Байланысты: Дидактикалық материал 8 сынып XVIII ғасырдағы қазақтардың халық шығармашылығы 1-сабақ
Жанақ Сағындықұлы Сағындықұлы Жанақ (1770-1856) - жыршы, айтыс ақыны. Абыралы өңірінде туып-өскен. «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» жырының ең таңдаулы нұсқаларының бірін ел арасына таратушы. Ж. шығармашылығын Ш.Уәлиханов жоғары бағалаған. Әкесі Сағындық сол өңірге белгілі аңшы болған. 1748 — 58 жылдары қазақ-қалмақ соғысында мергендігімен көзге түскен. Жанақ ауыл молдасынан дәріс алып, хадимше хат танып, діни білім алған. Сағындық құсбегі кейіннен Жанақты Түркістан өңіріндегі Қарнақ медресесінде, Ташкент қаласындағы медреседе оқытқан. Жанақ жас кезінен өнер жолына түсіп, домбыра, қобыз тартып, жыр-дастандарды жатқа білген. Жанақ 1790 — 97 жылдары Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, қозғалыс жаршыларының бірі болған. Туып-өскен жеріне ауылын бастап көшіп, шамамен 1838 — 39 жылдары Ұлытау өңіріне қоныстанады. “Қозы Көрпеш — Баян сұлу” жырының халық арасына көп тараған нұсқасын сонда айтып, шығарған. 1939 жылы Жақсы Абыралыға көшіп келіп, ел-жұртымен табысады. 1846 ж. жазда ел аралаған поляк А. Янушкевич жазған Жанақ шығармаларының көпшілігі сақталмаған. “Рүстем төреге” толғауы мен біраз өлеңдері ғана жеткен.
Ақындар ішіндегі шоқтығы биігінің бірі - Жанақ ақын. Бұл тұрғыда Жанақ - Құнанбай - Абай арасындағы рухани байланыс көпіріне ерекше сабақтастық тұрғысынан назан салғанымыз жөн. Жанақ Арғынның Қаракесек - Қамбар атасынан тараған. Құнанбай мен Жанақ арасындағы байланысты дәлелдейтін хатқа түскен құжат поляк зерттеушісі А.Янушкевичтің еңбегінде кездеседі.
Жанақ ақынның өлеңдері бізге өте аз жеткен. Абай Жанақ жырларын азық еткені анық. Екі ақынды байланыстырып тұрған заманы болса, сол заманға деген көзқарастан туған ортақ сарындар бір арнаға тоғысып жатыр. Өткенді аңсау емес, өз тұсындағы қоғамның азуына налу бар Жанақта: «Ханнан қайыр, қарадан шайыр кетті»,- деп үзілген үміттің сәулелері Абай өлеңдерінде бояуы қалың қайғыға ұласқан. Дәл осы жолдардағы ащы ойлар Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тағы басқа өлеңдерінде ақындық шеберліктің биігіне жеткен. «Қазақ жайлы» деген өлеңінде Жанақ «Астында тақ, аузында әмірі жоқ» қолынан билігі тайған елдің бет-пердесін мейілінше шебер бейнелеген.
Жырлардың бәрінде де хикаяның ақыры аянышты, қайғылы болып біткен. Бірақ кейбір нұсқаларында халық Баян мен Қозыны мұрат-мақсатына жеткізіп қояды. Бейсембай жыраудан жазылып алынған Жанақ нұсқасының аяғы осындай. Сүйте тұрса да, Жанақ нұсқасының тілі "Қозы Көрпеш - Баян" нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі болғандықтан, бұл еңбекте біз талдауды сол Жанақ нұсқасынан бастадық. Жырдың негізгі тақырыбы - әдет-ғұрып қиыншылығы, содан туатын ғашықтық. Жыршының айтуынша, ата-аналары бұл екеуін іште жатқан күнінде-ақ баталасып, қосып қояды.
"Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырында ғашықтық тақырыбы қазақ халқының бұрынғы құрылысында, тарихында болған ескілікті салтпен нық байланысты. Ол салт-рушылдық, феодалдық қоғамдар туғызған, заң еткен салт.