Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет20/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

АМАЛСЫЗ АЙЫРЫЛУ 
Балуан Шолақ сол күні көп ұйықтады. Ол оянса терезе жабық, үй іші қаракөлеңке 
екен. Қатты ұйқыдан долырған бетін ол уқалап, терезе қақпағының азырақ ашылыңқырап 
тұрған жерінен сығаласа, аспанда қалын, бұлт азырақ ұсақ жаңбыр сіркіреп тұр. 
— Оянғаннан кейін есікті ептеп шертерсің — деген еді парикмахер. 
Балуан «кісі бар ма екен?» деп есікке кеп, құлағын тосып еді, шықылдаған сағат 
дауысынан басқа дыбыс білінбеді. Сонда да сақтанған ол есікті шертіп еді, — үн жоқ. Ол 
қаттырақ шертті, — үн жоқ. 
«Бұ несі?!» деп ойлаған ол, жарма есікті ақырын ашса, ауыз бөлмеде адам жоқ. 
Сыртқы есікті ашайын десе, бекітіп кеткен. Ауыз бөлменің терезе қақпалары ашық екен. 
Балуан содан қарай бергенде, сыртта тықыр естілді. Жүрегі шайлыққан Балуан, төргі 
бөлмеге кірді де есігін жапты. Сырттан біреу ауыз бөлмеге кірді. Балуанның бойына 
қорқыныш желі жүгірді. 
— Балуан! — деген дыбыс естілді ауыз бөлмеден, парикмахердің дауысы. Балуан есік 
ашса, парикмахер суланған пальтосын шешпестен тұр екен, өң,і сынық! 
— Иә, не хабар бар? — деді Балуан. 
Парикмахер сыр білдірмейін дегендей ол - пұл қалжың айтқан болды, бірақ бұнысы 
кешегідей жарқын көңілден шыққан қалжың емес сияқты, артында зілі бар қалжың 
сияқты. 
Парикмахер Балуанға болған оқиғаны жайлап айтты. 
«Анаң, Ғалия ұсталды» дегенде тұла бойы мұздана қалған Балуанның қаны ілезде 
қайнап кетіп, екі көзі қанталай қалды. Аздан кейін ашуы сабасына құйылғандай болған ол: 
— Маған енді не істе дейсіз?—деді парикмахерға. — Анаңды, сүйген жарыңды, қайын 
атаңды қаматып қойып, өзің қашып жүр дейсіз бе, болмаса қарсылас дейсіз бе? 
— Оны салқын қанмен ақылдасу керек, — деді парикмахер, — қаладағы күдікті деген 
жерден сені іздеп тінтімегені жоқ көрінеді жауларыңның, «ұсталса, атып тастаңдар»— деп 
бұйрық беріпті Тройцкий. 
Бұл сөздерді тұнжыраумен тыңдаған Балуан Шолақ, бір кезде жадырағандай басын 
көтерді де, Тройцкий үйінің, қора-қопсысының қалай жасалғанын сұрады. 
— Оны қайтесің? — деді парикмахер. 
— Керегі бар. 


— Мен білмеймін. Білетін кісі бар. 
— Кім? 
— Ояздың үйін күзететін полицейский урядник осы маңайда тұрады. Өзі маскүнем. 
Екі рюмка арақ ішсе бар сырын айтады. 
— Қазақ па, орыс па? 
— Қазақ. 
— Онда шақыр соны! Бер арағын! Сұра ояздың үй құрылысын! 
— Мақсатыңды айтшы! 
— Ояздың үйіне барам да, жазықсыз тұтқындарды шығартам, я өлтірем. 
— Қатер жұмыс қой бұл. 
— Қорықпа, қарт! Осы бетім дұрыс. Бір алтыатар мылтық табылса болғаны. 
— Ол менде бар. 
Парикмахер шкафтан сырты жарқырауық, алты оқты «смитвильсонын» алып көрсетті. 
— Жолым болады екен! — деді Балуан, — мылтықты ұстап көріп, — Өтінем, кешке 
шақыр әлгі урядникті! 
— Қаңғалақтап ара - тұра өзі де келетін еді, арақты қатынынан жасырып осында ішетін 
еді. Жаңа үйінде жүрген, келіп қалмас па екен. Келмесе шақырайын! Егер келе қалса сен 
төргі бөлмеде тыңдап отыр, оған кіріп дағдыланбаған адам. 
Парикмахер далаға шығып кетті де, аз уақытта қайтып келді: 
— Жасырын!.. Келе жатыр! 
Урядник үйге былдырлап сөйлей кірді. 
— Қатыннан жарты бөтелкелік ақшаны тағы ұрладым, — деді ол, — міне, 
бутылкам!—деп, қойнынан жарты литрлік ақ арақты суырып алды да, столға қойды. 
Закускасын да, ол қалтасына сап ала келген екен. Парикмахер қарсы алған боп, 
орындық қойып, чашке беріп күте бастады. Аузына арақ тие былшылдап, сандырақтады. 
Дүниедегі батыр да, мырза да өзі боп шықты. Сөз арасында Балуан Шолақты да атап: 
«Егер көзіме көрінсе, бір тарының қауызына сиғызам» деп қойды. 
Парикмахер оның астына көпшік қоя, мақтай сөйлеп, ояздың қора - қопсысының, 
үйінің жол - жобасын түгел айтқызды. Урядниктің баяндауынша: қораны айнала биік тас 


қорған, қорған үстінде аран - сым, кірер қақпадан басқа жол жоқ, қақпада күзет қатты; 
Балуан Шолақ қашқалы, үйдің сыртқа шығар есіктері тас бекітіледі, қораның ішінде, 
үйдің шатырына шығатын басқыш бар, шатырдың ішінде, үйдің коридорына түсетін 
қақпақ бар, қақпақ астында басқыш. 
— Үйінде қонақ жатыр, — деді урядник, — қора-қопсының, үйдің жол - жобасын 
сандырақтап айтып боп, — Тройцкийдің балдызы... қатын әкелген. Білемісің ол қатын кім 
екенін? 
— Кім? 
— Балуан Шолақ Көкшетаудан алып қашқан қыз! Ox, и, сұлу!.. Ох, и, қорқады 
Балуаннан!.. — Тройцкийде бүгін той, — балдызының құрметіне!.. 
Арағын ішіп, қылжалаңдаған урядник біраздан кейін кетті. Ойындағысы 
орындалғандай болған Балуан қуанды. Енді ол Татьянаны көруге құмартты. 
Балуанның Тройцкийдің үйіне баруға бел байлағанын көрген парикмахер ақыл айтты: 
— Мылтығым — жан сақтарым, көптенгі жолдасым еді, Ғалия үшін, Тілеу үшін, 
өзіңнің жігіттігің үшін қидым... Және бір ақыл айтайын: әйтеуір ояздың үйіне кіруге 
бекінсең және жолың боп кіре алсаң, сен оларды есінен кетпестей ғып қорқыт! 
— К,алай? 
— Бұл түріңде барма. Мен саған кіндігіңнен төмен түсетін сақал, құлағыңа орайтын 
мұрт жасап берейін. Үстіңе, жүнін сыртына айналдырып тері киім ки, сол түрмен кipсең, 
саған көздері түскенде - ақ есінен танады олар. 
— Дұрыс екен бұл!.. 
Ұзын сақал, мұрт жасатып, денесіне жүнін сыртына айналдырған тері тон киіп, аяғына 
киіз байпақ, басына айналдырған сеңсең тымақ киіп, қойнына «Смит - Вильсонды» салып, 
қараңғы түнді жамыла Балуан Шолақ жөнелді. Троцкийдің үйін қоршаған тас шарбаққа 
жеткенше оны ешкім көрген жоқ. 
Сонша денемен Балуан қандай епті! Ол қолының басы ғана іліккен шарбақтың үстіне 
қарғып шыға келді де, сымға арандамастан қораның ішіне түсті. Бір жақсысы — иті жоқ 
екен. 
Қораның ішінен үйді орағыта байқаса — терезелерінің қақпалары тарс жабылған. 
Үйдің қаңылтырлы биік шатырының қора жағында қақпасы бар екен, оған өрмелеп 
шығатын басқыш тұр. Балуан шатырға шығып, тастай қараңғы төбеден ішке түсетін 
тесікті әрең тапты. Ол сыбысқа құлақ түріп отырғанда үйдің ішінен дауыс естілді. Ақырын 
сипап, қақпақты көтеpiп көрсе — астында коридорға түсетін басқыш тұр. 


Сол кезде скрипка мен сырнай қосылып тәтті бір күйді ойнап жіберді. Балуанға 
скрипка мен сырнайдың емес, жүрегінің қылы күй толғағандай боп, тұла бойы шымыр - 
шымыр етті. Орыс халқының күйі мен әнін ол тамаша жақсы көретін еді.—«Енді ән айтса 
жарар еді!»—деп аз отырып еді, күй бітті, ән айтылмады. 
«Ендігісін күтпей - ақ қояйын, басқа қызығын бірдей көрейін» деп ойлаған Балуан, 
басқышпен коридорға сыбдырсыз еппен түсті де, шу естілген есіктен кіріп барды, 
қолында мылтық. Бөлме кең екен. Тамаша киінген жиырма шақты әйел - еркек, тамақ пен 
араққа толған жалпақ үстелді айнала, әлденеге мәз - майрам боп күлісіп отыр. Татьяна 
орталарында. 
Балуанға өзгеден бұрын көзі түскен бір әйел, екі көзі шарасынан шыға «ах!» деп 
ышқына бір дауыстап қалды да, үстел - мүстелімен шалқасынан құлады. Өзгелері 
Балуанды көрмегендей, құлаған әйелге ұмтыла бергенде, Балуанның «көтер, 
қолдарыңды!» деген даусы күр ете түсті. 
Бәрі оған жалт қарады да, кескіндері құп - қу болып, қолдарын көтеріп, тұрған 
жерлерінде тікелей қата қалысты. Балуан аяғын алшаңдай басып жақындады. Бірнеше 
әйел шыңғырып жіберді. 
Балуан Шолақты жазбай таныған Татьянаның барлық қаны басына шыққандай, 
дірілдеген денесі оттай лаулап, буындары селкілдеп кетті. 
Үрейленгендерді көріп масаттанғандай болған Балуан, сол бөлмедегі погребтің аузын 
ашты да, басы ояз қып, барлық еркекті қаһарлы ыммен ішіне біріндеп түсіре бастады. Осы 
кезде Татьянаның көзі күйеуіне түсіп еді, әлгі кезде өліктей бозара қалған кескініне қан 
жүгіріп, бетінде ашу толқыны ойнай қалған екен, шалбарының оң жақ қалтасынан 
браунигін суырып келеді екен. Ісіне масаттанған Балуан оның қимылын аңғарар емес. 
Татьяна күйеуінің браунигті суырған қолын сырт жағынан шап беріп ұстай алды да, 
жұлып алмақ болып еді, қол мылтыққа тас боп қатып қалған, босатар емес. Балуанға 
байқатпай, Татьяна күйеуіне ашулы көзін қадай қойды. Қосылуларына аз уақыт 
болғанмен, ол күйеуінің еркін билеп үлгірген еді. Күйеуін ықтырарда, ол көбінесе сөзін 
емес, көзін жұмсайтын. 
Браунигті жібергісі келмеген күйеу, Татьянаның біздей қадалған көзіне шыдай алмады 
да, босатты, қолына алған мылтықты Татьяна ешкімге сездірмей, арқасын таяп тұрған 
қабырғадағы айнаның артына қоя қойды. 
Татьянаны Балуан есіктен кіре таныды. Көкшенің кеудесінде бірге тұратын күндерден 
ол көп өзгерген: бойы одан биіктеген сияқты, денесі толығып, арық беті еттеніп, бұрынғы 
сопақтау беті дөңгеленген сияқты, бұрынғы сыптығыр кеудесі, енді төстеңдей көтеріліп, 
иек салбыраңқы бұғақ бітіп, кәдімгі байсалды келіншек болыпты! 
Еркектерді погребке қамап жүргенде, Балуан Шолақ Татьянаға қарамауға тырысты. 
«Егер қарасам, — деп ойлады Балуан, — менен емексіп, қимылыма бөгет болар!». 


Ең соңғы еркек — Татьянаның күйеуін Балуан Шолақ погребке түсіріп, қақпағын 
жауып жатқанда, есі жиналған Татьяна қатар бөлменің жабулы есігін ашты да, үрейленген 
әйелдерге: «мында келіңдер» дегендей ымдады. Әйелдер Балуаннан үрке, біріне бірі 
соқтыға, Татьяна ашқан есікке жүгіріп кірісті. Балуан оларға көз қырын ғана салып, есік 
жақта тұрған қаңылтырлы үлкен сандықпен погребтің қақпағын бастырды. 
Әйелдер кірген бөлменің есігін Татьяна жапты да, адымын нықтай басып, Балуанның 
қасына келді. 
— Мен бәрін де естідім!—деді ол. — Сіздің не оймен мұнда келгеніңізді, айтпай - ақ 
түсіндім. Бет алған жақтан қайтпайтын қаталдығыңыз болатын еді, сонда да, өмірімде 
сізден тілек тілеп көрмегенімді есіңізге сап, алғашқы да, соңғы да тілегім деп, өтініш 
айтқалы тұрмын, қабылдайсыз ба? 
— Ретіне қарай көрермін! — деді Балуан. 
— Сіздің, мына погреб астындағыларды өлтіруге келгеніңізді білмей тұрған жоқпын. 
Қиыңыз маған осы құрмалдықтарыңыздың жанын! 
Балуанның бұл жолы рақымсыздыққа тастай қатқан жүрегін, Татьянаның сөзі 
жібіткендей болды. Сол кезде көзін жапқан қан тарап, денесін сірестіре буған ашу ыдырап 
жұмсақ жүзімен: 
Болсын Тәнәйжан, — деді ол, — мен сенің тұтқынға түскен жақындарыңды 
босатайын, сонда, менің тұтқын болған жақындарымды кім босатады? 
— Әрине, мен!—деді Татьяна нық дауыспен. 
Балуан Шолақтың жақындары абақтыға түскенін Татьяна естіген еді. Соларды 
босаттыру мақсатымен: 
— Погребтегі тұтқындарды босатыңыз!—деді Татьяна Балуанға. 
Балуан сандықты көтеріп апарып орнына қойды да, погребтің қақпағын ашты. Іннен 
шыққан суырдай боп, қамалған адамдар бірінен соң бірі погребтен сүйретіліп шыға 
бастады. Бәрі шығып болғаннан кейін, Татьяна Тройцкийге бірдеме дегелі ыңғайланып 
келе жатыр еді: 
— Бәрін естідім, — деді ол, — Балуан Шолаққа берген уәдеңіз орындалады... 
Кешікпей ояздың қорасынан тарантасқа жегіліп шыққан пар ат: Қалампыр, Тілеу, 
Балуан, Ғалия — төртеуін үйіне апарып салды... 
Ертеңіне Тройцкий Балуан Шолаққа паспорт және «ешкім тимесін» деген қағаз 
жібертті. 


Үй ішіне амандасып, Балуан Шолақ Жетісуға жүріп кетті. Бірақ, оның қайда кеткенін, 
өз үй - ішінен басқа ешкім білген жоқ... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет