С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



Pdf көрінісі
бет7/25
Дата22.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#159
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   25
§ 11. Х—ХV ғасырлардағы Қытай
1. Х—ХV ғасырлардағы Солтүстік Қытайдың ішкі-сыртқы 
    жағдайы.
2. Сун əулетінің билігі кезіндегі аграрлық қатынастың, қала 
    мен қолөнерінің дамуы.
3. Ван Ань-ши реформалары.
4. Қытайда моңғолдар билігінің орнауы.
5. Моңғолдардың Қытайдан қуылуы.
6. Мин мемлекетінің құрылуы. Оның ішкі жəне сыртқы 
    саясаты.
7. Х—ХV ғасырлардағы Қытай мəдениеті.
ІХ ғасырдың аяғындағы шаруалар соғысы мен орталық 
биліктің əлсіреуі нəтижесінде Х ғасырдың басында Қытайда саяси 
бытыраңқылық орын алды. 907 ж. Тан əулеті тақтан тайдырылған 
соң бұл бытыраңқылық тіпті күшейе түсті. 960 жылға дейін бес 
əулет бірін-бірі ауыстырды. Олардың астанасы Кайфын (Дунцзин) 
қаласы болды (тек 923—936 жж. Лоян қаласы болды). 907—960 жж. 
аралығы тарихта «бес əулет жəне он патшалық кезеңі» деп аталды. 
Бұл əулеттердің билігі елдің солтүстігіне ғана тарады. Бұрынғы 
империяның аумағында бұл кезде 8 дербес мемлекеттер өмір сүрді.
Осылай Қытайда саяси дағдарыс орын алып жатқан кезде оның 
солтүстік-шығысында Маньчжурияның біраз бөлігін мекендеген 
көшпенді кидандердің тайпалық одағы күшейе түсті. 907 ж. ки-
дандар Қытайға шабуыл жасады. 916 ж. олардың көсемі Абаоцзи 
(Амбагянь) империяның құрылғанын жариялады. 926 ж. кидандар 
Бохай патшалығын басып алды. 947 ж. кидандар мемлекеті Ляо 
деп аталды. Ол мемлекет 1125 жылға дейін өмір сүрді. 937 жыл-
дан бастап ол мемлекеттің астанасы Наньцзин (оңтүстік астана) 
қаласы (қазіргі Пекин) болды. Кидандар билігі Шаньси мен Хэбей 
провинцияларының солтүстігімен шектелді. 
ХІІ—ХІІІ ғасырлардағы Қытай
1. Мемлекеттер аумағы; 2. Халық көтерілістерінің аудандары; 
3. Цзиндіктердің Оңтүстік Сунға қарсы жорықтары; 4. Юэ Фэйдің 
чжурчжендерге (Изинь) қарсы жорықтары; 5. 1211—1234 жж. 
монғолдар жорықтары; 6. 1235—1280 жж. монғолдар жорықтары; 
7. Ұлы Қытай қабырғасы; 8. Ұлы канал.

104
105
Қытайдың кидандар билігі орнамаған бөлігі 960 жылға қарай 
Сун əулетінің (1279 жылға дейін билік құрған) қол астына бірігіп, 
шаруашылығын қалпына келтіре бастады. Сун əулетінің негізін 
Чжоу патшалығының талантты қолбасшысы Чжоу Куан-инь (927—
976) қалады. Жаңа əулеттің астанасы алғаш Бянь (қазіргі Кайфын), 
кейін — Шығыстағы Ханчжоу қаласы болды.
993—997 жж. Ван Сяо-бо, Ли-Шуань жəне Чжан Юя басқарған 
көтерілістер болды.
1005 ж. Қытай кидандардан жеңіліп, біраз жерінен айырылды. 
Қытай кидандарга жыл сайын салық төлеп тұруға мəжбүр болды.    
1040—1044 жж. Сун империясы Батыс Ся империясымен соғысты 
(бұл империя Қытайдың солтүстік-батысында 982—1227 жж. өмір 
сүрді. Алғаш Тангут мемлекеті деп аталды. Астанасы Сячжоу 
(қазіргі Синин) қаласы болды. Өкімет билігі Тоба əулетінің  қолында 
болған). Соғыс бітім шартын жасаумен аяқталды. Шекара өзгеріссіз 
қалды. Ся (Тангут) өкіметі Сун сарайына вассал деп танылды. Бірақ 
Қытай тангуттықтарға жыл сайын жібек мата, күміс, шай «сыйлап» 
отыруға тиіс болды.
1069—1072, 1096—1099 жж. екі ел арасындағы соғыстар онан əрі 
жалғасты. 
1115 ж. чжурчжендердің Цзинь империясы құрылды. Қытай 
онымен одақтасып, Ляо империясынан солтүстіктегі 16 округтерін 
қайтарып алуға кірісті. 1123 жылға қарай Қытай ол округтердің 
біразын қайтарып алды да, Қытай бұрынғы кидандарга төлейтін 
салығын енді чжурчжендерге төлеуге тиіс болды.
1125 ж. Ляо империясы құлады. Енді чжурчжендер шап-
қыншылығы Қытайға қарай бұрылды. 1127 жылдың басын-
да олар Сун империясының астанасын басып алды. Император 
тұтқындалып, солтүстікке əкетілді. Бірақ императордың бір інісі — 
Чжао Гоу Кайфыннан тыс жерде жүріп, аман қалған еді. Ол оңтүстікке 
қоныс аударып, император деп жарияланды. Ол басқарған мемлекет 
енді Оңтүстік Сун империясы деп аталды. Империяның астанасы 
Линьань (Ханчжоу) қаласы болды.
Келесі 15 жыл бойы Цзинь империясы Оңтүстік Сунды да жау-
лап алуға, ал Оңтүстік Сун — чжурчженжер басып алған солтүстік 
аудандарды қайтарып алуға тырысты. 1134—1140 жж. Юэ Фэй 
басқарған Қытай əскері біраз жеңістерге де жетті. Бірақ сарайда кан-
цлер Цинь Гуй басқарған топ басым болды. Ол топ Цзинь империя-
сымен соғысудың қажеті жоқ, оны жеңу мүмкін емес деп санады. 
Сондықтан ол топ келіссөз жүргізуді жақтады. Майдандағы əскер 
басшылары астанаға шақырып алынды. Юэ Фэй өлтірілді. 
1141 ж. чжурчжендермен өте ауыр бітім шарты жасалды: Цзинь 
империясына Хуайши өзенінің солтүстік аудандары берілді, Сун 
императоры Цзиньдердің вассалы деп жарияланды. Оңтүстік Сун 
империясы Цзинь империясына жылына 250 мың күміс лян, 250 
мың бума монета (1 бумасында — 1000 монета) салық төлеп тұратын 
болды. Сун империясының солтүстігі сол күйінде чжурчжендер 
қолында қалып қойды. Бұл жағдай моңғол жаулап алушылығына 
дейін сақталды. 
Х ғасырдың аяғына — ХІ ғасырдың басына қарай байқалған 
экономикалық  өрлеу  ХІ  ғасырдың  ортасына  қарай  қайтадан  баяу-
лады. Дегенмен ХІІ ғасырдың басына қарай ауыл шаруашылығы 
бұрын соңды болып көрмеген жоғары деңгейге көтерілді. 
ХІ ғасырда ірі жер иеліктері өсе түскендігі байқалады. Олар ұсақ 
шаруашылықтарды өз иеліктеріне қосып алу арқылы өсіп отырды. 
Қосып алу — алдау-арбау, зорлық-зомбылық, сатып алу жолдары-
мен жүргізілді. 1 му жер (шамамен 4,6 а) сапасына қарай 900—2700 
монета тұрды. Жекелеген ақсүйектер мен шенеуніктердің иеліктері 
3 мыңнан 6 мың цинге дейін жетті. 
ХІ ғасырдың 60- жылдарында ірі жəне орташа жер иеленушілердің 
қолында барлық егістік жердің шамамен 2/3 бөлігі шоғырланды. 
Өкімет мемлекеттік жерді жеке феодалдардың сіңіріп кетуіне қарсы 
шара қолданбады.
Көптеген жер иелерінің бірнеше поместьелері (чжуантянь, чжу-
анъюань) болды. Əртүрлі аудандардағы ол поместьелер шағын 
үлестерге бөлініп, жалға беріліп отырды.
Жалға беру шарттары əртүрлі болды. Егер жалға тек жер ғана 
берілсе,  онда  түскен  өнімнің  мемлекетке  төленген  салықтан  жəне 
тұқым  қорынан  қалған  бөлігінің  10  %,  20  %,  көп  болса    50  %-і 
жердің иесіне берілетін. Ал егер жер иесі жалгерге тұқым, көлік, т.б. 
еңбек құрал жабдықтарын да қоса берсе, қалған өнімнің 4/5 бөлігін 
алатын. Х—ХІІІ ғасырларда жалға беру ақысының өсе түскендігі 
байқалады. 
Мемлекеттік жер қоры «гуань тянь» деп аталды. Қызмет бабы 
үшін берілетін жер көлемі 7-ден — 40 цинге дейін болды. Ол жерді 
жергілікті шаруалар өңдеді. ХІ ғасырдың аяғында мемлекеттік жер 
қоры өңдеуге жарайтын жердің 1/72 бөлігі болса, ол ХІІ ғасырдың 
аяғында 1/15 бөлігі болды.
Ұсақ шаруалардың да жеке меншік жерлері болды. Олардың 
үлестерінің көлемі 10 мудан 90 муға дейін болды. Барлық халықтың 
90 % жуығын құрайтын шаруалардың иеліктері барлық өңделетін 
жердің 30 % жуығын құрады.

106
107
Жер салығы жылына екі рет: жазда жəне күзде жиналды. Оның 
мөлшері əр му жерден 1 доуден 3 доуге  дейін (1 доу — 6,64 л.) 
астық болды. Салық мөлшері жердің құнарлығына байланысты 
белгіленді. Салық төлемеу де едəуір орын алды. Кейбір аудандарда 
тіпті өңделетін жердің 60—70 %-нен салық жиналмай қалған кездер 
де болған.
Сун империясына қарағанда Цзинь империясында ірі жер иелігі 
шектеліп, негізгі бағыт ұсақ шаруалар шаруашылықтарына қарай 
ұсталды. Өте сыйлы адамдарға жеке меншіктікке көп болса 10 цинь 
жер берілді. Берілген үлесті сатуға, əсіресе чжурчженьдердің сатуы-
на тыйым салынды. Бірақ чжурчженьдер өз жерлерін қытайлықтарға 
жалға беріп отырды. 
Х—ХІІ ғасырларда қытай қалаларының қатары өсе түсті. Ескі 
қалалар ұлғайып, жаңа қалалар өмірге келді. Қала халқының саны да 
өсті. Сун əулетінің билігі кезінде Чанша мен Кайфынның халқы өте 
көп болды. ХІІІ ғасырға қарай олардың қатарын Ханчжоу, Фучжоу, 
Цюаньчжоу, Янчжоу, Сучжоу, Цзянмен, Гуаньчжоу қалалары 
толықтырды. Ең ірі қалаларда 1 милионнан астам адам тұрды. Ол 
кезде қала халқы барлық халықтың 10 %-н құрады. 
Қалалардың  саны  ғана  өсіп  қойған  жоқ,  олардың  сапасы  да 
өзгерді. Қалалардың сауда-қолөнері орталықтары ретіндегі рөлі 
өсті. ХІ ғасырға қарай Қытайда урбанизация процесі басталды. 
Өкіметтің қала экономикасына бақылауы күшейді. 
Қытай қолөнерінде мемлекеттік жəне жеке меншіктік кəсіпорын-
дар жеткілікті болды. Өндірістің өнім көлемі артты. Мұны метал-
лургия мысалынан көруге болады. ХІ ғасырдың 60- жылдарына 
қарай металл кеніштері мен балқытатын кəсіп орындарының саны 
271-ге  жетті.  Оның  122-сі  мемлекет  меншігінде  болды.  Қазынаға 
түсетін мата, оның ішінде жібек өнімі артты. 50 фарфор жасау орны 
болды. Оның 14 — ірі кəсіпорын болды. 
Еңбек құрал жабдықтарының сапасы жақсара түсті. Металл 
балқытуда тас көмір, кокс жəне басқа химиялық реактивтер 
қолданыла бастады. Бұл жетістіктер ХІ—ХІІІ ғасырларда еңбек 
бөлінісін күшейтті. Кəсіптер саны көбейді. Кейбір аудандар 
өндірістің бір түрімен мамандана бастады. 
Сауда да дамыды. Тауар құнының 2 % оны тасу кезінде салық 
ретінде алынса, 3 % — сатылғаннан кейін алынды. Бұл мөлшер кей-
де өзгеріп отырды. 
1047—1048 жж. Ван Цзэ басқарған Милэцзяо құпия қоғамының 
көтерілісі болды. Өкімет жаңа көтерілістерге жол бермей, қаңырай 
бастаған мемлекеттік қазынаны аз да болса толықтыру үшін рефор-
малар жүргізуге мəжбүр болды. Ол реформаны 1069—1074 жж. Сун 
əулетінің министрі Ван Ань-ши жүргізді. 
Реформа бойынша алдымен жер үлестері қайтадан есепке алын-
ды. Қызметкерлер жер иеліктері үшін салық төлеуге міндеттелді. 
Ван Ань-ши сонан кейін шаруаларды мемлекеттік барщинадан 
босатып, оны ақшалай салықпен алмастырды. Өз иеліктеріндегі 
жерлердің салығын шаруалар енді жартылай азық-түлікпен, жарты-
лай ақшамен өтеуге тиіс болды. Ашар-шылыққа жол бермеу үшін 
Ван Ань-ши мемлекеттік қамбалар ұйымдастырды. Онда сақталатын 
егін ашаршылық бола қалғанда халыққа үлестірілетін.
Өсімқорлықты шектеу мақсатымен Ван Ань-ши мемлекеттік 
банктер ашқызды. Шаруалар сол банктерден өкімет белгілеген 
өсіммен қарыз алатын болды. Ван Ань-ши сауданы толық мемлекет 
қарамағына алуға сəтсіз əрекет жасады. Ол сонымен қатар əскерде 
де үлкен өзгерістер енгізбек болды. Ол жалдамалы армияны жойып, 
жалпыға бірдей əскери міндеткерлік енгізді. Əр үш отбасы бір жаяу 
əскер, əрбір он отбасы бір атты əскер жасақтап беруге тиіс болды.
Ван Ань-шидің бұл шаралары шенеуніктер мен феодалдардың 
наразылығына əкелді. 1075 ж. ол қызметінен босатылды. Оның ша-
ралары арамтамақтарды құртып, феодалдық мемлекетті нығайтуға 
бағытталса да «ел үшін қауіпті» деп табылды. Ван Ань-ши рефор-
малары жойылғанымен Сун империясы нығайып кетпей, керісінше, 
құлдырай түсті. 1127—1132 жж. ірі-ірі 93 көтеріліс болды.
1211 жылы Солтүстік Қытайға оның байлығына қызыққан монғол 
əскерлері басып кірді. Чжурчжендер келісімге келуге шақырды. 
Жақсы қоршалған қалалар қамалын бұзуды меңгермеген Шыңғыс 
хан əскері біраз қиыншылықтарға ұшырады. Сол себепті монғолдар 
келісімге  көнді.  Бірақ  көп  ұзамай  1215  жылы  олар  уəдесін  бұзып, 
Пекинді басып алды. 
Қытай халқы екіге бөлінді, бір тобы чжурчжендер жағында 
монғолдарға қарсы соғысса, екінші тобы монғолдар жағында чжурч-
жендер əулетіне қарсы соғысты. Оңтүстіктегі Сун сарайы монғолдар 
жағына шығып, 1224 жылдан бастап /Цзинь императорына/ қазына-
ға салық төлеуін тоқтатты. 1226 жылға қарай монғолдар Қытайдың 
көпшілік бөлігін жаулап алды. 1227 жылы Батыс СЯ патшалығын 
басып алды. Хэнаньдағы Кайфын т.б. қалалар ерлікпен шайқасты. 
Бірақ монғолдардың күші басым болды. 1234 жылы монғолдар 
Солтүстік Қытайды жаулап алуды аяқтады. Шыңғыс хан мен оның 
балалары Қытайдағы мемлекетті басқару əдісімен, түрімен жете та-
нысып, оларды қабылдады.

108
109
1258 жылы Хулагу Монғолиядан Месопотамияға жетіп, Бағдадты 
алғанда, Құбылай /1215—1294/ Оңтүстік Қытайда сундардың қайсар 
қарсылығына тап болды. Ұлы Мөңке хан /1208—1259/  1259 жылғы 
Оңтүстік Қытайды бағындыру үшін шайқастардың бірінде қайтыс 
болды. Оның орнына ұлы хан болып сайланған Қубылай /1259—
1294/ астананы Пекинге көшірді. 1271 жылы 18 желтоқсанда Құбылай 
қытайша Дай Юань деген атақ алып, сол əулеттің негізін қалады. 
Оңтүстік  Қытайды  жаулап  алу  1279  жылы  аяқталды  /əрең  деген-
де/. Хуаньчжоу /астанасы/ сол жылы алынды. Бірақ көптеген қытай 
отрядтары қарсыласуларын тоқтатпады, оларды сун ақсүйегі Вэнь 
Тяньсян басқарды. Ол өзінің барлық мал-мүлкін əскер жасақтауға 
жұмсады. Бірақ моңғолдықтар бұл қарсылықты 1280 жылы толық 
басып тастады. 
Құбылай биліктен қытайлықтарды тайдырғанымен, монғол-
дықтарды тарта алмады: олардың мемлекетті қытайша басқаруға 
дайындығы жоқ еді. Сондықтан үкімет құрамына сауатты арабтар 
мен еуропалықтар, түріктер мен сириялықтар көптеп енді. Мысалы, 
өзбек Ахмет — қаржы министрі, араб Насыр-ад-дин Масаргия 
— əскер басшысы, еуропалық Марко Поло — губернатор болды. 
Пекинде бес мыңға жуық христиандар тұрды. Қытай жазуын, тілін 
өзгерту əрекеті сəтсіздікке ұшырады. 1281 жылы Құбылай даосс 
кітаптарын  отқа  жағу  туралы  жарлық  шығарды.  Ол  будда  дінінің 
толық үстемдігін көздеді.
                       
Құбылай хан. 1260—1295 жж. билік құрған. 
Империяның алтын ғасыры. Моңғол империясының 
астанасын Қарақорымнан Ханбалаға (Пекинге) көшірді.
Бірақ қытайлықтардың көмегінсіз билікті қолда ұстап тұру 
мүмкін болмады. 1262 жылы бұрын монғолдар жағына шыққан 
Шаньдундегі əскер басшысы Ли Дань көтеріліске шықты. 1282 жылы 
астанадағы көтеріліс кезінде қаржы министрі Ахмет өлтірілген соң 
шетелдіктердің көбі қашып кетті. Құбылайдың патшалығы кезінде 
Қытайдан Жапонияға 1274—1281 жылдары, Вьетнамға 1257—1288 
жылдары, Бирмаға 1277—1287 жылдары сəтсіз жорықтар жасалды. 
Құбылай өлген соң басшылық қызметке қытайлықтар көптеп тар-
тыла бастады. 1295 жылы таққа Тэмур /1307 — жылға дейін/ от-
ырды. Ол өлген соң 1308 жылдан 1332 жылға дейін сегіз император 
ауысты. 
Құбылай билігі кезінде ауыл шаруашылығы саласында біраз 
шаралар жүзеге асырылды. Астанада «Ауыл шарушылығының Бас 
Басқармасы», ал провинцияларда — ол басқарманың органдары 
құрылды. 1271 ж. «Ауыл шаруашылық қауымдары туралы Ереже» 
қабылданды. Ол Ереже бойынша əр 50 отбасынан тұратын қауымдар 
құрылды. Оларды ауыл шаруашылығы жұмыстарынан тəжірибесі 
мол ақсақалдар арасынан сайланатын староста басқарды. Олардың 
басты міндеті — салықтың көп жəне уақтылы жиналуын қамтамасыз 
ету болды. Монғол ақсүйектері мүмкіндігінше көп жерлерді шаруа-
лармен бірге басып алуға, сөйтіп ол жерлерден неғұрлым көбірек та-
быс табуға тырысты. Қытай шаруаларына ауыр салықтар салынды. 
Шаруалар  үшін  əсіресе  жылқы  салығы  ауыр  болды.  Жыл-
қы ауыл шаруашылығы жұмыстарындағы басты күш болатын. 
Монғолдықтар жергілікті халықтан жылқыны көп жинап алуға 
күш салды. Себебі жылқы əскер үшін, соғыс үшін қажет болды. 
Сөйтіп, ауыл шаруашылығы ауыр күйзеліске ұшырады. Шаруа 
шаруашылығына ер адамдарды майдандағы қара жұмыстарға 
көптеп айдап кетіп отыру да зор зиян келтіретін. Жалпы он адамнан 
бір адам алынуға тиіс болатын, бірақ іс жүзінде монғолдар қанша 
адам алғысы келсе, сонша адам алып отырды.                
Шаруалардың тұрмыс жағдайы шектен тыс ауырлап кетті. Будда 
храмдары мен монастырларының жерлеріне бұрынғысынша салық 
салынбады.  Шаруалар  аз  қаналу  үмітімен  өз  жерлерімен    будда 
шіркеулерінің  қарамағына өтіп  кетуге тырысты.

110
111
Тамерлан, немесе Темір-бек, 
Юань əулетінен шыққан император (1295—1307)
Сөйтіп,  шіркеу  феодалдары  байи  түсті.  Ақыры  1327  ж.  монғол 
өкіметі монастырлардың шаруалар жерлерін сатып алуына тыйым 
салған жарлық шығарды.  
Қолөнері мен сауда бірлестіктерінің онан əрі өсе түсуін монғол 
басқыншылығы тежей алмады. Марко Полоның /ХІІІ ғ. Венециандық 
саяхатшы/ дерегі бойынша Ханчжоуда 15 сауда қолөнер бірлестігі 
болған. Оның əрқайсысы өз қоластына өте көп үйлерді біріктірді. 
Монғолдар билігі кезінде бұл бірлестіктер бұрынғыдан əлдеқайда 
көп еркіндіктер алып, онан əрі нығая түсті.
Қолөнершілер мен саудагерлер басқыншыларға тауарларының 
едəуір бөлігін тегін беруге мəжбүр болды. Кейін натуралды салық 
ақшамен ауыстырылды. Қолөнершілер мен саудагерлерге салына-
тын салықтың мөлшері олардың мүліктерінің мөлшеріне байланы-
сты болды. Монғолдар салықты бірлестікке салатын, ал бірлестік ол 
салықты өз мүшелерінен өндіріп беретін. 
Қытай жекелеген аудандарды басқаратын əскер басшыларының 
талантаражына салынды. Жергілікті жерді басқаратын монғолдық 
əскер басы заңдармен, тіпті ұлы ханның жарлықтарымен де 
есептеспеді. Мұндай қанаудың күшеюі, талантараждар қаражат 
саласына да зиянын тигізді. Монғолдықтар алғаш қағаз ақшалар 
шығарып, олардың құнын əр түрлі жарлықтар күшімен сақтап 
қалуға тырысты. Бірақ бірте-бірте ол жарлықтар орындалмай, 
қолдан жасалған ақша көбейіп кетті, сөйтіп, ақша құнсызданды. 
Тауарлар қымбаттап, халықтың қайыршылануы күшейді.
ХІV ғасырға қарай монғол басқыншыларының Қытайдағы билігі 
əлсірей бастады. Біртұтас Монғол империясының орнына бұл кез-
де төрт Монғол мемлекеті құрылған болатын. Монғолияның өзімен 
Маньчжурия, Қытай, Тибет төртеуі сол мемлекеттердің бірі — «Ұлы 
хандар мемлекетінің» құрамына кірді. Биліктің əлсіреуі Қытайдағы 
монғол ақсүйектердің арасындағы алауыздық пен таластартыстан 
асқына түсті.  ХІV ғасырдың басынан таққа үміткерлер арасындағы 
күрес шиеленісті.
Қытай халқының басқыншыларға қарсы наразылығы күннен-
күнге өсе түсті. Барлық ауыртпалық қарапайым халықтың — ша-
руалар мен қолөнершілердің үлесіне түскендіктен ең алдымен шет 
елдік басқыншыларға қарсы наразылықты солар білдіретін. Қытай 
феодалдары да биліктен шеттетілгендігі үшін, жер иелігінен айы-
рылып қалу қаупінің сақталғандығы үшін монғол басқыншыларына 
наразы болды.  
1343 ж. Гуандун мен Хунанда ірі көтерілістер болды. 1348 ж. 
қытай қашқындарының флоты оңтүстіктегі теңізде үкімет флотын 
талқандады. Қытай халқының монғол хандарымен ашық күресі, 
əсіресе ХІV ғасырдың ортасында, Тоған-Темір билігі кезінде күшей-
ді. Шаруалардың бұқаралық қозғалысына 1350—1351 жылдардағы 
табиғи апат — Хуанхэ өзенінің тасып, арнасынан шығып кетуі 
түрткі болды. Хэнань, Хэбэй жəне Шаньдун провинцияларының 
ұланғайыр аудандары судың астында қалды. Бұл апат халықтың 
шыдамын тауысты.
1351 ж. Тоған-Темір қорғаныс дамбаларын тұрғызуға барлық 
халықты тартуға жарлық шығарды. Халық құрылыс жұмыстарына 
шығудың орнына монғол ханына қарсы көтеріліске шыға баста-
ды. Цзянсу провинциясындағы көтерілісті Ли Эр, Хубэй про-
винциясындағы көтерілісті Мын Хай-ма басқарды. Солтүстік шы-
ғыста «Бойлянь Цзяо» («Ақ лотос») деген құпия қоғам монғолдарға 
қарсы үгіт-насихат жүргізіп, қастандық əрекеттер ұйымдастырды. 
Оның мүшелері Шандундегі көтеріліске қатысты. 

112
113
Монғол басқыншыларына қарсы күресте Қытай тарихындағы 
əйгілі «Қызыл орамалдылар» көтерілісі шешуші рөл атқарды. Олар 
бас киімдеріне қызыл шүберек байлап жүретіндіктен солай атал-
ды. Олардың құрған əскері «Қызыл əскерлер» деп аталып кетті /
хун цзюнь/. Оның негізін «Ақ лотос» сектасының мүшелері құрады. 
«Қызыл əскерлерді» Лю Футун басқарды. Қызылдар Цзинань, 
Кайфын, Баодин, Датун қалаларын алып, астанаға қауіп төндірді. 
Хубейдегі көтерілісті император деп жарияланған, шыққан тегі 
жағынан шаруа Мин Юйчжень басқарды. Бірақ бұл көтеріліс 1361 
жылға қарай басылды. Көтерілісшілер арасында əсіресе аньхуэйлік 
Чжу Юаньчжан басқарған отряд өте зор табыстарға жетіп отыр-
ды. Ол отряд 1354 жылы құрылған еді. Бұл отрядтың қатарына 
талқандалған қызыл əскерлердің қалдықтары келіп қосылды. 1363 
жылы Чжу Юаньчжан жасақшылары Янцызы алқабын басып алды. 
1368 жылы оның отряды Пекинді монғолдардан азат етті. 
Нанкинде Чжу Юаньчжан император деп жарияланды. Ол таққа 
отырған жаңа Мин əулетінің (1368—1644 жылдары) негізін қалады. 
Қытайдағы ең соңғы монғол əміршісі Төгон-Тимур /Шуньди/ елден 
кетуге мəжбүр болды. Соғыс кезінде Чжу Юанчжан шаруаларды 
салықтардың көбінен босату туралы уəде берді. Соғыс біткен соң 
бұрынғы монғолдық əулетке қараған жерлерді мемлекеттікі деп 
жариялады. Шаруалардың едəуір бөлігі жерге ие болып қалды. 
Шаруалардың бұрынғы қарыздары жойылды. Салықтар мөлшері 
азайтылды. Кейбіреулері салықтан уақытша босатылды. Тұқым, 
құрал-сайманды қарызға алды. Бос жатқан жерге қоныстанған ша-
руалар үкіметтен көлік ретінде ірі қара мал да алды. Бос қалған 
үйлер халыққа тегін берілді. Осы шаралар ауыл шарушылығының, 
шаруалардың жағдайын жақсартуға ықпал етті. 
Жаңа император барлық жеке меншік жəне мемлекеттік жердің 
есебін қайта жүргізді. Есеп жүргізілген кездегі шаруалар сол 
отырған жерлеріне бекітілді. 
Қолөнершілер де елеулі жеңілдіктер алды. Қытай халқының ал-
дына тұт ағашын, кендірді көп өсіру міндеті қойылды. Көпестердің 
тиімді сауда жасауына жағдай жасалды /еркін жүріп-тұруға рұқсат 
етілді, салық азайды.../. Сөйтіп, аудандар арасындағы экономикалық 
байланыс нығайды. Фарфор мануфактурасы мемлекет қарамағына 
алынды. Онда басыбайлы шаруалар істеді. 1375 жылы жаңа қағаз 
ақша шығарыла бастады. Кейін қайтадан металл ақшаға көшті.
1398 ж. Чжу Юань-чжан өлген соң сарай ақсүйектері таққа оның 
баласын отырғызбай, немересін отырғызды. Бірақ бұрынғы ұлы 
хан астанасы Даду (Ханбала) қаласын иемденуші ықпалды князь, 
Чжу Юань-чжанның  баласы Чжу Ди 1403 ж. төңкеріс жасап, им-
ператорды тақтан түсірді де, өзін император деп жариялады. Ол 
Даду қаласында қала берді де, 1421 ж. оны Бэйцзин (еуропалықтар 
«Пекин») деп атады. 
Өзі билік құрған 1403—1424 жылдарды Чжу Юнлэ — «мəңгілік 
қуаныш» жылдары деп атады. ХІV ғасырдың аяғында империя 
халқының саны шамамен 60 млн. болды. (ХІV ғасырдың 40- жыл-
дарында чумадан Қытайдың 75 миллион халқы қырылып қалды).
Чжу  Ди  өте  белсенді  сыртқы  саясат  жүргізді.Ол  саясат  елдің 
қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталды. Чжу Ди билігі кезінде 
моңғол хандарымен күрес онан əрі жалғасты. Енді Қытай қорғаныс 
емес, шабуылға шықты. Бірақ Цю Фу басқарған қытай əскері 1409 
ж. Керулен өзеніндегі шайқаста моңғолдардан жеңіліп қалды. 
Келесі 1410 ж. қытай əскері Онон өзеніндегі шайқаста жеңіске жетті. 
Төле өзенінде Қытай əскері батыстық моңғолдар — ойраттарды 
талқандады. 
ХV ғасырдың басында Мин империясының ұланғайыр Темір 
державасымен қатынасы шиеленісті. Чжу Ди Темірге елшілік 
жіберіп, оның Қытайға тəуелділігін мойындауын, салық төлеп 
тұруын, жіберілген елші Анды тез қайтаруын талап етті. Ол талапқа 
жауап ретінде Темір қытай елшілігімен қоса сауда керуенін де 
кері қайтармай, ұстап қалды. 1404 жылдың қараша айында Темір 
Қытайға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ 1405 ж. 18 ақпан күні Отырар 
қаласында Темір қайтыс болып, Қытайға жорық тоқтады.
1405 ж. Қытай Вьетнамның біраз жерін басып алды, ал 1407 ж. 
оны толық бағындырып, 1427 жылға дейін өзінің бір провинциясы-
на айналдырды.
1402—1404 жж. көптеген елшіліктер теңіздің арғы жағындағы 
елдерге, оның ішінде Индияға да жіберілді. Əсіресе атақты теңізде 
жүзуші, əрі саясаткер Чжен Хэ басқарған экспедиция кеңінен 
белгілі болды. 1403—1433 жж. адмирал Чжен Хэ басқарған 7 жорық 
Индияға, Индонезияға, Шығыс Африкаға жасалды. Оның эскадра-
сы 30 мың жауынгері бар 48—62 кемеден құрылды.
1415 ж. орталық Азияға, Темірдің мұрагерлеріне үлкен елшілік 
жіберілді. Ондай елшіліктер 1411 ж. Манчьжурияға, 1412 ж. Ин-
диядағы Джаунапур мен Дели князьдықтарына, 1415 ж. Тибетке, 
т.б. елдерге жіберілді. Бірақ бұл елшіліктердің табысы Чжен Хэнің 
елшілігінің табысынан əлдеқайда аз болды.
1427 ж. Қытай əскері Вьетнамнан шығып, оның тəуелсіздігін мой-
ындады. 1436 ж. Қытай барлық шет ел елшілерін елден қуды, өзінің 

114
115
алыс елдерге теңіз жорықтарын тоқтатты. 1449 ж. батыстық моңғол-
ойраттар басшысы Есен Қытайға шабуыл жасады. Туму маңында 
ойраттықтар Қытай əскерін талқандады. Император тұтқынға түсіп, 
əскердің қолбасшысы қаза тапты. Бірақ Есен Қытайдың астанасын 
ала алмай, 1450 ж. кейін қайтты. Туму апатынан кейін Қытай барлық 
əскери күшін солтүстік-батысқа шоғырландырып, басқыншылық 
саясатын уақытша тоқтатуға мəжбүр болды.
Мəдениеті. Х ғасырдан бастап қытайлықтар биік столдар мен 
орындықтарды кеңінен қолданды. 1163 жылғы мəлімет бойынша 
Қытайда аквариум жасалып, онда «алтын балықтар» өсіріле бастады. 
ХІ-ХІІІ ғасырларда қала өмірі ауыл өмірімен салыстырғанда үлкен 
өзгерістерге ұшырады. Қалада монша, дəріхана, прокат пункттері, 
айырбас орындары, асханалар мен сусын ішетін орындар, көңіл 
көтеретін мекемелер, ойынханалар мен жезөкшелер үйлері, өртке 
қарсы күресу қызметі, көшелерді сыпыру, қоқыстарды қала сырты-
на шығару, су құбырларының жүйесі, т.б. жаңалықтар өмірге келді. 
Х ғасырдың аяғында Нанкинде бейнелеу өнерінің академия-
сы ашылды. Білім беру саласында да едəуір табыстарға қол жетті. 
ХІ ғасырдың 20- жылдарына қарай 100 мыңнан астам кітап ба-
сып  шығарылды.  Облыстық  жəне  уездік  училищелер  саны  өсті, 
мемлекеттік мектептермен қатар жеке меншік мектептер көптеп 
ашылды. Құқтану, математика мен астрономия, медицина мен 
əскери іс, бейнелеу жəне шешендік өнері оқытылатын арнаулы учи-
лищелер ашылды. Пекин мен Нанкинде «гоцзыцзянь» деп аталған 
жоғары дəрежелі мектептер ашылды. 1375 ж. деревняларда да ба-
стауыш білім беретін қауымдық мектептер ашу туралы жарлық 
шықты.
Х ғасырдың аяғында оқ-дəрі жасалды. ХІІ ғасырдың басында 
теңізде жүзуге қажетті құрал — тұсбағдар жасалды. ХІ ғасырда 
«Басқаруға себі тиетін уақиғаларды талдау» деген Сыма Гуанның 
(1019—1086) тарихи шығармасы жазылды. Тарих мəселелерімен 
Чжен Цяо (1103—1162), Юань Шу (1131—1205) т.б. айналысты. 
Ақындардан  Су  Дун-по  (ХІ    ғ.),  Су  Ши  (1036—1101)  мен  Синь 
Цицизидің аттары кеңінен танымал болды. Ақындар Ян Хун-
дао (1250—1315), Сюй Цзюнь Баоцзи (1275—1340) өз өлеңдерінде 
моңғолдар билігі кезіндегі халық зарын жырласа, Чжан Чжу (1286—
1368), Лю Цзидің (1311—1375) өлеңдерінде қарапайым халықтың 
ауыр тұрмыс жағдайы көрініс тапты. Моңғолдар билігі кезінде 600 
пьеса жазылды. Соның 170 бізге жетті.
Импера
то
р с
арайы

116
117
ХІ—ХV ғасырларда қытай оқымыстылары өз заманы туралы 
көптеген құжаттар жинап алды, олардың негізінде көптеген та-
рихи  еңбектер  жазылды.  ХІ  ғасырдың  өзінде-ақ  кітап  басу  жəне 
кітап саудасы кең өріс алды. Бұл жазушылар мен оқымыстыларды 
ынталандыра түсті. Ескі ресми тарих оқымыстылар мен мемле-
кет қайраткерлерін қанағаттандырмады. Олар тарихтың жаңа 
жинақтарын құрастырып, жекелеген тақырыптарға шығармалар 
жазуға кірісті.
Көрнекті қызметкер, ақын, əрі оқымысты Оуян Сю (1007—1072) 
ежелгі  жазбаларды  жинап,  бұрын  жазылған  əулеттер  тарихын 
жаңаша жазып бастырды. Ол «Жаңа Тан тарихы», «Бес əулеттің та-
рихы» атты елеулі еңбектер қалдырған. Оның басшылығымен ба-
сылып шыққан еңбектер материалға бай, жүйелі түрде, тартымды 
тілмен жазылған. Сонымен қатар «Бэнь мо» сияқты əрбір оқиға ба-
сынан аяғына дейін толық баяндалатын тарихи еңбектердің жаңа 
түрлері,  экономикалық  жəне  географиялық  сипаттамалар  жарық 
көре бастады. ХІV ғасырдағы көрнекті тарихи шығармалардың 
бірі Ло Гуань чжунның «Үш патшалық» деген романы болды. Бұл 
шығарма көне Қытайдағы əлеуметтік өмірдің ерекшеліктері мен 
тарихи оқиғаларды, əскер басшылары мен патшалардың мінез-
құлықтарын, іс əрекеттерін бейнелейді.
ХV ғасырдың басында «Юнлэ да дянь» («Юнле басқаруының 
ұлы жинағы») деген көлемді энциклопедиялық еңбек жарық көрді. 
Ол 11095 томнан тұрды. ХІ ғасырдың басында тарихи жылнаманың 
«Ши лу» («Өткен оқиғалар») деген жаңа түрі өмірге келді. «Чжен 
Хэнің теңізде жүзген картасы» жасалды.
Сөйтіп, моңғолдар Қытайдан қуылған соң мəдениет жаңа 
бағытпен дамып, жетіле бастады. 
Ə д е б и е т т е р:
1. История Китая. Учебник.— М., 1998.—  199—242 бб.
2. История Востока. Т. 2. Восток в средние века.— М.: Восточная 
литература РАН, 1995.—  384—398; 528—545 бб.
3.  Васильев  Л.  С.  История  Востока.  В  2  т.  Т.  1.—  М.:  Высшая 
школа, 1998.— 376—394 бб. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет