Тапсырма үлгісі
Мен сені жақсы көремін...
Әрбір қолданған сөйлеміміз бен сөйлеген сөзіміздің балаларымызға қалай әсер етіп, дүниетанымына қандай із қалдыратынын өте сирек ойлаймыз. Баланың тұлғалық дамуы мен дүниеге деген көзқарасын қалыптастыруда айтқан сөздеріміздің ерекше маңызы бар. Сол себепті бала күнде естуі керек сөздерді назарларыңызға ұсынамын:
Саған сенемін!
Көмегің үшін көп рақмет!
Үнемі сенің жаныңдамын!
Осы бетіңнен тайма!
Сені мақтан тұтамын!
Мен сені қатты жақсы көремін!
Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, баламызға көңіл бөлмей қалып жүрмелік. Бұл сөздердің бәрін қолдана алмасаңыз да, ең құрығанда оны жақсы көретініңізді, мақтан тұтатыныңызды айтып отырыңыз.
@birge_kitapoqukluby
talap_meyrm Бұл туралы Айнұр Тұрсынбаева көп айтып жүр. Балалардың құлағына жақсы сөз құю керек.
aigerimbaibossyn Иә, не айтатынымызды сараптай бермейміз. Дұрыс, керек сөздер екен. Енді балаларыма айтып жүремін.
galiya.mukhamejan Ойланып қалдым ғой, қызыма енді көбірек уақыт бөлемін. Ой салғаныңа қуаныштымын.
bayan_86 Әй, қайдам?! Осы қазіргі балалардың басынан құс ұшырмай жаман үйреттік. Махаббатыңды да аямайсың, қалағанын жасайсың, соны түсінсе, жақсы ғой. Қазіргі балаларды мәпелей беріп, өзіміз тым еркінсітіп жіберген сияқтымыз. Содан шығар, қит етсе қиындыққа төзбейтін әлжуаздар көбейіп кеткен.
1-сұрақ. Блог жазбасы қандай мақсатпен жазылған?
A. балалар дүниетанымының даму ерекшеліктерін түсіндіру
B. баланың тұлғалық дамуы мен көзқарасын қалыптастыру
C. күнделікті күйбең тіршіліктің бала тәрбиесіне әсерін айту
D. балаларға айтатын сөздердің әсеріне мән беруге шақыру
Дұрыс жауабы: D
Түсіндірме: Сұраққа жауап беру үшін оқушылар тұтас емес мәтінді мұқият оқып (талдай оқу, зерттей оқу), әрбір құрылымдық элементтердің қызметіне назар аударулары қажет.
2-сұрақ. Блог жазбасы қай пікір білдірушіге ерекше әсер етті?
A. talap_meyrm
B. aigerimbaibossyn
C. galiya.mukhamejan
D. bayan_86
Дұрыс жауабы: С
Достарыңызбен бөлісу: |