ТАҒЫ ДА ТҮРМЕДЕ
Аз күн аялдап дем алғаннан кейін, Балуан Ғалияға біржола қосылып, бірге тұруға
келген ойын айтты. Ғалия бұл сөздерге алғаш көне қойған жоқ, сондағы дәлелі:
— Мен саған бәрібір берілген кісімін ғой, сондықтан, сені сүю жолында не қиындыққа
болса да шыдап жатырмын. Менің уайымым, — өзім емес, сенсің. Маған сенің амандығың
қымбат. Амандығыңа қажет десе өзімнен бастап қолымда бардың бәрін құрмалдыққа
шалуға, садақаға беруге әзірмін. Бақытыңа бөгет болатындармен, шамам келгенше
алысуға да әзірмін. Қосыл десең қосылайын. Менің тек қана қорқатыным — «батырдың
ажалы маржадан» деп еді, ажалыңа я бейнетіңе себеп болсам, ол менің жүрегіме
жазылмастай түсетін жара болады. Осы жағын ойлан, Балуан!..
Балуан өз сөзін қостай берген соң, «жүзін жырта бермейін, не де болса тәуекел!» деді
де Ғалия ризалық білдірді, екеуі молдаға барып некелерін қиғызды. Балуан мен Балқаш
некесіз қосылған, сондықтан Ғалия Балуанға бірінші заңды әйелі болды.
Бұл оқиғадан кейін Балуан еліне кетті де, Балқашқа араларындағы ерлі - зайыптылық
қатынас біткенін айтты.
— Мен ешқайда бармаймын, — деді Балқаш, — осында тұра берем. «Ат айналып
қазығын табады» дегендей, мені таппағанмен, бірі сырттағы, бірі іштегі екі балаңды
таппай кете алмассың қазіргі ерік өзіңде.
— Оны уақыт көрсетер, — деді Балуан.
Балқашпен қарым - қатынасын анықтаған Балуан, «бір қысша менің қасымда бол»
деген өтінішпен, қасына шешесі — Қалампырды алып Ақмолаға жүріп кетті.
Әкесі — Тілеудің үйінде тұратын Ғалияға оралып келген Балуан, дос - жарандардың
ақылын да алып, өзі де сондай ойға кеп, «сен тимесең, мен тимен» нің тұрмысымен,
тыныш қана өмір сүруге кірісті. Бірақ, ол мақсатына Балуан жете алмады. «Таң атпайын
десе де күн қоймайды» дегендей, Ғалияны қызғанған Қордабай, қыр соңынан қалмайтын
болды.
«Ауыл итінің құйрығы жуан» дегендей, ол әуелі, өзін орнықты адамға, Балуанды
қаңғырғанға санап, тілін алатын жігіттерімен кеп білек көрсетпек болып еді, Балуан
білекке білек жұмсап, үйінен айдады да шықты. «Қапысын тауып көшеде сабайық» деген
ойынан да Қордабай ештеңе шығара алмады, Балуанды сабаудың орнына өзі таяқ жеді.
Ақыры, қол күшпен Балуанды не қорқыта, не мұқата алмайтын болған соң, Қордабай
заңды құрал етуге кірісті. Ол ояздық начальник Тройцкийдің, атына, «қалаға осындай
бұзық келді» деп, Балуан туралы білетін сөздерінің бәрін жазып арыз берді. Балуанның
Ақмолаға келгенін Тройцкий сол күні біліп, кеңсесіне оны шақыртып алды да, Долгоносов
берген подписканы көргеннен кейін, «қалада тұруға рұқсат, бірақ сотқарлық қылма» деген
ақыл айтты. Балуанға солай дей тұра, Тройцкий сол күні Омбыдағы далалық генерал -
губернатор Мамонтовқа Долгоносовты Балуанға подписка бергендігі үшін сөгіп, өзінің не
істеуі туралы хат жазып ақыл сұрады.
«Ол адамды мен де білем, — деп жауап қайырды Мамонтов, — қылықтарын да
естідім. Долгоносов подписка беруді маған ақылдасқан еді, қызды құтқару туралы басқа
істер айла болмаған соң, мен подпискаға рұқсат берген едім. Балуан Шолақты ұстауда ең
қиындық — халқының арасында аса беделді көрінеді. Балуан Шолақты ұстасақ былай да
зорлықпен бағындырып отырған қазақтардың үкіметке наразылығы үдеуі, тіпті көтеріліс
шығуы мүмкін, сондықтан, әзірге оған тимеуіңізді мақұл көрем. Бірақ, егер қауіпті боп
бара жатса, себебін тауып тұтқынға алыңыз!».
Троицкий Балуан Шолақтың қимылына қарауыл қойды. Оны Балуан Шолақ білді де.
Бірақ ол жасқанған жоқ. Бойын бұқтырған жоқ. Сауық - сайраны баяғы қалпы, баяғы
бойын еркін ұстауы әлі де сол.
Балуанды ерекше бақылаған Ғалия. Оның бар ынтасы — шамасы келгенше жанжалдан
аулақ ұстау, ойын-сауықтан басқаға араластырмау. Осы оймен Ғалия Балуанды қанша
тізгіндеймін дегенмен, кейде айырылып қалады. «Қорғалап өлем бе? Тәңірі өзі берген
жанын өзі алмай ма?»—деп ол намысына тиген жерлерде сыбағасын жібермейді,
ерегіскен адамына қолы да, тілі де тиіп жүреді.
Балуанның үйірі — сол маңайдың ақындары, әншілері, салдары: Доскей, Ғазиз,
Исабай, Әздембай, Сатмағамбет. Бұлар қашан да Балуанның маңайынан шықпайды. Қайда
барса да бәрі бірге, сауық - сайрандары ортақ.
Ақмолада жарты жыл дәурен сүрген Балуан Шолақ, серіктердің намысын қорғаймын
деп, зор екі жанжалға килікті. Бір жанжалы Ғазиз ақын туралы.
Ғазиздің әкесі Файзолла, Ақмола оязындағы атақты байлардың біреуі — Мәті, Дәулен
дейтін он екі мың жылқы біткен ағайынды екі байдың ауылында молдалықта тұратын еді.
Молда әкесінің тілін алмай салдық құрған, әрі ақын, әрі әнші, әрі сырнайшы Ғазиз,
Мәтінің, Мұхаметжан, дейтін баласының қызы — Мұқышты алып қашты. Ғазиз әкеткенін
естіп артынан қуғын жіберген Мұхаметжан, қызын тартып алып қалды да, Ғазизді бауыр
сыртын бірдей ғып сабап жіберді. Осы жөнде Ғазиз Балуан Шолаққа келді де:
«Мұқыш қыз сұлу еді табын - дағы!
Кербесті ат жүйрік еді бабын - дағы!
Тұсында Ащылы айырық ұстап алып,
Қайтейін бір байланған бағым - дағы!»—
деп бастап, көрген қорлық - зорлығын өлеңмен айтып, мұңын шақты.
Балуан Ғазизді ертіп Мәті, Дәуренге бармақ, Мұқышты тартып әкелмек боп жиналып
жатқанда, қыз ұзатылып алысқа кетті деген хабар келді. Балуан да, Ғазиз де санын соқты.
Сол кезде Ақмолаға Дәуленнің Шәріп дейтін болыс баласы кеп, Балуан оны іздеп барды
да, қисынсыз жанжал шығарып, сілейте сабады. Әрі бай, әрі болыс адам бұл ызаға
шыдамай, оязға «ұрлық малына қағаз жасап бер деген тілін алмаған соң, Балуан Шолақ
сабады» деп арыз берді. Ойдан шығарған ұрлыққа, ойдан шығарған иелер тауып, олардың
атынан арыздар оязға жауып жатты, «көрдік, білдік» деген өтірік актілер келіп жатты...
Ол арыздар зерттеле бастағанда, Доскей ақын елінен бір қызды алып қашып келді. Бұл
қыз — бүкіл Ақмола оязына беделді бай — Саңырықтың Нұрланы дегеннің жесірі еді.
Намысы қозған Нұрлан, заңнан бұрын қол жұмсамақ боп, «Доскейді де, қызды да байлап
әкел» деп, елінен жүз жігіт аттандырады. Олар Ақмола қаласына кеп, пәтерде тығылып
жатқан Доскейді де, қызды да байлап жатқанда Балуан Шолаққа хабар тиді. Ол жалмажан
Ақбозға міне сап, Доскей жатқан үйге барса, жігіттер Доскей мен қызды арбаға байлап
әкеткелі жатыр екен. Араша сұраған Балуанға тілі тиген соң, ол ашуына мінді де, көшеде
сайыс сап, қамшымен ұрып, шетінен отай аттан түсірді. Беті қайтқан жаудан ол Доскей
мен қызды тартып алды да, өз үйіне алып келді.
«Ойда отыз сиырдың, мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды»
дегендей, далада ғана емес, қалада ояздық әкімдер тұрған жерде Нұрлан жіберген
жігіттердің Балуан Шолақтан таяқ жеуі, жалғыз Нұрланға ғана емес, қала, даланың құлақ
естір жердегі мықтыларының бәріне батты.
— Мынау сұмдық болды!—десті олар, — егер бұған тыйым салынбаса, қала, дала
түгіл, үйіміздің ішіне кіріп ап сабар, мынау!.. Қой, бұлай басындырмайық бұны!..
Қайткенде де көзін жояйық бұның!..
Сол кезде, Ақмола қаласында, осы ояздағы болыстардың басы қосылған жиын бола
қалды. Балуанның көзін жою туралы ақыл, осы жиында қорытылды. Ұсынысты Мәтінің
Шәрібі жасады.
— Балуан Шолақ малымызды ұрлады деген приговорлар біздің елден келіп, зерттеліп
жатыр, — деді ол, — осыған өзге болыстар да дауыс қосып, өз елдеріңнен жоғалған малды
Балуанға жабыңдар да, сендер де приговор беріңдер. Бәріміздің сөзіміз бір жерден
шықсын: «Балуан Шолақтан құтылмай, елге жарық, сәуле жоқ» дейік.
Сөз осыған құйылды да, болыстар қол қойып, мөр басқан приговорлар ояздық
начальник — Тройцкийдің атына қаптап кетті.
Бұл кезде Тройцкийдің өзі де Балуан Шолақты осы қаладан кетірудің амалын іздеп
жүр еді. Оған бір себеп — Балуан туралы қалада қаңқу көбейіп кетуі болса, екінші себеп
— Омбыда губернатор кеңсесінде қызмет атқаратын әйелінің інісі жуық арада
Долгоносовтың қызы Татьянаға үйленіп, жақын арада апасына қонаққа келеді деген хабар
алды. Балуанның қолында біраз күн барымтада жүрген Татьянаны балдызы біліп алды ма,
білмей алды ма — ол арасы Тройцкийге көмескі. Ал, өзі алуына разы емес. Оның ойынша,
қыз Балуаннан бүлінуі тиіс. Және естуінше, сол қыз Балуанды аса сүйеді дейді. «Ендеше,
жас келін апасына қонаққа емес, ғашығын көруге келе жатқан жоқ па екен?!» деп
күдіктенеді ояз. «Осыдан бүліншілік шықпаса не қылсын?! – деп те қорқады ол.
Сондай қорқынышқа кірген ол, қонақтары келерден бұрын Балуанды бір жаққа
тайдырудың амалын таба алмай сасып жүр еді, Шәріп берген арызға қосымша арыздар
жауа қалды. Ол қуанып кетті. Оның бекіген ойы — арыздарды сылтау қып, істі анықтау
мақсатымен тұтқынға алу.
Осы ойға бекінген Тройцкий астыртын кісі жіберіп Балуанның түнде қайда
жататынын, қандай сақтықпен жататынын біліп алды да, қаннен - қаперсіз ұйқыда жатқан
Балуанды қарулы жандармдар қапыда басты. Ол абақтыға жабылды.
|