Сабит Муканов. Балуан Шолак


«ЕРДІ КЕБЕНЕК ІШІНДЕ ТАНЫ»



Pdf көрінісі
бет16/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

«ЕРДІ КЕБЕНЕК ІШІНДЕ ТАНЫ» 
Көк ала үйрек ұшады көл дегенде, 
Менің діңкем құриды сен дегенде. 
Ғашық болып қосылған Ғалия жан, 
Сусын болар лебізің шөлдегенде! 
(Балуан Шолақ өлеңінен) 
Татьянаны Көкшетауға апарып қайтқаннан кейін Балуан Шолақ атын өктемей жолда 
бір күн тыныстады да, ертеңіне тура үйіне барды. Абақтыдан қашқалы үйіне бірінші 
баруы болғанымен, оның қайда не істеп жүргені семьясына да, өзге жұртқа да мәлім еді. 
Семья да, халқы да оны дағдылы жылау - сықтаумен қарсы алды. 
— Батыр, енді сабыр!—деп өтінді ағайындары мен дос - жарандары — «аса қайрат — 
бас жарады» деген аталарың, «Балуанмен күреспе, ұлықпен тіреспе!»—деген аталарың. 
Албырт жастықпен басыңды тауға да, тасқа да соқтың. Енді сақал - мұртың шығып, 
көңілің тоқырайтын жасқа жеттің, мал малданатын, жан жанданатын кезің болды. «Тек 
жүрсең — тоқ жүресін», деген атаң. Малын бағып қана тиыш жүргендер өлген жоқ, олар 
да күн көріп жүр. Ұлықтан алған қағазың сенімді көрінеді. Енді өзің тимесең, ұлық саған 
тимейді, тоқтал, жарқыным. 
Қуғыннан қажыған Балуан Шолақтың алғашқы кезде бұл ақылды алғысы келді. Сол 
оймен ол үйіне біраз уақыт тұрып та көрді. 
Өзін Балуанның алдында кешілмес күнәһар көрген, бірақ Балуаннан айырылу деген 
ойды басына жуытпай, жуиын десе жаны түршіккен Балқаш, Татьянаны алып қашуды 
қоса Балуанның бар кінәсін ұмытып, шамасы келгенше жақын тартуға, көңілін алғаш 
қосылған кездегі қалпына түсіруге тырысты. Балқашқа Балуан да бұрынғыдай 
тыжырынбады, өзеурей қоймағанмен «күйеуіңмін» деген ұғым беруге тырысты. 
Қызын аман көргенмен, Балуанға тимеуге қолынан заңды подписка бергенмен, «балам 
қолыма бүлініп тиді» деген ұғымдағы Долгоносовтың кеудесінен кек кеткен жоқ. 
Балуанға тура соқтығуға жүрексінген ол, өзі сенетін ауыл адамдары арқылы қастық 
қылмақ: өлтіртпек, я у бермек те болды. Ол планын да іске асыруға батылы жетпеген 
Долгоносов «бұдан бұлай қайтер екен», деп Балуанның артынан тыңшылар жүргізді. 
— Әзірге бұрынғы бұзақылық қалпы жоқ, — деп хабарлады тыңшылар, — үйінде 
тиыш жатыр. 
— Олай болса осыған тимейік, — деп ұйғарды ояздық мекемелердің ұлықтары, — өзі 
де қажыған шығар, мүмкін жуасып кетуі. 


Тағдырдың ноқтасына басын ұсынған Балуан Шолақ аз жасында көрген өзге зорлық -
зомбылығын ұмытуға тырысты және ұмытты да, бірақ, өзгені ұмытқанмен оның 
жүрегінен жабысып айырылмайтын бір ғана дерт бар. Ол — Ғалия. Неге екенін өзі де 
білмейді: оны ойламай қоя алмайды, ойласа іші уылжиды да тұрады... 
«Ендігі толқытатын Ғалия болуы мүмкін» деп қауіптенген адамдар, Балуанның көңілін 
суытамыз ба деген оймен, ол туралы, — «Атбасардан қайтқан соң Ғалия күйеуі — 
Біржаннан айырылысыпты. Содан кейін ол бұзықтық әдетке салынып, көлденең кездескен 
көк аттыны құр өткізбейтін бопты», — деген өсек таратты. 
Ғалияның аты аталған сайын, Балуанның оған құмарлығы арта түсті. «Күйеуінен 
айырылысыпты», деген сөзге Балуан тіпті елегізді. «Атбасардан қайту!.. Айрылу!.. — деп 
ойлады ол, — егер бұл өсек рас болса, кінәлі мен емеспін бе? Біреудің ұясын бұзып, енді 
не болсаң ол бол деуім ерлігіме сия ма? Жоқ, мен анықтайын, мұны!.. Барайын 
Қараөткелге!.. Егер Ғалия өзгермесе, бұрынғы көңілі қалпында болса, оның қарғысына 
қалмайын!..» 
Осы ойға белін бекіткен Балуан бір күні Балқашқа шынынан жарылды. Алғашқы 
қосылуын, одан кейінгі өмір кезеңдерін баяндай кеп, Балуанның Балқашқа айтқаны: 
— Екі қатын алған қазақта мен ғана емес. Сен көнсең Ғалия көнеді. Екінің бірі боп 
отырам десең де ықтияр; ал, оған көнбеймін, кетем десең де ықтияр!.. Таңдағаныңды ал! 
Мүмкін, мен сенің бағыңды байлаған шығармын, ол кінәмді мойынға алам. Ренжіскен 
күндеріміз де болды. Қазір ешбір қалтқысыз шын сырласып отырмын. Сен де шыныңды 
айт. Айырылсақ та, бірге тұрсақ та бір - бірімізге жауықпайық. 
Балқаш не дерін білмеді. Ол ызаға шыдамай жылады да, тулатып алармын деген 
қауіппен өзін зорлап күлді де. Күлкілі көз жасымен ол «осыған мойымас па екен» деп, 
бойына бала біткенін ұл болу үміті барын айтты. Бірақ, Балуан беріспейтін мінезіне бағып, 
«екі сөздің қай таңдауы сенікі» деген сөзінен танбады. 
Балқаш қатты қиналды. Ол екі сөздің біріне де жолай алмады. Айырылғысы 
келмегенде, Балқашта қазір Балуанға байланып жатқан жүрек жоқ. Балуанның жүрегіне 
қосақталған оның махаббат жібі, қызғаныш оты алғаш тұтанған күні жанып кеткен. Содан 
бері Балқашқа Балуан «сүйікті Балуан» емес, «еркек Балуан» ғана. Сөйте тұра Балқаштың 
одан ажырай алмайтыны: бір жақтан «Балуан Шолақтың қатыны» деген атақтан 
айырылғысы келмеуі; екіншіден — бір байға тиген әйелді, ескі ауыл әдетінде қатыны 
өлген кәрі -құртаң біреу болмаса, үйленбеген я әйел таңдаған адам ала қоймайды. Өз 
ойында Балқаш бір әйелден кем емес. «Сонда да, — деп қауіптенеді ол, — Балуаннан 
айырылған соң мен таңдағаныма тие алам ба?» 
Болашағын ойлаған Балқаш, жылау - сықтаудың артынан Балуанға кесімді ойын 
айтты: 
— Ғалиядан қызғанам, — деді ол, — сонда да сені қимағандықтан рұқсат берем. 
Бетіңнен жарылқасын. Тіпті қайырылмай кетсең де осы орнымнан қозғалмаймын. 


Балуан Шолақ Балқаштан рұқсат ап, ыңсыз - шыңсыз, «Қараөткелде жұмысым бар» 
деді де жүріп кетті. 
Атбасардан Ғалияны зорлықпен алып қайтқан Қордабай, Ақмолаға жеткенше 
Біржанның мұқалған намысын қылшылдата қайрап келді. 
— Айырылған қатының еді, — деп келді ол Біржанға, дос болғансып, — «аталастың 
аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деген мақал бар. Сені Балуан Шолақтың сонша 
басынғанына сайтаным ұстап кетті. Қайрақтының сексен өгізін ұрлап қашып жүрген 
немені ұлыққа көрсетіп, ұстадым да бердім. Өмірде босанбайтын бұғауды аяғына кигіздім. 
Одан құтылу оңай болмас. Арсыз қатының біржола Балуан Шолақтық боп алған екен. Ол 
ұсталғанда соңынан қуам демесі бар ма? Сайтаным мұндай келмес! Жоны - сыртын бірдей 
ғып сабағым кеп тұрдым да, тағы да: «Сенің аяғыңда жатқан қатын еді ғой» деп қол 
қатпадым. Жауыңнан айырып, қатыныңды қолыңа аман бердім. Енді басындырма! 
Итаяқтан су ішкіз, бәлеме! Араша түскен кісіні көріп алайын мен!.. 
Бұл сөздің бәрін Біржанға Ғалиядан оңаша айтқан Қордабайдың ойы мен аузы екі 
тарапта еді. Ауызша дос болғансыған ол, ішінде: «Ғалияны солай қыстай бастаса Біржанға 
көңілі суиды да, намысқор әйел айырылады, содан кейін маған тимегенде қайда барады?» 
деген арам ой сақтаған еді. 
«Сынықтан басқаның, бәрі жұғады» дейді мақал. Ғалияға қосылғаннан кейін, оны 
еліктеймін деп Біржан әнге, домбыраға әуестеніп, салсымақтау боп, екінші жақтан — 
Ғалияны байбатша мырзалардан жеңіп алдым дегендей кеудесіне нан пісіп, нығызси 
бастаған еді. 
Қордабайдың сөзі Біржанды желіктірді. Ол Ғалияға қоқаңдап, тіпті сабағысы да кеп 
кіжіңдей бастады. Бұл жақтан көңілі жай тапқан Қордабай енді Ғалияға қамқорсып: 
— Мына жаманың қайтеді? Оған сенің сілімтірің де кеп емес пе? «Байғұстың аузы 
асқа тисе мұрны қанайды» дегендей, мұны түлен түртейін деген екен!—деп желіктіруге 
тырысты. 
Қордабайдың «қамқорлығына» Біржан түсінбегенмен, Ғалия түсінді. Түсіне тура ол 
Атбасардан қайтқан соң көп кешікпей Біржаннан айырылды. Айырылмауға Біржанның 
қыңқылы шыдатпады. 
Басында: «Ғалия бұлай келе қоймас, қорғалар, мұқатып, жуасытып алайын» деп 
ойлаған Біржан, Ғалия айырылуға бел байлағаннан кейін «араздықты тастайық, мен 
кештім, сен де кеш» деп жалынды. Ғалия «қайтқан көңіл — шыққан жан» деп 
мойырылмаған соң, қорқытып көндірем бе деген ниетпен «Балуан Шолақпен сырлас
оның бар пәлесін осы біледі» деп оязға арыз берді. Ақмоланың оязы Тройцкий деген 
қартаңдау, қазақуар, қымыз бен сүрді жақсы көретін адам болушы еді. Ғалияның қолынан 
ол талай дәм татып, тәтті қымызын ішкен, тәтті сүрін жеген. Ғалияны да, Біржанды да ол 
жақсы біледі. 


Біржанның арызы қолына тигеннен кейін Тройцкий екеуін де шақырып алып 
табыстырмақ болды. Оның сөзіне Біржан көнгенмен Ғалия көнбеді. Тройцкий өзін 
«прогрессивный адаммын» деп ұғатын еді, ол әсіресе әйел мәселесінде «гуманистпін» деп 
түсінетін. Ғалияның көнбейтінін көрген Тройцкий оны оңаша алып қалды да, ақыл айтты: 
— Айырылғыңыз келсе, судьяға айтам да айырам және сізге күйеуіңіз тимейтіндей 
етем. Бірақ бір шартым ғана бар: Балуан Шолақтан күдер үзесіз. Ол үкіметке қарсы, яғни 
бізге дұшпан адам. Егер күдер үзбеймін десеңіз, маған өкпелемейсіз. 
Тройцкийдің бұл шарты ауыр болғанмен, Біржанға ерегіскен Ғалия, «кейін көре 
жатармын» деген оймен, ояздың сөзіне көнген болды. Содан кейін аз күнде Ғалия 
Біржаннан талақ қағаз алды. 
Біржаннан айырылғаннан кейін де Ғалия қымыз сату кәсібін тастаған жоқ. Балуан 
Шолақты ойлап іштен жүдеген Ғалия, нарлық көрсетіп, сыртын жүдетпеді. Баяғы ойыны 
— ойын, сауығы — сауық. 
Тройцкийге берген уәдесі бойынша, Балуанды біраз күн аузына алмаған Ғалияның 
іштен сағынуы үдеп, шыдай алмастық халге жетті. Содан кейін «жаным Балуаннан 
ардақты ма, азар болса ояз мені де абақтыға жабар», деген оймен ол Балуанды іздемек 
болды. Сол кезде біреу Балуанды «жер ауды» деп, біреу «атылды» деп, біреу «қашты» 
деп, қырық құрау өсек тарап, қайсысына сенерін білмей, Ғалияның басы қатты. Сөйтіп 
жүргенде, Балуанның Татьянаны алып қашқаны естілді. Бұл хабардың анығына Ғалияның 
көзі жетті. 
— Тақыр мұзға отырдың ба?—деп табалады Ғалияны Қордабай да, басқа өштер де, — 
Балуан сендей күн қақты қақ байталды не қылсын, аз күн алдап жайдақтады да тастап 
кетті. Ояздың қызы сұлу деген. Енді Балуан соны алады да шоқынады. 
«Мұнысы қалай?!—деп таңданды Ғалия Балуанға — бұндай қылықтың адамы сияқты 
емес еді ғой ол?!» 
Өсек үстіне өсек жамала берді: 
— Бұл маңға симайтын болған соң Балуан тескентау етіп кетіпті, — десті біреулер. 
— Қуғыншылар үстінен қапылыста басып, табан аузында атып тастапты, — десті 
біреулер. 
— Ояздың қызын өзіне қайырып, адам тимейтін қағаз алып, бұдан бұлай Қараөткелде 
Ғалиямен бірге тұрам деп келе жатыр дейді, — десті біреулер. 
Осы өсектің қайсысына нанарын білмеген Ғалия не істеудің, қыбын таба алмай, 
қайғының қара теңізіне бата берді... 


... Күздің былғаныштау жаңбырлы бір күнінде, ішінде Қордабай бар, бірсыпыра жігіт 
Ғалияның үйінде қымыз ішіп отыр еді, қақпаға боз атты біреу кіре берді. Оны Ғалияның 
да, Қордабайдың да көзі шалып қалды. 
«Жаным - ау, Ақбоз ба?»—деп ойлаған Ғалияның өңі қуқылданып кетті. Ақбоз дейін 
десе, үстіндегі адамның киім - кешегі жүдеу сияқты. 
«Жаным - ау, Ақбоз ба!», деген ой Қордабайға да кеп, о да сұрлана қалды. Ғалия да, 
Қордабай да бір - біріне жаутаңдап қарады. 
Үйге біреу кіріп келді. Дене - тұлғасы, бет бітімі — Балуан Шолақ. Бірақ киімі де, 
кескіні де жүдеу: сақал - мұрты қаудиып өскен, басында үлкен сеңсең тымақ, сыртында 
көнетоз қой жүн шекпен, аяғында байпақты саптама етік. 
«Балуан ба, жоқ па?!»—деп күдіктенген Ғалияның бойы әлденеге қалшылдап, орнынан 
тұра бере екі - үш рет жығылып оңалды. Сонда да ол өзін - өзі күштеп, түре келсе, — 
қадала қарағаны Балуан Шолақ!.. 
Ғалияның бұрынғы ойы — Балуанды көрсе құшақтау, үйде болса — үйді жаңғырта, 
далада болса — даланы жаңғырта айғай сап жылау, көз жасын көл дария ғып ақтару еді. 
Қазір оның аузынан леп, көзінен жас шықпай қалды. 
Үйге аяғын салқындау басып кірген Балуан Шолақ, Ғалияның сасып қалғанын білді, 
бірақ неге сасқанын түсінбеді. Ғалияның сасуын, Балуанның шыдамын көрген үйдегілер 
де тым - тырыс. Олардың ойындағы сөз: «не болар екен?». 
Аузына сөз түспей, буыны дірілдеген Ғалия, ішінен «ойпыр - ау, маған не болды!»—
дегендей өзін өзі күштеп, әлсіз денесін зорға сүйреп Балуанның қасына барды да, оның, 
кеудесіне сүйеніп, қолын иығына арта, кескініне қарады. Сонда ғана тіл бітіп: 
— Балуан! — деді ақырын. 
«Балуан» деген сөз Ғалияның көз жасын байлаған тоған сияқтанды. Аузынан осы сөз 
шығуы мұң екен, — көз жасы ағытқан тоғандай саулай жөнелді. Балуанның кеудесіне 
бетін басып, Ғалия солқылдап ұзақ жылады. Балуан көзіне жас алған жоқ. Оны қатайтқан 
ой,— «бұл жылауың сағыну ма? Әлде күнәңді жуу ма?» 
Әдейі, Балуан естісін деген оймен, жігіттерге сыбырлаған боп, Ғалияны қызғанған 
Қордабайдың айтқаны: 
— «Балуан! Балуан!»—деп көтеретін едік. Асқаралы таудай көретін ек. Төмпедей - ақ 
қорамы бар екен ғой мынаның!.. Бір бейнетке шыдамай, осынша ұнжырғасы түсіп, 
осынша азғаны несі?.. Ғалия енді несіне қызығып жылап тұр? 


— «Ерді кебенек ішінде танысын», деген емес пе? — деді Қордабайдың бұл сөзін 
ұнатпаған біреу, — киіміне бола жақсы көрді деймісің? Сүйегін танып жақын болған 
шығар. Бұл жылауы да сүйегін танығандық шығар. 
— Рас айтасыз!—деді бұл сөзді құлағы шалып қалған Ғалия, кенет ширап, — «ерді 
кебенек ішінде таны!» деген сөзді халық босқа айтпаған. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет