Момынова Б.Қ.
филология ғылымдарының докторы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
АУЫЗША ӘДЕБИ ТІЛДІҢ КОММУНИКАТИВТІК ШАРТТАРЫН
НЕГІЗДЕУДЕГІ ПРОФ. Р. ӘМІРДІҢ ҚЫЗМЕТІ
Кеңестік кезеңде В. В. Виноградовтың ғылыми зерттеулері әдеби тіл теориясына арналған
зерттеулердің бағыты мен жалпы теориясының қалыптасуына аса зор ықпалын тигізгені
белгілі. Ғалым әдеби тілді жалпыхалықтық тілдің бір тармағы ретінде қарастыра келіп, әдеби
тіл деген категорияларды құбылысты халықтың тарихынан ажыратып, жеке бөліп алып және
сөйлеу мәдениетінен тыс зерттеудің мүмкін еместігін ғылыми постулат ретінде ұсынды.
Әдеби тіл теориясының дамуының екі тарихи кезеңге: ұлтқа дейінгі және ұлттық – болып
бөлінуі айтарлықтай роль атқарды. Бұл екі кезең бір-бірінен құрылымдық белгілері мен функ-
ционалдық ерекшеліктеріне қарай ажарытылатыны дәлелденді. В. В. Виноградов еңбектері
ықпал еткен болар, қазақ тілші-ғалымдары қазақ әдеби тілі ұғымының сипаты мен мәнін
ашумен тоқталып қалмай, әдеби тіл мен жазба мұралар тілінің арақатынасын да белгілеп бере
алды.
Әдеби тіл теориясының қалыптасуы мен зерттелуінің келесі сатысы прага лингвистикалық
мектебі өкілдерінің еңбектерімен байланысты қаланды. Бұл мектеп өкілдерінің еңбектерінде
әдеби тіл нормасы, оның кодификациясы әдеби тілдің ең маңызды ұғымдары ретінде
қарастырылды, әдеби тілдің халықтық тілден, диалектілерден айырмашылығы туралы
концептуалды ойлары көрінді. Прага мектебі өкілдерінің еңбектерінде норма ұғымы алғашқы
рет тек әдеби тілмен байланысты шектеуге түспеді, ертеден келе жатқан және қоғамдық тілдік
тәжірибе арқылы тілдік құрылымдағы барынша тұрақты, дәстүрлі, іріктелген және
тұрақтанған элементтердің жиынтығы деп түсіндірілді. Яғни халықтық тілдің де өзіндік
нормасы, тұрақты қолданылып отыратын грамматикалық және лексикалық құралдарының
жүйесі болатыны, олардың жергілікті және әлеуметтік диалектілер негізінде қалыптасатыны
туралы айтылды.
Әрине, әдеби тіл нормаларының пайда болуы мен дамуының халықтық тіл нормаларының
пайда болуы мен дамуынан айтарлықтай айырмашылығы болатыны түсінікті. Әдеби тіл
мәдениет пен өркениетті өмірдің тілдегі көрінісі және әдеби тіл арқылы философиялық, діни,
ғылыми, саяси және ұлттың әкімшілік-құқықтық ойлау жүйесі вербалды амалдармен халық
санасында қалыптасады. Жоғарыда аталған мектептің өкілдері өз еңбектерінде әдеби тілді
диахронды және синхронды аспектіде зерттеуге көңіл бөліп, әдеби тілдің көпфункционалдығы
туралы айта отырып, халықтық тілдің монофункционалдығына тоқталды.
1940-50 жылдардан бастап әр түрлі әдеби тілдердің тарихын зерттеген еңбектер жарыққа
шықты. Қазақ әдеби тілінің тарихы, теориясының мәселелері осы жылдарда жазылған
еңбектер арқылы қалыптасты.
Қазақ әдеби тілінің функционалды стратификациясы туралы ой-пікірлер саралана келе, Р.
Сыздық, С. Исаев, М. Балақаевтардың, т. б. еңбектерінде теориялық тұжырымы жасалды,
терминдік аппараты тиянақталды. Осы жылдары қазақ әдеби тіліне байланысты мынадай
жайттардың ғылыми негіздері қаланды:
-қазақ әдеби тілінің тілдің өзге де өмір сүру формалары арасындағы орны анықталып,
функционалды ерекшеліктері көрсетілді;
14
-қазақ әдеби тілінің ұлтқа дейінгі ауызша түрі және ұлттық дәуірдегі жазба түрі туралы
ұғым қалыптастырылып, ғылыми негізделіп, тілдің норма мен оған қарама-қарсы құбылыс
жарыспалылықтың территориялық және түрлі әлеуметтік себептері ашылып, көздері
көрсетілді;
-жазба мұралдардың тілдік ерекшеліктеріне тоқталу барысында шағатай тілі, кітаби тіл
ұғымдары жөнінде түсініктер ғылыми айналысқа түсті, өзге әдеби тілдерге өз даму тарихымен
ұқсамайтын қазақтың ауызша әдеби тілінің жалқыстильдік сипаттан ХІХ ғ. ІІ жартысынан
бастап, көпфункционалды әдеби тілге айналуы ғылыми негізделді. Осы дәуірден бастап, қазақ
әдеби тілінің қоғам өмірі мен оның түрлі саласындағы коммуникативтік құрал болу қабілеті
көрінді. Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарымен айналыспаған қазақ тілші ғалымдары кемде-
кем. Соның бірі Р. Сәтұлы Әміров болды.
1972 жылы проф. Р. Әмірдің «Особенности синтаксиса казахской разговорной речи»
(Алма-Ата, 1972) еңбегі осы теориялық сілкіністерді ілгерілеткен іргелі еңбектердің бірі
болып жарыққа шықты. Бұл еңбек ауызша әдеби тілді зерттеудің өзектілігі, коммуникативтік
шарттары, маңызы, ауызша әдеби тілдің жасалуы мен ұйымыдастырылуындағы жай және
күрделі сөйлемдердің ерекшеліктерін жан-жақты талдап, саралап көрсеткен бірден-бір еңбек
санатында қалып отыр. Өйткені, сол кезде де, кейіннен де зерттеушілер әдеби тілге ауызекі
тілдің әсерін көбірек айтып, дақпырттап, бұл құбылысты тіл мәдениетінен ауытқу ретінде
зерттеуге тырысты. Әдеби тіл және ауызекі сөйлеу тілі, жазба әдеби тіл және ауызша әдеби
тіл туралы көбірек айтылып, жазылғанмен, әдеби тілдің ауызекі тілге әсері (кері әсер) өз
дәрежесінде әрі көп қозғала қоймады, аталған еңбек синтаксиске қатысты саналса да, ауызша
әдеби тілге жазба әдеби тілдің әлеуметтік себептері нақты фактілермен ашылып берілген
жалғыз да дара еңбек болды. Еңбекті қайталай оқи отырып, біздің бұған көзіміз тағы да жете
түсті.
Автор ауызша әдеби тіл түрінің лексикалық, грамматикалық және стилистикалық
жүйесінің біртектілігін дәлелдеуді мақсат ете отырып, ауызша тілдің әдеби өңдеуге қалай
ұшырайтынын ашуға күш салған. Автор өңдеудің екі кезеңнен тұратынынын айырып
көрсеткен:
1) ауызекі тілдің ерте кезде халықтың ауызекі шығармашылығы түрінде өңдеуден өту
кезеңі;
2) қазан төңкерісінен кейін қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың әсерінен
жазба әдеби тілдің ықпалына ұшырап, диалектілік айырмашылықтардан айырылу кезеңі, яғни
ауызша тілдің әдебилену кезеңі.
Осы кезеңді сөз арасында ғана жанамалай айта отырып, автор қаншама перспективті
бағытты айыра алғанын түсіну кере, көре білу керек, мойындау керек.
«Литературный язык, – деп көрсетті ол, – возникнув на базе разговорной речи, не только
использовал ее лексическую, грамматическую базу, опирался на те изобразительные возмож-
ности, которыми она располагала, но и в свою очередь обогащал ее своими конструкциями...
Но следует подчеркнуть, что истинное становление разговорной речи обусловлено развитием
письменного литературного языка... Но это не означает, что под влиянием «литературности»
разговорная речь теряет свою специфику. Напротив, оно постепенно совершенствуется» /1, 3-
4/. Осыдан соң автор ауызекі тілдің коммуникативтік шараттарын айту барысында:
а)үнемділігі, сөз тіркестерінің қарапайымдануы;
ә)аналитикалық құрылымдардың көбеюі;
б)ұзақ, шұбалыңқы құрылымдардың құлаққа естілуі жағымды, тез қабылданып, оңай
түсінілетін үзіктерге (бізше айтқанда сегменттерге яки синтагмаларға бөлінуі);
в)арнайы үнемді құрылымдардың ұйымдастырлуы;
г)синтаксистік құрылымдардың сөйлеу барысында қайта-қайта қайталанбауын көздеуден
барып туындайтын тіркесімдердің өзгертіліп жұмсалуы;
д)тыңдаушы мен айтушы арасындағы яки тараптар арасындағы эмоционалды байланыстың
орнауына ықпал ететін арнайы синтаксистік құрылымдардың жасалуы;
15
ж)диалогиялық тілдесім кезіндегі қосүнділік, т. б. көптеген ерекшеліктерді ашып көрсете
алды.
Автор әдеби тілдің болашақтағы дамуын ауызекі тіл дәстүрін сақтап барып, ілгерілетумен
байланыстырған. Бұл арада ғалым Ш. Баллидың «разговорный язык является единственным
истинным языком и нормой оценки всех прочих форм речи деген пікірімен толық келісетінін
жасырмайды. Ауызекі тіл нормаларын білмеу, ауызекі тілдің синтаксистік құрылымдарын
жастайынан мектепте үйретпеу сөйлеу тілін дұрыс қалыптастырмаудан басталатынын, бұл
мәселенің өз кезегінде ұлт тілінің болашағына ықпал ететінін, бала тілінің кітабиленіп, ресми-
леніп, қасаңданатынын, тіпті теле-, радиохабарларды жүргізушілердің тіліндегі айтарлықтай
кемшіліктер мен бір-бірінен айнымайтын стандарттар мен клишелердің, шаблондардың пайда
болуы мен олардың шығу тегін мектеп тәрбиесімен сабақтастыра келіп, әлеуметтік себебін де
нақты айта алған.
Осыдан 40 жылға жуық айтылған ғалымның пікірлері бүгінгі күні құнын бір мысқал да
жоғалтпағанын баса айту керек. Бәрі де әлі өзекті күйінде тұр, яғни ғалым өзі көтерген қазақ
тілінің аталған проблемасына жаны ауырғандықтан ат басын бұрған, терең зерттеп,
көрегенділік таныта алған.
Абыройлы жасында әділ сөзінен таймай, жасай беруіне тілектеспін!
Достарыңызбен бөлісу: |