Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет9/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

«БАТЫР — БІР ОҚТЫҚ» 
«Бір ат келді базарға құла қасқа, 
Жібек ноқта басында, бауы басқа
Ғашық болып көріскен, Ғалияжан, 
Кел екеуміз мінейік тарантасқа! 
Ойпырым-ай, жан сәулем Ғалия, 
Қабағың... 
Күндей аппақ тамағың. 
Қарақаттай көзіңе, құмарлана 
Ой, ой, ой... қарадым!..» 
(Балуан Шолақтың өлеңінен). 
Атбасар қаласының күнгей жағындағы Есіл өзенінен қалаға беттеп, кең қара жолмен 
жұлдыздай аққан, арбаға жегілген бір жорға көптің көзін сүріндірді. 
— Бұл кім?— десті жұрт шуласып. 
— Балуан Шолақ! 
— Е, онда осы сияқты жорға бар ма еді? 
— Кеше базарға құлақасқа жорға түсіп еді, — деді біреу,— Челяба қаласынан келген 
купецтің жорғасы екен. Талай жасқа келдім, талай сұлу жылқыны көрдім, мұндай сұлу 
жылқыны көрген емеспін. 
— Онда иесі неге сатады?! 
— Купец салт ат міне ме? Арбадан шыққан жылқы болса керек жануар. Сол мінезінен 
сатса керек. 
— Қаншаға алды? 
— Екі жүз сомға. 
— Апыр - ай, мына Балуан Шолақ жынданған шығар, — десті көпшілік шулап, — он 
шақты аттың құны ғой мынау. 


— Тегін ақшаны аясын ба,— десті әркімдер, — Қайрақты қаласының сексен өгізін 
ұрлап алып сатып, соның ақшасымен келді деген. 
— Сол күпецтің фаэтон жеңіл арбасы бар екен, — деді біреу, — Балуан Шолақ атқа 
арбаны қоса саудалап, жүз сомға алыпты. Жұрт Балуанның ат пен арбаны сонша қымбат 
алуына бір таңданса, екіншіден жұртты таңдандырған,— арындап арбаға жүрмей қойған 
атты Балуанның фаэтонға жегіп жүріп кетуі!.. 
— Жылқының перісі емес пе ол? Оған таңданатын. ештеңе жоқ, — десті әркімдер. 
— Қасындағы кім? 
— Ғалия!.. 
— Қайдағы Ғалия? 
— Ақмоладан келген қымызшы Біржанның қатыны. 
— Оны неге беріп қоя берген бұған?.. 
— Әңгімесі көп көрінеді оның... 
Жұрт солай дабырласып тұрғанда, аяғын зырылдауықтай шапшаң басып, құстай ұшқан 
Құлақасқа көзден ғайып болды. Олардың құлақасқамен осылай жүруіне, міне, бүгін 
үшінші күн... 
Ғалияның үйіне барып қымыз ішкен Балуан Шолақ ұзақ отырмай, жұмысым бар еді
деп кетіп қалды да, кешке айналып сол үйге қонуға келді. Көз қарасынан мінезі жеңіл ме 
деп ойлап қалған Балуан Шолақ, Ғалияға ауыл әдетін қолданбақ болды. 
Ауылда, егер қыздың я келіншектің қас - қабағы жақсы болса, бозбалаға онымен 
тілдесу қажет емес, түнде ұрланып төсегіне бір - ақ барады. 
Біржанның үйіне осы ниетпен келген Балуан Шолаққа жолы болған сияқтанды, — 
Біржан әлде не жұмыспен бүгін келмейтін боп кетіпті. «Үй оңаша болды» деп қуанған 
Балуан, іңірде, өзен жағасындағы тал арасына Ақбозды апарып, аяғына тұсау салды да, 
үйге қайтып келе жатты. Ойда жоқта алдынан, басына шапан бүркенген әйел кездесті де, 
жолын бөгеп тұра қалды. 
— Бұ кім еді?!—деді Балуан. 
— Мен, Ғалия —деді әйел бетін ашып. 
Рас — Ғалия!!.. 


Ғалияны қалай құшақтай алғанын Балуанның өзі де сезбеді. Соқыр сезім сол жерде 
есінен тандырған ол, сүйіктісін жерден жаңқадай көтеріп, қалың талдың арасына ала 
жөнелді. 
Ғалия тырмысқан жоқ. Балуан оны қалың шалғынның арасына әкелді де, денесін көме 
шалқасынан жатқызды. Ғалияда әлі де бұлқыну жоқ. 
«Мынау қайтеді?» деп ойлаған Балуан Ғалияның бетіне түрегеп тұрған қалпымен 
үңілді. 
— Тоқтыңыз семіз бе екен?—деді Ғалия. 
— Қайдағы тоқты?—деді Балуан түсінбей. 
— Ауыл ұйықтап жатқанда қотанға қасқыр ұрланып кіретін де, бір тоқтыны арқалап 
ала қашатын. Сол сияқты мені қайда әкелдіңіз? 
«Батыр аңғырт». Балуан сөзден тосылғандай үндемеді. 
— Балуан,— деді Ғалия, басын көтеріп, қасына отырған оның иығына қолын салып, — 
мен сізді осы араға әдейі іздеп кем ем, тыңдасаңыз үш тілегім бар. 
— Неге тыңдамайын. Айт. 
— Айтайын! — деді Ғалия жеңіл күрсініп,— нарлығыңызға, «Балуан Шолақ» деген 
даңқыңызға сүйеніп, тілегімді берер деп айтам. Бірінші тілек — мен туралы талай өсек 
естуіңіз мүмкін, соның жаманат жағына сенбеңіз; екінші тілек — қалтқысыз көңілмен 
жүрек жара дос болайық; үшінші тілек — осы базар тарқағанша біздің үйде болыңыз! 
Балуан ойланып қалды. Үшеуі де ауыр тілек: Алғашқы тілегін берейін десе, «көлденең 
өткен көк аттыны құр жібермейді»— деген сияқты өсекті көп естіді, ол өсектің анық -
танығына жетпей қалайша «саған сенем» дей алады? Екінші тілек — «дос болу»... Өте 
үлкен сөз! Өте салмақты сөз! Сырын білмеген адамға «достаса қояйық» деп оңай ма? Ең 
қиыны — үшінші тілек. Ғалиямен қалай бірге бола алады ол? Күйеуі ұлықсат ете ме оған. 
Жаман да болса күйеу аты, еркек аты бар емес пе оның? Ендеше өз бойына лайық, 
еркектік, күйеулік намысы бар емес пе? Сол намысын таптағысы келгенге, шамасы 
келгенше қарсы тұрмай ма ол?.. Оның арты неге соқпақ сонда? Бұған дейінгі дұшпаны 
аздай, тағы дұшпан үстіне дұшпан қоса түсу керек пе? Ол жалғыз болса құба - құп. Егер 
оның дос - жараны көп боп сойылын соға кетсе қайтпек. 
Осы ойлардың салдарынан Балуан тұнжырап үндемей ғап еді: 
— Орындай алмасаңыз қолқам жоқ, — деді Ғалия оның иығынан қолын алып. 
«Өкпеледі» деп ойлаған Балуан ағынан жарылып еді... 


— Көп жыл бірге тұрған күйеуімді мен сізден гөрі жақсы білемін, — деді Ғалия, — 
оның еркі менің қолымда. Бүгін де мен оны, ертеңге дейін оралмайтын жаққа жұмсадым, 
ойым — сізбен бүгін оңаша болып, армансыз сырласу еді... 
— Менің бүгін оралып келетінімді қайдан білдің? — деді Балуан қуланған боп. 
— Еркектің әйелге деген бар сыры көзінде тұрмай ма, Балуан?—деді Ғалия күліп, — 
көз қарасыңызбен айтып аттанбадыңыз ба маған, «кешке оралам» деген сөзді?.. 
— Ә, солай ма еді? — деп Балуан мойындай қалды да, — ол өз алдына бір сөз ғой,— 
деді кескінін салмақтандырып — ал, әлгі сөзге келсек, «күйеуім, — еркімде» дегеніңмен, 
оның намысын көрінеу көзге таптауға болмайды; көзіне шыққан сүйелдей боп, үйінде 
бадырайып қалай жатып алам?.. 
— Сонда не істемексіз? Ұрланып кеп жүрмексіз бе? 
— Басқа амал бар ма? 
— Сізді жасыра алатын дүние жоғына көзіңіз жете ме, батыр, тегі?.. 
Балуан үндемеді... 
— Жоқ, — деді Ғалия шымыр дауыспен,— ешнәрсе де жасыра алмайды сізді!.. Өзгені 
былай қойғанда, қараңғы түн де жасыра алмайды!.. Сіздің қайда жүріп, қайда 
тұрғаныңызды жұрт жасырсаңыз да біледі, өйткені, сіз жұртқа шыққан күн, туған айдай 
мәлім боп алған адамсыз. Сіз жұрттың бәрін көрмегенмен, сізді жұрттың бәрі көреді... 
— Сонда не істеу керек?—деді, бұл сөздерге тағы да шырмалған Балуан. 
— Бір жол бар, — деді Ғалия қаярланған үнмен,— бірақ, оған сіз түсе алмайсыз!.. 
— Мысалы, қандай? 
— Әйеліңізден айырылып, маған қосылу!.. 
— Өзің түсе алар ма едің, ол жолға? 
— Түсер ем!.. Ал, сіз?.. 
Балуан жауап бермеді. Қалай береді, — осы секундке дейін басына тумаған сұрақ бұл. 
Жауабын өзі таба алмай қиналған сұраққа, «Ғалия да ойланбай жауап беріп тұр» деп 
жорыған Балуан: 
¶ — Сен де хата айтасың. «Түсем» дегенмен, түсе алмайсың ол жолға, күйеуіңнен 
айрыла алмайсың!—деді Ғалияға. 
— Ендеше, не істеу керек? 


— Былайша ғана ойнап - күлу керек... 
— Қалайша? 
— Белгілі сөз ғой ол! — деді Балуан, ішінен «сондай да сұрақ бола ма екен?!» деп 
таңданып. 
— Қалайша «белгілі?»—деді Ғалия,—«ұрланып жолығу» ма, «белгілі» дегеніңіз?.. 
Оның несі «ойын - күлкі?»... 
— Сонда не істе дейсің?—деді Балуан бұл мағынасыз егесуді доғарғысы келген үнмен. 
— Егер қиғыңыз келсе, Балуан, маған өзімізден өзге ешкім білмейтін ұрлықтың ойын -
күлкісі емес, қалың ел білетін жария ойын - күлкі керек. 
— Ол қалай болады? 
— Мысалы, бір әдемі атты әдемі сайманмен, әдемі тарантасқа жегесіз, екеуміз оған 
қатар мінеміз де базар аралаймыз және жәй араламаймыз, сырнайлата, әндете аралаймыз, 
сөйтіп, базардың думаны боламыз. Міне, бұл, жұртқа жария ойын - күлкіміз болады. Жұрт 
та рахаттанады бұған, өзіміз де рахаттанамыз. Бұлай ойнап - күлуге күйеуімді мен көндіре 
алам. 
Екеуі осыған серт байласты. Серттің куәсі — Біржан болды. «Ғалияның алысқа 
жұмсауымен, — мен көз таса боп, Балуанға кешке жолығу» деп күдіктенген ол, «барайын» 
деп аттанып кеткен еді де, былай шыға бой таса ғып, іңірде кейін оралып, атын алысқа 
тұсап, талды жамылып кеп, Балуан мен әйелін аңдыған еді. Ол екеуінің қалай жолығып не 
кеңескенін, қастарындағы қалың талдың ішінде отырған Біржан түгел естіді. Әзірге 
бүлініп - жарылған ештеңе болмағанмен, естіген кеңестері құлағына жаға қойған жоқ. Бұл 
істің арты немен тынуына көзі жетпеген ол, ең жақын міндетім» деп, Балуанның бүгін 
түнде Ғалиямен қашуына бөгет жасауды есептеді. Сол мақсатпен ол, үйі ұйқыға жатады - 
ау деген кезде, алыс жолдан оралғандай, атын дүбірлете аяңдатып кеп, дыбысын сездіргісі 
келгендей, үйінің сыртына қақырына - түкіріне түсті. 
— Иеміз келіп те қалды! — деді ол дыбысты таныған Ғалия, іштей әрі қуанып, әрі 
ренжіп. 
— Реніші — бүгінгі түнді Балуанның құшағында өткізбек еді, күйеуі ол үмітін кесті; 
қуанышы — бүгінге дейін адал келген неке суына, бүгін арам тамшы қосу, су орнына у 
ішердей жүрегін лоблыта бастаған ол қиналудан күйеуі құтқарғандай болды. 
Қасына жатқан күйеуімен сыбырласқан Ғалия, оны өз ырқына көндіріп барып 
ұйықтады. Сондағы айтқан сөзінің тоқетері: «Ойыным мен сауығыма бөгет болмауға 
басынан көнген едің ғой, сен? Адал некемізге арам жұқтырмауға мен уәде берейін, 
Балуанмен базарда серуендеуіме бөгет болмауға сен уәде бер». 


Осы тақырыпта айтылған ұзақ сөздің қорытындысы сияқтанған бұл өтінішке, 
Ғалияның дегенін екі етпеуге дағдыланған Біржан қарсылық айта алмады. Оның, тек қана 
айтқаны: 
— Қайдам, жұрт көзіне ерсі көрініп жүрмесе, өзің біл!.. 
— Жұрттың не десе де еркі, — деді Ғалия, — ел аузына қақпақ бола алмайсың. Бір 
бірімізге өзара сенсек болғаны. Мен саған сендім. Ал, сен өзің маған сенесің ғой. 
— Әрине!—дей салды Біржан. 
Көкейінде «сенбегенде амалым қанша!» деген сөз тұр. Ол сөзді сыртына шығара 
алмайды. Ғалияның көңілін қалдыру былай тұрсын, кірбің салуға да жоламай дағды алған 
ол. Неге екенін өзі де білмейді,— Ғалия жоқ жерде оған өмір жоқ сияқтанады, онсыз 
күні,— қараңғылық сияқтанады, айы да, күні де Ғалия сияқтанады, оның көңіліне қаяу 
салу, айы мен күнінің бетіне кір жағу сияқтанады... 
Бұған дейін сөйтіп келгенде, Біржанның жанын толқытарлық қаупі болған да жоқ еді. 
Қазір олай емес. Мынау «Балуан Шолақ» деген оның бұрын көрмеген «аңы». Бұрынғы 
«аң» деп жүргендері, бұның қасында, арыстанның қасындағы борсық сияқты. «Бұл бір 
жұтпас, — деп қорқады Біржан Балуаннан, — егер жұтса, түйені түгімен, биені жүгімен... 
дегендей мол қылғыр!.. Бұның аузына іліккенді суырып алу да қиын болар!..» 
Осыны айтайын десе, «көңілін қалдырам ба» деп Ғалиядан қорқады, айтпайын десе, 
«асап қою» қаупі бар!.. Ғалияның «маған сенесің ғой?» деген сұрауына «сенем» деген нық 
жауап бермей, «әрине» деп былқ ете түсуі сондықтан... 
Ерінен рұқсат алуын Ғалия ертеңіне естірткенде Балуан Шолақ қуанып кетті. 
Жігіт екен ғой, оның өзі!—деген сөз шығып кетті оның аузынан,— дос болуға да 
жарайтын жігіт екен ғой ол!.. Бірге серуендесек қайтеді өзімен? 
— Егер, көнсе. 
— Неге көнбейді?.. 
— Артық жүріс - тұрысты ұнатпайтын адам... 
Ғалияның сөзі тура шықты. Онымен базарда бірге серуендеу үшін, жоғарыда аталған 
Құлақасқа жорғаны арба - сайманымен сатып алған Балуан, Біржанға бірге жүруді 
ұсынған еді, «бұндай іске бейілім жоқ еді, Ғалияға берген ұлықсатым ұлықсат, өздерің 
серуендей беріңдер!» деді. 
Құлақасқаның фаэтонына мініп Балуан мен Ғалия жөнеле бергенде, ішінде лаулай 
жөнелген қызғаныш оты Біржанды да үйіне отырғызбай атына еріксіз қондырды. Оның 
ақылшысы,— әрі болыс, әрі бай, ауылда да, Ақмолада да салығы бар ЬІспан дейтін адам 


еді. Кеше де ол Ғалия жұмсаған жаққа бармай, сол — Ыспанға соғып, Балуан Шолаққа 
деген күдігін айтқанда: 
— «Қасқырдың ұлығаны — жеймін дегені» депті аталарың,— деді Ыспан,— Балуан 
Шолақ бекерге ұлитын қасқыр емес, ұлыса жейтін қасқыр. Ұлыды ма, қатыныңа қарап?—
«жеді» дей бер оны. Осы түннің өзінде жеп кетіп жүрмесін ол. Жемесін десең, ізіңмен 
қайт үйіңе! 
Қайтпақ болған Біржанға: 
— «Аңдушы алмай қоймайды» депті аталарымыз, — деді Ыспан. — Торуға кірісе, 
қапыңды табады ол... 
— Таптырмау үшін не істеу керек? 
— Оны кейін ақылдасайық. Бүгін үйіңе қайт. Әуеле Балуанның үйіңе оралу -
оралмауын біл, соған қарап айла жасайық. 
Ертеңіне Біржан оралып кеп естіген - білгенін айтқанда: 
— Келді ме, жорамалым?—деді Ыспан, Біржанның салмағын молайта түскісі 
келгендей. 
— Дәл келді. Әулие екенсіз!.. 
— Енді бұдан құтылу оңай, — деді Ыспан. 
— Қалай?.. 
— Оны кейін білесің. Саған тапсырарым, — қатынның серуендеуіне бөгет болма... 
— Со бетімен алып қашса қайтем? 
— Оны істемейді Балуан Шолақ. Сертіне ол берік жігіт. Кешке кеп үйіңе қонам десе 
қонады ол. 
Ендігі сөзді ертең кеңеспек боп Ыспан Біржанды үйіне қайтарып жіберді. Оның 
Біржанға «кейін білесің» дегені, өткен күні, Атбасарға жиналған болыстардың бәрін ояз 
шақырып алған еді де, «Егор Пропадконың өгізін ұрлаған қашқын — Нұрмағамбет 
Баймұрзин осы базарда жүр дейді, жалған аты «Балуан Шолақ» дейді, халық өзін аса 
жақсы көреді дейді, олардың арасынан ұстау да қиын дейді, ал, енді сол адамды қалай 
ұстаудың амалын табыңдар» деген. «Табамыз» деп уәде берген болыстар. «Бірақ, бұл істі 
өте жасырын түрде істеңдер!» деп тапсырған ояз. 
Осы әңгіменің ішінде болған Ыспанның құлағына Біржаннан естіген хабар жаға кетті. 
«Көптің ішінен ұстау қиын еді,— деп қуанды ол,— серуенде жүргенде ұстау оңай. Бұны 
оязға хабарлау керек». 


Біржанға бұл ойын айтпауы —«сөз тарап кетер» деп қорықты. 
Хабар тиген ояз, базарда тәртіп сақтау ісінде жүрген Казачая сотняға «қапысын тап та 
қамап ұста!» деген бұйрық берді. 
Ғалиямен қатар мініп, сырнайда тартқан әнге қосыла, Құлақасқаның екпінді 
жорғасымен сілтеп келе жатқан Балуан Шолақты кейі салт, кейі жаяу бір топ солдат 
алдын бөгеп тоқтатты да, қоршап ала қойды. 
— Бұ не пәле? — деді, түсі құп - қу боп кеткен Ғалия, дірілдеген дауыспен. 
— Пәле боп бізге не қылады?—деді Балуан,— не ақысы бар бізде, бұл солдаттардың? 
Олардың, Балуан Шолаққа не істеуін баяндардан бұрын, оқушыларды «Казачая сотня» 
аталатын бөлімшенің хал - жайымен таныстырып алайық. 
Бұл сотяның тұрғылықты мекені — Көкшетау сыртындағы Айдабол дейтін жер. Анда -
санда адамы жаңарғанмен сотняның осы өлкеге пайда болуына көп жылдар өтті. Ол ең 
алғаш 1739 жылы, Абылай хан Россияға бағынуға ант бергенде құрылып, «тәртіп 
сақтауға» хан ордасына жіберілді. Абылай ханды, оның баласы Уәли ханды, қолынан 
өткерген сотня, «дала тиыштығын сақтау» ісінде қалып қойды... Үкімет бұл сотняны: 
Көкшетау, Атбасар, Ақмола — үш ояздың орталығы деп Айдаболға қойды. Атбасарда 
базар ашылғалы, сотняны жылда «базар тәртібін сақтауға» жібереді. 
Сотняның солдаттары соңғы жылдарда бірнеше рет жаңарғанмен, атаманы көп 
заманнан өзгерген жоқ. Ол: сөмпектеу келген ұзын бойлы, ұрты ішіне кірген қушық бетті, 
иегінің ұшын ғана қасқалап қырғаны болмаса, сақалы мен мұртын тұтас, ұзын ғып 
өсірген, ойнақы кішірек қара көзді, қайқы мұрынды, кең танаулы, ұзын қасты, сақал - 
шашы ағарған, қара сұр казак - орыс. Оның туып өскен жері Айдаболға жақын — Зеренді 
тауындағы казактардың станциясы, тұқымынан байлар да, генералдар, полковниктер, 
атамандар да көп шыққан. Біз сипаттап отырған атаманның аты Захар. Орыс та, қазақ та 
оның фамилиясынан гөрі атын жақсы біледі. Қазақтар оны «Көктеке» дейді. 
Көктеке өзімен теңдес біреу болмаса, өзгемен қамшы я жұдырықпен сөйлеседі. «Қолы 
тастан қатты» дейді таяқ жеушілер. Оңай олжа табуға да шебер ол, жоқтан сылтау тауып 
кім көрінгеннен қорқытып пара ала береді. Станцияда бай шаруасын қорқытып ұстайтын 
жалшыларына тегін баққызады. Ол әсіресе қазаққа еш, кез келген қазақты сабау — оның 
өміріндегі «бір рахаты»... 
Көктекенің қаһарлы атын Балуан Шолақ та естіген. Зорлықшылдың бәріне өш Балуан, 
біреулер Көктекені жамандаған әңгімелер айтқанда, «шіркін, маған бір кездесер ме еді?!» 
деп кіжінетін еді, міне, енді, сол тілегі бола кетті, — оны солдаттар, Көктекенің 
бұйрығымен қоршады, өзі ішінде тұр. Балуанды ол — ояздың «ұстап бер!» деген әмірімен 
қоршады. 


Ол да Балуан Шолақ туралы көп әңгімелер естіген еді және ол әңгімелер Көктекеге 
ертегі сияқты боп жеткен еді. Қара күші болмаса, сана - сезімі топас ол, Балуан туралы 
ертегілердің біразына нанған сияқтанып, көруге құмартып жүретін еді. 
Міне, енді «ертегінің ерін» алдынан тосып тоқтатқан ол, қазақша шалағай білетін 
сөздерімен тіл қатпақ боп, солдаттарды кимелей Балуанға жақындады. 
— Кімдікі парен сен? — болды оның бірінші сөзі. 
— Мен — Балуан Шолақ!-— кім екенін жорамалдап. 
— Aha!.. Понимаю!.. Естіген!.. Сен улкон казак!.. Здоровый!.. Молодчина!.. Қайда 
барады, сен?.. 
— Базар аралап жүрмін... 
— Сені ояз шақырған, мен соған тоқтатқан... 
— Менің оязда жұмысым жоқ. 
— Оныкі жұмыс сенде бар... 
Көктеке қылжақ қылып тұр екен деген оймен, Балуан атының басын кейін бұрайын 
деп еді, божысынан Көктеке ұстай алды... 
— Жібер!—деді Балуан, божыны жұлқып. 
— Жоқ, мен сені жібермейді, оязға апарады!—деді Көктеке түсін суытып ап. 
— Жібер!— деп божыны тағы жұлқығанда, қолына жармасқан Көктекені кеудеге 
салып кеп жіберді. Көктеке шалқасынан түсті. Сол ашумен атты құнтпен тартып - тартып 
жібергенде, жаны ышқынған ат, қамаған солдаттарды кеудесімен қағып, тарта жөнелді. 
Арба жалтарған шақта Ғалия төңкеріле құлап түсіп қалды... Оны байқаған Балуан атын 
тежей беріп еді: 
— Қарама маған! Өзің құтыл!—деп Ғалия айғай салды. Содан ба, әлде қызған ат киіп 
әкетті ме, Балуан Шолақ жөнеле бергенде: 
— Ат!—деген дауыс естілді. 
Бірнеше мылтық қатарынан гүрс ете түсті. Құлақасқа омақата құлады. Арба төңкеріліп 
түсті, Балуан ұшып кетті. 
— Өлді!.. — деп шу ете қалды қарап тұрғандар... 
Балуан Шолақ тұрып үлгермей солдаттардың қоршауында қалды... 


Солдаттар оны құрғақ қолмен емес, найзалары сүйреген мылтықты қолмен қамады, 
егер құрғақ қолмен қамаса, алыса кеткенін ұшырып жіберер еді де, денесіне қол дарытпай, 
сытылып шыға келер еді. Мылтыққа амалы болмай қалды оның «Батыр — бір оқтық» 
деген аталарының мақалы түсті оның есіне. Дәрменсіздігін көрген ол, солдаттарға «ұста 
да, байла!» дегендей, артына қайырған қолдарын тоса берді... 
Ертеңіне Балуан Шолақтың аяқ - қолына кісен салынды да, пар атқа жеккен күймелі 
арбамен, салт мінген, елу солдаттың қоршауында, Көкшетауға айдалды. 
Балуанға жаны ашитын жігіттер «жолда тосып тұрып тартып аламыз» деп еді және ол 
ойларын орындамақ боп әр жерге тосқауыл да қойып көріп еді, нақ «иә, бәсекеге келгенде 
мылтыққа қарсы шаба алмады. Олардың да күрсіне айтқан сөздері «батыр — бір оқтық» 
деген рас екен - ау!.. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет