1.2. Қазақ лексикасы терминденуінің алғашқы кезеңі
Ұлттық ғылыми терминологияның қалыптасуын алғашқы басылымдардың, оқулықтардың, ғылыми еңбектердің жарық көріп, ғылым салаларының саралана бастауымен байланыстыра қарастыру дұрыс. Алайда жазу мен алғашқы баспа өнімдері пайда болмастан көп бұрынғы кезеңдерде де халық өмірінің материалдық және рухани мәдениетінің сан түрлі салаларының, әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық қатынастар, халықтың әдет- ғұрып, салт – дәстүрін т.б. көрсететін лексикалық қабаттың болғанын, ғылыми терминологияның қалыптасуына негіз болған сол бай мұраның арнайы зерттелмей келе жатқанын тілші ғалымдар айтып жүр.
Мәселен, осындай пікір айтушыдлардың бірі – түрколог ғалым К. Мұсаев. Ол өз пікірін былай білдіреді: «Айналысатын шаруашылықтарына орай әр түрлі тілдерде терминологияның түрлі салалары дамыған. Мысалы, эстондардарда балық шаруашылығы, әзірбайжандарда мұнай өндіру мен өңдеу, қазақта мал шаруашылығы мен халық шаруашылығы, армяндарда құрылыс, грузиндерде қолөнер, өзбектерде жібек және мақта шаруашылығы, бақша өсіру мен суармалы шаруашылыққа қатысты атаулары мол кездеседі». Осыған ұқсас пікірлерді жекелеген ұлттық тілдердің терминологиясын зерттеген ғалымдардың көпшілігінің еңбектерінен ұшыратуға болады. Қазақ терминологиясының 80-жылдардың ортасына дейінгі даму жайын сөз еткен еңбектерінде тілші ғалымдар Ә. Қайдаров пен А. Әбдірахманов саналы түрде жасалатын терминологиялық лексиканың ең алдымен бай халықтық терминологияға негізделетінін, терминологияны түзетін жалпыхалықтық көздердің тамыры тереңде жатқанын сөз қыла келіп, терминдік мәнде жұмсалатын көптеген сөздердің бізге көне түркі жазба ескерткіштерінен жеткенін айтады. Олардың қатарына көне түркі сөздігінде берілген мынадай терминдерді жатқызады:
туыстық атаулар: ата, әже, апа, сіңілі, келін, жиен, т.б.
табиғат құбылыстары мен олардың байлығын көрсететін терминдер: жер, тау, тас, алтын, күміс, темір, т.б.
қоғамдық – саяси құрылысты көрсететін терминдер: қаған, бек, тархан, құл, күң, шығай, т.б.
мал шаруашылығы терминдері: ат, айғыр, тай, бұқа, т.б.
анатомиялық атаулар: бас, аяқ, құлақ, жүрек, т.б.
Сондай – ақ ғалымдар көшпелі өмір салтын кешіп кең байтақ жерді иеленген қазақ халқының тілі жер бедерін және өсімдіктиер дүниесін білдіретін жағрафия, өсімдіктені атауларына бай екендігін де өте орынды көрсеткен.
Ең алдымен, бұл мерзім ішінбе түрлі ғылым салалары бойынша жекелеген терминдердің жасала бастағанынан қарамастан, салалық және жалпы терминдер жүйесінің қалыптасуына әлі біршама ертерек еді. Оның өзіндік себептері болды. Терминдер жүйесі қалыптасу үшін – ғылым мен техниканың дербес салалары өз алдына дамып, ұғымдар жүйесінің жасалуы қажет. Ал ғылым салаларын дамытып, ұғымдар жүйесін қалыптастыру үшін немесе ғылымы ертерек дамыған елдердің ғылымын игеріп, оны ұлт тілінде сөйлету үшін білікті ұлттық кадрлар, салалық мамандар өсіп шығуы тиіс.
Бұл кезеңде қазақ халқының тарихында орны айрықша Абай, Шоқан, Ыбырай сынды ұлы тұлғалардың өмір сүріп, ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқандығына қарамастан, ғылымның сан саласын дамытып, ғылыми терминологияны жасайтын ұлттық кадрлар шоғыры өсіп жетіле қоймап еді. Ондай кезеңге біз тек ХХ ғасырдың басында жеттік деуге болады. Міне, сондықтан да сөз болып отырған кезеңде ұлттық ғылыми терминология қалыптаса қоймады. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі де, жетістігі де осы тұрғыдан бағалануға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |