Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет19/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

ӨЛІМ ТҰЗАҒЫ 
Күнім де сен Ғалия, айым да сен, 
Көзді тартар батсайы, шайым да сен, 
Ғашық болып айқасқан құшағымды, 
Балтаменен шапса да айырма сен! 
(Балуан Шолақтың өлеңінен) 
Абақтыдан шыға қараңғы көшенің біреуін бойлай, аяғын ентелей басқан Балуан үйіне 
келсе, Ғалия оны қақпа алдында тосып тұр екен. 
— Біздің елде Сарманның сары қызы деген бар еді, — деді Балуан Ғалияға күле 
қолдасып, — қай байға берсе де, аз күн отасып үйіне қайтып келе беретін еді. Сол сияқты 
абақты — күйеу, мен — сол сары қыз,— сиыспай тағы қайтып келдім. 
— Келсең кел, сенен безер төркін жоқ! — деді Ғалия. 
— Қайдан білейін: «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман», — дегендей 
боп жүрмесе!.. 
Осы кезде көшеде шу көбейе қалды. 
— Балуан,— деді Ғалия шуға елегізіп, — ренжімесең сені басқа бір үйге апарайын. 
— Қайда? 
— Бара көрерсің, жан таба алмайтын жер. 
— Қашқан қоян қайда паналамайды?—деді Балуан күрсініп, — қайда бастасаң да 
барайын, тек, апама ғана амандасып шығайын... 
— Ол кісі басқа үйде. 
— Жүр, онда! 
Ғалия үн - түнсіз, Балуанды қолтықтай, қараңғы көшенің біреуін бойлап тартты. 
Олар бірқыдыру уақыт жүрді. Сол кезде күйген абақтының аспанға шыққан жалыны 
сәуле шашып, қаланың абақты жағы бозамықтанып кетті. Өртке жүгірген жұрттың 
кейбіреулері Ғалия мен Балуанға да кездесті, бірақ, «кімсің?, Қайда барасың?» дегені жоқ. 


Ғалия Балуанды өзен жағасындағы кішірек, бұрын көрмеген үйге алып келді. Бұл үйде 
атам - заманнан семьясыз жалғыз қарт парикмахер тұратын, Ғалияның әкесі — Тілеумен 
дос болатын, Ғалияны қызым деп жақсы көретін. 
Парикмахер қолтоқпақтай ғана денелі, бүкіштеу, өзінен мұрны мен мұрты үлкен, 
кішірек шүңірек көк көзді, қулықшыл шал екен, өзі қазақшаға судай. 
Амандық - саулықтан кейін, Балуанды парикмахер төргі бөлмеге кіргізді. 
— Маған кең сарай сияқты еді, күйеужан, — деді шал, бөлмеге кіре қалжыңдап, — 
саған тарлау екен. Бірақ көңілім кең. Соған разы боласын да. 
Балуан алғыс айтты. Ғалия шалды Қалампыр мен Тілеуді шақырып келуге жұмсады. 
Кешікпей олар да келді. 
Енді не істеудің жайын ақылдасқанда, Қалампыр баласының Жетісу жағына кетуін 
мақұлдады. Оның мәні былай еді: Балуан Шолақтың арғы атасы Үйсін екені бізге еткен 
тараулардан мәлім. Ол — Балқаш көлі мен Алатау арасын жайлайтын ел. «Руын жасырған 
мүрдет», «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалдарға сенетін Балуан Шолақ, 
есін білгелі, елі — Үйсінді табуды, ұнаса тұрып қалуды арман еткен еді. Басына 
таршылық күндер туғанда: «туған ағайынның арасында тұрсам бұндай болмас ем, 
жанашырдың жоқтығы ғой, бұл» деп ойлайтын еді. 
Қызылжар мен Көкшетаудан Алматы, Құлжаға, Құлжа мен Алматыдан Көкшетау, 
Қызылжарға саудагерлер жыл сайын ағылып жатады. Сол саудагерлердің біреуінен о бір 
жылдары Балуан Шолақ Үйсіннің білікті деген адамдарына сәлем айтып, іздеуге ойы 
барлығын хабарлаған еді. Келер жылы саудагерлер Балуанға, Жетісудағы ағайындарынан 
шақырған хат алып келгенде, Балуан, абақтыда жатып, қолына тимеген еді. 
Сол хабар биыл көктемде тағы келді. Бірнеше кісі қол қойған бұл хат былай 
жазылыпты: 
«Хұрматлу баһадүр Балуан Шолақ есімді Нұрмағамбет Баймырзаұғлина біз Үйсіннің 
яхшыларынан дұғаһи сәлем. Бағдында бізден хал - ахуал сұрасаңыз, сағуа сәләмәтпіз. 
Емді үшбу хат - хабар қыламыз ки, бізләр саған үшбу хат илан екі мәртәбә хат жолдадық. 
Сізден бір хат алдық. Шондан кейін бу уахытқа қадар һеш хат алмадық. Біздін, хат сізге 
барған, я бармағаны би мағлум. Дахида біз сізге хабар айтамыз. Біздің Үйсін: Абақ, Тарақ 
боп екіге бөлінеді. Тарақтан Жалайыр. Сізге үшбу хатты жол- дап отырған біз — Абак, 
балалары. Абақтан: Байдібек, Байдыбектен: Сары Үйсін, Шапрашты, Жарықшақ. Сізге 
үшбу хатты жазған Байдібек ішінде Жарықшақ балалары. Жарықшақтан: Дулат, Албан, 
Суан. Сізге үшбу хатты жазған. Дулат балалары. Дулаттан: Сиқым, Жаныс, Ботпай, 
Шымыр. Шежіреден қарап, қариялардан сұрағанда сенің руың Жаныс. «Жаныс көп пе? 
Қамыс көп пе?» деген бұл елде мәтел бар. Жаныс көп ел. Өзіңізге мағлым: қазақ үш жүзге 
бөлінгенде, жалғыз Үйсіннің өзі бір жүз, және ұлы жүз болған. Жетісу облысының 
көпшілігі Үйсін. Үйсін Қытайда көп. Халқың сені көруге бек құштар. Үшбү хатты жазған 
адамдар, сенің келуіңді бек қатты күтеді». 


Бұл хатты алғаннан кейін, бұрын да көргісі келген Үйсінге баруға елегізді. Ақмола 
облысындағы ұлықтардың қуғынынан қажыған оның, үй ішімен біржола Жетісуға көшіп 
кеткісі келді. Осы оймен ақылдасқанда, Балуанды қимаған достары кетпе деп тура айтпай, 
басқа сылтау тапты. 
— Кетуіңе қарсы емеспіз, — деді олар, — о да ата - бабаң ескен ел. Руыңды тапқың 
келсе, қимағанмен амал қанша, бірақ, бізге бататыны: еліңді еркіңмен іздеп бара жатқан 
жоқсың қашқын есебінде кетесің. Ол ел де біздің ел сияқты шығар, ол елде де біздің ел 
сияқты, жақсысымен қатар, қазан бұзар тентегі бар шығар. Ертең, іздеп барған еліңде 
тентек біреу: «Қаңғырған қашқын» десе, сүйегіңе кетпес таңба болады ғой дейміз... 
Ойлан!.. Өзің біл!.. 
— «Қара құлақ — қасқырдың шамы», — деп ойлады Балуан. «Қашқын» деген сөзді 
естігеннен өлгенім жақсы. О дан да келетін ажалды осы арада күтейін! 
Бұл кеңестердің бәрін Қалампыр да, Ғалия да білетін еді. Тоқпан меңдуананы әкетіп, 
Балуан абақтыдан шығады деген үміт күшейген кезде Қалампыр, Тілеу, Ғалия — үшеуі 
отырып ақылдасты. 
— Осыдан аман құтылса, — деді Ғалия, — бас сауғаның ең қолайлы жолы — Жетісуға 
кету. 
Тілеу — «мойны алыс жер, қалай барады? Өзі барар, әке мен шешесің сені қалай 
әкетеді? Әкеткенмен бәрін, Жетісуға жете аласыңдар ма? Ол бұдан атпен айлық жол» — 
деп уайым жаудырды. Ондағы ойы — «қызым Балуаннан айырылып тағы байсыз қала ма» 
деп қорыққандық еді. 
Ғалия әкесінің түпкі ойын айтпай - ақ ұқты. Сондықтан да ол —«Балуанның сорына 
туған адам болдым мен, Атбасарда да, мұнда да Балуан мені сағалаймын деп қолға түсті. 
Балуанның қас дұшпаны — мен болатын болдым. Егер осы тұтқыннан аман шықса, ендігі 
обалына қалмаймын» деп ағыл - тегіл жылады. 
Ғалия, Қалампыр, Тілеу — үшеуі: «ең болмағанда Жетісу жақта біраз жыл жүріп 
қайтсын, оған шейін сары кідір тартып, жастық қызуы бәсеңдер, ұлық та тишығып 
құзауын қояр» деген ұйғарындыға келді. Егер Балуан аман шыға қалса, бұл ұсынысты 
Қалампыр айтпақ болды. Бұл кеңесті оның бастаған себебі сол. 
— Апа! — деді Балуан. 
— Әу, құлыным! 
— Өзім өз болып, ес біліп, етек жапқалы мен сізді ренжіткен жоқ шығармын. 
— Жоқ, қарашығым! 
— Әлі де ренжіткім келмейді. Бір сөз айтайын десем сені ренжи ме деп қаймығам. 
Қаймықсам да айтам, мені жақсы көруіңе сенім айтам, жақсы көргендік үшін кешірер деп 


айтам. Бұл менің саған ең соңғы өтінішім, апа! Бір тілегімді бер, осыдан кейін, дүниенің 
бар азабы үстіме құлап, көтеру тетігі сенде болса да, «апалап» аузымды ашпауға ант 
берейін. 
— Сонша неге сарқылдың, күнім? Айт тілегіңді! 
— Берсең ғана айтам, апа!.. 
Балуан анасының кеудесіне басын сүйеп, жалынышты көзбен кескініне қарады. 
— Қалқам-ай! — деді Қалампыр, — жеңіл - желпі болмайтын еді тілегің, мен сені 
балам деп аяп, тілегіңді берейін, сен мені анам деп аяп көтеретін салмақ арт. 
— Тілегім мынау еді, апа! Өзіңе аян, мен дүниеге күле кірген бала едім. Сол дүниеден 
күліп өтпек боп, жақсы ат мінгім келді, жақсы киім кигім келді, жақсы жар құшқым келді, 
дүниені сауық - сайран, ойын - тоймен, ән - күймен базарлағым келді. Осындай кіршіксіз 
тілекпен іздегенімді тапқым кеп еңбек жолына шыққанымда, жазықсыз күндеушілер 
көбейді, жолыма оралғы болды. Ол оралғыларға бөгелмей мен талайын таптадым да, 
үмітіме қарай ұмтыла бердім... Бірақ, оралғылар сиқыршының торы сияқты екен, бірін 
үзсем екіншісі, оны үзсем үшіншісі кездесті... Өздерің айтатын едіңдер ғой: «баяғыда 
Қорқыт деген адам бопты, ол өлімнен қашыпты, қайда қашса да алдынан көр кездесе 
беріпті, содан кейін қашудан қажып, кез келген көрдің біріне өз еркімен жатыпты да, 
қашан ажал жеткенше күй тартып өтіпті» деп; сол Қорқыт — мен болдым!.. Сен маған 
Жетісуға бар дейсің апа, сонда ол жақта да қазылған көр жоғына көзің жете ме? 
Көкшетаудан Ақмолаға көрден құтылам ба деп келген жоқ па ем мен? Кәне құтылғаным? 
Не жаздым мен бұл үкіметке, қайда барсам алдымнан көр қаза беретін? 
— «Тек жүрсең — тоқ жүрерсің» деген, балам, — деді Тілеу, — көңіліңе келсе де 
айтайын, өзіңде де бар, тек жүрмейсің. 
— Мен не қылдым тек жүрмей? 
— Мәті, Дәуленге, Нұрланға соқтыққан өзің емеспісің? «Ау, жарқыным, олар дүмді 
адамдар, соқтықпа, мерт боларсың» дегенде тіл алдың ба? 
— Балуанды табалауың ба, әке?—деді Ғалия кейіп. 
— Осалды мықты шыңғыртып жеп жатқанда қасында қарап тұрсам, мен кім болам?— 
деді Балуан. 
— Біз саған қас кісі емес, — деді Тілеу, — жан ашығаннан айтылған сөз ғой. Сонымен, 
сөзді қысқасынан қайырғанда, не демексің? 
— Дейтінім сол, — деді Балуан — қашатын қоян емеспін. Мен өлгеннен дүние иесіз 
қалмайды. «Қашқан жауға — қатын ер»... 
— Сонда?!.. 


— Менің табан тіреген ойым: бір күн туыппын, бір күн өліппін. Қашан өзім өлгенше, 
жауласқан адамды бауыздаймын да жүрем. Апа! Егер тілегімді бергенін, шын болса, осы 
бетіме қарсы шықпа! 
Баласынан мұндай ой күтпеген Қалампыр, төбесінен темір тоқпақпен ұрғандай 
мелшиді де қалды. 
— Анаңның алдын орап қойдың, Балуан, — деді Ғалия, — ол кісі енді не айтады 
саған? Уәдесін күн бұрын алып қойдың. Анаң үшін мен өтінейін, таста бұл ойды! 
— Анамнан алған тілекті қалай қиып қайтарам? Менің бір іске екі тоқтам жасаған 
күнімді көріп пе ең? Екі сөйлегенім — өлгенім емес пе? 
— Өтінем, сонда да!.. Көз жасыммен өтінем!.. 
Ғалия солқылдап жылады да, аздан кейін тағы жалынды. Балуанның құрыштай 
құйылған қаталдығы иілмеді, «сөзім — сөзден» таймады. 
— Ықтыярың онда!—деді Ғалия кенет ширап қарсы алдына тізерлей отыра ғап, — азат 
басыңа бұғалық боп, жауыңа ұстап беруім жетер енді... Онда ең алдымен менің көзімді 
жой!.. Өлтір мені!.. 
Балуанның тізесін құшақтаған Ғалия, бір кезде орнынан ақырын тұрып, тысқа шығып 
кетті. Сонда ғана Балуан басын көтерді: 
— Бар, Нұржан! — деді Қалампыр, бұйрықты дауыспен. — Алып кел, келінді. 
Балуан тысқа шықты. Парикмахер үйі өзеннің жағасында. Сол арадан, өзеннің 
аржағындағы тоғайға өтетін жіңішке тақтай көпір бар. Сол көпірдегі адамды Ғалияға 
ұйғарған Балуан, соңынан жүгіре ұмтылды. «Суға құлай ма!»— деген қауіп кірді оның 
ойына. 
Аяғын көпірге еппен жылдам басқан Балуан, Ғалияға жете алмады: ол көпірдің 
оқтасына жеткенше Ғалия өзеннің арғы жағасына шығып кетті. «Қайда барады, бұл? — 
деп ойлады Балуан, — мені біліп бара ма? Білмей бара ма?» 
Ғалия тоғайға кірді. Балуан, құрғаққа шыға аяғын адымдай, тез басып Ғалияға 
жақындады, бірақ, «қайтер екен?» деген оймен дыбыс бермей, жүрісін сездірмеуге 
тырысып, із өкшесімен басты да отырды. 
Тоғай ішінде: жуан, тапал, қисық, бұтақты ақ терек тұратын еді, Ғалия соған барды да, 
жеңсіз қамзолының сыртынан буынатын жібек белбеуін шешті. Балуан терек қасындағы 
бір түп талда жасырынып қарап тұр және ойлап тұр: «соңынан келгенімді сезіп, мені 
қорқытпақ болғаны ғой» деп ойлап қалды ол. 
Ғалия теректің бүкір беліне өрмелеп шықты. Ұзындығы үш кездей қызыл жібек 
белбеуден бір кездейін жыртып aп, қалғанының бір ұшын терекке байлады, бір ұшын 


тұзақтап мойнына кигізді. Содан кейін екі қолын белбеудің тұқылымен арқасына 
матастыра байлады да төмен қарғыды. Айтқан сөзі: 
— Қош, Балуан!.. 
Ағашқа қалай ырғып шығып белбеуді үзіп жібергенін Балуанның өзі де білген жоқ. Ол 
жерге қарғып түскенше Ғалия сылқ етіп құлады да, басын көтермей қырылдап жатты. 
Балуан Ғалияның кеңірдегін сипаса, жібек белбеудің буындырған тұзағы мойнынан 
жазылған жоқ екен. Балуан оны бармағын тығып әрең ағытты. 
Ғалия қылқынудан рас талықсыған еді. Балуан оның былқылдаған денесін алдына 
алып: 
— Ғалия, жаным! Дыбыс берші!—деді жалынышты дауыспен, — айтқаныңды істейін, 
берші дыбыс! 
— Балуан!.. — деді Ғалия әлсіз үнмен. 
— Иә, мен!.. Балуан!.. 
Ғалия Балуанды қаусыра құшақтап, солқылдап жылады. 
— Жылама, Ғалия!—деді Балуан, бетіне бетін тақап, — бердім тілегіңді!.. 
— Солай ма, балам?—деген дауысқа Балуан, мен Ғалия қараса, Қалампыр екен. 
— Солай болды, апа!—деді Балуан. 
— Сөкпеймін, қалқам. Тек тілегімді берсең болады, — деді ана. 
Олар кейін қайтты. Жетісу жолына жиналып болғанша жасырына тұрмақ боп, Балуан 
парикмахердің үйінде қалды. Қалампырды Ғалия мен Тілеу үйіне әкетті. 
Оларды қақпа ішінде жандармалар тосып тұр екен. Ұрып - соқса да шынын айтпаған 
үш бейбақты, полиция күйген түрменің қасындағы тас сарайға қамады... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет