2.1. 30-90-жылдар аралығындағы қазақ лексикасының терминденуі.
Термин шығармашылығының бұл кезеңі 1930 жылдардың басынан 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтиды.
1933 жылы КСРО ҒА –ның техникалық терминология комиссиясы құрылып, ол кейінірек ғылыми – техникалық терминология комитеті болып қайта өзгертілді. 1933 жылы Қазақстанда да Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. Мемлекеттік комиссия болғандықтан да бұл комиссия құрылған күннен бастап өз жұмысын КСРО деп аталған алып мемлекеттің тіл саясатына сәйкес жүргізілді.
1935 жылы майда өткен Бүкілқазақстандық мәдениет қызметкерлерінің съезінде профессор Қ. Жұбанов ұсынған қазақ терминологиясының жаңа принциптері бекітілді.
Термин шығармашылығына партиялық басшылық шектен тыс күшейтіліп, ғылыми терминологияны дамытудың өз уақытына лайық жаңа кезеңі басталды. Бұл істе кейбір партия қызметкерлері барынша белсенділік танытты.
30- жылдарға дейін термин мәселесімен айналысқан, ұлттық ғылыми терминологияның даму бағытын белгілеген А. Байтұрсынұлы бастаған кадрлар 1937-38 жылдары әкімшіл — әмәршәл жүйе тарапынан жойылды. 1940-50 жылдар аралығында қоғамның назары екінші дүниежүзілік соғысқа және одан кейінгі бесжылдықта соғыс зардаптарын жоюға аударылда да, термин қалыптасытырудың 40-жылдарға дейінгі қарқыны біршама бәсеңдеп қалды.
Ал 50- жылдардан бастап қоғамның рухани өміріне көңіл аударыла бастауына байланысты ғылыми терминологияны қалыптастыру, дамыту жұмыстары қайтадан жандана бастады. Әсіресе 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың бірінші жартысында терминология мәселесіне едәуір мән берілді. Осы тұста ғылым мен техниканың әр түрлі салалары бойынша көптеген терминологиялық сөздіктер жарық көрді. Бұдан кейінгі уақытта термин қалыптастыру ісінің орныққан дәстүрге сәйкес бірсыдырғы жүргізіліп отырғандығы байқалды.
Ғылымның бұл пікірінің орынды айтылғандығына күмәніміз жоқ. Терминдердің бәрін шет тілдеріне алатын, жаңа ұғымдарды белгілеуге икемсіз, термин шығармашылығында пайдаланылмайтын тілді бай, жан – жақты дамыған тіл деп тану қиын. Ондай тілдің ғылым тіліне айналуы да күмәнді.
Ал ұлт тілі негізінде ғылым тілін қалыптастыру оны термин шығармашылығында шеберлікпен пайдалану сол тілді тұтынушы халықтың, адам қызметінің әр түрлі саласында еңбек ететін мамандардың, жалпы ұлт кадрларының қолындағы іс. Солардың атқаруға тиісті міндеті болуы керек. Ол міндетті орыстың М. Ломоносовы, қазақтың А. Байтұрсынұлы т.б. сынды түсінген мамандардың ұлт тілінде термин жасауға қарсы болуы, біздің тіл ондай ұғымдарды бере алмайды деуі, болмаса өзге тілдерден қабылданатын терминдерді сол тілдердегі қалпына сақтау керек деуі мүмкін емес.
Бұл кезеңде жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі термин шығармашылығының өнімді тәсілі ретінде көріне алмаса да, қолданыстан мүлде шығып қалмаған. Мәселен, 1962 жылы жарық көрген «құрылыс және құрылыс материалдары» сөздігінде қамтылған тақта (лист), сүймен (лом), құрсау (бандаж), қалқа (навес), ою (резьба), ошақ (жаровня) сияқты терминдер осы тәсілмен жасалған.
Жалпыхалық тілдегі сөздердің терминденуі арқылы жасалған мұндай терминдерді әр жылдары жарық көрген терминологиялық, сөздіктерден ұшыратуға болады. Олар негізінен терминденудің әр түрлі жолдарымен туындаған. Көнерген сөздер мен диалектизмдердің терминдер қатарынан орын алуы өте сирек кездеседі. Қорыта айтқанда, бұл кезең терминологияның ұлттық сипатын арттырудан гөрі совет халқына ортақ терминологиялық қор құруды мақсат еткендігімен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |