Ихсанова Шынар Сарсенбайқызы БҚО әкімдігі мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы Сабақтың тақырыбы: Жәңгір хан Деңгейі: Жоғары. Елтаным модулі бойынша Сабақтың мақсаты: тыңдаушылардың сөздік қорын байыту, ауызша сөйлеу тілдерін дамыту, сауатты сөйлеу, жазу дағдыларын қалыптастыру.
Өмірге кетер бір келіп, Өзіңдей сирек ардағым. Өнерде берік, Жол көріп, Жалғасты жастық арманың. Халқыңа мәңгі қол беріп, Тарихта сөзсіз қалғаның. Ислям Шұғаев
Жәңгір хан
1-тапсырма. Мәтінді оқып шығып, қарамен жазылған сөздердің синонимдерін табыңыз. Жәңгір (1801- 11.8.1845) Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралы ханның немересі, Бөкей ханның баласы. Генерал-майор, Қазан университетінің құрметті мүшесі. Бөкей хан қайтыс болғаннан кейін орданы Шығай сұлтан уақытша немере інісі Жәңгір ер жеткенше басқарды. Жәңгір Астрахан губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп еуропаша білім алды, халықты әкімшілік тұрғыдан басқару әдіс-тәсілдерін үйренді. 1823 жылдан бастап билік хан тағының заңды мұрагері Жәңгірдің қолына көшті. Ол басқарған 22 жылда біршама реформа жүзеге асты. Жасқұста сәулетті астана–Хан ордасын салдырды. Еуропалық өркениет жетістігін қазақ тұрмысына дарытуды ойлады. Әсіресе мектеп ашу, жастарды гимназияда, кадет корпусында оқытуға көп көңіл бөліп, үлгі ретінде өз балаларын оқытуға жастай аттандырды. Қазан университетінің профессорлары- ректоры К.Фукспен, шығыстанушы ғалым А.Казембекпен жақын танысты. Араб, парсы, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерді, көркем әдебиетті, мерзімді баспасөзді тұрақты оқыды, танымды басылымдар мен шығыстың көне кітаптарын жинады. Қазақ шежіресін жазуға ниет еткен, соңына ғұмырбаяндық туынды жазып қалдырды. Ордада 2 мешіт, дәрігерлік бөлімше, дәріхана, тұрақты жәрмеңке аштырды. Өз сарайының да салтанатын келістіріп мазмұнды кітапхана ұстады, қару–жарақ бөлмесін жарақтады.
Жәңгір Ресейдің әкімшілік басқару жүйесін билер кеңесі мен ру басыларына сүйенген дәстүрлі билікпен ұштастырды. Орда жерінің шебі үшін Орал казачествосымен қырғи-қабақ болды. 1836-37 ж. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс кезінде халық екіге бөлінді. Ел іші тыныштығын ойлаған хан көтерілісті күштеп басуға мәжбүр болды. Әрі оған бағынышты емес орыс әскері жазалаушылық қимылдарын ханның ырқынсыз жүргізді. Оның іс-әрекетін Махамбет ақын өз жырларында аямай мінеді. Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда Тарғын өзені бойындағы жазғы қалашығында дүние салды.
Тарих ғылымында, әдебиет пен өнер туындыларында Жәңгірдің саясаты сатқындық, ұлт-азаттық қозғалысты тұншықтыру әрекеті ретінде біржақты көрініс тапты. Ол қайтыс болғаннан кейін Ішкі ордада хандық билікті жою мақсатында Жәңгір атына әдейі телінген отаршылдық пиғыл Кеңес өкіметі тұсында таптық идея үшін ұтымды пайдаланылды. Алайда оның реформаторлығын теріске шығаруға болмайды.
Тәуелсіздік жылдарында Жәңгір ханға кесене орнатылды. Ол ашқан мектептің 150 жылдығы, Бөкей ордасының 200 жылдығы аталып өтті. Жәңгірдің жеке басының қасиеттері мен игі бастамалары, өз тұсындағы басылымдар бертін келе таныла бастады.