Әдебиеттер тізімі:
Назарбаева С.А. Өмір әдебі. – Алматы, 2001.
Келімбетов Н.Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері.Алматы, Раритет, 2011
ЖҮСІП БАЛАСАҒҰНИДІҢ «ҚҰТТЫ БІЛІК» ДАСТАНЫНДАҒЫ РУХАНИ - АДАМГЕРШІЛІК БІЛІМ БЕРУДЫҢ ІЗГІЛІКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Шалгынбаева З.К., жоғарғы санаттағы арнайы пәндер оқытушысы, «Бөбек» ҰҒПББСО,«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжі, Қазақстан, Алматы қаласы.
Махат Е. А., студент,«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжі, Қазақстан, Алматы қаласы.
Серғазы Н.Ж., студент, «Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжі, Қазақстан, Алматы қаласы.
Резюме
В статье автор раскрывает содержательные основы гуманизма и духовно-нравственные ценности, любовь к Родине, трудолюбие и другие человеческие качества с точки зрения педагогики, психологии, философии, описанные в поэме «Кутадгу билик» Ю.Баласугина.
Resume
In this article author shows meaningful basis of humanism, moral and spiritual, love to native land, diligence of human qualities from the point of view of pedagogics, psychology, phylosophy which were described in the poem of Yusup Balasaguny “Kutadgu bilik”.
«Білім – адам баласының ортақ қазынасы»,-деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «білім берудегі мақсат – қоғам мүшелерінің жоғарғы деңгейдегі адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени және тұлғалық дамуына әрі кәсіптік құзырлығына қол жеткізу болып саналады. Білім беру ұйымының басты міндеті–жеке тұлғаның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде қалыптасуы, дамуы және кәсіптік тұрғыда жетілу үшін қажетті жағдайлар жасау» делінген [1]. Өйткені, жас ұрпақты жан - жақты жетілген, ақыл - парасатты, ой - өрісі биік, бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеу – қоғамымыздың ең өзекті мәселесі.
Алайда, жан-жақты жетілген азаматты тәрбиелеу мәселесін және имандылық пен парасаттылықты, рухани-адамгершілікті дәріптейтін XI ғасырдың аса көрнекті өкілі, ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегінің орыны ерекше. «Құтты білік» дастаны адамзатты тура да әділ жолға бастайды. Ғұламаның «Кітап атын «Құтадғу білік» қойдым – Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деген ой-пікірі дастанның әрбір адам үшін құндылығын аша түседі.
Бұл дастан тәлім-тәрбиелік, ғибратттық, өсиет-өнеге, нақыл сөздер түрінде жазылған педагогикалық және психологиялық, философиялық тұрғыдағы еңбек болып табылады. Сонымен қатар, ғұлама ағартушы «Құдадғу білік» дастанында, «Ақылды – ұлы, білімді – білікті, қонса екеуі, ұлы етер жігітті», «Ақыл пайда бола, ұлылық толады, білім кімде сол білікті болады», «Білімсіздер бар кеселді көреді, емдемесе тектен-текке өледі», «Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, нұрын саған шашатын», «Ақылдыға қадір – құрмет лайықта, Ақымақ жан керең, сезбес айыпты!», «Білім – байлық, азаймас һәм жоғалмас, қарақшы, ұрыға да тоналмас!». Білік-білім туралы Жүсіп Баласағұни өзіне ақыл кеңес береді: «Білік біліп – төрден орын аларсың, Білік білсең, күшті, берік адамсың», «Білік-түпсіз, шетсіз-шексіз бір теңіз, қанша өімір, сарқылмайды білсеңіз!» [2].
Жүсіп Баласағұнидің осындай дидактикалық өсиет, ғибрат, ақыл-кеңеске құрылған дастаны 6500 бәйіттен тұрады. Дастанның соңында ақын қарттықтың келгеніне қоса достардың қатігездігін айта отырып, өзіне-өзі сабыр, өзіне-өзі тоқату, ақыл-кеңес айтады.
Жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, «Құтты білік» дастанының бүгінгі адамзат қоғамы үшін құндылығы мынада болып табылады:
- «Құтты білік» - халықтың құты, ырысы болған ілім;
- әрбір адамға бақыт сыйлайтын, құт әкелетін білім;
- ғасырлар бойында көзі ашық, көкірегі ояу кемел ұрпақтың бойына адамдық, азаматтық қасиеттерін, адалдық дәстүрлерін сіңіріп, жан-дүниесіне рухани күш дарытатын тәрбие тұжырымдамасы [3].
Ж.Баласағұнидің «Құтты білік» дастанында тәрбиенің практикалық мәнділігіне сәйкес мақсаты да көрсетілген. Адамды өмірде үш рөлге – азамат, қоғам иесі, отбасы иесі ретінде тәрбиелеуге ерекше орын берілген. Азамат ретінде адамға тән сапалар: кісілік, тектілік, парасаттылық, жолдастық, достық, рухтылық, мәрттік, серілік, антқа беріктік, аманатқа адалдық сияқты қасиеттерді ұлағат етеді. Дастанның мазмұны азаматтың кісілік қадір-қасиетін, мән-мағынасын, қыр-сырын терең сипаттауға бағытталған. Мәселен:
«Ұрпағыңның ұрпағына үлгі ет те –
Кісілікті кісілікпен құрметте!
Тірі кісі кісілігін асырсын;
Кісілікпен, ей, мәрт ерім, ұлы бол;
Кісілікке түсер содан ұлы жол;
Адамшылық жаса адамға, адам бол;
Адам атын мақтаныш қып адал бол!
Сонымен қатар, дастанда адамның Отаны, туған жері, атамекені алдындағы перзенттік парызы дәріптеледі. Елдің бірлігін, мемлекеттің мызғымастығын, халықтың байлығын сақтап қалу үшін ғұлама жастарды еңбекқор болуға, отансүйгіштікке шақырады, ерлік, батырлық, намыскерлік, жауапкершілік сапаларын жоғары қояды.
Ж.Баласағұнидің ілімі-ізгілік педагогикасының қайнар көзі, дастанда ізгіліктің сипаты, пайдасы толық ашып көрсетіледі. Ғұлама адам бойындағы ізгілік жақсы адамға тән екендігін айта отырып, жақсы адам мен жаман адамның өмірдегі мәніне салыстырмалы талдау жасайды. Жақсы адамның ешқашан аты өшпейтінін, жаман
адамның ешқашан аты аталмайтынын ескерте отырып, ізгі іс қай адамды болмасын жақсылыққа апаратын жол, құрметке бөлейтін қасиет екендігін меңзейді:
Ізгілік пен жақсы қылық –амалы,
Мұнымен ер екі дүниені алады.
Сен ізгілік тілер болсаң; одан да,
Кел ізгілік қыл, сөзіңді доғар да.
Адам бойындағы ізгілік оның ізгі ниетінен, ізгі сөзінен және ізгі қылығынан көрінетінін ғұлама өте көрегендікпен тұжырымдаған. Ізгі ниет -адамды ізгілікке, адамгершілікке итермелейтін ішкі күш, алғашқы түрткі, сондықтан оны адам бойында қалыптастырудың маңызы зор:
Жақсы болса ердің ниет-құлығы,
Іс-тілегі түгел болар ғұмыры.
Ниеті оң –тек жақсылық табады,
Ниеттен-ақ жанға сауап алады.
Ғұлама ізгі сөз сөйлеген адамның шапағатқа бөленетінін, ізгі сөзі арқылы өзінің білімділігін, ақылдылығын, даналығын, кісілігін танытатынын айтады:
Кісі көркі –сөз, бұл сөздің түрі көп,
Ізгі сөзді ерді мақта, тілі өрт!...
Тілмен адам өң береді сөзіне,
Жақсы сөзбен нұр береді өңіне.
Ізгі қылық, ізгі ниет пен ізгі сөздің іс жүзіндегі көрінісі, ол адамның мінез-құлқынан көрінеді. Ізгі қылық арқылы адам өзінің жақсылығын айналасындағы адамдарға күн нұрының шуағындай тарата алады, ай сәулесіндей көрсете біледі, жарқырап тұрған жұлдыздардай таныта алады [4].
Ізгілікті - адами қасиеттерді тәрбиелеуде Ж.Баласағұнидің ойынша, жоғары адамгершілік сана мен мінез-құлықты қалыптастыруда басты роль атқарады, соның негізінде ішкі және сыртқы дүниесі бір-біріне сай, рухани және дене әсемдігі өзара үйлескен жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге болады.
«Құтты білікте» ол, ең алдымен, даналық яғни қазіргі түсініктегі теориялық зерде туралы ой толғап, даналық табиғатын, оның ерекшелігін, туа біткен қабілеттер мен кейінгі білім жинақтаудағы адамның өз рөлі, таным процесінде ақиқатқа ұмтылу мәселелерін қарастырады.
«Құтты біліктің» негізгі айтар ойы – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды мықты, құтты ету. Кісілік кемелдену жолына түскен адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл жан. Дастан оқырманына құтберекемен, бақытқа өз адамгершілігін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Ондағы «өзіңді сақтау», «өзіңді ұмытпау» қағидасы адамның адамшылығын танытар қасиеті – адамгершілік пен кісілікті жетілдіруге бағытталған.
Дана ойшыл Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастанында:«Адам болмысының мәні және адамның әдебін ашатын ұғым ретінде ар-ұят алынады. Адамның адамгершілігін, оның тұлғасын ардақтайтын және көкке көтеретін – ар мен ұят. Адам бойындағы ар-ұят сезімі оның ибалылығын, қайырымдылығын, бақытын, әділетті ұстанымын, парасат-пайымын қанағатшыл құлқын асқақтатады.
Бек кісіге – керек ұят, ақыл, ар,
Зұлмат күш жоқ, ақыл – арды жапырар.
Ұяты бар адамдар пәк, момын да,
Ұятты іске тигізбейді қолын да.
Кімге тәңір берсе ұят, намысты,
Оған қоса бергені құт, даңқты!.
Ар-ұят – бұл адамның көркем мінезділігінің, тәрбиелігінің белгісі. Ар-ұят дегеніміз адам бойындағы кісілік пен кішіліктің, арлылық пен сыпайылылықтың негізі. Сондай-ақ, Баласағұни өз шығармасында білім мен ғылымның мәніне де зор көңіл аударады.
Білік – түпсіз, шетсіз-шексіз бір теңіз,
Қанша сімір сарқылмайды, білсеңіз!
Біліммен ер басын алып жүреді,
Ал, білімсіз басын оққа тігеді.
Білім алып, биіктей бер адам бол,
Ел ішінде мал атанған надан мол [5].
Жүсіп Баласағұнидің айтуынша, ізгілікті қоғамдағы барлық адам өздерінің қоғамдағы алатын орнына қарамастан өз бақытын табуға мүмкіншілік беретін осы жол. Кім қайырымды болып, жамандық атаулыдан безсе, соны бақытты адам деуге әбден болады. Нағыз бақытты адамдардың ынтымақ-бірлігі халыққа риясыз қызмет етуінде.
Баласағұнидің көздеген мақсаты – ізгілікті басқару идеясын негізге ала отырып, ізгілікті қоғам орнату.
Қорыта келгенде «Ізгілік» - әр кісіні де ізгілік жасауға үгіттеу. «Құтты білік» дастаны адами өмір – ізгілік жасау екенін ұқтырады. Адамның өмірден табар қызығы біршама көп болса да, соның ең өзектісі, нәрі ізгілік екен. Адамның тірліктегі көп қызықтан көзі қарығып, алдамшы дүние мен баянсыз байлықтың жетегінде кетпей, ізгілікті жол етіп ұстануы-қасиеттілік, адамның адамдық ерлігі. Адам атын, өмір мәнін сақтаушы – Ізгілік.
«Адамдардың жақсы қылықтары мен қасиеттерін жетілдіре білсе, қоғамды да жақсартуға болады»,-дейді Ж.Баласағұни.
Артына өшпес мұра қалдырған Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегі – бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін теңдесі жоқ қазына.
Әдебиеттер тізімі:
Достарыңызбен бөлісу: |