар жер көлдің аса маңызды бөлігі бола тұрса да, қорыққа енбеген. Қорық ауданындағы климат қатаң континентті. Мұндағы Қазақстан аумағы үшін ең төмен қаңтардың орташа температурасы -26°-27°С, ал кейде аяз -55°С -қа дейін жетеді. Шілденің орташа температурасы 14°-17°С, ең жоғарғысы 30°С-қа жетеді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 400 мм-ге жуық түседі.Көлге 27 кішігірім өзендер, жылғалар құяды, ал одан бір ғана өзен Ертістің оң саласы - Қалжыр ағып шығады. Дәрілік өсімдіктерден аралий мен «алтынтамыр» кездеседі. Қорықта сүтқоректілердің 39 түрі мекендейді, оның ішінде аю, сілеусін, бұғы, арқар, қасқыр және құстың 200-ге жуык түрі, оның ішінде қарақұтан, аққу, суқұзғындар, 5 түрлі балық кездеседі. Көлде балықтың бірнеше түрі: мөңке, майқан, талма, теңге бар. Бұлардың ішінде ең бағалысы мөңке, оның еті өте дәмді. Өсімдіктің 721 түрі кездеседі.
Үстірт қорығы Pеспубликадағы ең жас қорықтың бірі. Ол Маңғыстау облысында 1984 жылы құрылды. Ауданы 223,3 мың гектар республикадағы ең үлкен бұл қорық Үстірт жерінде орналасқан. Қорықта сүтқоректінің 227, құстың 11 түрі, өсімдіктің 261 түрі кездеседі. Климаты солтүстік шөл зонасына тән: жазы ыстық, ұзақ, қысы қатаң, жауын- шашын мөлшері тым аз (жылына 120 мм). Қорықты ұйымдастырудағы мақсат Қазақстандағы Қызыл кітапқа тіркелетін шөл зонасындағы 12 түрлі аң мен құстарды корғау мен сақтау. Жануарлар арасынан қорғауға жататыны: жабайы қойдың ерекше түрі - үстірт муфлоны және қарақұйрық, ұзын тікенді кірпі, шұбар күзен, төрт жолақты қарашұбар жылан. Құстардан ұялайтыны: қарабауыр шіл, кекілік, ителгі, шөл кекілігі. Қорықтың аумағында бір кезде осы арада кеңінен тараған жыртқыш ірі мысық қабылан мен құланның санын қалпына келтіру белгіленді. Өсімдіктен қорғауға тұратын аса маңыздысы жұмсақ жемістік (қалдық және монотип бұталар), иіссіз катрана, үстірт таспасы. Ғалымдар шөлдің қатаң климат жағдайына бейім жануарлар мен өсімдіктің өмір сүруін зерттеу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбекші.