Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет7/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   27
«ЕР — ЕЛДІҢ БАЛАСЫ» 
Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан
Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан; 
Анталаған сан дұшпан қамаса да, 
Сырдың суы келмейді жұлығымнан. 
(Балуан Шолақ өлеңінен). 
Ереймен тауында тұратын, Балқашқа қалыңмал төлеген күйеу, Балуан Шолақпен 
жерлес Сатыбай байдың нағашысы боп шықты. Сатыбайға ол кісі салды: 
— Нағашың жіберді, — деді келген елші, — айдай жесірімізді тапа - тал түсте, аз үй 
қоңсың — қаңғырған Үйсіннің делқұлы біреуі алып қашты. Төрт үй Үйсін кімге топырақ 
шашады. Оның арқа тіреуі — Керей — сенсің. Алдыңнан өткелі келдік. Жесірімізді 
қайтарып, қоңсыңнан айыбымызды әпересің бе, болмаса тұрысар жеріңді айтасың ба? 
Сатыбай да Балуан Шолаққа кісі салып еді: «Иесіне қайтарып беретін, менің әкелгенім 
мал емес, адам, — деп жауап қайтарды ол,— мен қайтара алмаймын. Тартып алам десе 
еркі білсін!» 
Бұл сезді естіген соң, Сатыбайдың нағашысы жіберген кісіге ұстатқан сөзі мынау 
болды: «Жігіттеріңді жинап сайланып келіңдер де, мықты немеден тартып алыңдар. Өзін 
де ұстап әкетіңдер. Бұл елді мен тырп еткізбеймін». 
Елші кеткеннен кейін Сатыбайдың бұл уәдесі ел ішіне дүңк етіп жайыла қалды. 
Үйсінге қараған үш - төрт үйде Шолақтан басқаларының бәрі момын екендігі бізге 
мәлім. Және қонысынан ауғалы олар төмендеу бір кедей ауылға қоңсы қонған. 
Сатыбайдың сөзін естіп шошыған олар мен көршілері: 
— Жарқыным, — деді Балуанға жиналып кеп, — сен бұлай отырма. Сатыбайдың 
нағашысы осал жау емес деседі. Ол Қанжығалыдағы атақты Саққұлақтың ағайыны болса 
керек. Бес болыс Қанжығалыны жинап жатыр дейді ол. Ертең жауар бұлттай торланып, 
жасанған жау келіп қалғанда, жалғыз өзің төтеп бола алмайсың. 
— Не істе дейсіңдер, сонда? 
— Күшің келмейтін іске ұмтылатын ақымақ емессің. Өлеріңді біл... 
— Ол үшін? 
— Жесірін қайтар!.. 


— Болмайды ол. Менің өлігімді аттамай, Балқашты олар әкете алмайды... 
Палуанның құлаған жағынан тұрмайтынын білетін ағайындары мен көршілері: 
Ендеше, көңіл жетер адамдарыңа хабар айт, жиналып саған қарасын болсын. Жалғыз 
адамға жаудың шабуы оңай. Көпке шабуға жүрексінеді... 
— Meн ешкімге «болыса гөр» деп құлдық ұрмаймын, — деді Шолақ,— керек көрген 
жігіт болса өзі де келер. Керексіз болсам, жалбарынғанмен келмес. Мен нені болса да 
үйден күтем. 
— Ендеше, бассауға қыл. Мұндағы біздің неменемізді алар дейсің. Келер де кетер. 
— «Қашқан жауға — қатын ер». Олай басындырғанша келетін ажалды қарсы алсам 
болмай ма? 
Шолақ ешкімге бармады да, жасырынбады да. Ол Ақбозын бабында ұстап, үйінде 
отыра берді. Оның дүниеде ең қымбаты шешесінің сөзі. Бірақ, өзге айтқан тиым сөзді, 
қорқыныш сөзді Қалампыр Балуанға айтпады. Оның ұғымында, әйелдің ер адамды бет 
алған ісінен бөгемеуі керек, әсіресе, Балуан Шолақ сияқты атаққа шыққан жігітті... 
Ұғымы сондай болғандықтан, Балуанға да, былайғы жұртқа да сыр бермеген 
Қалампырдың, істің немен тынарына жетпейтін көзі, кейбір оңаша шақтарда жасқа толып, 
ағыл - тегіл болып алады. Бірақ, кейде жылағанмен, кейде жыламайды ол. Кейде 
қорқыныш тұманы басып кеткен оның ақыл-ойына үміттің де күні шығып, соның 
сәулесінен жүзі жарқырай қалады. Бұрынғы аңыздық батырлар туралы ертегіні көп естіген 
және сол ертегілерді өзі де талайларға, әсіресе, балалық шағында, Нұржанына айтқан 
Қалампыр, кейін Нұрмағамбеті «Балуан Шолақ» аталып, күші ел аузында ертегі сияқты 
аңыз боп кеткенін естіген соң, «бұл балам да сондай батырлардың біреуі ғой!» деген 
мақтаныш сезімге ие болған еді. Қалампырдың ақыл - ойында жарқырайтын үміт күні — 
осы сезім. Көппен алысқалы даярланған баласының жеңілу қаупі оның басына тұман боп 
оралса, жеңу қуанышы күн боп шығады. Неге екенін кім білсін «балам жеңілмейді, 
жеңеді!» деп сенеді ол. Осы бір сенім оны ілгері жетектеп, баласының көп жаумен жалғыз 
айқасар күнін асыға күткен сияқтанады... 
Балуан Шолақтың ешкімді жәрдемге шақырмағандағы ойы, біріншіден — 
жайшылықта доспын дейтіндерді осындай таршылықта сынау болса, екіншіден — өзінің 
күш мөлшерін тағы бір байқау еді. Өз байқауынша бойдағы күшінің көбі әлі көрінбей 
жүрген сияқты. 
«Жаяу бес жүз жігітпен келе жатыр дейді» деген хабар дүңк ете түсті бір күні. 
Ұрлатып алмасын деп кісендеп ұстап жүрген Ақбозын Балуан Шолақ сол күні 
өмілдіріктеп, құйысқандап, төс айылын бос, шап айылын берік тартып ерттеді. Атасынан 
қалған темір сауытты көйлекшең етіне киіп, аяғын байпақты етікке сұқты. Басына — бес 
көз ақ жібектің бір жақ ұшын шандып орады да, екінші ұшын арқасынан кере құлаш 
салбыратып жіберді. 


Балуан Шолақтың ауылы биіктеу дөңнің басында болатын. Дөңнің қырында үлкен оба 
бар. Соған шығарып қарауылға қойған бір бала, түс ауа берген кезде шауып кеп үй 
сыртынан: 
— Балуан, Балуан... Қара құрттай қаптап келе жатыр!—деп айғай салды. 
Қалампыр бұл кезде далада еді. Баймырза үйде еді. «Жау келеді» дегелі өрекпіген 
жүрегін қалай басуды білмеген ол, үйінен шықпай, көр - жерді ермек қып шұқына беретін. 
Бүгінгі онын, ермегі — етік жамау еді. 
Баланың «қара құрттай қаптап келеді» — деген айғайы Баймырзаның төбесінен 
жайдың оғындай ұрды. 
— «Аһ!»—деді ол ышқына дауыстап, екі көзі шарасынан шығып, инесі мен бізі 
қолынан түсіп кетті. 
Шалқасынан құлай берген әкесін Балуан Шолақ ұстай алғанда, үйге бір шелек су алып 
Қалампыр да келді. 
— Не болды бұл бар болғырға?—деп Қалампыр да Баймырзаның басын сүйеді. 
— Ағатай, ойбай, кеп қалды!—деді сырттағы бала шырылдап. 
— Балам... Нұржан... — деді Баймырза көзін қатты жұмып аз тұрғаннан кейін кең 
ашып,— енді қайттік?! 
Әлсіз әкесін жатқызып, бойын жазған баласының көзіне Қалампырдың көзі түсіп еді, 
зәресі ұшып кетті: ағы қып - қызыл боп қанталаған Балуан Шолақтың екі көзі пеште 
маздап жанған оттың жалынындай дауылдап ұшқын шашып тұр екен. Даража біткелі 
нұрланып, қызыл шырайланған беті қорғасындай сұрлана қапты. Бойы дірілдеген сияқты, 
еріндері тоңазыған адамдай қыбыр - қыбыр етеді... 
— Апа! — деді Балуан, даусы болаттай шыңылдап, — мен аттандым!.. 
«Құлыным!» деп құшағын жайған шешесін ол құшырлана беттен бір сүйді де, 
шешесінің сүюіне үлгіртпей, сып беріп есіктен шыға жөнелді. Босағаға сүйеніп солқылдап 
тұрған Балқашты оның қанталаған көзі көрмеді. Тордан шыққан арыстандай үйден 
бұлқына шыға келген оған дүниені өрт қаптаған сияқты, жер де, көк те, өсімдік те, ауыл 
да, мал - жан да қып - қызыл боп елестеді. 
Атына қалай ырғып мінгенін ол білген де жоқ. Жөнеле берген оған: 
— Сойылың!.. — деді үйден жүгіре шыққан Балқаш, сойылын ұсынып, дауысы 
дірілдеп. 


— Бір салғанда сынып қалатын немені атқа ауыр ғып қайтем. Одан да, керегінде 
біреуден тартып алсам болмай ма? Жаудың сойылы менікі емес пе? Құдай осы 
дырауымнан жарылқасын, — деп, қамшылы қолын көтере Балуан шапты да кетті. 
Жолдың шаңдағын көшкен бұлттай бұрқыратып келе жатқан қалың қолға бетін қойып, 
Ақбозбен Балуан Шолақ сілтеп келеді. Ақбозға сол күні өмірінде бітпеген шабыс пайда 
болған сияқтанды: төрт тұяғымен жердің топырағын уыстай аспанға атып зымырағанда, 
көлденеңнен көзі түскен жұрт оны ұшып барады екен деп ойлады. Балуан Шолақтың 
басындағы ақ жібектің шұбатылған ұшы делегейлене шаншылып, аспанға көтерілді. 
Сол екпінімен Балуан Шолақ келе жатқан топқа жақындағанда, алдынан ойқастап 
біреу шауып шыға келді. 
— Қанды басың бері тарт! — деді Балуан аңға айтатын сөзін оған айтып, тұра 
ұмтылып. 
Шапқынмен қарсы кеп қалған салттының кім екенін ол абайлаған да жоқ, «кім болсаң 
да жаудың бірі шығарсың» деп, қамшымен атын қасқа маңдайдан ала тартып кеп қалды. 
Ақбоздың екпінімен ағып өткен ол жаңағы атын ұрғанды жаудың жекпе - жекке шыққан 
батыры екен деп ойлап, өзін де ұрмақ боп, жақындай беріп еді, иесі құлаған аттың 
астынан аяғын ала алмай бұлқынып жатыр екен. Балуан оны қамшымен періп өтуге төніп 
бір келді де, жығылып жатқан адамды ұру бойына ар көрініп, қасына тұра қалды. Көзі сол 
шақта ғана топқа түсіп еді, құйындатып шауып келеді. Қою шаңның арасында 
қыбырлағандардың ұшы - қиыры жоқ сияқты. 
Үйінен аттанған кезінен көрі қайнаған ашуы салқындап, көзін жапқан қан тарқаған ол, 
топпен айқаспақ боп атының басын бұра беріп еді: 
— Балуан! — деді аттың астынан аяғын алып түре келген адам. Балуан жалт қараса, 
өзінің сол маңайдағы бір досы!.. 
— Мұның не?— деді Балуан оған, оны жау болған екен деп ойлап. 
— Бәсе мұның не?—деді досы, Балуанның атын неге ұрғанына түсінбей. 
— Жаумысың, елмісің? 
— Мен қашан жау боп ем, саған? 
— Анау қаптағандарың кім? 
— Өзіміздің елдің жігіттері. 
— Қайда барасыңдар? 
— Сені жауға талатып қоямыз ба? 


— Қайда, ол жау? 
— Мына төбенің астында. Біздің топты көріп ошарылып тоқтап қалды. Сені 
шақырғалы келе жатсам, неге ұрдың мені?!.. 
— Жау екен деп... 
Ұяттан беті қызарған Балуан Шолақ атынан қарғып түсіп жығылған атқа қараса
соққан қамшы маңдай сүйегін айырып түскен екен. Ат өліп қапты. 
— Мін, мына атқа, — деді Балуан досына Ақбозды тосып. 
— Неге? 
— Төлеуің. 
— Ол не дегенің?! Бір атты сенің жолыңа құрмалдыққа шалу көп пе? 
Өзге жігіттер де кеп қалды. Досы Балуанға атының құнын көптің алдында кешті. 
Балуанды ортаға алған топ қыр басына шықса, жау жағы әлі ошарылып тұр екен. Олар жүз 
шақты кісі, бұлар төрт - бес жүздей. 
Екі араға елші жүрді. «Аз үйлі Үйсін» деп Балуанды ұстап әкетпек болған жау 
жағының тауы шағылып, беті қайтты. Сатыбай, тағы сондай байлар мен атқа мінерлер 
Балуанды қолдайтындардың арасына іріткі салмақ болып еді, ел көнбеді. Ақыры, жау 
жағы бітімге кеп, қалыңмалын Палуанға төлетуге келісті. Ол малды Балуанның достары 
төлеп жіберді. 
— «Ер — елдің баласы»— деген сөз рас екен! — десті Балуанның досы да, дұшпаны 
да, ері де, елі де жарайды!..» 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет