Бауыржан Момышұлы – батыр тұлға Мақсаты: Оқушыларды Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерліктері, айтқан нақыл сөздерімен таныстыру;
Оқушыларға Бауыржан Момышұлының өмірін насихаттай отырып, Отанға деген, өмірге деген сүйіспеншілік сезімдерін дамыту;
Жас ұрпақты елін, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу
Көрнекілігі: Слайд, бейнекөріністер
Сабақтың барысы: Мұғалім: Кіріспе сөз
Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар және қонақтар! Бүгінгі «Б.Момышұлы – батыр тұлға» атты тәрбие сағатымызды 2014 жылдың 24 желтоқсанында 114 жасқа келген еліміздің ержүрек батыры Бауыржан Момышұлына арнамақпыз.
Дауылды күндей күркіреп өткен, КСРО халықтары тарапынан «Ұлы Отан соғысы» деп аталып кеткен КСРО мен Фашистік Германия арасындағы соғыста қазақ жауынгерлері небір ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі де бірегейі батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтерілген, соғыстан кейін Кеңес Армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери Академияны бітіріп, әскери академияда сабақ берген Бауыржан Момышұлы аталарың еді.
Бірақ майданда қаншама ерлік көрсеткенмен, оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген жоқ болатын. Сонда да халық Бауыржан аталарыңды батыр деп таныды. Бүгінгі үлгілі тәрбие сағатымыздың мақсаты Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігі, өнегелі істерін насихаттай отырып, Отанға деген, өмірге деген сүйіспеншілік сезімдерімізді арттыру. Ол кісінің ерлігін өзімізге үлгі ету.
Бүгінгі тәрбие сағатымызды «Туған ел» әнімен бастаймыз.
1-оқушы Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер, балдай
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай. - деп өзі
жырлағандай, Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген.
Бауыржанның өз әкесі Момыш еті тірі, қолы шебер, көкірегі ояу, көңілі сергек, оқымаса да тоқығаны көп, өлең шығарып, жиын-тойға қатысып, айтысқа да түскен ақын адам, шымыр денелі, терең ойлы жан болған.