Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет7/225
Дата31.10.2022
өлшемі12,23 Mb.
#46351
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   225
Байланысты:
ЖИНАҚ Ә. Рақыш (1)

Пайдаланылған әдебиеттер: 
Амир Р.С. Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. - Алма-Ата, 1972. -180 стр. -стр. 3-4 
 
Тымболова А.О.
филология ғылымдарының докторы, профессор
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
 
ҒАЛЫМНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ
 
Ұлы Абай: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол хакиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм 
адамдық дүр», -дейді өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.
Адамның ғылымды игеруі осы хақиқаттың растығын білу, оған құмар болу деген сөз. Абай 
ғылым жолына түскен адамды хақиқат жолына, Алланың жолына түскен жан деп деп 
есептейді. Ал оңай жолмен мал табу, пайда табу жолына түскендерден Аллаға ғашықтық, 
ғылым-білім хақиқаты табылмайды.
«Хақылық жолды дін деп атап ашты олар,
Бар әлемге жарықтарын шашты олар.
Адамзатты құтқаруға пәледен,
Мехнат шекті, төкті талай жасты олар» (С. Сейфуллин).
Мұндағы Сәкен ақынның дін деп отырғаны да ілім-білім. Абай да хақиқат туралы ойын 
Аллатағалаға иман келтіруден бастайды. Сонда дін дегеніміз бұл жерде білім, ғылым, иман 
байлығы ретінде беріліп отыр.
Жоғарыда келтірілген ақын қарасөзі «Ғұмыр өзі – хақиқат» деп аталады. Мұндағы негізгі 
кілт ұғым – ғұмыр. Себебі ақын «Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда 
кәмалат жоқ» дейді. Демек, ғұмыр болған жерде ғана болмыс туады. Сонда ғана адам әрекет 
етіп, жоқтан бар жасайды. Осы орайда, ұзақ жасаудың сырына да бойлағандай боласың. 
Аллатағала да өлшеулі ғұмырды босқа жүрмейтін адамдарға текке бермейді-ау деп ойланасың.
Өмірін ағартушылық қызметке арнаған ұстаз отбасында дүниеге келген біздің кейіпкеріміз 
де Алланың осы айтқан сипатына ғашық болып, жастайынан білімге ден қойып, алғыр боп 
өседі. Өмір белестерінде талай биіктерді бағындырады.
Бүгінде тоқсанға келсе де, жанын да тәнін де артық-ауыс нәрселерден аулақ ұстап, тік 
жүруінің өзі тектілігін білдірген, сыр бермей, сырбаз жүруінің өзі үлгіге айналған 
ұстазымызды осы ғұмырында көп іс тындырды деуге болады.


16 
Олай дейтін себебіміз, қазақ тіл білімінде коммуникативті синтаксистің негізін қалаған 
көрнекті өкілдерінің бірі, жетпіс жылға жуық уақыт ғылыми-ағартушылық салада аянбай ең-
бек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Әмір Ра-
қыш Сәтұлының ғылымда салған ізі айқын, тіл біліміне, педагогикалық ғылымға қосқан үлесі 
зор.
Бар саналы ғұмырын ұстаздық пен ғылымға арнаған, Қазақстан Республикасының білім-
ғылымының дамуына зор үлес қосқан ұлағатты тұлға бүгінде тоқсан жасқа келіп отыр. Осы 
ғұмырында ғалым үш салада, атап айтсақ, тіл білімі саласында, педагогикалық ғылымдар 
саласында, мектеп, ғылыми мекемелер үшін маман дайындау саласында аянбай еңбек етті.
Ғалымның мектепте қазақ тілін оқыту мазмұнын, әдістемесін жетілдіруге бағытталған 
алғашқы еңбектерінен бастап, тіл білімінің ең күрделі саласы синтаксисті зерттеуге ден 
қойғаннан кейінгі, синтаксистік парадигмада әдеби тілдің ауызша формасын қарастырудан 
бастаған барлық сүбелі еңбектерін қазақ тіл білімінің қоржынына салынған үлкен олжа деп 
білеміз.
Сөзіміз дәлелді болу үшін ғалымның ғылыми-шығармашылық және еңбек жолына шегініс 
жасайық.
Рақыш Сәтұлы 1955 жылы мектепте істеп жүрген кезінде Қазақ ССР Оқу министрлігі 
бұйрығымен педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтына ауыстырылады. 
Ғалымның алғашқы зерттеулері мектепке арналып осы кезден жазыла бастайды. Зерттеу 
жұмысын алғашқылардың бірі болып эксперимент түрінде жүргізеді. Бұл зерттеулерінің 
нәтижесінде «1-класта қазақ тілін оқыту» (1956), «Бастауыш кластарда қазақ тілін оқыту» 
(1960) деген кітаптары жарияланады. Бұлар дер кезінде қазақ мектептеріне арналып жазылған 
қажетті жақсы оқулықтар болды.
Ұлттық мектептің жай-күйіне алаңдаған ғалым мектепті реформалау ісіне бел шеше 
араласып отырады. Одан кейін де бұл мәселеден қол үзбей «Қазақ тілі пәнін қоғам, мектеп 
реформаларына сай жетілдіру концепциясы» (1988), «Жалпы білім беретін қазақ орта 
мектебінің концепциясы» (1990), «Қазақ тілі пәнінің білім берудегі оқушыны әлеуметтік тұлға 
етіп қалыптастырудағы негізі» (1992), «Қазақ мектебінің бүгіні мен болашақ даму бағыты» 
(2006) атты еңбектерін жазады. Бұл еңбектеріндегі жалпы білім сапасын көтеруге, қазақ тілін 
оқытудың әдістемесіне арналған ғалымның ойлары әлі де өзекті деуге болады.
Рақыш Сәтұлы Әмір 1961 жылы педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының 
директорының орынбасары қызметін атқарды.
1955 ж. кандидаттық, 1972 жылы Ғылым академиясына қарасты Тіл білімі институтында 
докторлық диссертациясын қорғайды.
1975 жылы ғалым С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология 
факультетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, 1974-1979 жылдар аралығында факуль-
теттің деканы болып тағайындалады. Факультетті басқарған кезінде қазақ және орыс тіл білімі 
бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын кеңестер ашуға күш салады. Өзі кеңестің 
төрағасы, Республикалық жоғары комиссиясының мүшесі болады. Сөйтіп республика 
бойынша Тіл білімі инситутынан кейінгі диссертация қорғайтын екінші кеңес ашылады. Орыс 
тіл білімінен диссертация қорғататын ғылыми кеңестің ашылуы сол кезде Қазақстан үшін ғана 
емес, бүкіл Орта Азия үшін де зор мәнге ие болады.
Сондай-ақ алғаш рет араб тілінен маман дайындау ісін жүзеге асырады. Бұл кейін 
университетте шығыстану факультетінің ашылуына негіз болады.
1979 жылы қайраткерлігімен танылған Рақыш Сәтұлы Әмір Алматы педагогикалық шет 
тілдер институтының ректоры болып тағайындалады. Институттың дамуына ерен еңбек 
сіңіреді. Бұл жылдардағы атқарған жұмыстары үшін Қазақ ССР Жоғары Советі 
Президиуымының Құрмет грамотасы, сонымен қатар Қазақ ССР «Құрмет белгісі» орденімен 
марапатталады. Бүгінде Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем 
тілдері деп аталатын университет ұжымы ғалымның еңбегін зор құрметпен бағалап отырады.
1992 жылы Рақыш Әмір Қазақ мемлекеттік университетіне оралып, таза шығармашы-
лықпен айналысады. «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи» (1990), «Жай 


17 
сөйлем синтаксисі» (1996, 1998, 2003), «Қазақ лингвистикасы мен лингводидактика мәселе-
лері» (2006), «Қазіргі қазақ тілі. Құрмалас сөйлемдер жүйесі» (2016) атты монографиялық 
еңбектері толықтырылып, өңделіп қайта жарық көреді. Ғалымның көз майын тауысып жазған 
бұл ізденістерінің теориялық табыстары қазақ тіл білімінің филологиялық базасын байытты.
Сондай-ақ ғалым қазақ тіл ғылымының тарихында ерекше орны бар «Қазақ тілінің грамма-
тикасы» (1967), «Қазақ грамматикасы» (2002) еңбектері авторларының бірі. Сонымен қатар Р. 
Әмірдің сөйлеу мәдениетіне арналған еңбектерінің өзі бір төбе екендігін де атап өткен жөн. 
Мысалы, «Тіл мәдениеті және баспасөз» (1969), «Шешендік сөз» (1973), «Интертекстуалдық 
мәдениет пен тіл мәдениетінің қарым-қатынасы» (1977) Сөз мәдениеті (1977), «Ауызекі 
сөйлеу тілінің фольклордың қазақ әдеби тілінің қалыптасуына әсері» (1986), «Тіл мәдениеті 
жөнінде» (1986) т. б. проблемалық мақалалары мен кітаптары соның дәлелі.
Ғалымның бірнеше мәрте Алматы қаласы халық депутаттары советінің депутаты, компар-
тия ұйымы пленумының мүшесі (1983-1987), Қазақстан Компартиясының делегаты болып 
сайлануы (1986) өзі сүйетін елі үшін, жас ұрпақ үшін бел шеше еңбек еткен қайраткерлік 
қырынан хабар береді.
Р. С. Әмір еңбектерін, зерттеулерін қолынан қаламы түспей әлі жазып келеді. Ауызекі 
сөйлеу тілін зерттеу, синтаксистің грамматикалық, функционалдық жүйесін жазу қазақ тілінің 
коммуникативтік жұмсалысын, қызметін көрсету талабына алып келгеннен кейін ғалым бұл 
мәселелерді өзінің сүйікті университетінде «Қазақ тіл білімінің актуалды мәселелері», 
«Синтаксистің коммуникативтік аспектілері» деген арнаулы курс ретінде ұзақ жылдан бері 
күні бүгінге дейін жүргізіп келеді.
Р. С Әмірдің жоғары дәрежелі квалификацияға ие мамандар дайындауда еңбегі зор. Ғалым 
23 кандидат, 2 ғылым докторын дайындады. Шәкірттерінің өзі бүгінде ізін жалғастырған 
белгілі ғалымдарға айналған.
Сөз соңында филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің құрметті 
қызметкері
, «Құрмет белгісі» ордені

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі 
үшін» медалінің иегері 
Рақыш Әмір ағайымызды торқалы тойымен құттықтай отырып, мықты 
денсаулық, жүз жасасын деген тілек білдіреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   225




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет