Ядро тек екі санмен сипатталады. Бұл − берілген элементтің атомының периодтық жүйедегі реттік нөмірі (оны атомдық нөмір деп атайды және Z деп белгілейді) және массалық сан (символы − А).
Атомдық нөмір ядродағы протондар санын білдіреді. Бұл сан ядро зарядына тең. Атомдық нөмір берілген химиялық элементтің барлық атомдары үшін бірдей, мысалы, көміртектің барлық атомдары үшін Z=6. Массалық сан ядродағы протондар мен нейтрондардың қосындысынан құралады. Нейтрондарды N деп белгілесек: А = Z+ N.
Ядроны белгілеу үшін элемент символына массалық санмен атомдық нөмірді қосып жазады (1-сурет). Кейбір кезде атомдық нөмірді жазбаса да болады, себебі элемент символы жазылғаннан кейін, оның өзіне тән нөмірі бар екені түсінікті. Мысалы, 126С деген жазуды тек 12С деп жазуға немесе көміртек-12 деп жазуға болады.
2.3 Изотоптар туралы түсінік Бір элементтегі атомдардың массалық сандары әртүрлі болса, осы атомдар изотоптар деп аталады. Ал барлық атомдарда протондар саны бірдей болғандықтан, массалық сандардың айырмашылығы тек нейтрондар саны әртүрлі болуының нәтижесі деп ұққан жөн. Көптеген элементтер табиғатта изотоптар қоспасы ретінде кездеседі. Элементтің салыстырмалы атомдық массасы оның барлық изотоптарының салыстырмалы атомдық массаларының орта есеппен алынған мәніне тең. Кейбір элементтердің изотоптары және олардың табиғатта кездесуінің пайыздық мөлшерлері 3-кестеде келтірілген.