Байланысты: Дидактикалық материал 8 сынып XVIII ғасырдағы қазақтардың халық шығармашылығы 1-сабақ
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 4-том
Ақтамберді Сарыұлы Өз елін, өз жерін, өз Отанын жанындай сүйген ақынның өлеңдері нәзік сезімге, биік парасатқа құрылып, байтақ жұртын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырады, үндейді. Жоңғарларға қарсы күресте жауынгерлердің рухын өлеңмен көтерген. Сонымен қатар толғауларында жыраудың жетімдіктің мехнаттарын көргені, батырлық өмірдің қиыншылықтары, әлеуметтік теңсіздіктердің көріністері шынайы бейнеленген. Өз отанын қорғау жолында қасық қаны қалғанша күресуге дайын екенін әрбір жырында тереңнен толғап, тебірене жырлайды. Жырларының басты тақырыбы – ер тұлғаның Отанын жаудан қорғауы, өмірдің өкініші екенін білдіріп, естен шығармай, әр сәтті қадірлей білуі.
1675, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Қаратау, 1768- қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жүрекжота деген жерде қайтыс болған. Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Қаратауда туған, 1768 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Жүрекжота деген жерде қайтыс болған. Жорық жырауы, әскербасы, қоғам қайраткері.
Қазақ халқы басынан кешірген ұлы күйзелістер кезінде өмір сүрген Ақтамберді 17 жасынан бастап қалмақтармен, Орта Азия билеушілерімен болған шайқастарға қатысады. Бұл соғыстарда ол батылдығымен ерекшеленеді, кейінірек әскербасылық қабілетімен де көзге түседі. Талай-талай ұрыстарда ысылып, батыр атанған Ақтамберді жырау тарихқа "Ұлы апат жылдары" болып енген оқиғалардың ішінде жүрді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі болды.
Жоңғар мемлекетін талқандап, Қазақстанның шығыс өңірін жау қолынан босатқаннан кейін, Ақтамберді жырау қазақтарды ежелгі ата-бабалары өмір сүрген қоныстарына орналастыруға белсене атсалысты.
Ол өз қарамағындағы қазақ руларын отырықшылыққа үйретуге тырысты. Бұл бағытта арық қазуды, бөген салуды ұйымдастырып, қазақтарды егін шаруашылығына үйретуді қолға алды.
Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой-толғаулары өзгелерден биік тұрады. Ол жылқы малын "ер қанаты" дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді.
Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады. Ол жоңғарлардың билігінде қалған қазақ далаларын азат етуді, қазақ халқының өрлеуін, жоңғар басқыншыларын толығымен жеңуді армандайды. Көптеген өлеңдерінде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар мен қызу шайқастар кезінде туындаған өлеңдері XVIII ғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді.
Балпаң, балпаң кім баспас,
Басарға балтыр шыдамас,
Батырмын деп кім айтпас
Барарға жүрек шыдамас,
Жалтара қашсаң жау қашпас,
Жауды аяған бет таппас,
Уа, жігіттер, жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз
Ғазрейіл тура келмей жан алмас!
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Елді-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап!
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күренді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Тандап мінер ме екеміз?!
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз?!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз?!