Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет8/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   27
АҢҒАЛДЫҚ 
«Мен өзім аққан судай тасып жүрмін, 
Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін. 
Жаласы сексен өгіз маған ауып
Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін». 
(Балуан Шолақтың өлеңінен). 
Балқашқа бұрын қалың берген жер қалыңмалын қайтарып алғанмен, Балуан Шолаққа 
деген кегі біткен жоқ. 
— Балуан Шолақтың бұл қорлығы бізден гөрі саған батуға тиісті, — деді олар 
Сатыбайды қайрап, елдеріне қайтар алдында, — үркердей аз үйлі қаңғырған Үйсін, рулы 
ел — Керей, сенің ішіңде қоңсы боп отырып, өз еліңді өзіңе билетпеді. Егер, мұны бұл 
қалыппен жүгенсіз жіберсең, бүгін біздің қатынымызды тартып алса, ертең сенің 
қатыныңды тартып алады. Бізге оқасы болмас, мойнымыз алыс жер, бір жесірді садақаға 
бердік: ал, ертең ауылыңда отырып, Сатыбай, сенің малыңнан құрық, басыңнан сырық 
кетірмесе, осы жүгенсіз жібергеніңе бұдан жаман өкінерсің, ойлан!.. 
Сатыбай расында ойланып қалды. Қонақтары кеткесін, «осыған өтірік пәле жапсырсақ 
та көзін жоғалтсақ қайтеді», — деп ол дос - жарандарына ақылдасты. «Оның рас,— деді 
достары,— бірақ, бұл елде тым беделді боп кетті. Пәле жапсақ та ойланып жаппасақ, 
көпшілікті соңымызға түсіріп алармыз». 
Сатыбай бір күні Қайрақты қаласына барды да, көптен бергі тамыры — Егор 
Пропадкоға ақылдасты. Балуан Шолақтың елдегілерге көрсеткен «қорлық - зорлықтарын» 
қоюлата сипаттай келіп: 
— Сенің ініңді өлтіру қылмысынан аман құтылып кеткен соң, ел қазағынан қорықсын 
ба ол,— деді Сатыбай ауыр күрсініп, — қайта, шетімізден қырып тастамай аман қойып 
жүр! 
— Сонда не істеу керек? — деді Пропадко, — өкіметке айтып абақтыға алдыратын 
қылмысы жоқ. Орыс заңы қылмыссыз адамды қараламайды. Бұны, ең қызығы қапысын 
тауып өлтіру. Біз соған бекінген ек, әлдекімнен естіді ме, немене,— бұнда келмей қойды. 
Өздерің неге істемейсіңдер осыны? Ауылда оған мүмкіндік көп қой?.. 
— Жоқ, сол мүмкіндік!.. Жолын тосып өлтіруге, жеке я аз ғана адамның шамасы 
келмейді, ел боп жабылу қиын, және екі ұдайда, елдің, көбі оның сойылын соғып кетеді... 
— У бергізсе ше? 


— Онда ел тіпті көтеріліп кетеді... 
«Енді не істеу керек?» деген ол екеуінің, ақылы төмендегі арнаға құйылды: Балуан 
Шолақты ұстап беретін тұсау — Ақбоз. Жанындай көретін бұл аты қолға түссе, ол да 
түседі. Ол үшін, «егінге түсті» деген жаламен, ішіне Ақбозды қоса, Балуан ауылының 
жайылымда жүрген жылқыларын бір түнде Сатыбай Қайрақтыға жеткізеді де, Егор ол 
жылқыларды қорасына қамайды. Потраваға
11 
Егор өзгені емес, Ақбозды ғана сұрайды. 
Балуан әрине атын босатып алу әрекетіне кіріседі, осы бетінде қапысын тауып өлтіру 
оңай. 
Сөз осыған байланды да, ішінде Ақбоз бар, ауылының жылқысы Пропадконың 
қорасына аз күнде қамалды. 
Балуан да, ауыл адамдары да малының, соңынан барды. Бірақ, Егор теңдік бермеді. Ол 
бұршақ соғып қиратып кеткен егініне, қаланың, старостасын апарып, қорасына қамаған 
жылқы қиратты деген акты жасатқан екен. Оның бағалауынша, бұл потраваға қамалған 
жылқының жартысы жетер емес, Егордың қалағаны — Ақбоз. 
Мал иелері не істеуге білмей ақылдасқанда, біреулер жоғарғы ұлыққа барып шағым 
айту керек,— деп еді: 
— Одан жақсылық күтпе, — деді Балуан Шолақ — «Қарға қарғаның көзін 
шоқымайды» дегендей, олар байдың сөзін сөйлейді. 
— Сонда не істейміз? 
— Менің зорлықты зорлықпен қайырғым келеді. 
— Қалай? 
— Түнде осының қорасына түсіп, жылқыны айдап шығамыз! 
— Ондай аранға қалай түсеміз көрінеу көзге? Қорасы қай бір оп - оңай оның қарғып 
түсе кететін?.. Биік тас қамалдай емес пе ол?.. Қақпасы тастан да берік емес пе?.. Және 
атты кісіні алып тастайтын қабаған иті бар!.. Олардың үстіне, қорасында жаттың 
жылқысы қамаулы тұрғанда, бейқам жатады деймісің ол?.. Күзетшілері болады, әрине!.. 
Және құрғақ қолмен емес, мылтықпен күзетуі мүмкін. Аяйды деймісің ол,— басады да 
салады, әсіресе, сені!.. Ондай ажалға сен де барма, біз де бармайық. Бәрінен жан тәтті. 
Жанды малдың жолына құрбандық қып болмас... 
— Сонда не істейміз? 
— Көкшетау барып, жоғарғы ұлықтан сұранудан басқа жол жоқ... 
Ағайындарымен аузы біріге алмаған Балуан, Кургановқа ілік - шатыстығы, әрі 
достығы бар, заң - законнен де хабары бар, селолық басқармада писарь боп істейтін Павел 


Ларионовқа ақылдасты. Балуанды білетін ол, Егорға өшпенділігі бұрынғыдан күшейе 
түспесе бәсеңдемеуін айта келіп: 
— Сенікі дұрыс, — деді Балуанға, — заңмен оны жеңе алмайсың. Әкімдердің бәрі 
оның сөзін сөйлейді. Ең қолайлысы, өзің айтқандай, ретін тауып, жылқыны түнде 
қорасынан ұрлап алу керек. Ол үшін, Егордың күдігін жойып, мал иелері — бәрін, 
Көкшетауға аттанған болыңдар да, былай шыға, өзің, ғана орман арасында қалып қой. 
Басқа қазақтарың бара берсін. 
— Неге? 
— Екі себеппен: бірі — Егор соңдарыңнан бақылау жіберуі мүмкін, өйтсе, 
кеткендеріңе көзі жетсін, ал сен, қалың орманға кіре, елеусіз бір жалтарыста түсіп қал: 
екіншісі — өзге қазақтардың бұнда саған серіктігі болмайды, қайта, аяғыңа оралғы 
болады... 
— Жалғыз не бітірем мен? 
— Өзіңмен таныс және дос орыс жігіттерінен жәрдемшілер берем. Олар сені отта 
қалдырмайды, қиындықтан алып шығады... 
Сез осыған байланды. Балуанның серіктері де бұл сөзді мақұлдап, «Көкшетау кеттік» 
деген дабырамен жүріп кетті. Ларионов «әулие» екен, айтқаны дәл келді,— Егор олардың 
соңынан, «алыстан бақыла» деп, салт атты аңдушы жіберді. Оның жәбірленушілерге 
алыстан ере отырып қадаған көзіне қалың орманның қалтарысы шымылдық болды да, 
Балуанның жортып бара жатқан аттың арбасынан жып етіп түсіп, сып етіп орманға жоқ 
болғанын абайламай қалды... 
— Орманнан жалаңаш далаға шығарып сап қайттым, түгелімен Көкшетауға кетті, — 
деген бақылаушының, хабарына Егор сенді де: 
— Білгенін қылсын!—деген қауіпсіздікпен, қақпасын күндегі дағдысымен ғана бекітіп, 
қаннен - қаперсіз, тұқымымен ұйқыға кетті. 
Павел Ларионов уәдесіне жетті. Оның күндіз келісіп қойған сенімді жігіттері, түн 
жамылған Балуан Шолақ келгенде, қолдарына түкіріп, жәрдемге даяр отырды. Сайдың 
тасындай жиырма шақты жас жігіт қасына ергенде, Балуан Шолақтың ойында қуаныш пен 
сенімнен басқа ештеңе қалған жоқ. 
Егордың бұл қаладағы ең үлкен, ең сұлу үйіне, Балуан мен серіктері түн ортасы ауған 
шақта жетті. Село да, бұл үй де шырт ұйқыда. Түн көзге түртсе көрінбестей қою қараңғы. 
Егор үйінің ауласы айнала бөрене қарағайдан қиып, биік жасаған кең шарбақ еді. 
— Ал,. жігіттер,— деді Балуан серіктеріне, Егор үйіне жете, — сендер сыртта 
қалыңдар да, маған қауіп төнсе ғана жәрдемге келіңдер, төнбесе, осылай, сырттан қарауыл 
боп тұра беріңдер. Қора іші маған таныс. Жылқыларды қоятын жерін де білем... 


— Атыңның аяғы кісендеулі деген, оны қалай бұзасың? 
— Бұрап бұзам... 
— Қақпаның құлыбын? 
— Оны да... 
Жігіттер «өйте алмайсың» демеді,— жуан темірді сымдай бұрауы, төрт - бес жігіттің 
жүгін көтеруі оларға мәлім... 
Серіктерінен рұқсат алған Балуан, қарғып шарбақ үстіне шықты, аржағы жарты 
төбесін қаңылтырмен жапқан шатырлы қора. Жарты шатырдың арқалығымен ілгері 
сырғып үңілсе, қараңғы түнде түгі көзге шағылып Ақбоз ат бір діңгекте байлаулы тұр. 
Басқа жылқылар да соның маңында. Одан әрі көң сасып, мұрындары пысылдап, 
малжаңдай күйсеген бірсыпыра өгіз жатыр. 
Манадан дыбысы шықпаған иттің Шолақты қайдан сезгенін кім білсін, — өршелене 
үріп, тартқан сымды бойлай бері қарай жүгірді де, төбеде отырған Шолақтың нақ астына 
кеп, «кімсің?» дегендей, ырылдап қана қарады. Шолақ бұл үйден кеткеннен кейін 
күшіктей асырап алған ит, үлкендігі тайшадай бірдеме екен. Басын жоғары көтере 
ырылдаған оны, Балуан шынжырынан шап беріп ұстап, жоғары қарай көтере қойды да, 
қылқынып булыққан ит жақындаған кезде, өкшемен тұмсықтан теуіп - теуіп жіберді. 
Содан кейін үні өшкен иттің шынжырынан арқалыққа асып байлай сап, қарғып төмен 
түскенде Ақбоз иесін танығандай оқыранды. 
Көзінен жасы шығып кеткен Балуан атына жақындағанда, күйсеп жатқан көп өгіздің 
арасынан біреуі түрегелді де күжілдеңкіреп, бері қарай жүрді. Өзі кеткеннен кейін, 
Егордың қорасына сүзеген бұқа пайда болғанын, жаяу түгіл атты кісіні де маңайынан 
жүргізбейтінін, талайлардың атын жарып тастағанын Балуан естіген еді. Сол бұқа екен 
деп ойлап, бірақ сескенбей қарсы барып еді, бұқа қаймыққандай тұқырып, көңді алдыңғы 
аяғымен қопарып шаша бастады. Қасына барғанда күжірейген бұқаның мүйізінен Балуан 
шап беріп ұстай алды. Сүзуге тырмысқан бұқаны еркіне жібермеген Балуан, беліндегі 
қамшысын алып оң бүйірден тартып - тартып қалып еді, бақ етіп қаша жөнелді де, енді 
қайтып ұмтылмады. 
Тез кетудің қамын ойлаған Балуан қақпаға барса, тұтқасының сомдығы білектей, етегі 
күректей құлып, қақпаның жуан темірден соққан баспасында салулы тұр. Жерде жатқан 
бір жіңішкелеу темірді алып құлыпты бұрап еді, темірдің өзі майысты. Басқа сайман таба 
алмаған Балуан құлыпты оң қолымен қапсыра ұстап, бар екпінімен бұрап кеп қалып еді, 
етегіне қабыстырған жалпақ темірдің шегелері шығып кетіп, кілті бос қалды. Қақпаның 
ашылуына көзі жеткен Балуан атына келіп, кісенін сылдырсыз бұзды да, қақпаға кеп 
сықырсыз ашты. Содан атын жетектеп жүріп, ұйқыдан жалқауланған өгіздер мен ауылын 
жылқыларын қорадан айдап шықты. 


Қақпа алдында дыбыссыз қуанышпен қарсы алған достары, малдарын үн - түнсіз 
айдасып, село шетіне шығарып берді. Сол арада қоштасқан достарының ішінде Павел 
Ларионов та бар екен. 
— Малдарды осы бетіңмен айда да, Меңіреудің қалың қарағайына жет!— деді ол,— 
содан кейін Егор түгіл, шайтан да іздеп таба алмауы анық. Аржағын өзің біле бер. Біздің 
қолдан келгені осы. 
Балуан орыс достарына алғыс айтты да, Ларионов сілтеген жөнге жүріп кетті... 
Арасынан иттің тұмсығы өтпейтін Меңіреу қарағайының арасынан өзі ғана білетін бір 
жіңішке жолды тауып, орманның қалың ішіне сүңгіп, Балуан таң біліне жайлы жерге 
бекінді. Өгіздерді ол санаса — сексен екен. Бәрі де сала құлаш мүйізді, атан түйедей, 
өңкиген жануарлар. 
Ауылмен астыртын хабарласқан ол, Қызылжардағы ет заводына өгіз айдаған 
Ақмоланың купецтері келе жатқанын естіді. Олар Меңіреу тұсына кеп қонғанда, сексен 
өгізді қырық сомнан сатты да, ақшаның көбін ауылдағы тілеулес адамдарына үлестіріп 
беріп, азын ғана қалтасына басып, мәселе бір жайлы болғанша бойтаса қыла тұру 
мақсатымен, Ақбозына мінді де, жақын арада Атбасар қаласында ашылғалы жатқан 
жәрмеңкеге суыт жүріп кетті. 


ҒАЛИЯ 
«Хат жазайын Ғалия, саған арнап, 
Сипатыңа, екінші құрмет айлап. 
Анда-санда көзіме бір көрінсең, 
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап. 
Ойпырым-ай, жан сәулем, Ғалия, 
Бетіңнен... 
Аппақ қардай етіңнен... 
Бір күн ауру, бір күн сау, 
Жазылмадым, 
Ой, ой, ой... дертіңнен!»
11
Ақтөбе қаласынан Омбыға тартқан патша өкіметінің әскерлік жолының үстіне бекет 
есебінде түскен қаланың біреуі — Атбасар. Оның ең алғаш орнауы 1854 жыл. Бұл 
қаланың әскерлік бекет болуынан басқа қандай маңызы барын оның аты көрсетеді. 
«Атбасар» екі сөзден құралған: «ат», «басар». Бұлай деп қойылуына мынадай себеп бар: 
Атбасар қаласы салынған маңайда Арғын руының Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, 
Қозған, Қақсал дейтін рулары бар. Бұларда мал, әсіресе жылқы малы көп болған. Атақты 
Құлтума ақын Аққошқар Сайдалы дейтін байлардың байлығын айтқан өлеңінде: 
«Сұрасаң арғы атамды Қуандықты, 
Қылыпты өз тұсыңда жуандықты. 
Аққошқар, Сайдалының заманында, 
Бір келден қырық мың жылқы суарыпты»,— 
дейді. 
Атақты ақын Біржан сал: 
«Кім жетер Алтайдағы Жанайдарға 
Алты жүз жас бота мен тайлағы бар»,— 


дейді. Атбасар қаласында ең алғаш ашылған базарды мыңдаған жылқы басып кеткен 
соң, соғыс бекеті орнына салынған қаланың аты «Атбасар» боп кете барған... 
Атбасар үш өзеннің түйіскен жерінде: Есіл, Керегетас, Жабай. 
Балуан Шолақ базарға келсе, осы үш өзеннің арасында жүз мыңдап жиналған малдың 
ұшы - қиыры жоқ!.. 
Театры, киносы жоқ ерте замандағы ауылда, халық өзінің ойын - тойларынан, әр жерде 
ашылған базарларды да ойын - сауықтың ордасына айналдырған, халықтың: «балалы үй 
базар, баласыз үй қу мазар» деп, баланың қылығын базарға теңеуі сондықтан. 
Атбасар базарының «базары» Балуан Шолақ болды. Оның ақындығы, әншілігі, 
қулығы, әзілі, сықағы, атқа ойнауы, дене өнерін көрсетуі халықты қайран қалдырды. Өнері 
осындай болғандықтан, көрген жұрт та, көрмеген жұрт та «Балуан Шолақ кепті» деген 
жерге сауда - саттығын тастап аттылы, жаяулы шұбыратын болды. 
Балуан Шолақтың қай жерде тоқтағанын, қайда келе жатқанын, қайда бара жатқанын 
базаршылар біліп отырды. Ол теңіз, өзгелер — өзен сияқты,— қай жерде ол тұрса, сол 
жерге жан - жақтағы жұрт құйыла қалады, ол магнит, өзгелер темір сияқты — қай жаққа 
қарай жөнелсе, өзгелер де жапырылып оның артынан шұбайды. 
Осы думанмен жүрген Балуан Шолақ, бір күні, екі өзен: Керегетас пен Жабайдың 
аралығына тігілген көп ақ үйге кездесті. 
— Бұл не?—деп сұрады ол серіктерінен. 
— Қымызшылар мен қасапшылар тіккен үйлер. 
— Түсейік біреуіне! 
— Түссек таңдап түсейік, — деді біреуі,— бұлы өтімді болсын дей ме, немене, 
қымызды жас келіншектер мен қыздар құяды, және көбі — сұлулар. Қараөткелден келген 
бір келіншек бар осында, Кескіні онша шығаннан шыққан сұлу емес, бірақ, мінезі 
жібектей есіледі, әзілге судан жүйрік! Күйеуі момын жігіт көрінеді. Биі — келіншегі. 
Сауық -сайранды жақсы көретін келіншек, қымызды өзгеден тәтті ұстайды. Аты — Ғалия. 
— Үйі қайсы? — деді Балуан. 
— Анау тұрған! 
Бастаушы Балуанды ақ үйлердің орталау кезінде тігілген, үзігінің сыртқы етегін қызыл 
шұғамен оюлатқан, баулары, белдеуі термелеп тоқылған бір үйге әкеліп түсірді. 
Олар аттарын үй сыртына матастырып жатқанда: төңірегі шашақты ақ жібек шалыны 
құлағынан қыстыра арқасына төккен, етек - жағасын алтын зермен мәнерлеткен, қызыл 
барқыт жеңсіз қынама бел қамзолы, асығынан аз - ақ жоғары, қос етек жібек көйлегі бар, 


аяғында кестелі биік өкше етігі бар, екі құлағында салпыншақты алтын сырғасы бар 
келіншек кигіз үйден шыға берді де, жолаушыларға аз уақыт қарап тұрып, үйіне қайта 
кірді. 
— Осы!—деді біреу. 
— Кімді айтасың?—деді Балуан. 
— Жаңағы үйден шыға беріп қайта кіріп кеткен келіншекті. 
— Неге өйтті ол? 
— Балуанның мысы жеңген болар... 
— «Аттыға жол, жаяуға сөз бермейді» дейтін келіншек еді ол, қаймыға қойды ма екен? 
Басқа бір себебі болар... 
— Не де болса үйге бара көрейік, — деп жігіттер үйге кірсе, келіншек қымыз ішіп 
отырғандарды тұрғызып, төр алдына шымқай жаңа қызыл ала батсайы көрпе төсеп жатыр 
екен. 
— Жұртқа төсемейтін көрпеңді төсерлік, кімің еді ол? — деп үйдегілердің 
қалжыңдағанына келіншек жауап бермей, көрпені тез төседі де, Балуан Шолаққа көз 
қырымен ғана қарап, әдеппен ығысып қымыз құйған шараның қасына барды. Бірақ, 
келіншек отырмады, сыйлайтын адамынан бұрын отырмайтын ауылдың әдепті 
әйелдерінің дағдысымен, Балуанға бір қырындап түрегеп тұрды. 
Төрге төселген батсайы көрпеге, қалжыңбастау бір жігіт — «жақсы болды - ау, мынау 
маған» деп отыруға жылжып еді: 
— Тәйт, әрі, қалжақтамай, — деді орта жастылау адам оған жекіріп,— білмей 
отырмысың кімге салынған көрпе екенін? 
— Кімге?—деді қылжақбас. 
— Әкеңе! 
«Кім ол — әкем?!» дегендей қараған қылжақбастың көзіне, Балуан Шолақтың түр -
тұлғасы өзгеден ерекше көрініп кетті: «осы екен ғой, — әкем!—деп жорамалдады 
қылжақбас, — тегі, тегін кісі болмас бұл!..» 
Үйдегілер Балуанға түрегеп амандасты. Төрде айналасы кең дөңгелек тапал үстел тұр 
екен, үстінде жиегіне айнала қойған үлкен форфор кеселер, ортада кең ағаш табаққа 
турап, бетін ақ сүзгімен жапқан жылқының семіз сүр қазы - қарталары, қыртысы қалың 
майлы сүр ет. 
Балуан Шолақ та, өзгелер де отырды, келіншек әлі түрегеп тұр. 


«Сапылдап сөз бермейтін еді, Балуанның мысы жеңуін қарашы!» — деп күңкілдесті 
еркектер өзара. 
Балуан келіншекке «апыр - ау, қайда көрдім, мұны?» — деген оймен амандасты. 
Амандыққа ернін ғана қозғап үнсіз жауап берген келіншек, шараның қасына отырды 
да, екі әдемі кесеге қымызды құйып, өз қолымен әкеп, біреуін Балуан Шолаққа, біреуін 
оның қасындағы жігіттің біреуіне ұстатты. Келіншектің кім екенін Балуан енді ғана 
таныды: баяғы Тоқсанбайдың асында, Түйе балуанмен күрескен жолы, шапан жапқан осы 
келіншек! 
— «Міне, қайда кездесу!.. — деп ойлады Балуан келіншекке әлсін - әлсін қарап,— 
мұның аты Ғалия екен ғой...» 
Қараған сайын Ғалияға ол құмарта түсті. Ат үстінде ұзағырақ жүріп сусаған ол, осы 
үйге түсерде бір сүйретпе қымызды жалғыз ішерліктей болған еді. Қазір, алғашқы 
екпінмен жұтқан жарты аяқ қымыздың өзі әрі өтпей, өңешінде тұрып қалған сияқтанды. 
Үйдегі жігіттер Балуан Шолақпен танысқаннан кейін, өлең айтуын өтінген еді. Бұған 
дейінгі мәжілісте іркілмей суырыла жөнелетін ол, мына жолы бойындағы бар ақындық, 
әншілдік қуаты қашып кеткендей домбыраға саусағы жүрмеді, аузына сөз түспеді. 
Жүрегінде жаңа бір ірі ән толқи бастаған сияқтанды оған, бірақ, ол ән кеңірдегіне симай, 
кептеліп алқымына тығылып тұрғандай болды. 
— Ат үстінде көп жүріп алқынып ем, — деді ол, қолына берген домбыраны қасына 
сүйей сап,— сөкпеңіздер. Әнге қазір жайым жоқ. 
Босағада отырған жігіттер өзара күңкілдесті: 
«Дауылпаз деген бір құс бар, дауысы жер жарады, қасына келсе жұдырықтай» 
дегендей,— деді біреулері,— Балуан, Балуан»,— деп жұрттың дәсердей ғып жүргені осы 
ма?! Қаңқайған денесі болмаса, мынауыңда береке шамалы екен!..» 
— Білмей айтып отырсың, — деді оған қасындағысы, — еркектің сиқыры әйел емес 
пе? Әйелге елтімеген, әйел арбап қуатын да, сабырын да жеңбеген қай еркек көрдің? 
Жалғыз көз қарасының өзімен - ақ, Ғалияның оны арбап, қуатын да, қайратын да 
мұрындықтаған түйедей жетегіне алғанын абайламай отырмысың? 
— Мен мана аңғарғам, — деді үшінші біреу, — есіктен кіргелі Балуанның екі көзі 
сонда. 
— Осылар маған көптен әмпей кісілер сияқты, — деді төртінші,— әйтпесе, Балуан 
Шолақ сияқты батыр бір көрген әйелге бұлай құмарта қалмас еді!.. 
— Сабыр етіңдер, артын күтейік,— деді біреулер. 


Балуан Шолақтың аңсары ауғанын Ғалия ана жылы да көзқарасынан аңғарған, бұл 
жолы да аңғарды. 
Ғалия Ақмола қаласында туып - өскен Тілеу дейтін кедей жатақтың қызы еді. Әкесінде 
бұдан басқа бала болған жоқ. Сондықтан ба, я, әйел баланы ерекше сыйлайтын қазақ 
әдетінен бе, — әйтеуір Тілеу, өзі бойнада мал союмен күн кешсе де, Ғалияны киер киім, 
ішер астан кенде қылған жоқ. Еркін өскен Ғалия жасынан сырнайға, әнге әуес болды, 
қалада «әнші қыз», «сырнайшы қыз» аталады. 
Бұрын тамыр - танысы ғана болмаса, жан жоламайтын Тілеудің үйіне, Ғалия өскен соң, 
«қас батыр, қайран жақсы» дегендей, қаланың да, даланың да мырза - шоралары қаптап 
кетті. Қырдан қалаға келетін мырзалар, бұрын Ақмоланың үйлерін таңдап, қайдағы тәуір 
пәтерге түссе, Ғалия өскен соң, Тілеудің қала шетіндегі сиықсыз землянкесіне таласып 
түсетін болды. Оның қорасы атқа, землянкесі адамға симады. 
Қаланың да, даланың да мырзаларынан әйелі болсын, болмасын Ғалияны 
саудаламағаны кемде - кем. Қаланың мырзалары мол түрде ақшасын, даланың мырзалары 
мол түрде малын ұсынды. 
Бірақ, бұлардың біреуіне де әкесі міз баққан жоқ. Оның жауабы: «Балам ер жетсін, 
кемеліне келсін, ақылы толсын, содан кейін кімге барса да еркі. Теңі келсе тек берем. 
Ғалияның қалыңынан күн көрмей - ақ қоям». 
Ғалия ер жетті. Сөйлеушісі көп, әкесінің уәдесі жоқ. Ғалияның өзіне сөйлессе, әзіл -
оспақтың шытырманына алып кетеді де, әурелеп апарып, адастырып жібереді, «шебер - ақ 
құрдым» деген торлардың ешқайсысына оралу түгіл, түспейді. 
Оның бұл қылығына өшіккен жігіттер: «Пәлен болдым, түген болдым», деген өсектер 
таратады. Бұл өсектердің кейбірі әкесі мен шешесінің де құлағына шалынады. Оған 
күйінген шешесі әкесіне: «Баланың бағын байладың, міне енді мынадай атаққа таңылды!» 
деп талай рет шаптығады, талай рет көз жасын төгеді, әкесі бұл өсекке қажығанмен, 
қызын сүймеген біреуіне бере салуға обалсынады. 
Осы қаңқу қажытқан Ғалияның әкесі, бір күні қызына кісі арқылы сөз салды: 
— Балама айт, — деді ол,— өзі білетін қымызшы Біржан Ғалияны көңіл етеді. Ол әрі 
момын, әрі ауқатты жігіт екенін балам біледі. Мен болсам жер ортасынан астым, шешесі 
де сары кідір боп қалды. Күшім бар кезде, момын біреумен елбесіп - селбесейін деп ем, 
Біржан соған дәл кеп тұр. Балам соған көнсін. 
Елші адам Ғалияға әкесінің бұл сөздерін артығымен жеткізді. Ғалия жауап бере 
қоймаған соң: «Ойлан, — деді елші,— ақылың бар бала едің, есігіңе келген ырысты 
маңдайға теппе». 
Мұны айтпай - ақ, Ғалия өзінің жұбайылық өмірі туралы көп ойланатын еді. Ол 
қаланың медресесінен мұсылманша жап - жақсы білім алған қыз. Кітапты да ол жасынан 


көп оқыды, солардың ішінде ерекше сүйетіні ғашықтық қиссалары болды. «Қиссалардағы 
қыздар ғашық болғандай жігіттер кездессе, мен де ғашық болар ем» — деп ойлайтын еді 
ол. Сондай жігітті ол іздеді де, бірақ, таба алмады. Ғашық болуға жарарлық жігіт оған 
қиялдағы ертегі сияқты көрінді. Ол соңғы кезде ғашықтық болады дегенге сенбеді, 
сондықтан, бір жағы жасы жеткен, екіншіден көп есек құлағын сарсытқан ол, кім де болса
тәуекел деп біреуге бармақ еді, міне сондай кезде, әкесінің ұсынысы кездесе кетті. 
Қайту керек? 
«Бармаймын» десе әкесі ренжиді... «Барайын» десе, Біржан теңі емес... Бұндайда 
әйелдің әлі келетіні,— көз жасы, ойы толқыған Ғалия жатты да жылады... ол ұзақ 
жылады... Одан өнер ешнәрсе жоғына көзі жеткен Ғалия, «бәрібір,— деп қорытты ойын,— 
тағдырдың көлденең тосып тұрған бақытын көрген жоқпын. Ойдағым табылмауына көзім 
жетті. Әкемнің көңілі жабырқамасын, — барайын!» 
Қызының көнгенін естіп қуанған әкесінің Біржанға жалғыз ғана шарты болды: 
— Жалғыз балам болған соң ерке ғып өсіріп ем, — деді ол,— жас күнінен сауық -
сайранға, ән - күйге әуес боп өсіп еді. Қолыңа барған соң, қазан - ошақтың ортасына 
қамап, күң ғып жіберме. Қымыз сатуды кәсіп еткен жігітсің. Баламды сол таза жұмысыңа 
ғана қос: таза жерде, таза киім, таза ыдыспен қымыз сатсын. Ойдағы - қырдағы 
жәрмеңкелер мен базарларға барып та қымыз саудасын жасайсың. Сонда қасыңнан 
тастама. Қымыз бар жерде — сауық бар. Одан бетін қақпа. 
Біржан бұл айтқандардың бәрін де істемек болды. 
... Кешікпей той жасалды. Біржанның төрт бөлмелі қарағай үйіне Ғалия келіншек боп 
түсті. Бұрынғы Тілеудің үйінен шықпайтын мырзалар — енді Біржанның есігін 
босатпады. Біржанға бұл залал да болған жоқ. Бұрын тоқал шешесі сататын қымыздан 
жөнді пайда ала қоймайтын. Ғалия босағасын аттаған соң - ақ, саудасы күсет бола 
бастады. Қымызды сатып ішушілердің көбі соның үйінде болды. 
Оның қорасында кең қарағай сарай болатын еді, соған кілемді жайып, лық тола 
жиналған жұртқа, әсіресе қылжақбас бозбалаларға қымызды Ғалия өз қолынан құйып 
берді. Оның қолынан жұтқан қымыз, бозбалаларға бал татыды. 
Кейбір жақын құрбысымен кездескенде ғана болмаса, әкесінің үйінде бәлкім тұйықтау, 
ұялшақтау Ғалия, келіншек болған соң кіммен де болса бет пердесін аша сөйлесті. Бір 
жағы әзіл, бір жағы сықақпен, қымызға келген бозбалаларды ол ұршықтай үйіріп, билеп 
әкетті. Ара - тұра сырнайға қосыла ән шырқап, думан да жасады... 
Біржанның «үй иесі» деген аты ғана болмаса, билік Ғалияда болды. Ғалияға өшіккен 
біреулер, Біржанға: «әйелің пәленмен, түгенмен жақын» деп шағыстырды да. Ол сөзге 
сырттан елегізгенмен, Ғалияға қатты сөз айтуға Біржанның батылы жетпеді. 


Расында да тағдырына мойынсұнған Ғалия Біржанды еркек деп емес, ерім деп ұқты, 
сондықтан азғырушылар көп болғанмен Біржанның көзіне ол шөп салған да жоқ, салам 
деп ойлаған да жоқ. Оның ойы: «Маған ер боларлық жігітті әлі көргем жоқ. Мен көрген 
ердің бәрі — еркек қана. Біржан да соның бірі. Олай болса, басымды бәріне қосақтап 
қайтем? Бірімен ғана болсам жетпей ме соның?» 
Осы ойға табанын нық басқан Ғалияның өмірден ендігі алмақ болған Ләззәті — 
Біржанның қымызын сата отыра, уақытын ойын, сауық, әзілмен, ән-күймен өткізу еді. 
Бұрынғы Ақмола, Семей облыстарында жыл сайын жаздыгүні үш жерде ірі жәрмеңке 
болады: Қоянды, Тайынша, Атбасар. Бұлардың Ақмолаға ең жақыны екі жүз елу 
шақырым. Базарларға төңіректен ең кем дегенде мың шақырым жердегі халық жиналады. 
Кейде, бір шеті Петербургтен, бір шеті Ташкен — Құлжадан, бір шеті Владивостоктан мал 
жинайтын саудагерлер келеді. 
Біржанға келгелі Ғалия осы үш базардың ешқайсысынан қалмады. Базарға Біржан 
сауын бие айдамайды, барған жерде сауын биені үйірімен, тігетін үйді жасауымен 
уақытша сатып алады да, базар тарағанша сайрандап жатады. 
Көлденең қараған кісіге бір базардағы табысынан - ақ байып кететін сияқты, себебі 
қымыз сатып ішетін базаршының көпшілігі соның үйінде. Бірақ, көлденең жұртқа көмескі 
нәрсе,— ақша ғып, жамбасына басып жатса өзі біледі де, ал басқа көзге көрінетін дүние 
жағынан, пәлендей жарқырай қалған ештеңе жоқ, баяғы бір сыдырғы қоңыр дүрсін күйі. 
Ғалияның ең алғаш Ақмоладан ұзап барған базары — Ақмола мен Қызылжар 
арасындағы «Тайша» еді. Балуан Шолақты оның ең алғаш Тоқсанбайдың асында көруі де 
осы «Тайшаның» жолында. 
Ол жолы Балуан Шолаққа апарып шапан жапқанда, атағын бұрын естігендіктен, я 
құмартқандықтан жаппаған еді. Түйе балуан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау 
жіңішкені, анау жуан езіп тастайды - ау!— дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт, — 
жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» 
Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да жіңішке жігітке ауды. Жуан 
жіңішкені үйіргенде, Ғалия өзін үйіргеннен кем қынжылған жоқ. Сөйтіп, «жіңішкенің 
халы не болар екен» деп қорқа қайғырып тұрғанда, жіңішке жуанды арқалай жөнелді... 
«Ә, құдай бере гөр!» деп айғайлап қалды Ғалия қуанып кетіп. Жіңішкенің жуанды үйіре 
жөнелуіне тіпті сүйсінген Ғалия, жерге алып соққанда, қуаныштан есі шығып кетті... Ол 
жүгіре басып арбасына барды да, үлкен ақ сандығын тез ашып, Ташкенттен келген ала 
жібек шапанды, Балуан Шолаққа ала жүгірді. Шапанды жабудан оның мақсаты, жас 
балуанға сый ғана беру емес, аты - жөнін сұрап танысу еді. Оған үлгермей, Балуанды паң 
Нұрмағамбет шақырып әкетті. Арманда қалған Ғалия арбасына қайтып келсе, бұрын 
қызғанғанын сездірмейтін Біржан, бұл жолы бұртаңдаған кескінмен, аттарын арбаға жегіп 
жатыр екен. 
— Неге асықтық? — деді Ғалия. 


— Жүреміз!—деді Біржан, түйген қабағын жазбай, жегіп болған арбаға отыра беріп, — 
мін, тез!.. 
— Тойды аяқтамаймыз ба? 
— Оған уақыт жоқ. 
«Қызғанышы ма, несі бұл?!—деп таңданған Ғалия, жылжи берген арбаға әрең мініп 
үлгерді... 
Артынан, жіңішке балуанның аты Нұрмағамбет екенін, елі оны Балуан Шолақ деп 
атағанын Ғалия естіді. Қайтарда Ғалия Балуан Шолақтың аулына соқпақ боп еді, Біржан: 
«Жолдан бұрыс көрінеді» деп ризаласпады. 
Ғалия Балуан Шолақты со ойлағаннан ойлай беретін еді, оны тағы да көруге 
құмартатын еді, міне енді, сол құмарынан шығудың сәті Атбасар базарында, өз үйінде 
түсті. 
«Атбасарға Балуан Шолақ кепті... Өнерімен елді таңқалдырып жүр», — деген сөзді 
Ғалия естіген еді. Көргісі кеп іздемек болған оны екі ой бөгеген еді, біреуі —«Әйел 
басыммен іздеп баруым ұят болар»; екіншісі—«Тоқсанбайдың асындағы көзқарасын хата 
ұқпасам, мені өзі іздеп табуға тиіс». 
Осы ойдың тұғырына талпынған көңілдің құсын байлай қондырып, іштен 
сабырсызданған Ғалия, «келе жатыр ма» деп, үйінен тысқа әлсін - әлсін шығып қарай 
беретін болды. Балуан Шолақ пен серіктері түсіп жатқанда, Ғалияның үйінен шыға беруі, 
осы көп шығудың бірі еді. 
Балуанды Ғалияның тез тануына бұрынғыдан толуы, нұрлануы бөгет болған жоқ. 
Балуанға қараған сайын, жүрегінде бұрын бықсып жанған құмарлық оты қызына түсті... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет