1) Тақталылар құрылысындағы ерекшеліктер. Осы типке алғашқы қарапайым құрылысты көп клеткалы жәндіктер трихоплакстар жатады. Біраз жылдар бойы трихоплакстар ішекқуыстылардың дернәсілі ретінде қарастырылған. 1883 жылы белгілі Австрия зоологы Ф. Шульц жасанды теңіз аквариумынан түсі ақ тақта тәрізді организмді тауып, оның құрылысын толық зерттеп, тұнғыш рет осы түрді Trichoplax adhaerens деп атаған.
1971 жылы К. Грель электрондық микроскоп арқылы трихоплакстың құрылысын және биологиясын зерттеу нәтижесінде оның жынысты жолмен көбейетіндігін анықтап, трихоплаксты дернәсіл емес, өзіңше жеке организм екендігін дәлелдеді. К. Грель трихоплаксты жануарлар дүниесіндегі жаңа тип өкілі ретінде ендірді.
А.В. Иванов, В.В. Малахов трихоплакстарды жан-жақты зерттеп, көптеген еңбектер жазып, олардың жануарлар системасындағы алатын орнын белгіледі.
Қазіргі уақытта трихоплакстың екі түрі белгілі - Trichoplax adhaerens және Trichoplax reptans.
Трихоплакс теңізде тіршілік ететін, көлемі 4 мм-ге дейін түсі ақ немесе сұр, жұқа тақта тәрізді, дене пішінін өзгертіп амеба тәрізді қозғалатын жәндік. Денесінің симметриясы және алдыңғы, артқы бөліктері байқалмайды.
Трихоплакстың талшықты эпителий клеткаларынан құралған, үстіңгі «арқа» (дорзальды) және төменгі «құрсақ» (вентральды) қабаттары бар. Арқа қабатының клеткалары жалпақ, беткі жағы жұқа цитоплазмадан түзіледі де, негізгі ядро жақ бөлігі созылып ішке қарай паренхимаға батып жатады. Беткі қабатының цитоплазмалары бір-бірімен жанасып, жұқа беткі қабырғасын түзеді. Осындай құрылысты клеткалардың тобын батқан эпителий деп атайды. Арқа эпителийдің құрамында, қорғаныс қызметін атқаратын, айрықша үлкен вакуолі бар шар тәрізді клеткалар да кездеседі, оларды жылтыр (жалтыраған) шар деп атайды.
Төменгі құрсақ қабаты бір-біріне тығыз жанасқан талшығы бар, цилиндр, колба тәрізді биік клеткалардан құралған. Талшықтарының бір бағытта қозғалуы нәтижесінде трихоплакс субстратта сырғып жылжиды.
«Арқа» және «құрсақ» қабаттарының аралығында амеба тәрізді және ұршық тәрізді клеткалар орналасқан. Ұршық тәрізді клеткалардың өсінділері бір-бірімен және арқа, құрсақ клеткаларымен ұштасып байланысады. Осы клеткалардың жиырылуы нәтижесінде трихоплакс дене пішінін өзгертіп жылжиды.
Трихоплакстың коректенуі фагоцитоз және корегін денеден тыс қорыту жолымен өтеді. Бұған аралық қуыстағы амеба тәрізді және құрсақ эпителий клеткалары қатысады. Олар тұрақсыз дифференциацияланған және біріне бірі оңай айнала алады.
Трихоплакс жыныссыз және жынысты жолмен көбейеді. Жыныссыз көбеюі денесінің екіге бөлінуі немесе бүршіктену арқылы өтеді. Бүршіктер эллипс пішіндес, денеден үзіліп талшықтары арқылы жылжып кеңістікке таралады, бұларды кезеген бүршіктер деп атайды. Жынысты көбеюі кезінде құрсақ эпителий клеткасы өсіп, ішкі аралық қуысына еніп, сарыуызға бай гоноцит немесе ооцит деген жұмыртқа жасушасына айналады. Аталық жыныс клеткалары анықталмаған. Грельдің 1974 жылғы зерттеуі нәтижесінде трихоплакстың аралық қуысында айрықша клеткалары табылған, бұларды аталық гаметалар болуы мүмкін деп жорамалдаған.
2) Губкаларға жеке және колония құрып, бекініп тіршілік ететін төменгі сатыдағы көп клеткалы жануарлар ретінде жалпы сипаттама. Губкалар тұщы суларда, басым көпшілігі теңіздерде, су түбіндегі түрлі заттарға табаншасымен бекініп, қозғалмай тіршілік ететін жәндіктердің бірі. Олардың 5000-нан астам түрлері белгілі. Дене пішіні терең бокал, цилиндр, шар тәрізді, ұзындығы 5-10 мм-ден 1,5 -2 м-ге дейін ақ сары, қоңыр сарғыш, жасыл түсті болып келеді. Жасыл түсі - балдырлармен селбесіп тіршілік етуіне байланысты.
3) Губкалардың морфологиялық құрылыстары: аскон, сикон, лейкон. Губкалардың денесі сыртқы дермальды - эктодерма және ішкі гастральды - энтодерма клеткалы қабаттарынан құралған. Екеуінің аралығында мезоглея деп аталатын құрылымсыз, қоймалжың зат орналасқан. Денесінің ішіндегі кең қуысты парагастраль қуысы деп атайды. Парагастраль қуысы сыртқы ортамен оскулум деп аталатын арнайы тесігі арқылы байланысады. Губкаларға тән қасиет денесінде көптеген саңылауларының болуы. Осыған байланысты губкаларды ұсақ саңылаулы жәндіктер деп те атайды. Саңылаулары арқылы су парагастраль қуысына еніп оскулум арқылы қайтадан сыртқа шығады.
Губкалардың сыртқы эктодерма қабаты пинакоцит деп аталатын жалпақ клеткалардан құралған. Олар эпителийдің жабындық қызметін атқара отырып, губканың ішкі ортасын сыртқы орта әсерлерінен қорғап тұрады. Пинакоциттермен қатар ұзынша келген парацит клеткалары да дамыған. Олар пинакоцит клеткаларының бір түрі. Эктодерма қабатынан энтодерма қабатына қарай созылып орналасқан. Әрбір пароцит клеткаларының ортасында түтікше болады, сол себептен пороциттер губкалардың денесінде көптеген саңылауларды құрайды. Пороциттер жиырылып саңылаулардың ашылып-жабылуына себепкер болады.
Энтодерма қабаты хоаноцит деп аталатын талшықты жағалы клеткалардан құралған. Хоаноцит клеткаларының талшықтары бір бағытта қозғалып, судың үнемі парагастраль қуысына қарай өтуін қамтамасыз етеді және сол талшықтары арқылы сумен бірге келген ұсақ жәндіктерді, бактерияларды ұстап клетка ішінде қорытады немесе ұсталынған қорек заттарды мезоглеядағы амеба тәрізді клеткаларға жеткізеді.
Губкалардың мезоглея қабатында көптеген әр түрлі клеткалар кездеседі. Колленциттер - жұлдыз тәрізді клеткалар, түрлі бағыттарда айқаса және ұштарымен жабыса орналасады да тірек, тасымалдаушы, түйістіруші қызметін атқарады. Склеробласт, спонгиобласт клеткалары әр түрлі инелерді дамытып губканың қаңқасын қалыптастырады. Амебоцит клеткалары еркін қозғалатын, мезоглеяға түскен ұсақ коректік заттарды ұстап қорытады. Амебоциттердің бір түрі археоциттер бұлар толық дифференцияланбаған қордағы клеткалар болып саналады, жоғарыда атап кеткен клеткаларға оңай айнала алады, сонымен қатар жыныс клеткаларына да бастама береді.
Губкаларды мезоглея қабатының қалыңдауына, талшықты жағалы (хоаноцит) клеткаларының орналасуына және осы клеткалар арқылы қорегін ұстап, қорытуына байланысты, оларды морфологиялық құрылысы жағынан аскон, сикон, лейкон деп аталатын үш типке бөледі. Ең қарапайым құрылысты - аскон. Асконның мезоглея қабаты жұқа және талшықты жағалы клеткалары бірқатар орналасып, парагастраль қуысын түгелімен астарлап жатады. Денедегі саңылаулары тікелей парагастраль қуысына ашылады. Осы қуысқа су арқылы түскен ұсақ коректік заттарды талшықты жағалы клеткалары толығымен ұстап ала алмайды.
Сикон құрылысты губкалардың мезоглеясы қалың, ішкі қабаты мезоглеяның ішіне ойысып, талшықта жағалы клеткаларымен астарланған қалталар түзіледі. Осы қалталарды талшықты қалталар деп атайды.
Күрделіленген лейконында мезоглея қабаты әлдеқайда қалыңдап, оның ішінде талшықты жағалы клеткалармен астарланған көптеген бірінші, екінші реттік камералар орналасады. Талшықты қалталар мен камералар, сыртқы ортамен және парагастраль қуысымен, су алып келуші және су алып кетуші түтіктер арқылы байланысады. Су арқылы камераларға, қалталарға түскен коректік заттар толығымен ұсталынып қорытылады.
4) Губкалардың жынысты және жыныссыз көбеюі. Губкалар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныссыз көбеюі бүршіктену арқылы жүреді. Дененің сыртқы қабатында бүршік пайда болады. Бүршіктің құрылысы губканың құрылысына ұқсас болады. Ол өсе келе аналық губканың денесінен бөлініп, субстратқа бекініп жеке тіршілік ете бастайды.
Көп жағдайда бүршіктер денеден үзілмей, аналықпен қарым-қатынасын сақтап колония түзеді.
Сыртқы бүршіктенуден басқа іштей бүршіктену де кездеседі. Ол тұщы су губкасы - бадягада болады. Жаз бойы бадяга сырттай бүршіктену және жынысты жолмен көбейеді. Күзге қарай бадяганың мезоглеясында амебоцит клеткаларының жиынтығынан шар тәрізді ішкі бүршік -геммула пайда болады. Геммула қос мүйізді қабықшамен қапталынған, олардың аралығында ауа және кремнезем инелері болады. Инелердің көмегімен екі қабықшалары бір-бірімен бірікпейді. Қыста, қолайсыз жағдайда бадяга өледі де, денесі ыдырап, геммулалар судың түбіне шөгіп, өзінің қорғаныш қабықшасының арқасында көктемге дейін сақталады. Содан кейін, қолайлы жағдайда геммуланың ішіндегі клетка жиынтығы сыртқа шығып жаңадан губка дамиды. Гемулланың биологиялық маңызы жылдың қолайсыз мезгілінен сақтануға бейімділігі.
Жынысты жолмен барлық губкалар көбейеді. Губкалардың басым көпшілігі гермафродиттер (қос жыныстылар) болып табылады. Жыныс клеткалары мезоглея қабатында орналасқан археоцит клеткалардан пайда болады. Аталық гаметалар мезоглея қабатынан саңылаулар жүйелері арқылы парагастраль қуысына түсіп, одан судың ағынымен оскулум тесігі арқылы сыртқы су ортасына шығады. Жетілген жұмыртқасы бар басқа губканың денесіне еніп, оларды ұрықтандырады.
5) Губкалардың дамуы. Ұрықтанған жұмыртқаның алғашқы даму кезеңі аналық организмнің ішінде өтеді. Ұрықтанған жұмыртқа толық және біркелкі бөліне отырып, 8 бластомерлерге бастама береді. Одан ары ұрық 8 майда үстіңгі және 8 ірі астыңғы бластомерлерге бөлінеді. Әрі қарай даму барысында майда бластомерлер ірілерге қарағанда тез бөліне бастайды. Осының нәтижесінде бір қабатты шар тәрізді ұрық бластула түзіледі. Оның үстіңгі жартысы майда цилиндр тәрізді, талшықты, микромералар деп аталатын клеткалардан, ал төменгісі ірі дәнді, талшықсыз макромералардан тұрады. Губкалардың осындай құрылысты бластуласын - амфибластула деп атайды. Аналық организмнің ішінде амфибластула өзіне тән өзгерістерге ұшырайды. Оның ірі макромера клеткалары майда микромераларға қарай ығыса бастайды. Бірақ бұл үрдіс біраздан кейін тоқтайды да, ірі клеткалар қайтадан кері шығып, амфибластула бұрынғы күйіне қайта оралады. Бұдан кейін амфибластула саңылаулар жүйесі арқылы губканың денесінен су ортасына шығып еркін жүзіп (талшықтардың көмегімен), біршама уақыттан кейін майда талшықты клеткалары бар жағымен субстратқа бекінеді. Осыдан кейін майда талшықты клеткалары ірі клеткалар жағына еніп, екі қабатты ұрық пайда болады да, ол ересек губкаларға айналады.
Ұрықтың майда талшықты клеткалары губканың ішкі қабатын, ал ірі клеткалары - сыртқы, дермальды қабатын, мезоглеяны және оның барлық клеткалық элементтерін құрайды. Осындай даму кезеңі барлық ізбесті губкаларда жүреді.