1.1. Қазақ лексикасының терминденуінің кезеңге бөлінуі.
Ұлттық қоғамдық – саси, рухани – мәдени өмірінде болып жататын өзгерістердің барлығы оның тілінен көрініс таппай қалмайды. Тіл тек қатынас құралы ғана емес, халықтың танысы мен білімінің жинақтаушысы да болғандықтан солай болуы заңды да. Ғылым тілінің даму тарихын да халық өмірінде болған өзгерістермен байланыстырмай, бөліп алып қарауға болмайды. Сондықтан да біз бүкіл термин шығармашылығын, терминологиялық лексиканың барлық тәсілдері арқылы жасалған терминдерді қоғам өмірінде болған сондай өзгерістермен тікелей байланыста қарастыру қажет.
Қазақ терминологиясының қалыптасу, даму тарихы термин шығармашылығының барлық уақытта бір қалыпты жүріп жататын процесс емес екендігін көрсетеді. Түрлі себептердің әсерінен белгілі бір мерзім аралығында терминдер қатары тез өсіп, терминологиялық лексиканың ауқымы молая түсс, келесі бір уақыт аралығында ондай қарқындылық болмайды. Оның бірнеше себептері бар. Солардың ішіндегі термин шығармашылығына тікелей ықпал ететін ең басты факторлардың бірі – ғылым мен техниканың дамуы болса, екіншісі – сол елде үстемдік етуші тіл саясаты.
Ғылым жақсы дамыған тұста көптеген жаңа ұғымдар пайда болып, олар тілден өзінің таңбалаушысын табуды қажет етеді. Мұндай құбылыс арнаулы саланың барлығына емес, санаулы бір ғылым салаларына ғана тән болуы да мүмкін. Көбіне солай болады да. Ұлт тілінің саласындағы қызметі, термин шығармашылығына қатыстырылуы сол тілдің қоғамда атқаратын рөлімен тікелей байланысты. Ал тілдің қоғамда қандай рөл атқаратындығын сол елдің тіл саясаты белгілейтіндігіне өткен ғасырдағы қазақ терминологиясының даму жолдары куә бола алады.
Терминологияның дамуы мен қалыптасуының өзіндік тарихы бар. оны ғылым мен техниканың өркендеуінен, қоғам өмірінде болып жататын саяси – экономикалық, рухани – мәдени, тарихи — әлеуметтік өзгерістерден мүлде бөліп алып қарауға болмайды.
Қазақтың ғылыми терминологиясының даму тарихына үңілер болсақ, оның қалыптасуна қоғам өмірінде болған өзгерістердің айқын із қалдырғанын көруге болады. Жалпы терминологиялық лексика қорының жасалуы ғылым мен техника салаларының игерілуіне, дамуына тікелей тәуелді. Сондықтан қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуын Қазақстан ғылымының даму тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Соған сәйкес біз қазақ тілінің терминологиялық лексикасының қалыптасуын кезеңдік тұрғыдан сипаттауда осы шындыққа табан тіреуімізге тура келді. Сонымен бірге терминологиялық жұмыстың жүргізілуіе тікелей әсері болған тілдік және тілден тыс факторларды ескерусіз қалдырмсау жағынан да көңіл бөлінеді. Өзімізге дейінгі қазақ терминологиясының даму тарихын кездестіру мәселесіне тоқталған ғалымдардың пікірлері де назарынан тыс қалмады.
Қазақ тілінің терминологиялық лексикасының қалыптасуы осындай факторларға сәйкес кездестіріледі. Төменде қазақ лексикасының терминденуі төрт кезеңге бөліп қарастырылады.. Олар:
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 10-жылдарына дейінгі бірінші кезең;
1910 жылдан 1930 жылға дейінгі екінші кезең;
1930 жылдар мен 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтитын үшінші кезең
1990 жылдан бергі төртінші кезең.
Енді осы кезеңдердің әрқайсысына жеке – жеке тоқталамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |