Сабақ тақырыбы. Тамыраяқты-талшықтылар типі (Sarcomastigophora). Жалған аяқтылар класы (Sarcodina).
Сабақ жоспары: Жалған аяқтылар класының жалпы сипаттамасы. Класс тармақтарына және отрядтарға бөлінуі.
Амебалар отрядының (Amoebina) құрылысы және тіршілігі.
Қабыршақты амебалар отрядының (Testacea) құрылысы және таралуы.
Фораминифералар отрядының (Foraminifera) тіршілігі мен таралуы.
Фораминифералардың жыныссыз және жынысты көбеюі, ұрпақ алмасуы.
1) Жалған аяқтылар класының жалпы сипаттамасы. Класс тармақтарына және отрядтарға бөлінуі. Саркодиналардың 10 000-нан аса түрлері белгілі, теңіздерде, тұщы суларда, ылғалды топырақтарда жиі кездеседі.
Адамның және жануарлардың денесінде паразиттік тіршілік ететін түрлері де бар. Барлық өкілдері жалған аяқтары, яғни псевдоподиялары арқылы қозғалады.
Саркодиналар үш класс тармағына бөлінеді: тамыраяқтылар - Rhizopoda, сәулетәрізділер - Radiolaria, күнтәрізділер - Heliozoa.
Тамыраяқтылар класс тармағы - Rhizopoda үш отрядқа бөлінеді: амебалар - Amoebina, қабыршақты амебалар - Testacea және фораминифералар - Foraminifera.
2) Амебалар отрядының (Amoebina) құрылысы және тіршілігі. Амебалардың негізгі белгілері: денесінің тұрақты пішіні, қалың қабыршағы, қаңқасының болмайтындығы. Денесінің кез келген жерінен уақытша цитоплазма өсінділерін - жалған аяқтарын шығаратын қасиеттері болады, өкілдерінің жалған аяқтары (псевдоподиялары) әр түрлі пішінді болып келеді.
Кәдімгі амеба (Amoeba proteus) - тұщы суларда, шалшық сулардың түбінде, топырақтарда кең тараған. Клеткасының көлемі - 0,5 мм. Денесі сыртынан цитоплазмалық мембранамен қапталған. Цитоплазма екі қабат түзеді, ашық түсті, мөлдір сыртқы - эктоплазма және қоңырқай келетін, түйіршікті ішкі - эндоплазма. Цитоплазманың ішінде бір ядро және көптеген органоидтар орналасқан.
Амеба жалған аяқтары немесе псевдоподиялары арқылы қозғалады.
Амеба бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен және ұсақ қарапайымдылармен фагоцитоз жолымен қоректенеді. Қорек заттарын жалған аяқтарымен орап алып, цитоплазманың ішіне тартады, содан кейін асқорыту вакуолі түзіледі. Вакуольдегі ферменттер арқылы ас қорытылып, қорытылған зат амебаның цитоплазмасына өтеді де, қорытылмаған ас қалдықтары сыртқа шығарылып отырады.
Цитоплазманың ішінде жиырылғыш вакуолі болады.
Амебалар тек жыныссыз жолмен көбейеді. Ядросы митоз жолымен бөлінеді. Қолайсыз жағдайда амеба цистаға айналады.
3) Қабыршақты амебалар отрядының (Testacea) құрылысы және таралуы. Қабыршақты амебалардың құрылысы кәдімгі амебалардың құрылысына өте ұқсас, негізгі айырмашылығы олардың денесі бір камералы қабыршақпен немесе сауытпен қапталған. Қабыршақтары органикалық заттан не қоймалжың заттан құралған, бұған майда қиыршық құм, тағы басқа бөгде заттар жабысып тұрақты пішінін жасайды. Қабыршақтың устье деп аталатын арнайы тесігі болады, псевдоподиялардың шығуына арналған. Псевдоподиялары арқылы қозғалады және қоректік заттарын жинап алады. Жыныссыз жолмен көбейеді. Пайда болған екі клетканың біреуі устье арқылы сыртқа шығып жаңадан қабыршақ түзеді.
4) Фораминифералар отрядының (Foraminifera) тіршілігі мен таралуы. Фораминифералар отрядына теңізде тіршілік ететін 4000-нан аса түрлері жатады. Бұлардың дене құрылысы амебалардың құрылысына өте ұқсас, негізгі айырмашылығы денесі сыртынан көп камералы қабыршақпен немесе сауытпен қапталған. Қабыршағы алғашқы кезде бір камералы болып келеді, бұл камераны ұрық камерасы деп атайды. Содан кейін цитоплазманың бір бөлігі қабыршақтың тесігі арқылы сыртқа шығып, оның сыртында жаңа қабыршақ пайда болып, сөйтіп екінші, үшінші, көптеген камералары түзіледі. Көп камералы қабыршақтың ішінде тек қана бір клеткалы қарапайым орналасады.
Камералар бір-бірімен тесік арқылы байланысады. Фораминифералардың қабыршақтары эктоплазмадан бөлінген қалың органикалық заттан - псевдохитиннен құралған.
Фораминифералардың жалған аяқтары қабыршақтың тесігінен сыртқа шығып, жіп тәрізді, ұзын, бір-бірімен ұштасып түйінделіп, тор жасайды. Бұларды ризоподия деп атайды. Ризоподия негізінде, қоректік заттарды ұстау және қозғалу қызметін атқарады.
5) Фораминифералардың жыныссыз және жынысты көбеюі, ұрпақ алмасуы. Фораминифералар ұрпақ алмасу жолымен, яғни жыныссыз көбею мен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды. Мысалы, Polystomella crispa фораминиферасының даму жолымен танысуға болады. Бұлар даму кезінде екі түрлі ұрық камераларын түзеді. Ұрық камерасы кішкене - микросфералық камера және ұрық камерасы үлкен - макросфералық камера.
Микросфералық камера жынысты жолмен, ал макросфералық камера жыныссыз жолмен дамығанда пайда болады. Дамуы кезінде микросфералық камераның ішіндегі жасушаның ядросы көп рет бөлінеді (100-ден аса). Ядроның әрқайсысы сыртынан цитоплазмамен қоршалып, көптеген (100-ден аса) бір клеткалы организмдер пайда болады. Олардың денесі жалаңаш, қабыршақпен қапталмаған. Осы организмдер микросфералық камераны тастап, сыртқы ортаға шығып, өсіп-өніп қабыршаққа оралып, камераларын түзе бастайды. Олардың ұрық камерасы бұрынғы аналық ұрық камерасынан - микросфералық камерадан үлкендеу болады, сөйтіп олар макросфералық формаға айналады. Осылайша жыныссыз көбеюі өтеді. Келесі жынысты көбеюі кезінде макросфералық камераның ішіндегі клетканың ядросы көп рет (мыңнан аса) бөлінеді. Ядроның әрқайсысы сыртынан цитоплазмамен қоршалып, көптеген (мыңнан аса) гаметалар, яғни аталық немесе аналық жыныс клеткалары пайда болады. Гаметалар макросфералық камераны тастап, сыртқы ортаға шығып, осы жерде басқа дараларынан шыққан гаметалармен қосылып, ұрықтанып зиготаға айналады. Зигота қабыршаққа оралып, камераларын түзе бастайды. Олардың ұрық камерасы кішкене болады, сөйтіп олар микросфералық формаға айналады. Осылайша жынысты көбеюі өтеді.
Жынысты және жыныссыз көбеюінің кезектесіп отыруын ұрпақ алмасуы деп атайды. Сөйтіп фораминифералардың макросфералық формалары клетканың жыныссыз жолмен көбейген кезде пайда болады да, өздері жынысты жолмен көбейеді, ал макросфералық формалары жынысты жолмен пайда болады да, өздері жыныссыз жолмен көбейеді.