Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет18/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

МЕҢДУАНАҒА МАСТЫҚ 
Балуанды түн ортасында ұстап әкеткеннен жылаған Ғалия, жастыққа бетін төсей шөке 
түскен қалпынан сәске көтерілгенше жылады. Баста оған қосыла жылаған Қалампыр, 
біраздан кейін ақыл айтты: 
— Шырағым, қой жылауды! «Кебін кигеннен түңіл, кебенек кигеннен түңілме», — 
деген бұрынғылар. Аман болса бұдан да құтылар. Шын жаның ашыса Нұржанды 
құтқарып алудың қамын ойла. 
Ғалия бұл сөзге құлақ аспай, тиылудың орнына үдей берген соң, Қалампыр ұрысты: 
— Нұржан осынша құмартып соңыңнан қалмағанға мен сені ерге — ер, серге — сер 
қатын екен десем, сен де ұзын етектің бірі екенсің ғой, тәйірі!.. Нұржан құр жылтыраған 
бетіңе қызыққан екен ғой!.. Сенен басқа қатынның байы ұсталмап па? Бекет батырды 
патша ұстап Итжеккенге жер аударғанда, қатыны — Зере соңынан қуып барып, жасырып 
алып қайтқан жоқ па еді? Патша осы Қараөткелден ұстап ап, Тескентау өткізіп жіберген 
Жиенбай батырды, қыздай отырған қалыңдығы Балқия да құтқарып әкелді деп естігеміз. 
Нұржан солардай теңін тапқан екен десем, көз жасынан басқаға әлі келмейтін салды балақ 
қатынның бірі ме едің? Қой, әрмән, ағыл - тегіл болмай!.. 
Қалампырдың қайрат берген сөзі Ғалияның жасын тиды. Балуан Шолақ: «Апам, 
Апам!» дей беруші еді, неге олай дейтін себебіне Ғалияның көзі жаңа жетті. 
Жасын тиған Ғалия, Балуанның іздеп кеп қолға түскен өкінішін айта кеп: 
— Аз күн бейнеті ешнәрсе етпес еді, бірақ тез шықса! Мен шығармай ма деп қорқам. 
Бұл қаланың ұлықтарының беті оған жаман, — деді. 
Төрт - бес күн уақыт өтті. Ғалия ояздық мекемелердің есігін түгел қақты, бірақ жылы 
ұшырағаны кездеспеді. Бәрі де жыландай ысқырынып: «Енді ол саған жоқ» деп дүрсе қоя 
береді. 
Ұлықтардан тауалы шағылған Ғалияның дұшпандары да табалады. Амал қанша! 
Ғалияда бұрынғыдай өркеуделік жоқ: «Бетегеден биік, жусаннан аласа». 
Бір күні кешке Қалампыр Ғалиямен ақылдасты: 
— Шырағым!—деді ол Ғалияға, — Сен ұлықтардан түңіліп жүрсін. «Үмітсіз — 
сайтан». Егер ұнатсаң, мен саған бір ақыл айтар ем. 
— Айт, апа! 
— Біздің елімізде, әткемдермен тұстас: Көлбай, Жанбай деген екі батыр бопты. Солар 
патшаға қарсы шығып, неше жыл жанжалмен бағынбай жүріпті. Патшаның құрығы ұзын: 
бір күні Көлбай мен Жанбайды қапылыста ұстап, Көкшетаудың абақтысына қамапты. 


Көлбайдың қатыны Ақтайлақ деген кісі ер адам екен дейді. Көлбай мен Жанбайға ас 
апаруға ешкім бата алмағанда, Ақтайлақ: «Өлтірсе мені өлтірсін, жаным батырлардан 
ардақты емес» деп асты өзі апарыпты. Асы бір саба қымыз, бір семіз құлынның еті екен 
дейді. Түрменің адамдары аш па, я қазақтың асын таңсық көре ме, қымыздан сұрап ішіпті, 
еттен сұрап жепті. Көлбай мен Жанбай кедей екен дейді. Бірақ, ас бергізетінін көрген соң, 
бүкіл ел боп, күніне бір саба қымыз бен бір тоқты беріпті де тұрыпты, оны Ақтайлақ 
абақтыға апара беріпті, апарған сайын қызметкерлерін суара беріпті. Бір күні Ақтайлақ: 
«қымызға қосып, осыларға меңдуана берсем қайтеді», - деп ойлапты. 
— «Меңдуана» не, aпa? — деді Ғалия. 
— Білмейтін бе ең, балам? (Ғалия басын шайқады). Қурай сияқты іші қуыс, бұтақты 
шөп болады. Оның басына, үлкендігі тырнақ көлеміндей домалақ қауашақтар шығады, 
ішіне тары тәрізді ұсақ дән еседі. «Меңдуана» дейтін сол ұсақ бүршіктер. Егер соны суға 
қайнатып, не шайға, не қымызға қосып берсе, ішкен адам есінен айырыла мас болады. 
— Арақ сияқты десеңізші! 
— Арақты ішкенде тыжырына жеркенісіп жатады ғой жұрт? Меңдуананың дәмін де 
білмейді; араққа мас болғанда кіресілі - шығасылы есі болады ғой, меңдуананы ішкен 
адамда шүнәмдай да ес қалмай, жынды адам сияқтанып кетеді; арақ ішкендер тәлтіректеп 
буынын баса алмай жүрсе, меңдуананы ішкен кісі әуеле жайшылықтағы қалпынан 
күшейіп кетеді де, біраздан кейін, өлген адамдай ессіз боп құлайды. 
— Сөзіңізді бөлдім - ау, апа, — деді Ғалия — әлгі Ақтайлақтың кеңесін аяқтаңызшы!.. 
— Өзім де соған келе жатырмын. Сонымен, Ақтайлақ, бір саба қымызға қайнатқан бір 
шелек меңдуана суын қосып апарады. Оны білмей ішкен түрме адамдары, біраздан кейін 
қирай мас болады да, бірі мен бірі төбелесіп әуре - шікірасы шығады. Сол кезде Ақтайлақ 
абақтының есіктерін ашады да, тұтқындар да, Көлбай мен Жанбай да қашады. Көлбай мен 
Жанбай сол қашқаннан Жиделі - Байсын өтіп кеткен дейді. Ешкімге ешкім тимейтін, қой 
үстіне бозторғай ұялаған, қыс болмайтын, жері бау - бақшалы тамаша жер дейді оны!.. 
— Мен де осыны істер ем, — деді Ғалия, — бірақ қайдан табам, меңдуананы? 
— Ондай өнер көрсетем десең, меңдуананы алыстан іздемессің. Тісімнің сырқырамасы 
болушы еді, меңдуана салсам басылатын еді, соған деген бір дорба меңдуанам бар, ол осы 
Қараөткелдің тең жарысын мас қылуға жетеді. 
— Істеймін! Бер — деді Ғалия қуанып. Ол іске кірісті. 
Абақтыда надзиратель боп қызмет істейтін, Ғалиямен бала жастан бірге өскен, бірін - 
бірі туғанындай көретін жігіт болушы еді, аты — Тоқпан. Балуан Шолақ абақтыға 
алынғаннан кейін, Тоқпан Ғалияға кеп, аянышын білдіріп, көңілін жұбатпақ болған. Сол 
Тоқпан арқылы танысса, абақтының начальнигі Завьялов қымызқор адам боп шықты. 


— Осы күні не көп, абақтыда жатқан қазақ көп! — деді Тоқпан Ғалияға, — солардың 
жақындары күнде ауылдан сабалап қымызды, я басқа астарды тасиды да жатады. Келген 
астың көбінің игілігін Завьялов көреді. Тегін тамақты аясын ба — бізді де тойғызып 
тұрады. 
Ғалия Тоқпанға бірге өскендігін, көңілдестігін айта кеп, меңдуана жайын баяндады. 
— Болсын! — деп көне кетті Тоқпан, — Балуан Шолақпен істес боп көрмегенмен, 
қандай жігіт екенін жақсы білем. Реті келсе, қипыстан құтылуына тілектеспін. 
Меңдуанаңды әкел, тапсырмаңды орындаймын. 
— Қорықсаң зорламаймын, — деп шегеледі Ғалия. 
— Айтқаным айтқан,— деді Тоқпан. Ол абақтының хал - жайын, қай күні орқаны 
келерін анықтап ап, Ғалияға хабар бермек болды. 
Тағы да біраз күн өтті. Үкімет Балуан Шолақты: «Абақтыны тағы бұзар, я қашуға 
тырысар» деп, аяқ - қолын кісендеп, бір ұшын тас қабырғаға қаққан шығыршыққа байлап 
ұстады. 
Бір күні Ғалияға Тоқпан келді: 
— Сәті түсуге айналды, — деді ол, — Завьялов бүгін екі саба қымыз, бір тоқтының 
етін алды да, бір сабаны күндіз ішіп, екінші саба мен тоқты етін іңірде ішіп жеуге 
қалдырды. Бүгін бәрімізді қонақ қылатын болды. Меңдуанаңды бер маған, мен оны 
қайнатып, кешкі ішілетін сабаға елеусіз уақытта құяйын... 
— Қалай қайнатасың меңдуананы? 
— Абақтының конторында күндіз - түні қайнап тұратын самауыр бар, қасында 
көбінесе кісі болмайды. Қымыз да сонда тұрады. Меңдуананы ебін тауып сол самауырға 
қайнатам да, сабаға құям! 
Бір дорба меңдуананы алды да, Тоқпан кетті. Сол күні ол күндіз демалып, күзетке 
кешке бармақ еді. Күн бата абақтыға барса, конторда жалғыз уборщица әйел ғана отыр 
екен, самауыр быжынап қайнап тұр. Уборщица момындау, бейқамдау адам болатын. 
Тоқпан оның көзін алдап, самауырға меңдуананы салды. «Бір қайнаса болады» деген 
Қалампыр. Аз уақыттан кейін, Тоқпан уборщицаны сырттағы бірдемеге жұмсады да, өзі 
самауыр суын шелекке тез қотарып, қайта су құйып, меңдуананың суын аз уақыт 
тұндырды да, сабаға құйды. Сабаны шайқады. Содан кейін, абақтыдағыларды түгендеген 
Завьяловқа еріп, бөлмелерін аралады. 
Балуан Шолақ оңаша бөлмеде еді. Завьялов пен Тоқпан оның бөлмесіне де кірді. 
— Енді неге қашпайсың?—деп кекететін еді Завьялов, кісендеулі Балуанды көрген 
сайын. 


Бұл сөзді Балуан бұрын естігенде, айбат шегіп қарсыласып қалатын. Бұл жолы да ол 
қарсы сөз айтуға ыңғайлана беріп еді, Тоқпан көзін қысып қойды. Неге өйткенін жобалай 
алмаған Балуан, «бір мәні болар» деп түйді ішіне. 
Завьялов іңірде дежурствоға кісі тағайындап, өзі үйіне қайтпақ боп, абақты 
қызметкерлерін түгел конторға жиды. «Есік пен қақпа кілттеулі, қорған берік, қайда қашар 
дейсің» деп, ол кейде қақпа алдындағы күзетші мен қорған бұрышында тұратын 
қарауылдарды да шақырып қымыз беретін еді. Қарауыл мен қақпа күзетшісін Завьялов 
бұл жолы да шақырды. 
— Үйге қайтар алдында сендерді сыйлайын деп ем, — деді мақтаншақтау Завьялов 
қызметкерлеріне, — кәрің бар, жасың бар, менен бұрын, нақ мендей начальникке кездесіп 
көрдіңдер ме? 
— Жоқ! — десті бәрі шулап. 
— «Жоқ» болса, ішіңдер мына қымызды!.. Жеңдер, мына етті! Қалай тойғызам мен 
сендерді күнде?!.. Мен кетсем көбің аштан инеліктей қатасыңдар! 
Абақты қызметкерлері қымызды ал кеп ішті, етті ал кеп жеді. Тоқпан өтірік ішкен боп 
көптің көзін алдады. 
Қымыз әрі қою, әрі тәтті еді. Кісі басы одан екі – үшке тастағаннан кейін, басы 
жұқалаулары қызуға айналды. 
— Қызына бастаған кезде жел соқса тез мас болады, — деген еді Қалампыр. 
Көптің көзін алдаған Тоқпан, өзгеден бұрын өзі қызған боп: «үй ысып кетті» — деп 
есікті, терезенің форточкасын ашты. Дала сол күні желкемдеу еді. Ашқан форточкадан 
аңқыған сквозняк контордың ішін желдендіріп жіберді. Қызған денесін сквозняк 
салқындатқан Завьялов, «жабайық» дегендерге жаптырмады. 
Жұрттың бәрінен бұрын Завьялов мас болды. Жайшылықта да көп сөйлейтін ол, мас 
болған соң желігіп кетті. 
— Мен құдай!.. Мен патша!.. Аш, абақтының есігін, қақпасын!—деп ақырды ол 
кілтшіге ,— бердім бостандық, бейшараларға! 
Өзгелер де мас болды. Есінен айырылған олар қиян - кескі төбелесті. Сол апыр - 
топырда Тоқпан әуелі Балуан Шолақтың камеріне кірді де аяқ - қолындағы кісенді алды, 
содан кейін Балуан екеуі барлық камераның есігін, қақпаны ашып, қамаудағылар түгел 
қашты... 
Өзара қиянкескі төбелескендердің басы жарылғаны, көзі шыққаны, жараланғаны аз 
болған жоқ. Таяқты ең көп жеген Завьялов. Тегін ет пен қымызға мейірімді 
болғансығанмен, ол өзіне бағынатындарға аса қатал еді, тілінен қолын бұрын жұмсайтын 


еді. Сол кек кеудесінде жүрген абақты қызметкерлері мас боп алғаннан кейін, Завьяловты 
жүндей түтті... Өзара да төбелескен олар, айғай - шумен көшеге шықты... 
Абақты Ақмоланың қаласынан оңаша Есіл жағасында еді. Және бұл кез қала 
халқының үйді - үйіне орныққан шағы, көше тастай қараңғы. 
Абақты қызметкерлерінің жанжал - шуын естіген адамдар болды. Сондай төбелес 
қаланың әр жағында күнде боп жататын, оларды арашалауға жабайы халық түгіл, 
полицейскийлер де қорқатын. Мынаны да сондай төбелестің бірі деп ұққан халық, шуды 
ести тұра тырп еткен жоқ. 
Ессіз қимылмен бірін - бірі аямай пергілесіп жүрген абақты қызметкерлерінің біреуі, 
«осыдан құтылмай жарық жоқ дегендей», абақтыға от берді. Ол үй, асты кірпіш, үсті 
бөрене — екі этажды болатын. Қурап тұрған тақтай мен бөренеге тұтанған жалын ілезде 
аспанға шықты. 
...Каланча қағылды. Жұрт өртке жүгірді. Есінен адасқан мастар кездескенді сабап, 
жұрт өртті сөндірерін, я мастарды ұстарын білмей састы. 
Мастардың кім екенін, өрттің қайдан шыққанын біразға шейін ешкім біле алмады. 
Өртке Тройцкий де келді. Тұтқындардың қашқанын көрді. 
— Қызметкерлері қайда? — деп іздеді ол, өрт сөнуге айналған шақта ғана есін жинап, 
— Завьялов қайда?.. 
Оны жұрт ессіз құлап жатқан жерінен тапты. Егер өрт сөндірілмесе, соққыдан ауыр 
жараланған ол күйіп кетеді екен... 
Мастарды көпшілік жабылып әрең ұстаса — бәрі де абақты қызметкерлері!.. Бірі де 
есін білмейді!.. 
Бұл оқиғаның артында зіл жатқанын көрген Тройцкий жандармдарға: «бәрін де есі 
кіргенше бір үйге қамаңдар! Абақтыдан қашқандарды табу үшін, қалаға шетінен тінту 
жүргізіңдер!» деп бұйырды. 
Сол күні Троцкийдің үйінде Татьяна мен күйеуі келу құрметіне мәжіліс болып жатыр 
еді. Мәжілісте күйеу мен қалыңдықтан басқа Омбыдан келген прокурор, чиновник особых 
поручений бар да, және ояздық чиновниктер де бар. «Өрт!» деген хабар естілгенде 
қорыққан оларға Тройцкий: «Сіздер отырыңыздар, мен өзім ғана барып сөндіру ісін 
басқарып қайтайын» деген. 
Тройцкий қайтып келсе қонақтар үрей екен. Ішкі тынышсыздығын олардан бүркеген 
Тройцкий: 
— Абақты күйген! — дей салған еді. 


— Абақты! — десті қонақтар шу ете ғап. — Ыңғайсыздау хабар екен! Тұтқындары 
қайда?.. 
— Қашыпты!.. 
— Енді қалай ұсталады олар?!—деп уайымдады прокурор. 
— Өзгелері ұсталар ғой, — деді Тройцкий, — ұстатпайтын бір адам қашып отыр!.. 
— Кім? 
— Балуан Шолақ! 
«Балуан Шолақ» деген сөз құлағына шалынғанда, былай да үрейленіп тұрған Татьяна, 
жайдың оты соққандай, «аһ!»—деді де талып кетті!.. 
— Компресс!., Су!..—деп шуласты үйдегілер. 
Бұл қалада Балуан Шолақ бар деген ой Татьянаның өңі түгіл түсіне де кірген жоқ еді. 
Міне, сол Балуан Шолақ оның алдынан шықты!.. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет