Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет11/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27
ӘЗӘЗІЛДЕР 
«Мен не қылдым, япыр - ай жақыныма?! 
Тұзым ащы жақынға татыды ма? 
Абақтыда жатқанда бір келмеді — 
Шолақ қол батқаны ма тақымына?» 
(Балуан Шолақ өлеңінен) 
Балуан Шолақ абақтыда айға жақын жатты. Оны сыйлайтын адамдардың қолынан 
келгені — дәм татыру. Қолынан келер басқа ешнәрсе жоқ. Достарына риза Балуанның 
ренжитіні — туысқан ағайындары, әке - шешесі, .ағасы — Төлеубай, әйелі — Балқаш. 
Балуан абақтыға түскелі олардың ешқайсысы ат ізін салған емес, дәм әкелген емес. 
«Бұл қалай?!—деп таңданды Балуан Шолақ. — Естімей жатыр ма? Естісе неге келмей 
жатыр?!» 
«Ағайыным момын еді, — деп ойлады ол кейде, — көлеңкелерінен қорқатын еді. 
Олардың келмеуіне себеп сол шығар; мұндайда от пен судан тайынбайтын адамның алған 
жарымен, ата - анасы болар еді. Олардың да тым - тырыс жатуы неліктен екен?! Әлде, 
Балқаш менің Ғалиямен аз күн сайрандағанымды естіп, қызғанып, қызғаныш аяғын тұсап 
жібермей ме екен?» 
Атбасардан конвоймен жөнелтерде Ғалия Балуан Шолаққа анадайдан амандасып, 
артыңнан іздеп барам деп қалған, одан да хабар - ошар жоқ. 
«Адамның сезімі алдамаса, Ғалияға сеніп ем, жолымда жанын қияр дос таптым ба 
деген ем. Іздеймін, келемін деп уәде айтуы қалай? Уәдесін орындамауы қалай? Шіркін, 
оның да опасыз болғаны ма? Әлде, сорлыны жаман, қызғаншақ күйеуі арқандап жібермей 
жүр ме?» 
Ғалияның келмеуі туралы Балуан Шолақтың жобасы дұрыс еді. 
Ақмола қаласының күнгей жағында, отыз шақырымдай жерде «Майбалық» атты 
шалқар көл бар. Сол көлді айнала мекендеген Арғын руының Ағыс атанатын бұтағында 
болатын. О да серілеу, ауқатты, оның үстіне, «білсе барымта, білмесе сырымта» дегендей, 
өштескен адамын ұрлап құртатын озбырлығы бар адам да. 
Ғалияны қыз кезінде алам деп талпынғанның біреуі осы Қордабай да, бірақ, әкесі — 
Тілеу көп қалыңмалға емексігенмен Ғалия көнбеген еді. Арманда қалған Қордабай 
Ғалиядан келіншек болған соң да күдер үзбей, «тым болмаса ойнап - күлуіңді 
қимаймысың» — деп қыңыратқи беретін еді. Ішкі ойы алыс жатқанмен, Ғалия 


Қордабайдың жігітшілік әзіл -оспағына қызығып, қалжыңның ұзын арқан, кең тұсауынан 
босатпайтын... 
Ғалияның Атбасар базарына баратынын естіген Қордабай, «қанша қашаған болғанмен, 
осы жолы бұғалығыма неғып ілікпес екен?»—деп дәмеленген. 
Атбасарда Ғалияның көңілін аулауға Қордабай күн бұрын қам жасап, Қарқаралы 
жақтағы өзектес ұрыларына хабар айтып, мойны алыс жерден бір айғырдың үйірі — 15 
шақты қысырақты алдырды да, Атбасарға айдады. 
Ғалия мен Біржанды ол жолда жолықтырып, Атбасарға бірге барды. Жолшыбайғы әзіл 
сөздерінің арасында Қордабай Ғалияға 15 байталды сол үшін әкеле жатқанын ұқтырды. 
Ондай өзеуреп, жоққа шабылатын жігітті олжалану Ғалияның кәнігі болған ісі еді. Бұл 
ойын күйеуінен жасырмай, құрғақ ойын - күлкіден қызғанбауына уәдесін алды. 
Ғалия емексіткен соң, Қордабайда ес қалған жоқ. Он бес байталдың ақшасын судай 
сапырған оның негізгі тұрағы Біржанның үйі болды. Ғалия оған Біржанды аз күнде 
Ақмолаға қайтаруға уәде берді. Бұл қулықты шынға жорыған Қордабай тіпті шала 
бүлінді... 
Балуан Шолақ келгенде үйде жоқ Қордабай, ол аттанып кеткесін келді. Жігіттер оған 
Ғалияның қас - қабағы Балуанға қалай болғанын айтты. 
Аяғын тік басқан еркекте, өзінен артық адам бар деп ойламайтын еді Қордабай. Балуан 
Шолақтың атағын естіген еді. Жұрты Балуанды «пәлен - пәшпеден» деп көтермелегенде, 
«өй, тәйір - ай, кім дейсің сонша ардақтайтын, — деп ойлайтын еді Қордабай — о да біз 
сияқты бір қатыннан туған шығар!.. Ол да біз сияқты, екі аяқты, жұмыр басты пенде 
шығар... Азар болса күші артық шығар, одан басқа несі артық дейсің? Күшімен кімді 
жеңеді ол? «Білегі толық бірді жығады, білімі толық мыңды жығады», білімі артық 
болмаса болғаны!». 
Жігіттер Ғалияның Балуан Шолаққа қылмыңдауын айтқанда, Қордабай мұрнын 
шүйірді: 
— Қой, әрі!—деді ол.— Соны да сөз деп айтып отырсыңдар ма? Жолап көрсін, 
Ғалияға,—күшті болмақ түгіл, бұл заманның Әзрет Әлісі болса да, әлегін аспаннан 
келтірейін!.. 
Балуан Шолақ Ғалияға оралып келген түні, онымен табақтас бола - тұра, Қордабай 
ойдағы қайратын көрсете алмады. Не ғажабы барын білмейді, — қанша сұқтанғанмен, 
батып сөз айта алмады, бойынан сығымдап әкелген намыс пен ашу, не тіліне, не білегіне 
орала алмады. Ғалия азғырылып болды деп түсінген ол, қапысын тауып Балуанды атпақ та 
болып еді, реті келе тұра қолы көтерілмеді... 
Қордабай осындай толқымалы халде жүрген кезде Балуан Шолақ ұсталды. 


«Балуан Шолақ ұсталды» — деген хабар базаршылар арасына найзағайдан тез тараған 
еді. Бұл хабарға қуанушылар да, қайғырушылар да болды; қуанушының біреуі — 
Қордабай. 
Ұсталған Балуан Шолақты солдаттар Атбасар қаланың желкесіндегі қазармаға алып 
жөнелерде, сол араға Қордабай да жеткен болатын. Ол барған кезде Ғалия талықсып 
жатыр екен. 
— Әкел, маған! — деді Қордабайдың қаталдығы шектен шығып, салт аттың үстінде 
тұрып, — әкел, қаншықты, өлімтігін күйеуінің үйіне апарып тастайын!.. 
Сол араға жиналған жігіттер талықсыған Ғалияны көтеріп әпергенде, Қордабай лақтай 
алдына өңгеріп алып, қымызға тігілген үйіне қарай шапты да кетті. 
Үйіне барып есін жиған Ғалия Балуан Шолақтың соңынан кетпек боп еді, Қордабай 
қайрап қойған Біржанның сөзі қысқа болды: 
— Мойныңа тағылған арқаның мен екенім есіңде болсын, — деді ол, — тырп етіп көр, 
қалай қылғынар екенсің!.. 
Ғалияны Біржан мен Қордабай арқанмен сүйрегендей Ақмолаға алып қайтты. 
Ғалияның Көкшетауға, Балуан Шолақтың артынан келе алмаған себебі осы. 
Енді Балқаштың келмеген себебіне тоқталайық: 
Балуан Шолақтың ұсталғанын оның елі, Көкшетауға жетпей естіді. Өзге туыстарымен 
бірге, бұл оқиғаға Балқаш та ағыл-тегіл жылады. 
Жұрттың бәрінен көп жылаған Қалампыр. Бірақ, ол, жылай отыра, қайғылы дүйім 
жұрттың бәрінен артық қайрат көрсетті. 
— Балқаш, шырағым!—деді ол, хабар естілген күні кешке, — жылаумен Нұржанды 
құтқара алмаспыз. «Болған іске болат бол», — дейтін Әткем. Белді бекем буайық. 
Төлеубай екеуің жассыңдар ғой, аяқ - қолдарың жеңіл, Көкшетауға аттаныңдар, Нұржанға 
ас апарып беріңдер. 
Балқаш бұл сөзді мақұлдады. Ұлықтың пара алатын кезі. Параға беруге өз қолдарында 
пұл жоқ Баймырза, «ел ақтап, жылу жинасам қайтеді»—деп еді, Қалампыр ұрысты. 
— Жігерсіз бар болғыр!—деді ол,— енді сұраншы болуың ғана қалып еді. Досқа күлкі, 
дұшпанға таба болғың келіп пе еді? Жаны ашыған ағайын болса жәрдемін берер, бермесе 
ешкімнен ешнәрсе сұрама! 
Төлеубай бір байдың жылқысында еді, иесі оны «шықсаң біржола кет, әйтпесе 
жібермеймін», деп босатпады. Оның істеген «рахымы»— Төлеубайдың ақысына уәде 
қылған қойын күн бұрын берді. Сол қой сойылып, көршілердің біреуі атын беріп, Балқаш 
пен Баймырза піскен етті арбаға салды да, екеуі Көкшетауға жүріп кетті. 


Ауылдан ерте шыққан олар, күн түске тармаса бір көлдің жағасына кеп ат шалдыруға 
тоқтаса, сол арада Атбасардан қайтқан Тоқсанбайдың Сыздығы, Жұманның Әлжаны, тағы 
сондай мырзалар жатыр екен. Баймырза мен Балқаш солардың қасына жақын жерге ат 
ағытты. 
Ат шабандау және арықтау еді. Баймырза атты арбасынан ағытып көл жағасына 
апарды да, аяғын тұсап, қасында қисайып жатты. Балқаш арбаның үстіндегі астауға 
салынған піскен етті, жынығып кетер деп жайды. 
Балқаш пен Баймырзаны анадайдан таныған Сыздық пен Әлжан олардың, қайда бара 
жатқанын айтпай - ақ жобалап, өзара сөйлесті. 
— Жаман Баймырзаның мына қимылын қарай гөр, жасаған!—деді Әлжан,— бұған да 
намыс бітіп, тұтқындағы кісіні іздейтін болған соң, өзгеге не жорық!.. 
— Түсінбей айтасың — деді Сыздық,— кешегі жаман Баймырза бүгін жақсы бола 
қалды деймісің? Оны жақсы ғып отырған кім екенін білемісің? 
— Кім? 
— Қатыны Қалампыр. Баймырза соның айдауымен келе жатыр. Ол қолының 
қысқалығымен ғана қотанға сиып жүрген қатын. Егер ауқатты адамның қатыны болды бар 
ғой, ел билеген бәйбішенің біреуі болар еді. 
— Анау арбасының қасында қалған әйел келіні болды ма екен? 
— Әрине. 
Екеуі де ойлап Балқаштың атын таба алмады. 
— Кім болса да мейлі, — деді Сыздық,— ал, енді, біз бір қызық істейік («Не істейміз?» 
дегендей, Әлжан оның кескініне қарады). Осы қатынды азғырып кейін қайырайық. 
— Қалай? 
— Ғалиямен Атбасардағы қылығын айтсақ, тулауы мүмкін. Өзін қызғаншақ қатын 
дейтін. 
— Егер оған болса! 
— Болдырамыз. Жүр, барайық! 
Сыздық пен Әлжан Балқашқа барып амандасты, жол сұрады. Балқаш жол жайын 
айтты. 
— Осындай қатыны бар кісінің арманы бар ма екен? — деді Сыздық Әлжанға,— біздің 
басымызға жаманшылық келмесін де, егер келе қалса, қатындарымыз үйден де шықпас 


еді, бар бітіргені жылау болар еді. Міне, қарашы, жұрттың қатыны еркек сияқты! Ерге — 
ер, серіге — сер. 
— Осал қатын алса ол Балуан Шолақ бола ма?—деді Әлжан Сыздыққа көзін қысып 
қойып, — елден таңдап алып қашқан қатыны емес пе? 
— Жаман қатындар бізді төсектің құлы деп ойлайды, аяғыңды қия бассаң қызғанып, 
төбеңе әңгіртаяқ ойнатады. Біздің күнә -сұмдығымыз Балуан Шолақтың қасында — дария 
қасында шұқанақтай. Міне, ақылды қатын мен ақылсыз қатын осындай таршылықта 
байқалады (көзін қысып), қарашы, мына ақылды қатынды. Балуан Шолақтың қанша күнә -
сұмдығын біле тұрса да, артынан іздеп келе жатыр! Біз осылай болсақ, қатындарымыз 
артымыздан күл шашып табалар еді. 
— Балуан да қатынына сенген соң солай еркін жүреді де. Егер сенбесе, кеше, 
Атбасардың айдай - әлем жиналған қан базарында қымызшы Ғалиямен ашық сайрандар 
ма еді?.. 
Манадан бері елеусіз тыңдаған кеңеске Балқаштың құлағы түріле қалды. Базардан ерте 
қайтқан бір құрбысы, бұдан бұрын да қалжыңдаймын деп Балқашқа Балуанның Атбасарда 
Ғалияға әуліккенін айтып қойған еді. «Қайтер дейсің басыбайлы меншіктенбес»— деп 
Балқаш сыр бермеген болғанмен, ішінде қызғаныш оты лаулап, егер анық болса Балуан 
келген соң жанжал шығармақ еді. 
Міне, сол сөз енді жолынан тағы кездесті. Қызғаныш оты ішінде тағы лапылдаған ол, 
Сыздық пен Әлжанға сыр бере қоймай, қалжыңмен әңгіменің анығына жетпек болды. Осы 
қулықпен әзілдескен оған Сыздық пен Әлжан Балуан Шолақтың Ғалиямен базарда қалай 
сайрандағанын өсіре айтып берді. 
Сыздық пен Әлжан Балқаштан қулығын асырды. Қалжыңдасам дегенмен оның ішінде 
қызғаныш оты жанып жатқанын екі қу айтпай - ақ ұқты. Сондықтан олар, қоянды 
тосқауылдап қуған қасқырлардай, Балқашты қақбақылдап, кезек-кезек қызғаныш отын 
үрлей түсті. 
Басында сыр бермеген Балқаш, Ғалия кеңесі айқындалған кезде ызаға шыдамай жылап 
жіберді. 
— «Құлақ естіген өтірік, көз көрген шын» деген, — деді Сыздық жылаған Балқаштың 
қызғанышын қоздата түсірейін деген мақсатпен, — Көкшетауға барсаң, Ғалия алдыңнан 
кездеседі. 
— Айтпақшы, солай екен ғой, — деді Әлжан, — Ғалия Балуанның артынан кетті 
деген. 
— Кеткенің не?—деді Сыздық — мен өз көзіммен көрдім. Бізбен аржағынан бірге кеп, 
дәл, мына, Көкшетау қаласының желкесінен айырылды. Біз сұрағанда — «жетсе, мал, 
жетпесе бас, ізденем» дейді. 


— Сонша құмарлануына қарағанда, осылардікі жай ойын - күлкіден артығырақ - ау, 
деп ойлаймын, — деді Әлжан. 
— Ойын - күлкің не? — деді Сыздық кейіген боп,— Атбасардың имамы — Әлғазы 
ишанға барып неке оқытқанда ішінде болған кісі бар. 
— Ә, онда, мына замандастікі арамтер ғой. 
Балқаш жылауын үдетіп жата кетті. Мақсаттары орындалғандай болған Сыздық пен 
Әлжан орындарынан тұрып жүре берді. 
— Ойдан шықты, — деді Сыздық кетіп бара жатып, — артын бағайық, немен тынар 
екен? 
— Баймырза ақылына түсіріп жүрмесе?!. 
— Долы қатын дейтін. Оған көнбес. Көнсе барсын. Қызғанышын бір тұтатуға 
тұтаттық. Енді оны сөндіру оңай болмас. 
Аздан кейін атын суарып, қайта отқа қойып Баймырза келді. Келсе келіні жылап 
жатыр. Әлгі келген адамдар тағы бір жамандық хабар айтты ма деп зәресі кеткен 
Баймырза, олардың не айтқанын сұрамақ боп, сөзін: 
— Шырағым, жылама! Жамандық шақырма! Жаны аман болса, аз күнгі азабы дәнеңе 
етпес!—деп сыпайылай бастап еді: 
— Өлмесе өрем қапсын!—деді Балқаш басын жерден жұлып алып. 
— Кімді айтасың?!—деді Баймырза түсінбей. 
— Балаңды!.. 
— Қай баланы?.. 
— Әлгі, тұтқында жатқан!.. 
Баймырзаның зәресі ұшып кетті: 
— Апыр - ай, келін - ай, не деп отырсың? 
— Рас айтам! — деді Балқаш шаптығып. — Мүрдем кетсін, ұлың! 
— Ойпыр - ай, келін - ай, қарағым - ай! — деді Баймырза үрейлі кескінмен, — 
жынданудан аманбысың? 
— Жындандым!.. Мені жындандырған балаң!.. 
— Неғып?!.. Қалай?!.. 


Балқаш жауап бермей, бетін топыраққа төсей, жата қап жылады. 
«Әлгілер азғырған екен ғой!»—деген ой келді Баймырзаға. Олардың кім екенін 
Баймырза білмеген еді. «Кім де болса жолығайын», деген оймен барса, — Сыздық пен 
Әлжан!.. 
Олар жөнін айтудың орнына, Баймырзаны сықақ қылды. 
Өзі өз болғалы Баймырзаның кісімен ұрысқанын естіген адам жоқ еді. «Пәленмен 
қатты сөзге кепті», дегендегі оның ең ауыр сөздері «шіркін» мен «мұндар» болатын! 
Сыздық пен Әлжанға ашуланғанда оның айтқаны: 
— Момынның сілесі қатты болады. Шіркін, не жаздым мен сендерге, бүйтерліктей? 
Өркендерің өспес мұндарлар! 
Баймырза жөнеле берді. Сыздықтың бір жігіті Баймырзаны сабамақ боп ұмтылып еді, 
Баймырзадан емес, Балуан Шолақтан қорыққан Сыздық тоқтатты. 
Баймырза оттағы атын арбасына жекті. Балқаш әлі етбетінен жатыр. Жылауын қойған. 
Ұйықтаған сияқты. 
— Кәне, келін, жүрейік! — деді Баймырза атты жегіп болып, жайылған етті астауға сап 
орап, атының басын Көкшетауға қарай бұрып. 
— Мен бармаймын! — деді Балқаш долдана түрегеп, бет - аузы саз топырақтанып. 
— Келін, қарағым!—деді Баймырза жалынып, — қой, айналайын, ашуды!.. Дұшпан 
айыруға не демейтін еді? Сыздық пен Әлжан біздің Нұржанға дос па еді? Дұшпан емес пе 
еді, олар? Дұшпан сөзіне еріп дұшпан боламысың, Нұржанға? Келін шырағым, біздің 
босағаға келгеніңе бірнеше жыл болды. Содан бері саған тіл қатқаным осы шығар. Мені 
сыйласаң, аруақты сыйласаң арбаға мін! 
— Өзің бара бер, мен бармаймын! — деді Балқаш сазарып. 
Кісімен жанжалдаспаса да, Баймырзада томырықтық мінез бар еді. Сонысы ұстап: 
— Ал, келін! — деді ол атын айдап — мен кеттім! 
Баймырза жөнеліп кетті. Балқаш сазарып тұрған қалпынан қозғалмады. 
Баймырза артына қарамады. Қарайын десе, келіні емес албасты тұрған сияқтанды. 
Көкшетау жолына түсіп ол ұзады. Ашу буған Балқаш әлі тұр... 
— Неғып тұрсың?—деді сол кезде Сыздықтың бір жігіті келіп, — жүр!.. Аулыңа алып 
қайтайық. 


Ашу бұлты жапқан Балқаштың ақыл аспаны енді ғана жадырады. «Мұным қата болды, 
— деген ой келді оған, — кешпес күнә істедім. Балуан күнәлі болған күнде де, кінәні әуелі 
өзіне аударуым керек емес пе еді? Әткем айтқандай, мүмкін жаудың өсегі шығар!..» 
Балқаш қараса, Баймырза бір қырдан асып барады екен. 
— Әтке!.. Әтке!..— деп Балқаш бар дауысымен айғай салды. Дауысты естіді ме, жоқ 
па — Баймырза артына айналмай қырдан асып кетті. 
Балқаштың, басына — «ендігіміз айырылу ма?» деген ой кеп кетті... Бұл ойдан зәресі 
ұшып кетті оның. 
«Әтке!..» деп айғайлаған ол, өкпесін қолына ала, Баймырзаның соңынан ұшты. Ұстауға 
ұмтылған Сыздықтың жігітін ол қағып жіберіп жығып кетті. 
Жүгірген Балқаш, алқынып қыр басына шықса, арғы сайдағы бір томарда Баймырза 
атын тоқтатып, арбасының қасында кейін қарап тұр екен. 
«Мені күтіп тұр екен ғой» — деп ойлады Балқаш. 
Ол Баймырзаға аса разы боп кетті. Әлгінде ғана бұзылғандай болған семьялық ұясы, 
Балқашқа енді жаңа ғана түзелгендей болды. Өкпесінің алқынуына қарамай, ол тағы да 
жүгірді... 
Баймырзаның тоқтаған себебі басқа еді. Қырдан аса ақылы сабасына түскен ол, «ет не 
болды екен?» деп ойлады. Мана, атын тұсап арба қасына келгенде, арбаның үстіне 
жайылған етте қаптап қонған шыбындарды көріп еді. Жаз шыбын қонған еттің тез 
құрттайтыны Баймырзаның ойына қырдан аса ғана түсті. 
«Ет құрттамаса игі еді!»—деп қауіптенген ол, атын тоқтатып, астаудағы етке қараса, 
арасында аппақ құрттар илеудегі құмырсқадай быжынап жүр!.. 
Баймырза жылап жіберді. Жыламай қайтсын: артында тағы соятын қойы бар ма, 
оның?.. 
— Мұндар, құдай - ай!—деп жылады ол,— тым болмаса Нұржанға үйдің дәмін 
қызғанбасаң едің!.. 
Шыбынды, құртты жаратқан құдайға атар оғы болмаған Баймырза, жасқа булығып 
тұрғанда, Балқаш та жетті. 
— Әтке! — деді ол Баймырзаны құшақтай ап, демі таусылғандай буыны босап. — 
Кешір, Әтке!.. 
Балқашты аяп кеткен Баймырза үн - түнсіз қатты да қалды... Ол екеуі қосыла жылады. 
Біраз жылап басылғасын: 


— Енді кейін қайтамыз, — деді атасы. 
— Неге?!—деді келіні. 
— Немізді апарамыз енді? Елге барып, тағы да қой іздейік... 
Олар кейін ауылға қайтты... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет