Қозғалыстың нейрогенді бұзылысы келесі топтарға бөлінеді:
• Гипокинезия — ерікті қозғалыс көлемінің және жылдамдығының шектелуі.
• Гиперкинезия — артық еріксіз қимыл - қозғалыстардың орындалуы.
• Гиподинамия —қозғалыс кезіндегі қимыл белсенділігі және жиырылатын бұлшықет күшінің төмендеуі.
• Атаксия — қозғалыс тепе-теңдігінің бұзылысы.
Қозғалыс реттелуінің анатомиялық жүйесі
Қозғалыстың реттелу жүйесіне пирамидті және экстрапирамидті жүйе, қозғалыс тепе-теңдігінің реттелуіне жауап беретін құрылым қатысады. Төмендейтін жолдардың аксондарының барлығы жұлын мотонейрондарында аяқталады.
Гиперкинезиялар.
Гиперкинезиялар —ерікті қозғалыс көлемінің және жылдамдығының артуы — бас мыйы құрылымының әртүрлі нейрондары зақымдану нәтижесінде дамиды (экстрапирамидті жүйелер, таламус, субталамустық ядро, мишықтың тісті ядросы, қызыл ядро, мый қыртысы және олардың байланыс жүйесі). Әртүрлі нышандарды есептеп гиперкинезиялардың бірнеше түрін ажыратады.
Мый құрылымының зақымдану орнына қарай: қыртыстық, қыртыс астылық, бағаналық гиперкинезия болып бөлінеді.
Үрдістің таралуына қарай: гиперкинезиялар жалпы (жайылған, бірнеше немесе көптеген бұлшықет топтарының қатысуымен) және жергілікті (ошақты, жекеленген бұлшықет немесе талшықтарының еріксіз жиырылуымен сипатталады) болып бөлінеді.
Жиырылудың шапшаң ауысуына қарай: фазалық немесе тоникалық (баяу) компоненттеріне байланысты шапшаң және баяу гиперкинезиялар деп бөледі.
Шапшаң гиперкинезиялар. Шапшаң гиперкинезияларға құрысу, хорея, дірілдеу (тремор) және тартылулар жатады.
Құрысулар — қарқындығы, ұзақтығы және таралуы әртүрлі бұлшықеттердің аяқ астынан дамып, ұстама тәрізді немесе тұрақты еріксіз жиырылуы. Құрысулар клоникалық, тоникалық және аралас болып бөлінеді.
Клоникалық. Жекеленген бұлшықет топтарының қысқа уақытты және ретсіз, салыстырмалы түрде шамалы уақыт аралығынан кейін, келесілері бірінің артынан бірі жиырылуы. Көбіне мый қыртысының үлкен жарты шарының шектен тыс қозғыштығынан немесе пирамидалық жүйе құрылымының зақымдануы нәтижесінде дамиды. Айқын таралған клоникалық құрысуларды конвульсия дейді.
Тоникалық. Бұлшықеттердің ұзақ жиырылуы (бірнеше ондаған секунд) нәтижесінде дененің «мұздауына» немесе аяқ-қолдардың әртүрлі тәуелді жағдайда қалуына әкеледі. Қыртыс асты құрылымның шамадан тыс қозуынан және уыттану түрлерінен дамиды (мысалы, әлкогөлден, сіреспеден, көміртегі тотығынан). Сіреспе кезінде опистотонус дамуы мүмкін .
Аралас (клонико‑тоникалық, тонико‑клоникалық). Комалық және сілеймелік жағдайда байқалады (мысалы, диабеттік, бауырлық немесе уремиялық комаларда; күйіктік немесе анафилаксиялық сілеймеде).
Хорея — бұлшықет топтарының жиырылуы ретсіз, тез, ырғақсыз, күшпен болады. Ұзаққа созылған мый ишемиясында (мысалы, олардың тамырлары), атеросклероздық зақымдануларда, ревматизмді энцефалитте, бас –мый жарақатында байқалады. Тұқым қуалаушылықтан да дамуы мүмкін (мысалы, Хантингтон хореясы).
Тремор — дірілдеу түріндегі гиперкинез. Бұлшықеттің босаңсуы және жиырылуының қайталануы нәтижесінде дамитын, дененің немесе оның бөліктерінің еріксіз, ырғақты, стереотипті, тербелмелі қозғалыстармен сипатталады. Мый бағаны зақымданған кезде дамиды. Бас мыйының органикалық зақымдануы кезінде байқалады (шашыранды склероз, Уилсон–Коновалов ауруы, энцефалит, қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуы), организмнің экзогенді улануы (ішімдікпен, сынаппен, морфинмен).
Тартылу — күштенетін қозғалысқа байланысты немесе бұлшықет топтарының еріксіз, стереотипті тез жиырылуы (мысалы, кірпік қағу, көзді сығырайту, ымдау). Энцефалит, уланулар, соның ішінде дәрілік заттармен (мысалы, психофармакологиялық заттар) экстрапирамидті жүйенің зақымдануы, сонымен қатар кейбір психикалық бұзылыстар кезінде байқалады.
Баяу гиперкинезиялар.
Баяу гиперкинезиялар атетоз және спастикалық қисық мойынмен көрінеді.
Атетоз — агонист және антагонист бұлшықеттердің ұзақ уақыт бірмезгілде белсенділенуі нәтижесінде дамитын, еріксіз, стереотипті, баяу құрт тәрізді қозғалыстар. Жиі қол және аяқ саусақтары, аяқ-қолдың дистальді бөлігі зақымданады. Энцефалит, мый қанайналымы бұзылысы, бас-мый жарақаты, бас мыйының қыртыс асты қабатының өспелері кезінде стриарлы жүйенің (құйрықты ядро, скорлупа) зақымдануы кезінде дамиды.
ДЕРТТІК КҮШЕЙГЕН ҚОЗУ ОШАҒЫ (ДКҚО) – бұл бақыланбайтын, күшейген серпін ағымын өндіретін гиперактивті нейрондардың агрегаты.
Қалыптасу тетігі:
Нейрондардың тұрақты айқын деполяризациясы (қоздырылатын нейромедиаторлар, гипоксия ж.б.)
Нейрондар тежелуінің тапшылығы (ГАМҚ түзілуінің төмендеуі немесе қабылдағыштардың бөгелуі)