2.2 Ғ.Мүсірепов шығармасында «ана» бейнесіндегі психологиялық көріністі сипаттау, көркемдегіш тәсілдер арқылы талдау
Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.
Жазушы шығармаларындағы әйел-ана бейнесінің ішінде өзінің көркемдік бітімімен ерекшеленетін дара, кесек, қайталанбайтын бейне – Ұлпан бейнесі.
Қаламгер ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірін терең зерттей келе, қоғамдық өзгерістерді, шынайы оқиғаларды, адамдарды шығармаға негіз етіп алды. Тарихи оқиғаларға Ұлпан өмірімен байланыстыра, ұштастыра суреттейді.
Жазушы өзінің күнделігінде «Ұлпан» шығармасы туралы былайша толғанады: «Әрбір жазушының ойында әр кезде өзімен жасасып толыға түскен бейнелері болу керек. Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, мінезі, мейірім т.т.
Джоконда маған мұңайыс пен жымию сиқыры сияқты елестейді. Мен сиқырға бара алмадым, кәдуілгі тірі әйел бейнесін жасамақ болдым. Горькийдің бағытын ұстандым. Ұлпанда романтизм бар деп те ойламаймын. Орыс сыншылары Ұлпан бейнесінде аңыз бар десті. Мен жоқ деймін, Ұлпаннан бірнеше ғасыр бұрын өткен Абақ, Қарақабат, Ақкелін, Домалақ ене тағы басқа рулы елге ұран болған әйелдеріміз болған ғой!» [13,9 б.].
Ұлпан – тарихи бейне. Сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын бейнесін, асыл қасиеттерін жинақтаған шынайы образ.
Шығармада Ұлпанның сезімі, адамгершілігі, адалдығы, зеректігі, парасаттылығы мен өткірлігі, өжеттігі келісті бейнеленген. Ұлпанды өзге йәел-ана образдарынан даралап, оқшаулайтын қасиеттер бар.
Ол – қашанда елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаушы, қамқор ана. Өз қара басының бақытын ғана емес, бүкіл жұрттың, елдің қамын ойлап, соған қызмет етуші жан.
Артықбайдай батырдың қызы, атақты батыр, аты шулы әділ би атанған Есенейдің жары, сенімді серігі Ұлпан – адамгершілік қасиетті биік ұстаған зерек жан.
Есенейдің өзі «менің Есенейім – Ұлпан» деп Ұлпанды айырықша пір тұтты. Өзінің өжеттігімен, зерделілігімен, адалдығымен, ибалылығымен, сұлулығымен Есенейді өзіне тәнті ете білген тұстарын жазушы нанымды детальдар арқылы көркем шеберлікпен суреттеген [14,145 б.].
Қаламгер бүкіл өмірі шиеленіскен күресте, арпалыста өткен Ұлпанның өмірі арқылы дәуірдің әлеуметтік шындығын суреттейді. Жазушы айтқандай, «Өз заманынан бұрын туып, арманда өткен үлкен жанның» өмірі басқаша аяқталуы мүмкін емес еді, деп жауыздар тобымен шиеленісіп өткен Ұлпан өмірі трагедиямен аяқталады.
Ұлпан көне ескілікке, феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күресе білген, жанашылдыққа, жаңалыққа ұмтылып, халқына үлгі-өнеге көрсете білген жан. Оның бұл қасиеттері оны асқақтата, биіктете түскен.
Жасынан ерке, ығыспай сөйлейтін зейінді, зерделі Ұлпан бойында өткірлік, қаһармандық та бар. Оның ел халық намысы үшін күрескен тұсы, әсіресе, Сибан жорығы тұсында ел анасы болумен қатар, елді бірлікке, батырлыққа, ерлікке шақырады.
Оның адамгершілік, ізгі қасиеттерін, биік тұлғасын халық аса жоғары бағалады. Өмір бойы ел алғысына бөленген Ұлпанды, өлгеннен кейін де ұмытпай оны әулие тұтып, аруағына сыйынған [14,147 б.].
«Ұлпан» – тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней – қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол Шыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылғыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.
Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп – айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей – Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?» − дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің» [7,138 б.], – деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды» [7,139 б.], – деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.
Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор – Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса).
Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса – опақ, тұрса – сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін», – деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.
Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу – Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан – аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері [14,80-87 бб.].
Енді жазушының шығармаларындағы әйел бейнесін суреттеудегі көркемдік ерекшеліктеріне тоқталсақ. Көркем сөз шебері Ғ. Мүсіреповтің шығармаларында қазақ әйелінің сыртқы сыр-сымбаты мен ішкі рухани әлемінің сан қатпарлы, мол иірімді ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени белгілерін танытатын бірліктер жиі кездеседі. Біздіңше, бұл ұғымдарды шартты түрде мынадай көркемдік ерекшеліктер арқылы көрсетуге болады:
1) «Сұлулық»:
Шешесі еркек көзі бір қадалмай өте алмас ажарлы адам екен...
Шешесі Несібелі сұлу да сүйкімді кісі еді, соған тартқан ғой... Уысың толар бұрымның астынан мойны ағараңдайды, қара көз, ақ маңдай... Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды. Естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретін қыздар болатын... Әр әйел өзінше сұлу болу керек, қара ат сұлу ма, торы ат сұлу ма демейміз ғой? Көркем сұлу дейміз, ажарлы дейміз, сүйкімді дейміз, сымбатты дейміз, бәденді дейміз... [7,195 б.]. Қамыс басының сыбдырын аңдыған елік лағындай, аяғын тықырсыз басып, елең қағып, ауыз қораның қақпасына жақындады. Тас бедерін шымшып басқан елік баласындай, бар денесінде сергек те ширақ сұлулық бар екен [8,130 б.].
2) «Бауырмалдылық»:
Айтолқынның бәлденіп-баптанып болуына қарамай, Шынар Ұлпан тобына барып қысылып қалды. Құшақтаса кетердей үзіле қарап келеді, Ұлпан да сондай күйде екен.
− Сенбісің, ей, айналайын? – деді.
− Мен ғой...
− Айналайын-ай, қандай бауырмал едің? – деп Несібелі Шынардың бетінен сүйді [7,183 б.].
3) «Қарапайымдылық, ақылдылық»:
Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді [7,180 б.]. Итаршысы көп, татымы жоқ, тұяқ санаған бос өмірден көңілі суынған, қызығары қалмаған Көпей мырзалық-сараңдықты сән көрмей, алыс-жақынға бірдей қарайтын. Жұманды жұрт ұната алмайтын да, Көпейді қия алмайтын [8,129 б.].
4) Қазақ әйелі өз ұлтын мақтан тұтады, халқына жанашыр:
− Көсем болып алған соң бұл әйел не істей алды?
− О, істемегені жоқ!.. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде біздердей біреуге ана жақтан, біреуге мына жақтан аттамалатып берген жоқ, ауыл-ауылға қыстауды да, егінді шабындық жерді де тұтас берді... Бұл араның қазағына егін салдырды, шөп шаптырды, қыстау салғызды [7,198 б.].
5) Қазақ әйелі жаңаға үйір:
Әуелі жолды, одан соң үш ат жеккен пәуескені Ұлпан көңіліне бір түйіп алды... Ұлпанның ойына «орыс үйі» деген тағы бір түйін байланды... Ұлпан монша деген тағы бір түйіншекті көңіліне түйіп алды...
6) Қазақ әйелі – салт-дәстүрді сақтаушы:
Ұлпан үлкендерге бұрылып бір тізелеп сәлем етті. Шынар да соны істеді, ұяла, ұяла, бетін жаулығымен бүркемелеп сәлем етті [7,202 б.].
Сөз зергері Ғ.Мүсірепов халықтың рухани және материалдық мәдениетін, салт-дәстүрін, төл тарихын, дүниеге көзқарасын, ұлттық болмысын таныту, ұлттық рухты бойына сіңіру әйел-ананың жан-дүниесінде тұтасып, жинақталғанын шығармаларына алтын арқау етіп өреді. Жазушының әйел туралы туындылары біріктірілген «Қазақ әйелі» циклі оқырмандарға Нағима, Ақлима, Күләш, Майра, Ұлпан т.б.әйел-аналар бейнесі арқылы қазақ әйеліне тән дүниетанымды танытады.
Ғ.Мүсірепов ескі мен жаңа заманнның тартысын «ер мен әйел» қарым қатынасы арқылы ұлттық болмысқа сай етіп шебер бейнелейді:
Жұман ұзын қара бурыл аттан түсе қалды да, үлкен ақ үйін тіктіре бастады. Қаңтарулы аты қасында, қамшы мен шылбыр белінде. Көпей бәйбішенің қай жерден қапы кетерін аңдып, ақырып қалуға әзір отыр. Бұл мінезге он бесінен үйреніскен бәйбішесі баяу қозғалса да, бабын тауып, мін тақтырар емес [8,130 б.].
Ерінің бір ескерткенін ендігәрі қайталатпауға дағдыланған сылаң тоқал Айғанша қысыр жыландай жүйткіп жүр. Кілем-көрпе төсеулі, күмістеткен сары ала тегене сапырулы, керектінің бәрі бар, артық еш нәрсе жоқ. Көшіп шыққаннан бергі он екі күннің ішінде (Игілік) биден бір хабар алмаса да, дәл бүгін осы арадан кездесетінін білгендей, Айғанша бәрін бапты ұстапты [8, 143 б.]
Жазушы танымындағы «қыз» концептісін төмендегі мәтін арқылы беруге болады:
Шешесіне тартқан үлкен қара көзді, қара торының әдемісі аталып келе жатқан, бар мінезі әдептен жаралғандай, ұялшақ Назыкеш үйге кірді де, қою кірпіктерін қағуға да бата алмай, үнін де шығара алмай Айғаншаға қарап тұрып қалды. Көп үстіне амалсыз кіргендігінен ұялып, қызарып барады. Отыра кетуге ұялып тұрған жас қыздың енді ғана жұмырлануға бет алған тіп-тік денесі де түгел көзге түсіп қалды. Ашылуға ұялып тұрған еріндер бір ауыз сөз айта алар емес. Жаратылысында аз ғана күлімдеп тұратын тұнық қара көздерінің жанары қызғылттау ұшқын шашып, танадай жарқырайды [8,128 б.].
Ал мына мысал қазақ халқының әйел мен бойжеткен қыздың көпшілік жиналған жердегі әдеп нормасының тілдік дәйегі болып табылады:
– Ие, жай келген жоқсың ғой. Апаңның дені сау ма? Ұялатын боп, бой жетіп қалыпсың ғой өзің!.. – деген Айғаншаның ақырын сыбыры еміс-еміс қана естіледі де, Назыкештің бірдеме дегені күрең тақияға тағылған бір шоқ үкінің дірілінен ғана байқалады [8,128 б.].
Әйел бойындағы сезімталдық, алдағыны болжар көрегенділік пен сұңғылалық бүгінгі тілмен айтсақ, «әйел – дипломат» деуге негіз болады:
Жұманмен жылдар бойына созылатын даулар Көпеймен бір-ақ кездескенде бітіп қалатыны да болушы еді. Жұман дауласып дау ала алмайтынын жақсы білетін Көпей бәйбіше, сол абыройсыздыққа жібермей, көп нәрселерді ептеп жіберетін [8,132 б.].
Ғ.Мүсірепов танымындағы «ана» бейнесінің көрінісі:
1. «Ана сұлу, ана бақытты»:
«Айналайын, күнім, Биағам» деп, баласын бауырына қыса түсіп жатып, әйел қалғып кетті. Бар бейнеті ұмытылған. Жадыраған жүзіне ана сұлулығы, ана бақыты шыға келіпті... Мұндай мейірімді сұлулық ана жүзіне ғана шыға алса керек... Жүзіне осындай мейірім шыға келгенде ғана ана сұлулығы танылса керек... [10,38 б.].
2. «Ана ар¬ұят, обал ¬сауап...»:
«Сорлы ана денесінен дене бөлініп, бір адам екіге бөлініп, ауыр бейнеттің ақтық сағатын өткізіп жатыр.
– Кет деймін... Неткен ұятсыз едің... дейді әйел, әлсіреген қолдарымен мені кеудеге итеріп» [10,49 б.].
«Бала бажылдап қояды. Мен үй тасасында әйелді қымызға шомылдырдым.
– Қымыз исі келе ме, немене? – деді әйел. – Обал¬ай...» [10,50 б.].
3. «Ана – мейірім»:
«Ана тал түбінде жұдырығын түйіп жатқан қызыл адамға мейірімді көзінің барлық нұрын төгіп қараған сайын бетіне қан жүгіреді. Ананың нұрлы көзі баланы ақырын ғана, еркелетіп қана сипағандай болады. Таңертеңгі тымықта күннің көзі ғана осылай сипай алады дүниені» [10,65 б.].
4. «Ана – өмірдің иесі»:
«Бұл әйелдің неге мұнша күшті екенін түсіндім деп ойлаймын. Бұл өмірдің иесі, бұл ана, бұл ұлын сүйеді. Ұлын сүюі, ол ұлы өмірдің бір ұшқыны ғой. Кім біледі, мүмкін, ол ұшқыннан әлденеше ғасырға кететін жалын туар... Мүмкін жерді жылытып, бақыт себетін адам болар... » [10,71 б.].
5. «Ана – әділ кесім шығарушы»:
Бұдан әрі сөйлесер сөз қалмағанын Мария ана да мана білген. Сондықтан әрі азамат, әр ана, ананың айнымас кесімін айтты:
Өлім егушіге – өлім! – деді.Үстіндегі қара киімін баласының кеудесіне жапты да, жарқылдаған қанжарды қара жүрекке қадап жіберді. Баласының жүрегі қай жерде екенін жақсы білетін ана қолы қателескен жоқ: қанішер тырп етпестен қатып қалды [10,27 б.].
6. «Ана – баласы үшін отқа да, суға түсуші»:
«Нағып қорықпай қуып келдің демеңдер: он бесімде өзім де тап осы қызымдай едім; сендердің қолдарыңда кетсе, енді он бес жылдан кейін қызым да тап қазіргі мендей болмай ма? Мен үшін бұдан артық қорқыныш та жоқ, қорлық та жоқ. Сол мені айдап әкелген! Берсеңдер, тірі алып қайтам, бермесеңдер өлі алып қайтам! – дейді» [9,11 б.]. «Өзім көзім қарайып, обалымды пышаққа артып, қанымды шашайын деп жүрген адам, сар кездікті жұлып алып, жүгіріп келіп шалқасынан жатқан болыстың жұтқыншағынан салып кеп жібердім. Сағалатып тұрып өкпе тұстан тағы бір¬екі рет бұлғап бұлғап алдым да, ұмтылдым¬ ай кеп Қара сақалға... » [10,14 б.].
7. «Ана – қайсарлық үлгісі»:
«Тек отыз өрім қамшы ғана әйел арқасында жыландай ысылдайды. Анада үн жоқ. Асыл жігер мен құр өктем күш кездесіп қалып, біріне бірі тізе бүгер емес...Қамшы сарт ете қалғанда ана көзінен от ұшқыны да жалт етіп қалады. .. Ана тістері тіл қақпасын тас бекітіп тастапты, қарысып қалған жақтары тісті тіске айқастыра түседі... » [10,76 б.].
8. «Ананың жүрегі кең»:
«Енді, міне, Ақлима апай көрінген жұртқа балам келе жатыр деп, күтіп отыр. Кесілген томардай мүгедек емес, қанатын кере сілтеп, ақ иық, мұзбалағы ұшып келе жатқандай күтеді. Өз ұлының аты Қасым екенін қмытып кеткендей, Сапар жаным келе жатыр деп күтеді...» [10,82 б.].
«Жарқын жүзді, жайдары мінезді, балажан Әмина балалар үшін өз шешелерін ұмыттырған шеше еді. Мейірімді шеше, сергек шеше, сенімді шеше. Қай баланың аяғына қай күні қандай шөгір кіргенін білетін шеше. Балаларға оның жымиғаны да қуаныш, арқасынан қаққаны да қуаныш, болмашы бірдемені айтқаны да қуаныш» т.б.
Ғ. Мүсіреповтің суреттеуіндегі әйел-ана – балаларға ана тілінің байлығын, «жалынды сөз, жанды сөз, астарлы сөздердің» айтылуын, мән-мағынасын үйрететін, сөз құдіретін нәзік сезінетін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаушы әйел. Мысалы, «− Күйеужан, өзің де төменірек ысырыл. Қайын жұртына келгенде күйеу жоғары отырмайды, қалыңдық жоғары отырады, − деді Айжидек деген жеңгем.
− Онда сіздің елде қалың мал төлейтін күйеу емес, қалыңдық болды ғой! − деді Күйекбай.
Айжидек тілді адам еді – Шырағым, құдай қосқан жарың болсын десең, сауда – саттығыңды бұл араға әкеліп тықпалама! – деді.
− Қазақта сатып алмаған қатын бар деп естіген емеспін! – деді біздің болашақ жарымыз.
− Шырағым, күйеужан, білгің келсе, қазақта саудагер деген арам сирақ шыққанша бір қыз сатылған емес! Қазақтың «қалың мал» деп алатыны-жасау деп беретінімен түп – түгел қайтарылып отырады. Оның шын аты – екі жақтың да балаларына бөліп шығарған еншісі болатын. Ауылыңда есі дұрыс ақсақалың болса, әуелі содан сұрап келіп айтыс менімен!» – деді Айжидек» [10,51б.].
Қазақ халқының салт-дәстүрінде әйелдер өзі келін боп түскен әулеттің үлкендерінің атын атамай, оларға лайықты ат қоюға тиісті болғаны белгілі. О баста табумен байланыстырылған «ат тергеу» дәстүрі бейнеленетін дүние суретінің ұлттық сипатын, ұлттық бояу-нақышын білдірумен бірге шығарма кейіпкерлерінің мінез-құлқын сипаттайтын тілдік амал-тәсілдерге де жатады. Мысалы,
– Жеңешеке-ау, айта ғойшы, Жігітжан қайда? Манадан бері іздеп таба алмай жүрміз... Қыз қайда, жеңеше?.. [10,44 б.].
Қазақ есімдерін зерттеген белгілі ғалым Т.Жанұзақов: «...ат тергеуде әйелдердің мәндес сөздерді (синонимдер) шебер қолданғаны байқалады. Бұның өзі әйелдердің ой-өрісінің кеңдігін және тіл байлығының байтақтығын көрсетеді. Ат тергеу дәстүрінде олардың ерекше тапқырлығы, ойының ұшқырлығы, қара сөзге дес бермейтін шешендігі көрініп тұрады» дегенді айтады. Жоғарыда келтірілген мысалда қайынсіңлісіне ат қоярда жеңгелерінің не себепті қарама-қарсы жыныс атауын қолданғанын төмендегі мысалдан көруге болады:
...қалың қасіреттің ойнағы етіп, Шәйзаны ауыр тұрмыс илегендей... Бірақ, бұлардан Шәйза мұқалмаған: қайғыға қарсы тұрған тұла бойы қайрат тәрізді... Әйел баламын деп үйде отырмайды. Терезені алып қалған ақ күртікті қопаратын да Шәйза, қамыс қопаратын да Шәйза. Екі сиырдың астын тазалап, шөбін салатын да Шәйза. Шәйза мұның бәріне де қабақ шытпайды. Қайта сығырайған қоңыр үйшіктен жарық дүниеге шыға келіп, сояу қамысты қос қолдап суырғанда, шері тарқағандай болады. Алқымына тығылып тұрған бірдеме лықсып төгіліп, Шәйзаның кеудесі босағандай болады...Екі қолдың қаруы талай суырманы тұмсықсыз, талай күректі сапсыз қалдырды. Шәйзаның үсті-басы қайнаған қайрат [8,192 б.].
Жаратылысы нәзік қыз болса да, бас көтерер әкесі болмағандықтан, кедейліктен ауыр тұрмыстың тауқыметі басына түскен соң оған амалсыз мойынсұнып, өзін қайрап, ерлерге тән қайсарлықпен әйел төтеп бере алмайтын ауыр жүкті қабақ шытпай көтерген қайынсіңлісінің болмысын дөп танып, дәл басқан қазақ әйелдерінің тапқырлығына таң қалмасқа болмайды. «Ат тергеу» қазақ келіндерінің тапқырлығы мен ойлау жүйесінің ерекшелігін танытады. Осыған қатысты мысалдарды өз туындыларында қазақ халқының шынайы болмысын, дүниетанымын, ұлттық психологиясын, менталитетін дөп басып, шебер таныта білген Ғ.Мүсіреповтің шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Мысалы,
– Ойбай, қайнағаның үйіндегі шешей-ау, бұдан артық не болар деп отырсың!..Осы қаланың бәрі көріпті. «Бұзау атаң» үйінің баласы да, «Шикіл» шалдың қатыны да, үлкен баласы да, «Төрттен астам» үйінің келіні де, «Таза жіп» үйіндегі солбыр да, сәтсіз күн үйіндегі «Шаппа» да көріпті [15,82 б.].
...Одан соң әйелдердің бір қасиеті, жұрт алдында шалабы шайқала бастаған адамды жүндей түтеді. Бұрын біреуі оп-орынсыз-ақ «Төре жігіт», «Жалқы жігіт», «Ауылнай», «Тентегім», «Ортаншым», қайнаға деп, атын атамай «сыйлап» жүрсе, оның мысы шыққан минутта-ақ атын атап, атына атақ қосып жібереді. Сиыры құрысын, өлмесе өрем қапсын, керек болса ауылнайдың өзі асырап аоар, енді ол қораның маңына барма деп, «әлгіні» үйден шығармай қойдым... [15,102-103 бб.].
Күйеуінің туыстарына ат қоюға шебер қазақтың бұрынғы келіндері қандай жағдай болса да, олардың өз аттарын тікелей атамай, өзге жанама аттармен шебер ауыстырып, қиыннан жол тауып отырғаны аталған мысалдардан айқын көрінеді. Мысалы, «Төрттен астам» – Бесбай, «Жүзден жиырмасы кем» – Сексен, «Бұзау атаң» – Танабай, «Сәтсіз күн» – Сейсенбай, «Шаппа» – Балта, «Шикіл» – Сарыбай есімді қайыната, қайнаға екенін қазаққа тән тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабары бар әрбір адам оңай шеше алады.
Манадан ешкімді кездестіре алмай тұрған әйел, асығыс болса да, аз кідіріп, қарай қалған Байшегірге алыстан айқайлап:
– Үлкен кісі, жүзден жиырмасы кем ауылының жігіттері қайда жатады екен? Білсеңіз, жөн сілтеп жіберіңізші, – деді.
Әйелдің сұрап тұрғаны Сексен ауылының жігіттері екенін аңғармай қалған Байшегір:
– Шырағым, ондай оспағыңа шорқақ едім... Пайғамбардың ауылы болса да, атын аташы! – деді.
Әйел біреу естіп қалмас па екен дегендей, айнала бір қаранып алды да:
– Тәңірі деген, жүзге жиырмасы жетпесе сексен болмайтын ба еді!... Сексен ауылының жігіттерін сұраймын, – деді енді турасынан тартып.
– Е, Сексен ауылының жігіттері ме? Ана баракта, арғы шеткісі... – деп Байшегір иегімен нұсқап еді [8,169 б.].
Үлкен адамның атын атау келін үшін анайылық, көргенсіздік деген халқымыздың «ат тергеу» салтын ізеттілік, әдеп-иба, көргенділік пен тектіліктің биік көрінісі, ғажап үлгісі санаған.
Сонымен, Ғ. Мүсіреповтің «қазақ әйелі» бейнесін суреттейтен әңгімелерінде халық өмірінің тарихи асулы, қилы кезеңдерінде ер жүрек, өткір, жігерлі мінезімен, ісімен көріне білген аналар өз ұрпақтарын, Отанын, елін-жерін азаматтармен қатар тең дәрежеде қорғай білетін ер ана, данышпан әйел, өз баласы үшін жанын да беретін, жауыздыққа қарсы тұрып, нақты кесімін айта алатын жігерлі халық қамқоршысы, Отанына абыройлы еңбек етуді мақсат ететін еңбеккер, сонымен бірге өнерпаз әйелдер образдарын көре аламыз.
Жазушы шығармаларында әйел-ананың құдіретімен, қасиетімен, жігерлілігімен қатар, әйел өмірінің, мінез-қырларының тың сипаттарын көрсетуге барды. Олардың бейнесін жаңа көркемдік құрал, ғажайып бояулар арқылы сомдаған.
Достарыңызбен бөлісу: |