Сабақ тақырыбы. Кіріспе. Омыртқасыздар зоологиясы жеке ғылым ретінде. Сабақ жоспары



бет9/56
Дата17.04.2023
өлшемі177,48 Kb.
#83523
түріСабақ
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   56
Байланысты:
tezis lektsii po zoologiya

Бақылау сұрақтары:

  1. Ішекқуыстыларды қалай сипаттауға болады?

  2. Гидраның құрылысы неден тұрады?

  3. Гидраның көбеюі қалай жүзеге асады?

  4. Гидра қалай дамиды?

  5. Теңіз гидроидты полиптер қалай көбейеді?

  6. Медузаның түзілуі қалай жүзеге асады?

  7. Медузаның ұрпақ алмасуы қалай жүреді?



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Догель В.А. Зоология беспозвоночных. Учебник. - Москва: «Высшая школа», 1981.

  2. Түсіпова К.С. Омыртқасыздар зоологиясы. І бөлім: Оқулық.- Алматы: 1998.

  3. Түсіпова К.С. Омыртқасыздар зоологиясы. ІІ бөлім: Оқулық. - Алматы: 1999.

  4. Шарова И.Х. Зоология беспозвоночных. Учебник. - Москва: «Владос», 2002.

  5. Дәуітбаева К.Ә. Омыртқасыздар зоологиясы. 1-кітап: Оқулық. - Алматы: 2004.

  6. Дәуітбаева К.Ә. Омыртқасыздар зоологиясы. 2-кітап: Оқулық. - Алматы: 2005.

  7. Арыстанов Е.А., Жакупова А.А. Омыртқасыздар зоологиясының практикумы. Оқу құралы. - Көкшетау: 2009.



Дәріс № 5 (1 сағ.)


Сабақ тақырыбы. Жалпақ құрттар типі (Plathelminthes). Кірпікшелі құрттар класы (Turbellaria).
Сабақ жоспары:

  1. Жалпақ құрттар типіне жалпы сипаттама.

  2. Кірпікшелі құрттар құрылысындағы ерекшеліктер.

  3. Кірпікшелі құрттардың ас қорыту жүйелерінің типтері.

  4. Кірпікшелі құрттардың зәр шығару жүйесі.

  5. Кірпікшелі құрттардың нерв жүйесі, сезім мүшелері.

  6. Кірпікшелі құрттардың жыныс жүйесі, көбеюі және дамуы.




  1. Жалпақ құрттар типіне жалпы сипаттама.

Жалпақ құрттар типiне денесiнен тек қана бiр симметрия жазықтығын жүргiзуге болатын екi жакты симметриялы (билатеральды) жануарлар жатады. Жалпақ құрттар үш кабатты болады. Онтогенез процесінде оларда iшекқуыстылар тәрiздi екеу емес, үш ұрық жапырақшалары дамиды. Сыртқы қабаты түзетiн эктодерма мен iшек пайда болатын энтодерма қабаттары аралығында үшiншi ұрық жапырақшасы - мезодерма дамиды. Құрттардың денесi ұзынша келген және арқа -құрсақ бағытында қысыңқы (жапырақ, тақта, таспа тәрiздес).
Жалпақ құрттардың негiзгi ерекшелiгi - терi-бұлшықет қапшығының болуы. Ол эпителий мен оның астында орналасқан бұлшықет талшықтарының бiрiгуiнен түзiлген. Бұл бұлшықеттер бiрнеше қабат түзе отырып (сақина тәрiздес, ұзына бойы, дорза-вентральды, қиғаш) эпителий астында жануардың денесiн қаптайды. Plathelminthes типінің «құрт тәрiздес» қозғалуы терi-бұлшықет қапшығындағы бұлшықет талшықтарының жиырылуы арқасында жүредi.
Жалпақ құрттардың бәрi де - қуыссыз, паренхималы жануарлар: ішкі мүшелерi арасындағы кеңiстiктi мезодермадан пайда болған дәнекер ұлпалар немесе көптеген клеткалары бар паренхима толтырып тұрады. Осыған сай, оларды паренхиматозды құрттар деп атайды. Паренхима мүшелер аралығындағы барлық кеңiстiктi алып тұрады. Ол тiрек қызметiн аткарады. Оның зат алмасудағы рөлi зор және қорек заттар жиналатын орны болып саналады.
Асқорыту жүйесi эктодермальды алдыңғы iшектен немесе жұтқыншақтан және тұйық бiтетiн энтодермальды ортаңғы iшектен тұрады. Артқы iшегi және ерекше аналь тесiгi жоқ. Кейбiр паразиттiк түрлерiнде асқорыту жүйесi толығымен жойылған.
Протонефридия деп аталатын алғашқы зәр шығару мүшесi пайда болады. Олардың тарамдалған түтiкшелерi паренхимада кiрпiкше шоғы бар жұлдыз тәрiздi клеткалармен аяқталады. Сыртқы ортамен протонефридиялар экскреторлы (зәр шығарушы) саңылаулармен байланысады.
Қан айналу және тыныс алу жүйесi жоқ.
Нерв жүйесi бас нерв түйiнiнен және одан денесiнiң артқы жағына қарай жүретiн, өзара сақина тәрiздес өсiндiлермен байланысатын нерв бағаналарынан тұрады. Ерекше дамыған бүйiрлiк және құрсақтық екi ұзына бойы бағаналары бар.
Жыныс жүйесi гермафродиттi және өте күрделi. Iштей ұрықтануды қамтамасыз ететiн мүшелер пайда болады.
Жалпақ құрттар типiне 5 класс жатады: кiрпiкшелi құрттар (Turbellaria), дигенетикалық сорғыштар немесе трематодтар (Trematoda), моногенетикалық сорғыштар (Monogenoidea), таспа құрттар және цестода тәрiздiлер (Cestodaria). Соңғы 4 класс өкiлдерi - нағыз паразиттер.

  1. Кірпікшелі құрттар құрылысындағы ерекшеліктер.

Кірпікшелі құрттар еркін қозғалатын, теңіз және тұщы су, кейде ылғалы мол топырақта мекендейтін құрттар. Олардың денесі кірпікшелі эпителиймен жабылған. Турбелляридің түр саны 3000-ға жетеді.
Денесі созылыңқы, жапырақ тәрізді, денесінде бөгде шығыңқы жерлері жоқ. Тек кейбір турбеляриде денесіің алдыңғы жағында екі кішкене қармалауыш тәрізді өсінділері болады. Турбелляридің ұзындығы миллиметрден бірнеше сантиметрге дейін жетеді. Денелері түссіз немесе ақ түсті, тек кейде терісіндегі пигменттерінің әсерінен әр түрлі түсті болады. Денесін цилиндр пішінді клеткалардан тұратын бір қабатты эпителий жапқан, оның сыртқы бос шеттерін кірпікшелер қаптап тұрады. Кейбір турбелляриде клеткалар арасындағы шекаралар жойылып, эпителий синтицитий тәрізді болады. Мұндай жағдайда ядроны қоршап тұрған цитоплазма аймақтары дененің ішіне қарай ығысады. Ұлпа қабатына тереңірек еніп кеткендіктен олар колба тәріздес және өздерінің жіңішке бөлімімен сыртқы ортамен байланысады. Жіңішке бөлімдерінің ядросы жоқ және бос жағында кірпікшелері бар бөлінбеген цитоплазмалық тақтаны түзеді. Қабаттарының бұндай құрылыс түрі көптеген турбелляриге тән және олар батып кеткен эпителий деп аталады.
Турбелляридің тері қабаттарында көптеген тері бездері байланыса орналасқан. Олар дененің барлық беткі қабаттарына шашырап орналасқан немесе кешенді жинақталған бокал, алмұрт тәрізді без клеткалары. Бұл бездер эпителиде де, дененің тереңірек жерінде де орналасады. Тері бездерінің бірі болып рабдитті клеткалар да жатады. Олардың құрамында жылтырауық, жарық бағытын өзгертетін таяқшалар - рабдиттер болады. Олар дене бетіне перпендикуляр жатады. Жануарды қатты қоздырғанда олар эпителиден сыртқа атылып шығады да, суда ісініп дене бетінде кілегейдің шоғырын түзіп қорғаныш қызметін атқарады.
Эпителидің астында базальды мембранасы бар. Оның қызметі - денеге белгілі пішінді беру және бұлшықеттерді бекіту. Базальды мембрананың астында күрделі құрылысты бұлшықеттері орналасқан, ол бұлшықет талшықтарының бірнеше қабатынан құралған. Ең жоғарғы беттерінде сақина тәріздес бұлшықеттер қабаты орналасқан, одан ішкері ұзына бойы және диагональды бұлшықеттері орын алады.
Бұлшықеттердің эпителимен бірігуінен тері-бұлшықет қапшығы түзіледі. Бұдан басқа, турбелляриялардың бәрінде оларға тән дорзо-вентральды немесе арқа-құрсақ бұлшықеттері бар. Бұл талшықтардың будалары арқа бөлімінен құрсаққа қарай созылып және дененің екі жағында орналасқан базальды мембранаға бекінеді, соның арқасында жәндіктер денесін арқа-құрсақ жағынан қысыңқы күйге келтіре алады.
Турбеллярияның қозғалысы бір жағынан - сыртқы эпителий кірпікшелерінің соғуы, екінші жағынан - тері-бұлшықет қапшығының қысқаруы арқылы жүреді. Turbellaria жүзе де, жорғалай да алады. Ұсақ формалары кірпікшелер арқылы жүзеді. Ірі түрлері денесін созып-қысқарту арқылы жорғалайды.
Тері-бұлшықет қапшығының астындағы ішкі мүшелер аралығы паренхимамен толтырылған. Паренхима - көп өсінді борпылдақ дәнекер ұлпалы клеткалардан түзілген. Бұл келткалар түрлі бағытта айқаса және ұштарымен жабыса бос орналасады. Олардың арасын клетка аралық сұйықтық толтырған, сол себептен паренхима асқорыту өнімдерін ішектен ішкі мүшелерге тасымалдауын қамтамасыз етеді. Бір жағынан зәр шығару қызметі де атқарылады. Содан басқа, көптеген фибрилды құрамалардың болуы, паренхиманы тірек ұлпасы ретінде қарастыруға да ықпал етеді.

  1. Кірпікшелі құрттардың ас қорыту жүйелерінің типтері.

Ас қорыту жүйесі алдыңғы және тұйық бітетін ортаңғы ішектен тұрады. Ауызы тек қана коректі жұту емес, сонымен қатар қорытылмаған қатты қалдықтарды шығарудың жолы. Турбелляриялар әр түрлі ұсақ жәндіктерді корек ететін жыртқыштар. Ауызы дененің құрсақ бөлігінде орналасқан: ол дененің алдыңғы бөліміне жақынырақ, құрсақ бөлімінің ортасында немесе артқы бөлімінде орналасуы да мүмкін.
Ауыз қуысы эктодермальды жұтқыншақпен, ал ол ортаңғы ішекпен байланысады. Кейбір турбеллярилердің (Tricladida және Polycladida отрядтарында) ауыз қуысы жұтқыншаққа емес, сыртқы жамылғыларының иілуінен түзілген жұтқыншақтық қалтаға ашылады, ал оның түбінен бұлшықетті жұтқыншақ басталады. Ол түтік тәрізді, қоректі алу үшін ауыз арқылы сыртқа созылып шыға алады.
Турбеллярия класында энтодермалық ортаңғы ішек әр түрлі формаларында әр түрлі құрылған. Ұсақ турбелляриде (Rhabdocoela, Macrostomatida отрядтарында) ол қапшық немесе бітелген түтік пішіндес. Ірі формаларында ішек тарамдалған. Көп тарамдыларда жұтқыншақ қарынға, одан дененің жан-жағына тұйық тармақтармен аяқталатын ортаңғы ішекке жалғасады (Polycladida отряды). Үш тарамдыларда (Tricladida отряды) жұтқыншақтан ішектің бірден үш негізгі тарамдары басталады: біреуі алға, екеуі иіліп артқа қарай бағытталады. Бұл тармақтардың әрбіреуінен тағы да бірнеше қатарлы тұйықталған тармақшалар шығады. Аналь тесігі болмағандықтан қалдық заттар ауызы арқылы сыртқа шығарылады. Ұзындығы бірнеше миллиметрден аспайтын ұсақ турбелляридің борпылдақ дәнекер ұлпалары арқылы қорытылған ас денеге тарайды. Ішексіз турбеллярилерде (Acoela отряды) ортаңғы ішегі жоқ. Олардың жұтқыншағы паренхималық клеткаларымен ұштасқан (асқорыту клеткалар тобымен). Солардың ішінде ас қорытылып, бойына сіңеді де, қорытылмаған зат ауызы арқылы сыртқа шығарылады.



  1. Кірпікшелі құрттардың зәр шығару жүйесі.

Зәр шығару жүйесі жеке жүйе ретінде кірпікшелі құрттарда тұнғыш рет пайда болған. Ол сыртқа ашылатын екі немесе үш түтіктен құралған. Үлкен түтіктерден дененің ішіне қарай жіңішке түтікшелерді беретін көптеген қосымша түтікшелер тарайды. Жүйенің ең шеткі түтікшелерінің бос ұшы ерекше жұлдыз тәрізді клеткалармен аяқталады. Бұл клеткаларды - терминальды деп атайды. Мұндай клеткалардың ішкі жағына кірпікшелер будасы шығады. Кірпікшелер әрқашан жалын алауы тәрізді толқындалып тұрғандықтан, оны толқынды жалын тәрізді клетка деп те атайды. Кірпікшелердің үздіксіз жұмыс істеуінің нәтижесінде несеп заттар жіңішке зәр шығару түтікшелері арқылы сыртқа шығарылады.
Ұштарында жұлдыз тәрізді клеткалары бар тарамдалған түтіктер түріндегі зәр шығару жүйесі протонефридия деп аталады. Электрондық микроскоптың көмегімен бұл құрылымдардың ультрақұрылымы да анықталды. Клетканың жұлдызды бөлімі түтікке айналған және оның ішінде толқынды кірпікшелердің шоғыры орналасқан. Түтіктің бастапқы бөлігі клетканың цитоплазмалық жіңішке байланыстарынан (тәжінен) құралып, олардың арасындағы жіңішке саңылаулары кілегейлі жұқа қабықпен тартылған. Протонефридияның осы клетка бөлімінде паренхимадан несеп сұйықтықты сорып алу процесі жүреді. Протонефридиялар - эктодермальды. Олар организмге қажетсіз зат алмасу өнімдерін шығарумен қатар, осмос қысымын реттеу қызметін де орындайды. Тұщы су турбелляриялардың протонефридиясының ерекше жақсы дамуы осымен түсіндіріледі. Олардың дене клеткалары мен сыртқы ортаның осмос қысымының әр түрлілігінен жануардың денесіне үздіксіз су кіріп тұрады, ал артық су протнефридиялар арқылы сыртқа шығарылады.
Теңіз турбелляриінде ерекше зәр шығару мүшесі жоқ, оларда қажетсіз зат алмасу өнімдерін сыртқа шығару қызметін паренхимадағы қозғалғыщ клеткалар - амебоциттер атқарады.

  1. Кірпікшелі құрттардың нерв жүйесі, сезім мүшелері.

Нерв жүйесі бас нерв түйіні (ганглиясы) және одан тарайтын нерв бағаналарынан тұрады. Нерв түйіні немесе ми нерв клеткаларының жиынтығынан құралған және ол оң және сол жақ ганглиялардан тұрады. Ми - нерв жүйесінің басқарушы орталығы - организмнің іс-әрекетінің негізі, одан дене бойына таралатын нерв талшықтары басталады. Турбелляриялардың нерв жүйесінің құрылысы әр түрлі болғандықтан оның эволюциясын класс деңгейінде ғана түсінуге болады. Кейбір ішексіз турбелляриде (Acoela) нерв жүйесі ішекқуыстыларға ұқсас, яғни дененің бетіне өте жақын - шырмалған диффузия тәріздес орналасады. Кішкене ми ганглиі құрттың алдыңғы бөліміндегі орналасқан статоцистті нервпен қамтамасыз етеді.
Нерв жүйесінің дамуы басты үш бағытпен жүреді. Әуелі тері астындағы нерв жиынтығы түзіледі, соның арқасында нерв бағаналары мен олардың көлденең өсінділері айқындалады. Сонымен қатар статоцистті нервтендіретін кішкене ми бірте-бірте үлкейіп бүкіл денені реттеуші негізгі орталыққа айналады. Келесі кезеңде жүйе паренхиманың қалың қабатына енеді. Мұны ми мен бағаналарды сыртқы орта әсерінен қорғаудағы маңызды бейімделушілік деп қарастыруға болады. Соңында нерв жиынтығынан 5-6 жұп ұзына бойлық бағаналар жіктеліп шығады, ал олар эволюция процесі нәтижесінде екі немесе бір жұпқа дейін азаяды. Қалған бағаналар жақсы дамыған және жуан. Біз бұл жерде гомологтық мүшелердің олигомеризациясын көреміз. Барлық ұзын бағаналар көлденең сақиналы өсінділермен жалғасқан, сол себептен нерв жүйесі тор пішіндес болады. Басқа да құрттарға тән мұндай құрылысты нерв жүйесі ортогон деп аталады.
Көп тарамды ішекті турбелляриде (Polycladida отряды) ми дененің алдыңғы бөлімінен ығысып, орталық бөлікте орналасқан. Үш тарамды ішекті турбелляриде (Tricladida отряды), тік ішектілерде (Rhabdocoela отряды) және басқа да турбеллярилерде бас ганглиясы алдыңғы полюске жақын орналасқан.
Ганглияның орналасуына байланысты шығатын нервтер де әр түрлі. Көп тарамды ішекті турбеллярилерде олар көп мөлшерде жұлдыз тәрізді болып жан-жаққа (11 жұп) тарайды. Көршілес бағаналардың арасында жіңішке қосқыш өсінділер болады, олар түрлі жуанды-жіңішкелі жүйке құрайды. Көп тарамды ішекті турбелляридің нерв жүйесі радиальды түрде орналасқан. Ең соңғы екі нерв бағанасы басқасынан жақсы дамып, нерв жүйесінде екі жақсы симметриялы сипат береді. Үш тарамды ішектілерде мидан бірнеше бағаналар шығады, бірақ солардан қос құрсақ нерв бағанасы ерекшеленетін болғандықтан, оларда екі жақты симметриясы айқын білінеді.
Сезім мүшелері жақсы дамыған. Бұл жерде терінің және жұп қармалауыштарының маңызы зор. Сыртқы ортаның механикалық және химиялық қоздырғыштары терідегі ұзын, қозғалмайтын кірпікшелерге тікелей әсер етеді. Бұл кірпікшелер ішекқуыстылардың атпа клеткаларының сезімтал жіпшесінде - книдоцильге - ұқсас. Одан ерекшелігі сезімтал кірпікшелері бас ганглияларымен байланысты нерв клеткаларымен жалғасып жатады. Осындай құрылыс жануардың тітіркендіргішке бүкіл денесі арқылы жауап беретінін көрсетеді. Осындай сезім мүшесін сенсилла деп атайды. Кейбір турбеллярилерде (Acoela) ішінде көмірқышқыл кальцилі тастары бар тұйық қапшықтар - статоцистер (тепе-теңдік мүшесі) болады. Статоцист ми үстінде орналасқан.
Көздері бір жұп және олар да тікелей ми үстінде орналасқан. Көздері бірнеше пигментті клеткаларымен астарланған пигментті бокалдан құралады. Бокалдың қуысына рецепторлы клеткалардың сәуле сезгіш бөлігі жалғасады. Олардан нерв талшықтары шығып, көру нерв талшығымен жалғасып, миға қарай бағытталады. Пигментті бокал өзінің ойық жағымен дененің үстіңгі бетіне қарай орналасқан. Сол себепті жарық сәулелері сәуле сезгіш бөлімдерге тимес бұрын, рецепторлы клеткалары арқылы өтеді. Мұндай көздер теріс айналған немесе инвертирленген деп аталады.

  1. Кірпікшелі құрттардың жыныс жүйесі, көбеюі және дамуы.

Жыныс жүйесі гермафродитті және өте күрделі. Ішекқуыстылармен салыстырғанда ең негізгі күрделіленуі - жыныс клеткаларын сыртқа шығару жолдарының құрылуы. Жыныс жолдары турбеллридің жорғалап тіршілік етуіне байланысты бейімделушігі. Турбелляридің көпшілігіне өзіндік қабаты бар жинақы жыныс бездерінің болуы тән.
Төменде келтірілген сипаттама көп тарамды және үш тарамды ішекті турбеллярилер негізінде жазылған.
Аталық жүйесі - паренхимада таралған көптеген ұсақ тұқым бездерінен немесе қалталарынан тұрады. Тұқым бездерінен тұқым шығару түтіктері тарайды. Олар тұқым өткізгіш жолына жалғасады. Жұткыншақтың екі жағынан созыла келіп, тұқым жолдары бірігіп, тұқым қапшығын құрайды, одан тұқым шашу түтігі шығады да, ол шағылыс (penis) мүшесімен аяқталады. Шағылыс мүшесі жыныс клоакасына еніп тұрады, одан сыртқа суырылып шыға алады. Жыныс клоакасына аналық жыныс жолдары да ашылады.
Аналық жүйесі бір, екі немесе одан да көп ұсақ жұмыртқа бездерінен тұрады. Жұмыртқа бездерінің санының азаюы, көпшілігінің нағыз жұмыртқа клеткаларын шығару қабілетін жойып, сарыуызға бай клеткаларға айналуына байланысты. Сарыуыздар нағыз жұмыртқа клеткаларға қорек ретінде қызмет етеді. Сірә, эволюция процестері нәтижесінде көптеген жұмыртқа бездерінің бірнеше бөлімі дамымай, басқа жынысты жұмыртқаларға қорек болған, соның нәтижесінде жұмыртқа бездері нағыз жұмыртқа бездеріне және көптеген сарыуыз шығарғыштарға (клеткалары - абортивті жұмыртқалар) айналған. Жұмыртқа бездерінен артқа қарай бағытталған және сарыуыз бездерінің жіңішке түтікшелерін қосып алатын екі жұмыртқа жолы тарайды. Жұтқыншақтың артқы жағында екі жұмыртқа жолы жыныс клоакасына ашылатын жыныс кынабына қосылады. Соңында, жыныс клоакасына басқа дараның тұқымдары жиналатын тағы бір қалташық - копулятивті қалтасы ашылады. Әрбір ұрықтанған жұмыртқа клеткасы сарыуыз клеткаларымен қоршалып, жалпы қабықпен (скорлупамен) қапталады. Соның нәтижесінде күрделі жұмыртқа түзіледі. Ол жалғыз турбелляриге емес, барлық құрттарға тән. Ұрықтануы - іштей. Жұмыртқалар бір-бірден немесе топталып шоғырланып шығарылады, әрбір шоғыр тығыз қабатпен оранып пәлліге (кокон) айналады. Піллә судағы заттарға, өсімдіктерге бекінеді.
Ішексіз турбелляридің жыныс жүйесі ерекше құрылысты. Жыныс клеткалары тікелей паренхимада, жыныс бездерін түзбей орналасады. Кейді жыныс жолдары да болмайды. Кейбір ішексіз турбелляриде (Acoela) жыныс тесіктері болмағандықтан ішекқуыстыларға тән жыныс жұмыртқалары ауыздан немесе дене тесіктерінен сыртқа шығарылады.
Ұрықтану әдісі ерекше: бір дараның шағылыс мүшесі екіншісінің тікелей терісіне немесе паренхимасына енгізіледі. Сперматозоидтар жұмыртқаларға өздері жетіп, оларды ұрықтандырады. Жұмыртқалар толық, бірақ біркелкі емес спиральды түрде бөлінеді. Гаструла құрылғанға дейін жұмыртқа бластомерлері эктодерма түзілетін микромераларға және энтодерма мен мезодермаға бастама беретін 4 макромераларға бөлінеді.
Көп тарамды ішекті турбелляридің (Polycladida) дамуы метаморфоз арқылы жүреді. Жұмыртқадан «мюллер» деп аталатын дернәсіл шығады. Дернәсілдің денесі жұмыртқа тәріздес, арқа құрсақ бағытында ығыспаған, ішегі тарамдалмаған. Ауыздың алдыңғы жағында 8 ұзын қалақшалары дамыған. Олардың бос шетінде кірпікше түктері болады. Дернәсіл планктонда еркін жүзіп жүріп, кішкене турбелляриге айналған соң ғана су түбіне түседі. Басқа турбеллярилер дернәсілсіз дамиды.
Кейбір турбелляриялар (Macrostomatida отряды) қайта-қайта көлденең бөлінуі арқылы жыныссыз көбеюге бейім. Толық бөлінгенге дейін, денесінің артқы жартысында мүшелердің қалыптасуы байқалады: клеткалардың жұп шоғыры пайда болып - ми ганглиялары түзіліп, оның үстінде көзі қалыптасып, жұтқыншақ бастамасы пайда болады. Тек осыдан кейін ғана бөліну басталады. Мүшелердің қалыптасуы мен түзілуі алдын-ала жүрген соң екі дара да қоректене, тітіркендіргіштерге жауап бере бастайды.
Көптеген турбеллярияларда денесінің артқы бөлімі алдыңғысынан баяулау бөлінеді де, әрбір жас индивид пайда болғалы жаңа бөлініске дайындала бастайды. Осылайша, Microstomum және басқаларында 4, 8 немесе 16 дарадан тұратын тізбек пайда болады, кейін тізбек жеке дараларға бөлініп ыдырайды. Мұндай тізбектер - уақытша колониялар. Сипатталған бөліну түрін паратомиялы бөліну деп атайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет