Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет11/225
Дата31.10.2022
өлшемі12,23 Mb.
#46351
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   225
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әміров Р. 1-класта оқушылардың тілін дамыту үшін істелінетін жұмыстар. – Алматы, 1957.
2. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. – Алматы: Мектеп, 1977.
3. Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Санат, 1998.
Дәулетбекова Ж.  
Қазақстан-Британ техникалық
университетінің профессоры,
педагогика ғылымдарының докторы 
ҰЛЫ МІНДЕТІНЕ АДАЛ ҰСТАЗ 
(Профессор Рақыш Сәтұлы Әмірдің
ғұмырнамалық-шығармашылық портреті) 
 
Мұғалім болу – қызмет емес, Құдай бұйыртқан ұлы міндет...
 (Ы. Алтынсарин) 
Қазақ даласында білімнің шамшырағын жаққан ұлы тұлғаның осы тұжырымының 
тереңінде шынайы мұғалімге қойылар талап пен оның адами және кәсіби деңгейін 
айқындайтын өлшем қатар көрініп тұр. Шындығында, осындай Ұлы міндетті мінсіз атқару 
үшін нағыз мұғалімнің бойында бірімен-бірі үйлесім тауып тұратын үш қасиет болуы шарт. 


25 
Олар: ТЕРЕҢДІК, БИІКТІК, КЕҢДІК... Мұғалім болуды армандайтын адамның білімі терең, 
білігі жоғары болса, ол бала алдында зор беделге ие болмақ... Мұғалім мамандығын таңдауға 
батылы жеткен кісінің рухы биік, мінезі кішік болса, ол өзгелерге өнеге дарытпақ... Мұғалім 
болуға бел буған маманның жүрегі ізігілікке толы, мейірімді, алды кең болса, шәкірттердің 
жүрегіне жол таппақ... Оған қоса сол қасиет оның бойына ата-анасынан көрген үлгі-өнегемен 
бірге сіңсе, ондай ұяда көрген тағылымның жөні тіпті ерек. Ал, оқытушылықпен бірге өзі 
сүйген салада алған білімін ғылыммен ұштастырса, уақыт өте келе сол адам Ұстаз-Ғалым 
деңгейіне көтеріліп, ұлт мерейін асыратын бірегей Тұлғаға айналары хақ. Біздің қадірлі 
ұстазымыз, үстіміздегі жылы 90 жасқа толып отырған көрнекті ғалым, филология 
ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры 
Рақыш Сәтұлы Әмірдің ғибратқа толы ғұмыры, кісілік қасиеті мен ұстаздық өнегесі бұл 
сөзіміздің айқын дәлелі бола алады.
Рақыш Сәтұлы – өне бойы қайшылықтарға толы ХХ ғасырдың отызыншы жылдары Әулие-
ата өңірінде мектептер ашып, балалар үйлерін ұйымдастырып, оған аш, жетім қалған бала-
ларды орналастырып, оқу-тәрбие ісін ұйымдастырумен белсене айналысқан қайраткер ұстаз 
Сәт Әмірұлының перзенті. Сондықтан ол кісінің бойында адамдармен ізгілікті қатынас жасау: 
қиналғанға қамқор болу, сүрінгенді сүйеу, бойында жігері барға қуат беру, адасқанға жол көр-
сету, жанатын жүрекке от беру, адалдыққа арқа тіреп, адамгершілік қағидаларын ұстану, қан-
дай сын сәттерде арға ғана жүгіну тән. Өмірде де, ғылымда да, мұғалімдік қызметте де халқы-
ның «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қағидасынан ауыт-
қымаған. Сондықтан осынау ұзақ та мағыналы ғұмыр жолында мәртебесі биік, мерейі асқақ.
Рақыш Сәтұлының өмірлік кредосы – санға емес, сапаға мән беру. Бұл ұстанымы, әсіресе, 
ғылым әлеміндегі зерттеушілік мұратына адалдығынан, өзі нысан етіп алған дүниелеріне 
тереңнен толғап барып қалам тартатынынан айқын көрінеді. Бір мақаласына нардың жүгін 
көтерер салмақ артып, бір зерттеу еңбегінде сол саланың өзі көздеген түйінді мәселесін жан-
жақты саралап, сараптап, тереңнен зерделей отырып, қадау-қадау тұжырымдарын ұсынатыны 
– жас ізденушілер үшін ғана емес, тағдырын ғылым жолымен байланыстырып жүрген кез 
келген ғалым үшін де өнеге, үлгі. Себебі Рақыш ағаның зерттеу еңбектерінің әрқайсысында ең 
өзекті әрі ең маңызды, түйткілі мол, шешімін күтіп тұрған толайым дүниелер талданады
тарқатыла түсіндіріліп, нақты бағдар беріліп отырады.
Рақыш Сәтұлы – отандық ғылымның бір-бірімен тығыз ұштасып жатқан екі саласына қатар 
еңбек сіңірген, тағылымы мол, бағыты айқын зерттеуші. Ол салалардың бірі – қазақ тілінің 
синтаксисі, екіншісі – қазақ тілін оқыту әдістемесі. Осы екі бағыт бойынша жүргізген 
зерттеулері ғалымның қос саланы шебер тоқайластыруына, өзара үйлесімде тоғыстырып, екі 
бағытта да жаңашылдықтың өріс алуына, өміршең идеяларға жол ашуына мүмкіндік бергені 
сөзсіз. Оған Р. Әмірдің тіл білімі саласында ауызекі сөйлеу тілін арнайы қарастырған, 
синтаксис саласын функционалдық аспектіде жаңа қырынан, антропоөзектік парадигма 
тұрғысынан зерттеген ғалымдардың көшбасында тұруы, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа 
тұрпатты мектебінде оқытылатын қазақ тілін ана тілін ретінде меңгерту әдістемесінде тіл 
жүйесі мен заңдылықтарын коммуникативтік мақсатта үйретудің Концепциясын негіздеген 
тұңғыш әдіскер-ғалым болуы дәлел.
Біз бүгін Рақыш Сәтұлының қазақтың ұлттық педагогикасын, қазақ тілін оқыту әдістемесін 
дамытуға қосқан үлесі жөнінде кеңірек айтуды көздедік. Себебі ғалымның қазақ тілі білімінде 
өзіндік мектебі қалыптасқан теоретик зерттеуші екенінен көзі қарақты жұртшылық хабардар. 
Сондай-ақ, ол кісінің отандық педагогикадағы еңбегі өз алдына бір төбе екені де сөзсіз. Сол 
себепті осы бағытта ұстаз-ғалымның ұйымдастырушылық-зерттеушілік қырларына, тілді 
оқыту Тұғырнамасын, оқу бағдарламалары мен оқулықтарын дайындауда атқарған еңбегіне 
кеңірек тоқталмақпыз.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны үздік 
бітіріп, аспирантурада да алғырлығымен, табандылығымен көзге түскен жас ізденуші Рақыш 
Сәтұлы отбасы жағдайымен еліне қайтуға мәжбүр болады. Жастайынан төзімділік пен 
еңбекқорлықты серік еткен ол қиындыққа мойымайды. Ауылында жүріп кандидаттық 


26 
диссертациясын жазып аяқтап, Қазақ мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінде 
қорғайды. Қорғау үстіндегі қаршадай жас ғалымның қаршығадай тегеурінді болмысын 
қапысыз таныған филология ғылымдарының докторы, қазақтың біртуар тұлғаларының бірі 
Ахмеди Ысқақов бірден Рақыш Сәтұлын өзі басқарып отырған Ы. Алтынсарин атындағы 
Педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына жауапты қызметке шақырады. 
Мәскеудегі бір орталыққа бағынып, ұлттық сипатынан гөрі интеранционалистік бағыты басым 
болып отырған отандық педагогиканың күрмеулі мәселелерін шешуге өзі сияқты ойы тың, 
жігері жасын, сөзі мығым, уәдеге берік, азаматтық ұстанымы айқын жастардың қажет екенін 
алға тартады. Көші-қон мен тұрғын үй мәселесін өз жауапкершілігіне алатынын, жас маманға 
қажетті жағдайдың барлығын жасайтынын айтады.
Білікті басшының уәжді пікірі мен ағалық қамқорлығын құрметтеген жас ғалым бұл 
ұсынысқа келіседі. «Жас келсе – іске» деген. Табиғатынан еңбекқор, ізденімпаз, жаңашыл-
дыққа құмар Рақыш Сәтұлы алғашқы күннен-ақ алғырлығымен, алымдылығымен өз 
ортасында сенімге ие болады. Бұл институттағы жаңа ізденістер жас зерттеуші бойында 
ғылым мен білімнің тоғысында ғана жас ұрпаққа терең білім мен өнегелі тәрбие беруге болады 
деген нық сенім қалыптастырады. Әуелде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту ісімен айналысатын 
сектордың меңгерушсі қызметіне тағайындалған ол әдіскер-ғалым ретінде қалыптасады. Осы 
шағын ортада басқару жұмысына машықтанады. Қызметкерлерді бір мақсатқа бағыттау 
жолдарын, нақты мақсат пен соған сай туындаған міндеттерді жүзеге асырудың тетіктерін 
меңгерген оны институт басшысы көп ұзамай-ақ директордың ғылыми жұмыс жөніндегі 
орынбасары етіп тағайындайды. Басшылық қызметте қарамағындағы жұртшылықты адал 
еңбекке жұмылдыру, атқарылған істің жемісін бірлікте сезіндіру маңызды деген қағиданы 
ұстанатын ол әрдайым әділдікке ғана жүгінді.
Әкесінен дарыған ұлтқа қалтқысыз қызмет ету, ұлттық құндылықтарды ұлықтау қасиеті ел 
болашағын қалыптастыру жолында еңбек етіп отырған бұл ұжымның жұмысын ұйымдас-
тыруда жаңа серпін тудыруға септігін тигізеді. Сондықтан жас басшы, алдымен оқу 
бағдарламалары мен оқулықтарды жаңа сапада қайта дайындауға мән береді. Пән мазмұнында 
заман талабы мен оқушының мүддесін үйлестіру мүмкіндігін табуды зерттеу міндеті етіп 
қояды. Соның нақты дәлелі – сол жылдарда Білім министрлігі бекітетін Типтік оқу 
жоспарында ана тілі ретінде оқытылатын қазақ тілі пәнінің сағат санын көбейтуге қол 
жеткізгені. Бұл қазір айтуға оңай көрінгенімен, орыс тілінің айбыны асып тұрған кеңестік 
идеология заманында ерлікке барабар болатын. Қазақ тілімен қатар, өзге де пәндердің 
әдістемелік базасын күшейтудің қажеттігін дәйектеп, оған арнайы қаражат бөлдіреді. 
Педагогика, оның ішінде әдістеме ғылымының дамуын қамтамасыз ететін басты тетіктің бірі 
– эксперимент жұмыстарының ұйымдастырылуы. Эксперимент – ғылым мен білімнің, теория 
мен практиканың сабақтастығын қамтамасыз ететін зерттеу жүйесі. Сондықтан Рақыш Сәтұлы 
пәндерді оқытудың дидактикалық негізін іздеудің анық жолы ретінде ғылыми экспериментті 
жүргізуді ұлттық педагогика ғылымына алғашқы боп енгізді. Ғалымның тікелей 
басшылығымен эксперимент жүргізудің кезеңдері, оның әрқайсысының нақты мақсаты мен 
міндеттері, күтілетін нәтижелері; эксперимент нысандарын анықтаудың негізгі талаптары мен 
білім нәтижелерін бағалаудың критерийлері нақтыланды. Осы ғылыми ортада алған мол 
тәжірибе оның басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеттерін шыңдады, қайраткерлік 
рухын қалыптастырды.
Одан кейінгі ғұмырнамалық белестерінде ғылыми ордаларда үлкен өмір мектебінен өтті. 
С. М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) Қазақ ұлттық университетіндегі қазақ тілі 
кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы, Шетел тілдері институтының 
(қазіргі Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар мен шетел тілдері университетінің) 
ректоры қызметін атқарған жылдарында да ол кісі білікті басшы, білімпаз тұлға, шебер 
ұйымдастырушы, қамқор жетекші, өзгеге ғана емес, ең алдымен, өзіне биік талап қоятын 
әділдігімен, қарамағындағылармен кісілік қатынасына селкеу түсірмеген кісілік биіктігімен, 
қарапайым қалыбынан танбаған тектілігімен дараланып отырды. Сондықтан бүгінде Рақыш 
Әмір есімі шынайы зиялылықтың үлгісіне айналған. Қызмет еткен орталары әрдайым 


27 
ғалымның ғибратын ұлықтаудан танған емес. Жақында ғана Абылай хан атындағы 
Халықаралық қатынастар мен шетел тілдері университетінде өткен мерейтойлық басқосуда 
ұжым басшыларының, қызметтес болған әріптестерінің, шәкірттерінің аста төк шынайы 
құрметі жиналған жұртты тәнті етті. Адамның өз түғырын тек өз адамгершілік қасиеттерімен 
қалай алатынын, қай ортада, қандай лаузымдық деңгейде болсаң да, айналаңдағылармен әділ 
де шынайы адами қатынастың ізсіз кетпейтінін, есейген шақта ізгілік болып алдан шығатынын 
шын мойындатты.
... 1986 жылдағы Желтоқсан дауылы қазақ зиялыларының көбін шарпып өткені белгілі. 
Кеңестік саясаттың салқыны Рақыш Сәтұлын да айналып өтпеді... Бірақ адамның амалынан 
Алланың жазуы әлдеқайда күшті. Сондықтан да ұлт тарихының жаңа кезеңінде қазақ тілін 
оқытудың әдіснамасын анықтап, оның алғашқы соқпағын салу абыройы Рақыш Сәтұлына 
бұйыруы кездейсоқ емес. Ол кісі еліміз тәуелсіздігін алып, егемендікке алғаш қол жеткізген 
өліара кезеңде, әр күні жылға татырлық сын уақытта, қоғамдық реформалардың іргетасы 
қаланған кезде, Қазақстан мектептерінің даму бағытын белгілеу проблемалары күн тәртібіне 
өткір қойылған жылдарда, жаңарған елдің ұлттық мектебін құрудың ғылыми-тұғырнамалық 
жүйесі айқындалған шешуші сәттерде осынау замана жүгіне иық тосқан санаулы педагог 
ғалымдардың көшбасында болды.
1987 жылдан 1992 жылға дейін Р. Әмір Ы. Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары 
ғылыми-зерттеу институтында қызмет етті. Институттың белді ғалымы ретінде қазақ тілі мен 
әдебиетін оқыту лабораториясының меңгерушісі, профессор Рақыш Сәтұлы «Қазақстан 
Республикасы жалпы орта білім беретін мектептің тұжырымдамасы», «Қазақстан 
Республикасы жалпы орта білім беретін мектептегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» 
секілді ұлттық білім саласындағы жаңарулардың тұғыры қаланған уақытта мемлекеттік 
деңгейдегі базалық-нормативтік құжаттарды дайындауға атсалысты. Сөйтіп, ол тәуелсіз елдің 
Ұлттық мектебінің моделін, егеменді ел мектебіндегі Тарих – Білім – Мәдениет үштағанына 
негізделген білім мазмұнының жаңа макромоделін айқындауға еңбек сіңірді! 
1991-1992 жылдары жоғарыда аталған тұжырымдамалардың негізінде мектептегі әрбір 
пәнді оқыту тұжырымдамасын жасау міндеті қойылды. Көп ұзамай профессор Р. Әмірдің 
“Қазақ тілін қоғам, мектеп реформасына сай жетілдіру концепциясы” жарияланып, онда 
болашақта қазақ тілін оқытудың негізгі бағыттары сараланып ұсынылды. Бұл еңбек 
тәуелсіздік алған еліміздің жаңа тұрпатты мектебінде қазақ тілін оқыту жүйесін жаңартудың 
әдіснамалық негізін қалаған тырнақалды еңбек болды. Әлбетте, жаңа нәрсенің ешқайсысы да 
жоқтан пайда болмайды, бар нәрсе біржола жойылып кетпейді деген философияның 
заңдылығына сүйенсек, жаңа тұжырымдама да отандық білім жүйесіндегі өміршең дүниелерді 
әлем тәжірибесіндегі озық ойлармен ұштастыру нәтижесінде жасалғаны кәміл. Сондықтан да 
өзіне дейін қазақ тілін оқытуға араласқан қазақтың біртуар ұлы тұлғаларынан тағылым алған 
Рақыш Сәтұлы ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық өркениетті сабақтастыруда 
таразының басын тең ұстар басалқалылық танытты.
«Концепцияда» ана тілін оқытудың жаңа бағыттары анықталып, тілді меңгертудің 
практикалық-прагматикалық жүйесін жетілдіру мәселелері ғылыми негізделді. Бұл 
тұжырымдамада қазақ тілінің оқытылу жайына кері әсер еткен факторлар алғаш рет ғылыми 
тұрғыда сараланып, нақты көрсетілді. Ұлтаралық, тіларалық жағдайлар мен идеологияның, 
әлеуметтің бір орталыққа бағындырылуының салдарынан туындаған жайлар ашып айтылды. 
Қоғамда белең алған келеңсіздіктердің салдарынан, біріншіден, қазақ тілі пәні оқушының 
өміріне қажетті дағдыларды қалыптастыратын пән ретінде мойындалмай, тек қазақ халқының 
этнографиясы мен дәстүрінің көрінісі ретінде танылып келгенін; екіншіден, тілдің 
грамматикалық жағын (оның өзін жүйесіз) меңгертуге басымдылық беріліп, сөз, сөйлеу 
шеберлігіне, тіл мәдениетіне үйрету жағы ескерілмегенін; үшіншіден, қазақ тілін оқытудың 
келелі мәселелері (пән мазмұны, көлемі, жүйесі, әдістемесі) тұтастықта зерттелмей отырғанын 
атап көрсетті.
Осы құжатта алғаш рет қоғам мен мектеп реформасына сай тәуелсіз қазақ елінің 
мектептерінде ана тілі деп саналатын қазақ тілін оқытудың жаңа міндеттері анықталды. Ең 


28 
алдымен, ғалым қоғамдағы адам факторының алға шығарылуы білім саласын жетілдірудің 
түпнегізі болатынына мән берді. Мұнда ол ұлт, тіл туралы орныққан ескі көзқарасты түбегейлі 
өзгертудің тетігі ретінде «білім оқушының адами болмысын дамытуға бағытталуы тиіс» деген 
жаңа педагогикалық парадигма ұсынды.
Құжатта қазақ тілінің білім беру жүйесіндегі жетекші орны дараланды, қазақ тілінің жеке 
пәндік қызметі сараланды. Қазақ тілін оқытуда, ең алдымен, оқушының коммуникативтік 
дағдыларын дамыту керек, екіншіден, қазақ тілінің қоғамдық сипаты мен құрылысы туралы 
білім беру керек деген идея көтерілді. Ана тілі пәні оқушының тілдік сауаттылығы мен 
талғамын, эстетикалық қабілетін, ішкі сезімдерін дамытуға, ойлау қабілеттері мен 
дүниетанымдық мүмкіндіктерін кеңейтуі көздеуі керектігі де осы құжатта алғаш рет ғылыми 
дәйектелді. Теориялық білімнің көлемі оқушыға коммуникативтік дағды үйрету талабымен 
ұштасуы керек, теория практикаға негіз қалауы қажет, теория тілдің жұмсалуы жөнінде ұғым 
қалыптастыруға тиіс, оқу материалдары тілдің жұмсалу, түрлену диапазонын кеңейтуде 
ерекше орын алатын амалдар мен тәсілдерді қамтуы міндетті деген қағидаларын негіздеді.
Тілдік білім мазмұнының тәрбиелік сипатына да ғалым айрықша мән берді. Ол тілдің қоғам 
дамуына қажет әрі әлеуметтік, әрі мәдениеттік, әрі шығармашылық қор, байлық екенін таныту 
ғана болашақ қоғам иесі ретінде оқушының гуманистік санасын қалыптастыратынын атап 
көрсетті. Пән мазмұнында тілдің тарихпен, мәдениетпен, қоғаммен, тәрбиемен сабақтастықта 
меңгертілуі оқушының дүниетанымын, адами қасиеттерін қалыптастыруға оң ықпал ететінін 
тұжырымдады. Рақыш Сәтұлы «Қазақ тілі тек сауат ашып, қарым-қатынас шеберлігін, 
мәдениетін үйретіп қана қоймайды, бұл пән оқушыға социологиялық тұрпат қалыптастырады, 
оны белгілі бір этникалық, мәдени топтың мүшесі ретінде тәрбиелейді, ұлттық сана-сезімін 
қалыптастырады» деген ғылыми байламы арқылы тіл мен сананың, тіл мен ділдің өзара 
байланысына сүйеніп, пәннің тұлға қалыптастыру қызметін ашып көрсетті. Осылайша тіл 
арқылы ұлттық діл қалыптастырудың, тіл ұлтты ұйыстырушы мәйек екенін жас ұрпақ сана-
сына сіңірудің мәнділігін түйіндеп берді. Осыдан келіп тіл үйретуде, көркем мәтінге талдау 
жасауда, сөздіктер құрастыруда тілдік таңбаның грамматикалық, лексика-стилистикалық 
мағыналармен бірге ондағы мәдени ақпараттарды да ескеру қажеттігін тұжырымдады.
Профессор Р. Әмір тілді меңгертудің коммуникативтік бағытын күшейтудің басты жолы 
ретінде функционалдық грамматиканы жүйелеп оқытудың ұтымдылығын дәйектеді. Сөйлеуге 
үйретудің тәсілдерін, амалдары мен жолдарын табуды ұсынды. Білім мазмұнында ой-пікірді 
білдіруге қатысатын түрлі күрделі тәсілдерді, тіл бөлшектерін қамту қажеттігіне тоқталды. 
Бұл орайда тың ұсыныстың бірі «тіл жұмсауға үйрету үшін оқушыларға коммуникацияның 
негізгі типтері, соған сай туатын коммуникативтік талаптар, мақсаттар туралы жинақтап 
түсінік берген орынды» деген пікірі болды. Осы еңбегінде Р. С. Әмір сөйлеу тілін 
коммуникативтік-функционалдық жүйе тұрғысынан тани отырып, тілдік амал-тәсілдердің 
прагматикасын коммуникативтік жағдаятпен орайластыра ашудағы тұжырымдарын ұсынды. 
Шын мәнінде, бүгінгі таңда ғалымның осы ойлары әлі де толық жүзеге асырылмай келеді. 
Оның себептері көп. Мысалы, осыған дейінгі кезеңде жаңа буын оқу бағдарламалары мен төл 
оқулықтарда ұсынылған жаңа идеялар білім министрлігі тарапынан да, мектеп мұғалімдері 
тарапынан да жете ұғынылмай, көбінде теориялық білімге басымдылық беріп келді. Оған 
министрліктің мектеп түлегінің білім нәтижесін Бірыңғай ұлттық тестегі жалаң ережелерге 
«байлап қоюы» дәлел. Соның салдарынан мектеп түлектері қарым-қатынастың қарапайым 
қағидаларын біле бермейді; өз ойын, пікірін, көзқарасын мәдениетті түрде жеткізуге шорқақ; 
көпшілік алдында сөйлеуден қашқақтайды; өзінің ойын ашып айтуға жасқанады; тілдік-
грамматикалық білім көбіне схоластикалық жолмен игерілетіндіктен, ережелерді де құрғақ 
жаттайды, білімін өмірде дұрыс қолдана алмайды. Ал, өндіріске енген жаңартылған оқу 
бағдарламасында тіл жүйесі жоққа тән: шашыраңқы әрі жүйесіз, шала қалыпта ұсынылған. 
Ана тілі ретінде оқытылатын қазақ тілінің білім мазмұны мен оқу талаптары екінші тілді 
иегрту бойынша құрылымданған. Бұлардың ешбірі де ғалым ұсынған жаңа бағыттармен 
сәйкестенбейді. Сондықтан зерттеушінің «Коцепциясындағы» тұғырлы идеялар мен нақты 
бағыттарды жүзеге асыратын кезең келді! 


29 
Ендігі бір ауыз сөз ғалым аға қалыптастырған ғылыми мектеп туралы. Ғалымның 
жетекшілігімен диссертация қорғаған шәкірттердің бірімін мен де. ҚазМУ-ді бітірген соң, екі 
жыл Семей өңірінде мектепте мұғалім болдым. Рақыш Сәтұлы Ы. Алтынсарин атындағы 
Педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтына қайта оралған 90-жылдары сол 
ұжымда кіші ғылыми қызметкер едім. Аға біздің қазақ тілін оқыту лабораториясына 
меңгеруші болды. Сол кездегі институт басшысы болып тағайындалған ұлтжанды қайраткер, 
біртуар тұлға Немеребай Нұрахметов әр сала бойынша жаңа бағытта қызмет ететін 
мамандарды дайындау, шәкірт тәрбиелеу міндетін бөлім басшыларына сеніммен тапсырды. 
Бір жыл бұрын ғана аспирантураға түсу емтиханында алған ұпай саны жоғары бола тұра, 
конкурстан «құлатылған» менің ғылымға деген сеніміме селкеу түсіп, күдерімді үзген едім. 
Келесі оқу жылында Рақыш аға «аспирантураға тек қана өз кадрларымыз түсуі керек, сонда 
ғана мықты резерв дайындауға мүмкіндігіміз болады» деген уәжді алға тартты.
Алдымен, Алланың жазуымен, сосын Рақыш ағаның адал шешімімен сол жылы 
аспирантураға қабылданған топтың ортасында мен де ғылымға бет түзедім. Жетекшім болып 
Рақыш аға тағайындалды. Бұл – менің ғылым жолындағы ең үлкен бағым. Өйткені Рақыш 
Сәтұлы – алдағыны алыстан болжайтын, зерттеу жұмысының өміршеңдігіне, қоғамға, білім 
алушыға қажеттігіне ерекше мән беретін білімпаз ғалым, шәкіртін қияға самғауға үйрететін, 
жаңашылдыққа үндейтін, таптаурындылыққа жол бермейтін әділ сыншы, ғылымның қыры 
мен сырын дәл танитын жетекші. Маған қазақ тілін оқушылардың оқу мотивациясын 
қалыптастыра оқыту жолдарын зерттеу нысаны етіп ұсынды.
Жоғарыда аталған шынайы Ұстаз-Ғалымға тән ТЕРЕҢДІК, БИІКТІК, КЕҢДІК бір бойынан 
табылғандықтан, профессор Рақыш Сәтұлының есімі ғылыми ортада да, шәкірттер арасында 
да зор беделге ие. Ол кісі терең білімінің арқасында лингвистика саласында өзіндік із 
қалдырды. Рухы биік, мінезі кішік болғандықтан, айналасына адамдықтың өнегесін таратып 
келеді. Әр ісі ізігілікке толы, алды кең болғандықтан, тек ғылыми мектебіндегі ғана емес, 
өзінен дәріс алған барша шәкірттердің жүрегіне жол тапты. Рақыш Сәтұлы ғылым атты киелі 
өлкеге жол бастаған жетекші ғана емес, әкеміздей қамқор, жанашырымыз болды. Кісіліктің, 
адамгершіліктің, ғылымға адал болудың, шынайылықтың тағылымын дарытты. Ешқашан 
дауыс көтермейтін сыпайы һәм нағыз зиялыға тән ерекше қасиеттерімен, қарапайымды-
лығымен адамдық жолына жетеледі. Сондықтан осынау үлкен белеске көтерілген асыл Ұста-
зымызды мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық тілейміз. Ағамыздың асқаралы 
биіктері мен ғалымдық ғибраты бізге ақ жолдан адастырмас Темірқазықтай жарқырап тұра 
берсін! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   225




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет