Бухгалтерлік есеп ережелерін бұзу (218-бап)
Бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адамның заңдарда көзделген мәліметтерді құжаттаудан жалтаруы не осы адамның есепке алу немесе есеп беру құжаттарына ұйымның шаруашылық және қаржы қызметі туралы көпе-көрінеу жалған ақпаратты енгізуі, сондай-ақ ірі зиян келтірген қаржы және басқа есепке алу немесе есеп беру құжаттарын оларды сақтау мерзімі аяқталғанға дейін жойғаны үшін қылмыстық жауаптылық көрсетілген. Қылмыстың объектісі-бухгалтерлік есеп ережелерін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-бухгалтерлік есеп жүргізу құжаттары. Қылмыс объективтік жағынан іс-әрекеттер, қылмыстық зардап және себепті байланыс белгілері бойынша сипатталады. Бұл жерде әрекет: 1) бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адамның заңдарда көзделген мәліметтерді құжаттардан жалтаруы; 2)есепке алу немесе есеп беру құжаттарына көпе-көрінеу жалған ақпарат енгізуі; 3) есепке алу немесе есеп беру құжаттарын сақтау мерзімі аяқталғанға дейін жоюы арқылы жүзеге асырылады. Бұл әрекеттер бухгалтерлік есеп-қисап құжаттарына әр түрлі жалғандықтар жасау арқылы жүзеге асырылады. Заңда есепке алу немесе есеп беру құжаттарын сақтау мерзімі белгіленген, оны сақтау мерзімі өткенше жоюға жол берілмейді. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет әр түрлі болуы мүмкін, оның іс-әрекетті саралауға қатысы жоқ, тек жаза тағайындағанда ғана еске алынады. Қылмыстың субъектісі арнаулы-бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адам.
Банк операциялары туралы көрінеу жалған
мәліметтер беру (219-бап)
Банк қызметкерлерінің заңды немесе жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер беруі, сондай-ақ осы банктің іс жүзіндегі қаржы жағдайымен көрінеу қамтамасыз етілмеген кепілдемелер, кепілдіктер және өзге де міндеттемелер беруі, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса Қылмыстық кодекстің 219-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды. Қылмыстың объектісі-банк операцияларын реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан мынадай белгілермен сипатталады: 1) белсенді әрекет арқылы; 2) заңда көрсетілген зардапты келтіру;
3) әрекет пен келтірілген зардаптың арасындағы себепті байланыс.
Әрекет: 1) заңды немесе жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер беруі;
2) банктің іс жүзіндегі қаржы жағдайымен көрінеу қамтамасыз етілмеген кепілдемелер, кепілдіктер және өзге де міндеттемелер беруі;
3)осы әрекеттердің азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтіруі немесе келтіру мүмкіндігін тудыруы арқылы жүзеге асырылады.
Қылмыс құрамы материалдық-формальдық. Ол заңда көрсетілген іс-әрекеттерді істеу арқылы зиян келтірілсе немесе зиян келтірілу мүмкіндігі болса аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі арнаулы-банк операцияларын жүргізуге құқылы банк қызметкері.
Достарыңызбен бөлісу: |