Әдебиеттер тізімі:
1 Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 4 том «Тарихи тұлғалар» кітабы.1999
2 Бейсенов. Б. Жүсіп Баласағұн және «Құтты білік».1996
3 Жеке тұлға әлеуметтенуі. Презентация сайты.
4 Баласағұн Ж. Құтты білік / Аударған А. Егеубаев. – Астана, 2003. - 115-116 б.
5 Баласағұн Жүсiп. Құтты бiлiк. А., Жазушы, 2003
«ҚҰТТЫ БІЛІК» ДАСТАНЫ - РУХАНИ - АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БАСТАУЫ.
Бердибекова Ж.С., оқытушы. «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы. «Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжі, Алматы қаласы, Қазақстан
Резюме
В статье говорится о произведении Жусупа Баласагына «Благодатное знание», как о литературном памятнике в истории мировой художественной литературы. Мудрые наставления, обращенные к читателю способствуют развитию в нем духовно-нравственных ценностей.
Ключевые слова: Жусуп Баласагын, «Благодатное знание», духовно-нравственные ценности, знание.
Resume
In the article topical issues of Zhusip Balasagun «Beneficial Knowledge» as about a literary monument in history of world fiction. Wise discipling turned to the reader assist development in its spiritual and moral values.
Key words: Zhusip Balasagun, «Beneficial Knowledge», spiritual and moral values, knowledge.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адамзат мәдениетін, адами қасиеттерді терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Қазіргі заманда ғылым мен білім, ақпараттық технология, техника қарыштап дамыған сайын, адамның бойындағы рухани-адамгершілік қасиеттердің төмендеп бара жатқаны еш жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі заман сұранысымен сабақтастыра байланыстырып, оқу-тәрбие үдерісіне кеңінен пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Білім беруде ел тарихын терең қозғап, данышпан-ойшыл, ғұламалардың еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлестерін айтып, түсіндіру - білім алушылардың адами құндылық қасиеттерін қалыптастырудың негізгі жолы. Ұлттың, елдің дамуында ұлттық құндылықтардың алар орны ерекше. Оларсыз өркениетті ел болу да қиын. Сондықтан күллі әлемді сақтап қалатын бірден-бір жол рухани адамгершілік білім екені даусыз. Рухани-адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін-өзі тану» жобасының авторы С.А. Назарбаева «Өмір әдебі» деген кітабында: «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» дей келе, оған тек жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы ғана жетуге болатынын атап көрсетті. [1,Б.7] Сондай рухани кәусар іспетті, өмірімізге сара жол нұсқайтын, ізгі ниеттің нұрын құятын, өміршең туындылардың бірі деп, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастанын айтуға болады.
Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны - Ислам дәуірі әдебиетінің ең көрнекті туындысы. Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн - XI ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі Шығыс елдеріне мәшһүр болған данышпан-ойшыл, энциклопедист-ғалым, белгілі қоғам қайраткері. Жүсіп Баласағұнның есімін әлемдік әдебиет тарихына мәңгілікке жазып қалдырған бірден-бір әдеби мұрасы - «Құтты білік» дастаны. Бұл дастан қазіргі түркі тілдес халықтардың орта ғасырдағы тарихи, қоғамдық саяси-өмірі, ғылымы, әдебиеті мен мәдени дәрежесі, әдет-ғұрпы, тәрбиесі, наным-сенімі жөнінде аса қызықты, әрі қыруар мол деректер беретін көркем туынды.
Ақын «Құтты білік» дастанын хижра есебі бойынша 462 жылы (1070 жылы) жазып бітірген. Жүсіп Баласағұн сол жылы өз дастанын «Тамғаш қағанға» - «хандардың ханына» тарту етеді. Бұған риза болған Бограхан ақынға «ұлы Хас Хажыб» («ұлы уәзір», «бас кеңесші») деген жоғары атақ береді. Бұған қарап, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білікте» өзіне өте жақсы таныс мәселелерді мейлінше терең біліп барып жазғанын аңғаруға болады. [2,Б.243]
«Құтты білік» дастанының басты идеясы төрт ұстанымға негізделіп жазылған:
Біріншісі – мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы тиіс деп есептейді. Автор әділдіктің бейнесі ретінде Күнту патшаны көрсетеді. Ақын әңгімені әмірші-патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын болуы шарт. Білім мен өнерден құралақан жандар әділ билік жүргізе алмайтынын айтады. Жүсіп Баласағұн ел басқаратын әміршіге, бекке мейлінше жоғары талаптар қояды. Бүкіл елге билік жүргізетін адам ақыл-парасаты мол, білімі терең, өнер мен білімді жоғары бағалайтын, кішіпейіл, ақкөңіл, жомарт, қарапайым халықтың қамын ойлайтын, «көзі тоқ», «сөзі шоқ», «тілі майда» жан болуы тиіс. Сонда ғана мемлекет гүлденіп, қазынасы алтын-күміске толады, халқы бақытты болады деген пікір айтады. [2,Б.258]
Екіншісі – бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек төңірегінде сөз етеді. Бақ-дәулет мәселесі дастанда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.
Мемлекеттің күш-қуатын нығайтып, ел дәулеті еселеп артуы үшін патшаға істің көзін білетін адал, білімді көмекшілер керек. Ақын мұндай көмекшілердің бірі - әміршінің кеңесшісі, оның көрер көзі, естір құлағы саналатын адамы, елдегі барлық істі қадағалап отыратын уәзір. Ең бастысы - уәзір мемлекет басшысының жарлығын халыққа, ал халықтың талап-тілегін әміршіге жеткізіп отырады. Әмірші мен қарапайым халық арасындағы қайшылықты да дер кезінде үйлестіріп, кілтін тауып шешіп отыратын да сол уәзір екендігін айтады.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында:
Кездестірсең кедей жанды жолыңда,
Тамағын бер, сусын ішкіз, тілектерін орында
– деп, кедейлер, аш-жалаңаштар, жетім-жесірлер, кемтар жандар туралы айта келіп, ел билеген әкімдерді шапағатты, мейірімді, жомарт, нысапты болуға, мал-дүниесін мұқтаж жандарға үлестіріп беруге үндейді. [2,Б.265]
Үшіншісі – ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі уәзірдің баласы Өгдүлміш бейнесінде жырланады. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекілік, шындық пен өтірік, аңқаулық пен аярлық өзара қарама-қарсы қойылған. Сол арқылы автор айтар пікірін тереңдете түседі. Мәселен, ақын: «Ауырмаса - денсаулықтың қадірін білмейді, өлім болмаса - тірі кездің қадірін түсінбейді», «Қайғысыз адам - қуаныш сезімінің құдіретін толық сезе алмайды» деген секілді бірқатар философиялық пікірлер қозғайды. Дастанда Жүсіп Баласағұн ерекше мән беріп, зор шабытпен жазған аса маңызды мәселелердің бірі – адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Атап айтқанда, мұнда жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қол астындағы қызметшілеріне, балалардың өз әке-шешесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі құрметі қандай болу керек деген сауалға жауап берілген. Соның өзінде, Жүсіп Баласағұн жастардың өз әке-шешесіне көрсететін құрметі мен қызметін аса киелі құбылыс деп қарайды.
Ғұлама ақын Жүсіп Баласағұн бұл өмірдегі барлық нәрседен де білімді жоғары қояды, адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді тығыз байланыстырып қарайды. Қоғамда орын алған теріс құбылыстардың өзін ол адамдардың білімсіздігінен, надандығынан деп біледі. Дастанда оқу-білім, ғылым мәселелеріне арналған арнайы тараулар бар. Сонымен бірге, ақын мемлекет, қоғам, ел басқарған әкімдер, мораль, этика т.б. мәселелерге арналған тарауларында білімнің күш-құдіретін ардақтап, ғалымдарды көкке көтере мадақтайды:
Акыл - шырақ, кара түнді ашатын,
Білім - жарық, нұрын саған шашатын.
Білім - байлық, азаймас һәм жоғалмас,
Еш қарақшы, ұрыға да тоналмас!
Ақыл, білім бейне кісен кісіге,
Кісенді ашып бармас қылмыс ісіне (44, 76-77).
«Құтты білік» дастаны көтерген ең басты мәселе – тәлім-тәрбие ісі деуге болады. Дастанда жастарды тәрбиелеуді сөз ететін арнайы тараулар бар. Адам бойындағы жақсы мінез-құлық, әдептілік, кішіпейілділік, ең алдымен, адамның тәлім-тәрбиесіне байланысты деп түйеді. Сол себепті жас нәресте өмірге келісімен-ақ оны дұрыс тәрбиелей бастау – әке-шешенің қасиетті борышы екенін ақын жырға қосқан:
Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер,
Қос жалғанды бірдей көріп, күлімдер.
Ұлды үйрет күллі өнер-білімге,
Онымен мал-дүние табар түбінде.
Бақ ұлыңды, бекерге бос жүрмесін,
Бейбастақ боп кетер бекер жүргесін (44, 421-422).
Жүсіп Баласағұн өз оқырманын әдептілікке, кішіпейілділікке, мейірімділікке, имандылыққа шақырады. Сондай-ақ ол кісіні адамгершілік арнасынан шығарып, жұртқа әдепсіз, дөрекі, надан етіп көрсететін кейбір мінез-құлықтарға көркем сөзбен сипаттама береді. Мұндай жағымсыз мінездер: мал-мүлікке тоймайтын ашкөздік, сараңдық, мейірімсіздік, ашушаңдық, т.б. деп көрсетеді. Әке-шешеден тәрбие көрген, әдепті жандар қашанда нәпсісін тыя білетін, жомарт, бауырмал, сабырлы, инабатты болып келетінін айтады. Жүсіп Баласағүн әдептіліктің сан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды. Автор оқушысын абайлап, ойланып-толғанып барып сөйлеуге, тілге сақ болуға шақырады. [2,Б.270]
Қысқаша әрі мазмұнды сөйлей білу – әдептіліктің басы деген тұжырым жасайды:
Біліп айтқан сөз - білікті саналар,
Біліксіз сөз басынды жеп, табалар.
Қалар мұра - сөз, кісіден кісіге.
Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе (44, 64-65).
Төртіншісі – қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одғұрмыш бейнесі арқылы әңгіме болады. Ақын «қанағат» ұғымын философиялық категория ретінде қарастырып, ел басқарған әкімдердің бәрін қанағатшыл, нысапты болуға шақырады. Сондай-ақ ол дүниеқұмарлықты, ашкөздікті, парақорлықты өлтіре сынайды:
Ашкөзденбе, ұятты ойла, адал бол,
Ашық айтып, әділ іске жарар бол!
Мешкей тынып, сұғанақ көз кояр ма?!
Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?!
Сұғанақтық - дауасыз дерт, арылмас,
Күллі жиһан емі қонбас, жазылмас.
Барлық аштар, жесе ақыры тояды,
Сұғанақ көз, тек көрінде қояды (44, 219). [2,Б.272]
Қорыта айтатын болсақ, «Құтты білікте» күні бүгінге дейін өзінің құндылығы мен көкейкестілігін жоймаған жалпыадамзаттық құндылықтар мен ойлар айқын көрініс тапқан. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында айтылатын ақыл-парасат, оқу-білім, бала тәрбиесі, адамдардың өзара қарым-қатынасындағы ізеттілік, тілге сақ болу керектігі, қарттарға құрмет, ел басқаратын әкімдерге қажетті ізгі қасиеттер, тағы басқалар жайындағы моральдық, этикалық, дидактикалық, философиялық пікір-тұжырымдар – халықтың, қоғамның рухани-эстетикалық даму үдерісіне құндылық бағдар болып табылатын шамшыр
Достарыңызбен бөлісу: |