Шу деген өзенді көргенде: Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, өне бойы нар қамыс екен, іші толған жолбарыс екен. Баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы суырылмайтұғын, еркегі ат болатұғын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен! – депті.
Қаратауды көргенде: Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырмасында қартаятұғын жер азғыны мұнда екен. Ел азғыны да мұнда екен! – депті.
Шымкент, Сайрамды көргенде:
Екі басса, бір базар: малында береке болмайтұғын; екі басса бір мазар: басында береке болмайтұғын, «Базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес», — деген екен.
Ұзын аққан Сыр бойын көргенде:
Басы байпақ, аяғы қайқақ: екі-ақ ауылға қоныс екен, өн бойы кедейлікке біткен жер екен. Қаратауды жайласа, Сырдың бойын қыстаса, қоныс болуға сонда дұрыс екен! – депті.
Сулы Келес, Құры Келесті көргенде:
Мөңіреуін, сиыр бойып мөңіреуін! Сиыр тұқымы үзілмейтұғын жер екен, -депті.
Одан әрі Жиделібайсынға шейін жүре берген екен деседі. «Сарыарқаны орыс алады, күндердің күнінде молам орыстың атының аяғының астында қалады! – деп, орыс бармайтұғын жерге барамын» деп, қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай, түйеге бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жыл ту қылып алып, ауған екен.