Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет13/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

АДАМ БАРЫМТАСЫ 
Ақыл жастан шығады, асыл тастан, 
Арнасына сарқады өзен тасқан. 
Менің атым әйгілі Балуан Шолақ, 
Ерегіскен дұшпанның көңілін басқан. 
(Балуан Шолақ өлеңінен) 
Жорғаны, рысакты, Ақбозды алып жөнеле берген Балуан Шолақта жалғыз ғана ой 
болды, ол — Қараөткелге, Ғалияға тарту. 
Осы оймен, таң атқанша Меңіреудің қарағайына жетейін деп шоқыта жөнелген ол, 
кенет тоқтай қалды. Оны тоқтатқан «Ғалияға мен алды - артыма қарамай кете берсем, ел 
не болады? Әке - шешем не болады?»—деген ой еді. 
«Кете барсам — деп ойлады ол — ұлық мені қашты деп, орныма әкемді я Төлебайды, я 
басқа достарымды ұстаса, оларды тұтқындатып өзім бос жүрем бе? Онда мен кім болам? 
Абақтыға өз еркіммен кеп қайта түспеймін бе? Қой!.. Өйтпейін!.. Елге де, туысқандарыма 
да ұлық тимейтін жағдай жасап кетейін!». 
Көкшетауға қайта оралған ол, бір досының үйіне келді де, қайдан жүрген шынын 
айтты. 
— Қарсы алам!— деді досы, — неше күн жатсаң да жан адам білмейтін жер табам. 
Атыңды да, өзіңді де сақтай алам. 
Досының ойдағы жері — Қылшақты өзенінің бойында бұлғары заводындағы бір 
жұмыскер екен. Досы үш атымен Балуанды түнде соған апарып еді, ол судьяның аттарын 
босаттырып жіберді де, Балуан мен Ақбозды жан адам таппайтын түкпірге жайғастырды. 
Досы кетті. Балуан Шолақ бұлғары заводында жатып қалаға тыңшы салды. «Ояз 
Балуан Шолақты іздетпек боп жатыр, туысқандарын, достарын ұстамақ боп жатыр», деген 
хабар келді. Кешікпей ол хабар анықталып, ішіне Баймырзаны, Қалампырды, Төлебайды 
қоса, Балуанға ең жақын деген оншақты адамды ояз Көкшетауға алдырды да, абақтыға 
қаматты. 
Не істеу керек? 
Бұл сұраудың жауабын таптым деп ойлаған Балуан Шолақ, бір күні кешке Ақбозды 
баптап ерттеді де, ымырт жабыла қаланың батыс жағынан кеп, үлкен көшеден тауға 
асатын даңғыл жолды торыды. 


Қараңғыға үйренген оның көзіне, ілезде, үлкен көшемен айдап келе жатқан пар атты 
арба елестей кетті. 
— «Қанды басын бері тарт!» — деді Балуан Шолақ, пар аттыға көзін қадап. 
Пар атты Балуанды сезгендей, үлкен көшенің шетіне шейін ағызып кеп, жалт беріп 
кейін бұрылды. Енді қайтып оралмайтындай көрген Балуан Шолақ соңынан қуғысы кеп 
ұмтыла берді де, ақылы тоқтау сап атын тежеді. 
Ол пар атты арбадан көзін алмады. Балуан қадалған сайын пар атты қараңғы көшеге 
сүңги түсті. Біраздан кейін көзден ғайып болды. 
«Қап! — деп өкінді Балуан, — тәуекел деп қумаған екем! Алдыма келген олжамнан 
айырылып қалам ба, қайтем?!». 
Әлі де үміт үзбей қою қараңғылыққа көзін қадап тұрған Балуанға пар атты тағы 
елестей кетті. Бұл жолы екпінді аттар көшкен бұлттың көлеңкесіндей зымырап келеді. 
«Қанды басын бері тарт!»—деді Балуан тағы. Оның аңдып отырғаны, — ояздың Омбы 
гимназиясында оқып жүрген қызы — Татьяна еді. Жаздың оқудан бос айларында үйіне 
демалысқа келген ол, фаэтонға әкесінің екі қара арғымағын жегіп, кешке қаладан тау 
саласына дейін желіп жүріп ерсіл - қарсыл серуендеуді ұнататын. Бүгін де ол сөйткен. 
Қызды іліп әкетпек боп даярланған Балуан Шолақтың қасынан қыза желген пар 
арғымақ, Бұқпа тауының асуына қарай сыр етіп өте шықты. 
Балуан соңынан қуа шапты, бірақ тым бастырмалатпай, атын тежеп, тауға сүңги түссін 
деп ойлады. 
Фаэтонда екі кісі ғана барын Балуан көрген: біреуі — көшір — фаэтонның алдында 
божы ұстаған: біреуі — қыз, қазір де сол қыз!.. Қазір де фаэтон артында жалғыз отыр. 
Пар ат екпінімен таудың кезеңіне шыға бергенде, Балуан Ақбозға тақымды қысып қап 
еді, құстай ұшқан ат арбаға жетіп келді. Фаэтон алдындағы божақты ол бар пәрменімен 
салып кеп жіберіп еді, арбадан ұшып кетті. Сол кезде арбаға қарғып түсті де, божыны 
ұстай ап, аттарды қарағай ішіне айдай жөнелді. Не болғанын білмей, қорқыныштан үні 
шықпай қалған қызды құшағына қысып алды. 
Балуан Шолақ арбаға қарғып түскенде қыз қорыққаннан есеңгіреп қалды. «Кісіні 
көтеріп әкететін бүркіт болады, ол түнде ұшады» деп — әкесінің ойнап қорқытатын сөзіне 
иланатын қыз, арбаға қарғып түскен Балуанды ең алғаш, аспаннан кеп қонған бүркіт екен 
деп ойлады. Зәресі кетіп, даусы шықпай қалған қыз талып қалған жоқ, жарты есі бойында 
еді, сондықтан ол «бүркіт бүреді – ау деді!.. Аспанға әкетеді - ау енді!..» деп ой ойлап 
жатты. 
Денесіне тұяқ тие қоймағанын сезген қыз аздан кейін есін жинаса қасында біреу отыр, 
көшір екен деп ойлаған оның: 


— Кім?! — деген сөзге ғана келді тілі әлден уақытта... 
— Балуан Шолақ!.. 
— Балуан Шолақ? О, тәңірі!.. — деді де қыздың үні өшті. Ол талықсып кеткендей 
болды... 
Балуан Шолақ артына қараса, Ақбоз арбадан қалмай жортып келеді екен. Ақбоздан 
кейін ешкім көріне қоймаған соң, Балуан жолдан бұрылып, бір сайға түсті де, сиректеу 
қарағайдың арасына кіріп, аттарды тоқтатты. Ақбоз да сол араға тоқтады. 
Торға түскен тағы құстай екі көзі жаутаңдап зор қауіп күткен қызға, Балуан Шолақ бар 
білген тілімен, ойын түсіндірген болды. Бойын жинаңқыраған қыз, Балуанға өз пікірін 
айтты. Одан Балуанның ұққаны: 
— Мен сізді білем. Ер жігіт екеніңізді де білем. Сіз туралы мен жоғары пікірдемін. 
Мені алып қашуыңыз дұрыс, бірақ жіберіңіз мені! Мен әкеме тілімді алғызам. Тұтқынға 
алынған туысқандарыңыз босайды. Өзіңізге де әкемнен ешкім тимейтін қағаз әперем. 
Нанбасаңыз ертең үйге келіңіз! Егер уәдемде тұрмасам, мені кісіге санамаңыз! Содан 
кейін өлтірсеңіз де ризамын. Мен жаспын, өтірікті білмеймін, иланыңыз! 
Татьянаның сөзін түгел ұқпағанмен, ұзын ұрғасын түсінген Балуан, біраз ойланып 
отырды да: 
— Болмайды! — деді. 
— Неге?—деді қыз таңданған дауыспен. 
— Сенің оныңа әкең көнбейді. Оны еріксіз көндіру керек. 
— Қалай? 
— Сені қарағай арасына алып кетем. 
Балуан Шолаққа одан әрі жалынудан мән жоғына қыздың көзі жетті. 
Шынында да Балуан Шолақты қазақ халқының рыцары деп ұғатын қыздың көңілі 
суып қалды. Ол енді Балуанды қара жүрек рақымсыз адамға санады. Сонда да күдер 
үзбей, жалынды сөздермен тас жүрегін ерітем бе деп ойлап тағы бірдемелерді айтуға 
ыңғайлана беріп еді, қарағай арасынан әлдекім қараң ете түсті, Балуан да, Татьяна да 
шошып қалды. 
— «Мен!»—деді караңдаған қазақша дыбыс беріп. 
Бұл — Балуанның Көкшетаудағы досы еді. Егер Балуан қызды қолға түсіре алса, досы 
сыртынан бақылап жүріп осы арада табыспақ та. Бірақ, қызға кескінін танытпау үшін 
бетін орамалмен шандып келетін болған. 


Досы қуғыншының жоғын айтқан соң. Балуан пар атты ағытты да біреуін қарағайға 
оралмастай етіп байлап, біреуін досының ерімен ерттеді. Содан кейін, күн бұрын 
мұсылманша жазып қалтасына салған хатты досына беріп почта жәшігіне тастауға өтінді. 
Ол оязға арналған хат. 
Хатты алып жайдақ атқа мінген досы кеткен соң, Балуан ерттеулі арғымақты көлденең 
тартты. Қыз қарсылық білдірейін деп еді, «әй, сенімен әзілдесіп тұрам ба», деп Балуан 
жерден көтеріп aп атқа қондырды да, өзі Ақбозға мініп, қызды мінгізген аттың шылбырын 
қолына алып тартып кетті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет