Заңсыз сыйақы алу (224-бап)
Лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік ұйым қызметшісінің, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымның басқару қызметтерін атқармайтын қызметкерінің өз міндеттері шеңберіндегі жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетулерді заңсыз алуы, егер бұл әрекеттер қорқытып алумен байланысты болмаса, заңсыз сыйақы деп танылып, кінәлы адам Қылмыстық кодекстің 224-бабымен жауапқа тартылады. Қылмыстың тікелей объектісі-жұмысты орындау немесе қызмет көрсету сапасын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан әрекет арқылы-меншік нысанына қарамастан лауазым адамы болып табылмайтын қызметкердің өз міндеттері шеңберіндегі жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшін материалдық сыйақыны, жеңілдіктерді немесе мүліктік сипаттағы қызмет көрсетуді заңсыз алу арқылы жүзеге асырылады. Заңсыз алу дегеніміз-жұмыс немесе қызмет көрсетудің белгіленген бағасынан тыс ақы алуы немесе материалдық зат алуы я болмаса клиенттің есебінен басқа жеңілдіктерді көруі т.б. жатады. Мысалы, шаштараздың қызмет көрсету ақысын асыра алуы, тоназытқыш жөндегіштің жөндеу ақысына қоса материалдық зат талап етуі, оқу орнында сырттай оқитын сағат жөндегіштің қызмет көрсеткені үшін ұстазынан жөндеу ақысын ала отырып, емтихан бағасын сұрамай-ақ қойдырып алуы т.б. әрекеттер.Қылмыс құрамы материалдық. Жәбірленушіге материалдық залал келтіріле отырып заңсыз сыйақы алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Заңсыз сыйақы алу қорқытып алумен байланыссыз болуы керек.
Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен, пайдакүнемдік ниетпен жасалады. Қылмыстың субъектісі-жасы 16-ға толған, есі дұрыс лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік ұйым қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымның басқару қызметтерін атқармайтын қызметкерлері.
Табиғат пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеу (225-бап)
Табиғат пайдалану жөніндегі көрінеу заңсыз мәмілелерді тіркеу, табиғат ресурстарын мемлекеттік есепке алу мен мемлекеттік жер кадастраларының деректерін бұрмалау, сондай-ақ табиғат ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын қорғап, молықтырғаны үшін төлемді қасақана төмендету, егер бұл әрекеттерді лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүддесі үшін жасаса Қылмыстық кодекстің 225-бабымен жауапқа тартылады. Қылмыстың объектісі-табиғат пайдалану жөніндегі заңда белгіленген мәмілелерді реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан: а) табиғат пайдалану жөніндегі көрінеу заңсыз мәмілелерді тіркеу; б)табиғат ресурстарын мемлекеттік есепке алу және мемлекеттік жер кадастраларының деректерін бұрмалау; в) табиғат ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын қорғап, молықтырғаны үшін төлемді қасақана төмендету әрекеттерін істеу арқылы жүзеге асырылады. Заңсыз мәмілелер деп азаматтық құқық нормасында көрсетілген талапқа сай емес, заңға көрінеу қарама қайшы мәмілелерді айтамыз. Табиғат ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаны ластағаны, табиғат ресурстарын қорғап, молықтырғаны үшін төлемді қасақана төмен-детуге-осы мәселелерге арналған арнаулы нормативтік және басқадай ережелер мен нұсқауларда көрсетілген төлем ставкаларын әдейі төмендетіп, кінәлының жағдайын жақсарту әрекеттері жатады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік сипатта істеледі. Кінәлы адам табиғат пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеудің қоғамға қауіпті екенін сезеді, бірақ пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделік жағдайы оны жүзеге асыра отырып, заңсыз әрекеттерге тіккелей жол береді. Қылмыстың субъектісі-арнаулы лауазымды адам.
Достарыңызбен бөлісу: |