С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет26/97
Дата27.09.2023
өлшемі1,93 Mb.
#110901
түріОқулық
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   97
Байланысты:
Исаев учеб

Пысықтау үшін сұрақтар
1.Қосымшалардың көп мағыналылығын қандай мысал келтіруге болады?
2. Синоним қосымшаларға мысал келтіріңіз.
3.Омоним қосымшаларға мысал келтіріңіз.
4. Антоним қосымшаларға мысал келтіріңіз.
5.Тілімде қандай кірме қосымшалар бар?
6. Функциялық қосымшалар деп қандай қосымшаларды айтамыз?
Әдебиеттер:

  1. Ы. Маманов.Қазақ тіліндегі функциялық қосымшалар // Қазақ тілі мен әдебиеті . Жинақ. 6-шығуы. А.,1975.

  2. Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967. 10-11-б.

  3. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1974.34-39-б.

  4. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998.229-235-б.



YІІІ. Жалғаулар


  1. Жалғаулардың өзіндік ерекшеліктері.

  2. Жалғаулардың түрлері.

  3. Көптік жалғау және көптік (сан) категориясы.

  4. Көптік жалғаудың жалғаулар жүйесінен алатын орны, сөз байланыстыруға қатысы.



Сабақтың мақсаты
Қазақ тіліндегі қосымшалар жүйесінде сөйлеу процесінде жалғаулардың орнын біле отырып, оның түрлерін, әр түрінің өз ерекшеліктерін анықтау. Жалғаулар жүйесінде көптік жалғаудың ерекшеліктерін әсіресе сөздерді байланыстыру қызметі тұлғасынан жалғаудан гөрі форма тудырушы жұрнаққа жақын екендігін ғылыми негізінде түсіну.

Жалғаулар, бір жағынан форма тудыратын қосымшалардың бір түрі болып таблады, өйткені форма тудыратын жұрнақтар сияқтыжалғаулар да өзі жалғанған сөзге белгілі бір грамматикалық мағына (мысалы, көптік, тәуелдік, жақтық, меншіктілік, объектілік, мезгілдік, мекендік-бағыттық, т.б.) үстеп, белгілі бір топтағы сөздердің (сөз табының) түрлену формасы болып табылады. Екінші жағынан, жалғаулар форма тудырушы жұрнақтардан сөйлемдегі қызметі жағынан, яғни сөздерді байланыстыру сипаты жағынан ажыратылады. Сөйтіп, жалғаулардың форма тудырушы жұрнақтардан ең басты айырмашылығы сөз байланыстыру қызметіне байланысты.


Білдіретін грамматикалық мағынасы мен сөздерді байланыстыру қызметінің ерекшелігіне қарай тіліміздегі жалғаулардың төрт түрі көрсетіліп жүр: көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау және жіктік жалғау.
Бұл жалғаулардың қай түрі болсын грамматикалық мағынасы мен қызметі жағынан белгілі сөз таптарына қатысты болып келеді. Мысалы, көптік, септік, тәуелдік жалғаулары зат есімге қатысты және зат есімнің түрлену жүйесі, грамматикалық категориялары болып табылады. Өйткені бұл жалғаулардың білдіретін мағынасы сөздің заттық мағынасымен байланысты да, зат атауын білдіретін сөздерге немесе басқа мәндегі сөздерге жалғанса, оны заттандырып (субстантивтендіріп) жібереді: талаптыға (адамға) нұр жауар, еріншектің (адамның) ертеңі (ертеңгі күні) таусылмас, т.б. Ал жіктік жалғау мағынасы мен қызметі жағынан субъектінің (әрекет иесінің) жағын білдіретіндіктен, қимылды білдіретін сөздерге (етістікке) тән болып келеді. Бірақ есім сөздер де жіктеле алады.
Жалғаулардың ішінде көптік жалғаулардың орын ерекше. Көптік жалғау – көптік ұғымның көрсеткіші.
Қазақ тіл білімінде сан-мөлшер категориясы көбіне-көп көптік ұғыммен, көптік жалғау тұлғасымен байланысты қаралып келді. Қазақ тілінің грамматикаларында сан-мөлшер категориясы деген терминнің болмай, грамматикалық тұлға ретінде көптік жалғау, көптік жалғау категориясы немесе көптік категориясы деген терминдердің қолданылуы осының дәлелі болса керек. „Тілімізде көптік категориясы да, көптік жалғау категориясы да бар. Ал, осы екеуі бір де емес және бірдей де категориялар емес. Көптік категориясы деген ұғым тым жалпы ұғым да, көптік жалғау категориясы — онан гөрі әлдеқайда жалқы ұғым. Мысалы, көптік категориясы тілімізде үш түрлі жолмен беріледі, лексикалық, морфологиялық, синтетикалық тәсіл арқылы да айтылады" (Ы.А. -ҚҚТ, 40). Әрмен қарай „көптік жалғау категориясы" деген ұғымға не кіреді деп ашық айтылмайды, сірә, ол термин және ұғым көптік жалғау дегенмен бара-бар болу керек. Мұнда, біріншіден, категория (әрине, грамматикалық категория мәнінде) деген термин, жоғарыда арнаулы тақырыпта көрсетілгендей, белгілі бір тұрақты грамматикалық құбылыстың аты ретінде белгілі бір принциппен қолданылмаған. Екіншіден, „көптік жалғау категориясы" деген термин „грамматикалық формалар жүйесі арқылы берілетін тектес, ыңғайлас әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы болып келетін грамматикалық мағыналардың жиынтығы" деп анықталатын грам-матикалық категория ұғымын тіпті жоққа шығарады.
Көптік ұғым мен оған қарама-қайшы жекелік я дара-лық ұғымның болуы — жалпы зат атаулыға тән қасиет. Міне, осы көптік және жекелік ұғымдардың (граммати-калық мағыналарының) арақатынасынан және сол ұғымның белгілі морфологиялық тұлғалар арқылы (же-келіктің арнайы тұлғасы болмай, көптік ұғым көптік жалғау арқылы) берілуінен сан-мөлшер категориясы туа-ды. Сан-мөлшер категориясын (кейбір еңбектерде көптік категориясы деп аталып жүр) тек көптік жалғау шеңберінде қарастырсақ, одан көптік жалғау ұғымының сыр-сипаттары, қызметі, стильдік ерекшеліктері т.б. айқындалғанмен, грамматикалық категориялық сипаты ашылмай қалар еді, тек жекелік (даралық) ұғыммен сәйкесті, қатысты қарағанда ғана, оның категориялық сипаты айқындалады. Сондықтан да әңгіме көптік жалғау немесе көптік ұғым жайында болса да, ол жерде грамматикалық тұрғыдан оған қарама-қайшы мәндегі же-келік (даралық) ұғым есте болатындығын ұмытпаған жөн. Рас, сан-мөлшер категориясының түрі ретіндегі зат атауына байланысты жекелік және көптік ұғымның шартты мәндері де жоқ емес. Мысалы, жеке-даралап санауға келмейтін су, ұн, жел, боран, қар сияқты зат атаулары, жақсылық, жолдастық, білім, ақыл, ой тәрізді дерексіз зат атаулары, қазақ, орыс, қырғыз, керей, найман тәрізді халық, ел, ру аттары т.б. толып жатқан әр алуан әлеуметтік ұғымдардың, қоғамдық құбылыстардың атта-ры сыртқы тұлғасы, грамматикалық формасы жағынан жекелік (даралық) ұғымның көрсеткіші деп танылғанмен, мән-мағынасы жағынан олардың әрқайсысы сол бір ғана заттың атауы деуге болмайды. Ал осы сөздерге көптік жалғауын жалғасақ, ол жалғау негізінен сол ұғымдағы заттардың көптігін емес, олардың әр түрлілігін білдіреді немесе басқа стильдік мән үстейтінін байқаймыз. Керісінше кейде даралық мәндегі, жалқы атауға да көптік жалғауы жалғануы мүмкін. Мысалы, Құдайларыңды ұмытқан екенсіңдер. Есік алдында Әбдірахмандар әлі тұр екен тәрізді сөйлемдерде құдайлар, Әбдірахмандар сөздеріндегі көптік жалғау сол заттардың (құдай, Әбдірахман) көптігін білдіріп тұрған жоқ, бірінші сөйлемде қаратылып айтылған адамдардың көп (біреу ғана емес) екендігін, екінші сөйлемде Әбдірахман жалғыз емес, қасында тағы басқа адамдар бар екендігін білдіреді, сондықтан да сан-мөлшер категориясына байланысты жекелік және көптік мән туралы, әсіресе олардың грамматикалық сипаты туралы мәселе болғанда мағыналық жағынан осындай шарттылықтарды ескермей болмайды.
Көптік ұғымды білдірудің тәсілдері әр түрлі. Көптік ұғымның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші—көптік жалғау. Ал жекелік ұғымның оған қарама-қайшы грамматикалық арнайы формасы болмай-ды. Бірақ көптік ұғым тек көптік жалғау арқылы ғана беріліп қоймайды. Жоғарыда көрсеткеніміздей, бір тек-тес заттардың жалпылама атауында, абстракт ұғымдағы сөздерде де, жеке-даралап санауға келмейтін немесе де-рексіз зат атаулары сияқты сөздерде де көптік, жалпы-лық мән болады. Мысалы, үй, ағаш, сәуле, ой, қарсылық дегендер — бір ғана жеке заттың атауы емес, біртектес заттардың бәрін қамтитын жалпылама атау. Солай бола тұрса да, бұл сөздердің семантикасынан тікелей көптік ұғым туа ма? Бұлар „көптік ұғымды осылайша сөздің тікелей өз лексикалық мағынасы арқылы білдіру лексикалық тәсілі деп аталады" (ЫА -ҚҚТ.41), немесе „Көптік мағына тудырудың лексикалық тәсілі деп отырғанымыз — зат есімнің жекеше, көпше болып бөлінуінің белгілі бір жалғаудың қызметіне байланысты болмай, сөздің өз ішкі лексикалық мағынасына (дұрысында жалпы грамматикалық мағынасына, өйткені лексикалық мағына жекелік-көптік мән жағьшан бейтарап (— И.С.) байланысты болып келуі" (ҚТГ.53) сияқты қорытынды жасауға, ол сияқты сөздерді көптік ұғымды білдіретін сөздер деп тануға толық негіз бар ма? Шындығында бұл сияқты сөздер көптік мәнде ғана қолданылып, жекелік мағынаға қарама-қайшы болса ғана, яғни үй деген үйлер ұғымында ғана, сәуле деген сәулелер ұғымында ғана т.б. түсінікте ғана, оның жекелік, даралық мәніне тұпа-тура қарама-қайшы көптік ұғымның (мағынаның) толық мәнде лексикалық тәсіл арқылы берілуі болып танылар еді, дұрысында бұл сөздер көптік мағынадан гөрі жалпылық, дерексіз абстрактылық мәнді білдіреді.
Көптік ұғым аналитикалық тәсілмен де беріледі. Сан есімдер, сандық мәні бар сөздер, қайталама қос сөздер т.б. зат атауының алдынан келіп, оны анықтап тұрса, ол зат біреу емес, бірнешеу (көп) екенін түсінеміз. Әдетте ондайда зат атауын білдіретін сөз көптік жалғауынсыз қолданылады: талай жыл өтті, көп адам жиналды, жүздеген тонна жүк жіберілді, мыңдаған машина жүк тасып жүр, мая-мая шөп үйген, тау-тау астық үйіліп жатыр т.б.
Көптік жалғаудың бірден-бір грамматикалық көрсеткіші -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер. Бұлар -бөлек-бөлек жалғаулар емес, өзі жалғанатын сөздің соңғы дыбысы мен буынына байланысты түрленетін бір жалғаудың нұсқалары. Дауысты дыбысқа немесе р, й, у үнді (сонар) дауыссыздардың біріне біткен сөздерге жуан буыннан кейін -лар, жіңішке буыннан кейін -лер, қалған үнді дауыссыздардың (л, м, н, ң) және з, ж, ұяң дыбыстың біріне біткен сөздерге жуан буыннан кейін -дар, жіңішке буыннан кейін -дер, қатаң дыбыстар мен б, в, г, д ұяң дауыссыздарының (қазақ тілінде бұндай дыбыстарға сөздер аяқталмайды, ал кірме сөздердің осындай соңғы дыбыстары айтылуда қатаңданып, олар п, ф, к, т болып өзгеріліп айтылады) біріне біткен сөздерге жуан буыннан кейін -тар, жіңішке буыннан кейін -тер жалғанады. Осының өзінен дауыссыздарды үн қатысына қарай үнді деп бөліп берілетін дыбыстардың сипаты біркелкі емес екенін көруге болады. Бұндай ерекшелік септік жалғауларының жалғануынан да байқалады.
Көптік жалғау таза көптік мағынадан басқа мәнде, әр түрлі стильдік сипатта да жұмсала алады. Көптік жалғаудың негізгі грамматикалық мағынасы — заттың көптігін білдіру: ауыл-дар, үй-лер, кітап-тар, адам-дар, бала-лар т.б. Осы негізгі мағыналарымен бірге көптік жалғау басқа да мағыналық реңктерді, мәндерді білдіруі мүмкін: 1) сан есімге, үстеуге жалғанып, сол сөз білдіретін ұғымның жалпы мөлшерін, болжамын білдіреді: жасы қырық-тарда, ертең-дер барып қалар (бұл жерде қырық та, ертең де көп емес); 2) абстракты зат есімдерге жалғанып, оның көптігін емес, әр түрлілігін немесе салмақ, мөлшер, көлем өлшемін білдіреді: ой-лар, сәуле-лер, су-лар, ойын-дар, күлкі-лер т.б.; 3)даралық мәндегі зат атауларына, жалқы есімдерге жалғанғанда, олардың өзінің көптігін емес, көпке ортақ екенін және онымен бірге топтау ұғымын (және басқалар деген сияқты) білдіреді: әке-лер, шеше-лер, Абай-лар келе жа-тыр (әке, шеше біреу-ақ қой, Абай және оның қасындағылар) т.б. 4) заттың өзінің көптігін емес, көпке ортақтықты да білдіреді: ас-тарыңды ішіңдер дегенде астың көптігі емес, оны ішетін адамның көптігін білдіреді. Сол сияқты күлкілері жарасқан, ауылдарыңа қайтыңдар, жұмыстарыңды тезірек бітіріңдер т.б. Осындай әр жақты мағынада, мағыналық реңкте жұмса-латындықтан, көптік жалғау әр түрлі стильдік қызмет те атқарады. Көптік жалғау кейде зат есімнен басқа сөз таптарына (мысалы, сын есім, сан есім, етістіктің есімше түрі т.б.) жалғанса, оларға заттық мағына үстеп, субстан-тивтендіріп тұрады. Көптік жалғаудың бұл қасиеті әрқашан дұрыс түсініле бермейді. „Көптік жалғауының бұл жердегі қызметі (яғни басқа сөз таптарына жалғанып,) оны заттандыру (—И.С.) жұрнақ қызметімен пара-пар дерлік" — деу (ҚТГ, 52-53) жалпы жалғаудың табиғатына терең үңілмегендіктен туып отыр. Біріншіден, басқа сөз таптарын заттандыру қасиеті тек көптік жалғауда емес, септік, тәуелдік жалғауда да жиі кездесіп отырады: еріншектің ертеңі таусылмас, Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез (Абай) т.б. Екіншіден, көптік, тәуелдік және септік жалғауларының бұндай қасиеті, басқа сөз таптарына жалғанғанда, оларды заттандырып жіберу қасиеті, бұл тұлғалардың зат есімге тән түрлену жүйесі екендігін, зат есімнің таза грамматикалық категориясы екендігін дәлелдейді.
Қазақ тілінде, көптік мағына болса да, көптік жалғаудың жалғанбайтын да орындары бар. Көптік жалғау бірыңғай мүшелердің кейде соңғы сөзіне ғана жалғанады: қалам, қағаздарыңды алыңдар. Жекеше, көпше мағынаға талғаусыз қарайтын абстракт, дерексіз зат атауларына көптік жалғау жалғанбайды. Егер ондай сөздерге көптік жалғау жалғанса, онда көптік жалғау сол сөз білдіретін заттың көптігін емес, басқа стильдік мән үстейді: айталық, заттың әр түрлілігін немесе соған қатысты екінші бір басқа заттардың көптігін білдіреді: достық-тары, күлкі-лері, адимгершілік-тері т.б. Бұл жерде көптік жалғау достықтың, күлкінің, адам-гершіліктің көптігін емес, әр түрлілігін немесе достыққа, күлкіге, адамгершілікке қатысты адамдардың көптігін білдіреді.
Көптік мағына аналитикалық жолмен берілгенде сан есімдер, көп, көптеген, талай, біраз сияқты көптік ұғымды білдіретін сөздер, қайталама қос сөздер зат атау-ына анықтауыш болып, ол заттың көптігін білдіргенде, зат атауына көбінесе көптік жалғау жалғанбайды: көп адам (адамдар емес), жүз елу кітап (кітаптар емес), та-лай заман (замандар емес), мая-мая шөп (шөптер емес), тау-тау астық (астық-тар емес) т.б. Кейде ондай анықтауышы бар зат есімдер көптік жалғауын үстеп қолданылса, ондай жағдайда көптік жалғау көптік мағынадан гөрі, басқа мәнде, стильдік сипатта қолданылады: түрлі-түрлі бастар бар, көп күндер өтті т.б.
Көптік мән бір кездегі екілік ұғымның көрсеткіші болған -ыз, -із, -з және 1-жақ жіктік жалғау тұлғасы -қ, -к, қосымшасы арқылы да беріледі. Бұның ерекшелігі сол — көптік мәнді осы қосымша жалғанған сөз білдірмейді, бұл сөз көп субъект арқылы орындалғанын, яғни қимыл иесінің көптігін білдіреді. Мұндағы септік мағына басқа жақтағы жіктік жалғау құрамындағы мысалы, сын-дар, сіз-дер т.б. көптік жалғауларының мәнінде қолданылады. Көне түркі тілінде көптік ұғымның -т, -д қосымшасы арқылы берілуі қазақ тілінде жоқ, тек ондай тұлға көптік мәннен айырылып қалған күйде кейбір сөздің құрамында кездесуі мүмкін: алпауыт т.б.
Көптік жалғаудың тағы бір үлкен ерекшелігі бар. Оның сөз байланыстырушылық сипаты, жалғау қасиеті басқа жалғаулардан ерекше. Көптік жалғау қазақ тілінде жалғау деп аталғанмен, тікелей көптік мағынаны білдіргенде, басқа жалғаулар сияқты қосымшаның жалғау деп аталатын түріне тән сөз байланыстырушылық қызмет атқара алмайды. Көптік жалғау бұл жағынан, сөз байланыстырушылық сипатының болмауы жағынан, қосымшаның жалғау түрінен гөрі форма тудыратын жұрнақтар қатарына өте жақын. Мысалы, Гүл билеп жайқальт, бұлбұлдар сайраған (Шәкәрім) дегендегі бұлбұлдар сөзіндегі -дар көптік жалғауы ешбір сөздерді байланыстырып тұрған жоқ, тек бұлбұлдың көп екенін білдіріп түр. Осы сөйлемді Гүл билеп жайқалып, бұлбұл сайраған деп қайта құрсақ, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен байланысына, сөйлем білдіретін ойға ешбір нұқсан келмейді, сөйлемдегі сөздердің байланысы бұзылмайды, өйткені -дар қосымшасының бұл жерде сөздер байланысына ешбір қатысы жоқ. Сен заттарыңды тастап кет дегендегі заттарыңды (затыңды десек, бір ғана атауды білдіреді) сөзі де дәл осындай -тар көптік жалғауы: осы сөйлемдегі не сен, не тастап кет, не түсіп қалған өзіңнің сөздерінің ешқайсысымен зат сөзін байланыстырып тұрған жоқ, тек заттың көп екенін ғана білдіреді. Олай болса, қазақ тілінде көптік жалғау ешқашан сөз бен сөзді байланыс-тырмай ма? деген заңды сұрақ туады.
Қазақ тілінде көптік жалғау 2-жақта жіктік жалғаумен қабаттасып келгенде ғана сөз байланысты-руға қатысады: сен-дер бала-сың-дар, келді-ңдер, барған-сыңдар, сіз-дер ағасыздар (барып-сыздар), сен-дердің барғы-ларың келмейді, сіздердің көрғі-леріңіз келеді т.б. Бұл сияқты жіктеу сен баласың-дар (келді-ңдер, барғансыңдар) немесе сендер бала-сың (келді-ң, барған-сың), сіз аға-сыздар (барып-сыздар) немесе сіз-дер аға-сыз (ба-рып-сыз) т.б. болып қолданылмайды. Бұнда алдыңғы сөз (жіктеу есімдігі) көптік тұлғада тұрса, екінші жіктелген сөз (есім я етістік) де көптік формада ғана қолданылады. Сондай-ақ бірінші жақта көптік тұлғадағы жіктік жалғаулар -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз 1-жақтағы көптік мағына білдіретін жіктеу есімдігімен, яғни біз сөзімен әрі жақтық, әрі көптік мәнде қиысып жұмсалады. Осы мысалдардан көрінетіндей, көптік жалғау қазақ тілінде заттың көптігін білдіргенде (зат есімге жалғанғанда), сол затқа көптік мән үстейді де, сөз байланыстыру қызметін атқармайды. Көптік жалғаудың сөз байланыстырғыштық қызметі бірінші және екінші жақта предикаттық қатынасқа түскен сөздерде ғана байқалады. Бұл жағынан келгенде көптік жалғау тәуелдік, септік, жіктік жалғаулармен бір қатарда тұра алмайды, жалғау болып аталуы шартты деп ұғу керек, шындығында, бұл жағынан форма тудыратын жұрнақ қатарына қосуға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет