Сабит Муканов. Балуан Шолак


БАЛУАН БІРІКТІРГЕН ӘН-КҮЙ



Pdf көрінісі
бет21/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   27
БАЛУАН БІРІКТІРГЕН ӘН-КҮЙ 
Тау көрмедім Көкшенің биігіндей
Бауырында ойнап ем киігіңдей; 
Кіндік кесіп, кір жуған қайран жердің 
Болмайды екен еш қайғы күйігіндей 
(Балуан Шолақ өлеңінен). 
Ақмоладан аттанарда Балуан, «жолшыбай танымайтын ел, ойдағы жеріме жете алам 
ба, әлде тоналып қаңғырып өлем бе?»—деп қауіптенген еді. Ол қауіп Ақмоладан шыға 
бере -ақ жойылды, қай ауылға кездессе де оны құшақ жайып қарсы алды. 
Қазақтың кең даласына атағы түгел жайылғанын Балуан Шолақ сонда ғана көрді. 
Жолында кездескен ауылдардан өзі туралы неше түрлі ертегілер естіді. Мәселен оған 
жолдағы жұрт мынадай сұраулар қойды: 
«Қамаған қарағай үйдің бір бұрышын көтеріп шығып кеткенің рас па?» 
«Абақтының төбесін иығыңмен көтеріп аударып тастағаның рас па?» 
«Абақтының қалыңдығы жарты кез сәкі тақтайын теуіп қақ ортасынан қақ бөлгенің 
рас па?» 
«Сот болғанда сенен — «неге бұлай бұзақылық істейсің», деп сұрапты ғой. Сонда сен: 
«Бойыма күшім симайды», депсің ғой. Сонда олар: «Сол күшіңді көрсетші» депті ғой. 
Сонда сен: «Егер босататын болсаң, осы үйдің екі терезесінің аралығындағы қабырғаны 
басыммен сүзіп құлатам» депсің ғой. Судья: «Оны құлатсаң босатам» деп қолынан шарт 
жазғанда, сен қабырғаны сүзіп құлатып кетіпсің ғой!.. Осы рас па?!» 
«Аққошқар»— дейтін аруағың, бар деп есітеміз. Ол қасыңда жүргенде сені отқа салса 
күймейді, суға салса батпайды, найза өтпейді, қылыш кеспейді дейді, сол рас па?.. Бір рет 
мылтықты мың, солдатпен соғысып, бәрін сойылмен ұрып жыққаның рас па?» 
«Кісінің көзін байлайды дегенді айтады. Бір күні үйіңе сені ұстаймын деп үш жүз 
солдат келгенде, көзін сиқырмен байлап, көрінбей қалғаның рас па?» 
«Ақбоз» дейтін атың осы ма? Мұның мықынында құс сияқты қанаты бар дейтіні 
қайда? Қысылған жерде құс боп ұшады дейтін еді ғой? Өзі сен айтқан сөздің бәрін ұғады 
дейтін еді ғой?.. Басыңа төнген қауіпті күн бұрын сезіп хабар береді дейтін еді ғой?.. 
Жауыңмен алысып, алдына келсе тістейді, артына келсе тебеді дейтін еді ғой?.. Қуаныш, 
қайғыңа ортақ еді ғой?.. Сол рас па?» 


Енді біреулер:—«Сенің бойыңды тік тұрған нар түйеден биік деп еді, құнажын 
байталдың етін жеп қояды деп еді, жылқының жілігін қойдың жілігіндей кеміреді деп еді, 
бір саба қымызға қанбайды деп еді, бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайды деп еді, бір 
ұйықтамаса қырық күнге шыдайды деп еді... сол рас па?» деп сұрады. 
Тағы біреулер: «Баяғы Қобланды, Қамбар, Алпамыс, Ер Көкше, Ер Қосай тағы сондай 
батырлардың аруақтары сені қоршап, жебеп - желеп жүреді дейді ғой... Сен оларды 
көресің бе? Сөйлесесің бе?» деп сұрады. 
Балуанның дағдылы адам екенін, оның қашып жүргенін естіген біреулер — «сені 
дария деп естіп ек, шұқанақтай жоқ екенсің ғой, тәйірі!.. Сені асқаралы тау деп еститін ек, 
төмпедей жоқ екенсің ғой, тәйірі!.. Жортуылшы батыр деп естіп ек жымып жүрген 
қашқын екенсің ғой, тәйірі!..» деген сияқты ренішін де жасырмады. 
Балуан мақтағанға қуанған жоқ, жамандағанға ренжіген жоқ. Несіне қуанып, несіне 
ренжісің — қуанайын десе, елдің жүктеген үмітін ақтаған жоқ; ренжиін десе, елдің оны 
сынап айтқан сөздері өтірік емес, шын. 
Елдің өзі туралы айтқан сөздеріне қуанбай да, ренжімей де, салқын қанмен ғана 
тыңдап келе жатқан Балуан Шолақтың ұққаны, — әрі орыстың әкімдері мен байларынан, 
әрі өзінің әкімдері мен байларынан қорлық - зорлық көріп отырған қазақтың момын қалың 
көпшілігі, сол қорлық-зорлықтан құтқаратын басшы іздейді екен, «сондай басшы — 
Балуан Шолақ болып қалуы мүмкін» деген хабар естиді екен, үміті сондай болғандықтан, 
ел оның атын дағдылы қалғанынан әлденеше рет өсіріп, ертегінің батырына айналдырып 
жіберген екен. 
Енді, сол халықтың өзімен көзбе көз жолғасқанда, қорлық-зорлықтан құтылу туралы 
олар берген сұраудың ешқайсысына Балуан жауап бере алған жоқ. Ендеше, неменесіне 
қуанады ол?.. іске емес, даурыққан дақпыртқа ма?.. 
Қуанудың орнына қайғырды ол!.. Елдің қол созған биігіне көтеріле алмауына 
қорланды ол!.. Бірақ, қорланғанда не істесін!.. Бойынан биік қалай қарғысын!.. 
Жұрт көзінде өзін солай қомсынғанмен, халық Балуан Шолаққа қайда барса да, 
төбесінен тік тұрып құрмет етті. Оған екі себеп болды: бірі — халықтың басында бар 
қайғы өз басында да барын, бірақ, бұл қайғыны кетірерлік күш халықта болмаса, мұнда да 
жоғын, бұл да халықпен бірге, сондай күшті іздеу жолында екенін, әлі ондай күшті таба 
алмағанмен, табуға үміті барын жасырмауы; екіншісі— халықты батырлық ісімен 
сүйсіндіре алмағанмен, өнерімен сүйсіндіруі. 
Батырлық күші болмағанмен, балуандық күшінің өлшеусіз молдығы, осы күшін, қара 
күштен өнерге айналдырып, бұрын көрмеген неше түрлі қызықтарды көрсетуі халықты 
қайран қалдырды. 
Елдің балуандары бірін - бірі жығып қана атаққа шықса, бұл, атан түйелерді арқалай 
жөнеледі; әлденеше жігіт жабылып әрең тоқтататын асау аттарды бұғалықпен жалғыз 


тоқтатып, жалғыз ерттеп, жалғыз үйретеді, шапқан аттың үстінде ұршықтай үйіріліп 
ойнайды; дене өнерін көрсеткенде, сүйектері сымдай иілген сияқтанады; оқтаудай жуан 
темірлерді білегіне бұраудай орайды, бақыр ақшаларды қамырдай илейді; арқанмен 
тартқан оншақты жігітті жаяу сүйреп кетеді, олар бұны орнынан да қозғай алмайды... 
Күш өнері сондай болса, қол, тіл, үн өнері одан да қызғылықты: қайысты да шебер 
өреді ол, етікті де шебер тігеді, оюды да шебер өрнектейді, киімді де шебер пішеді ол, 
соның үстіне, «бармағынан балы тамған» домбырашы... Домбыраны ол төпеп тартпай, 
шекті шолақ саусағымен іліп-қағады да, сол қолының салалы саусағымен пернелерді 
басқанда, неше түрлі тамаша үндер шығарады. Ескі күйлер мен ескі әндерді шертуге 
шеберлігімен қатар, өзі шығарған әндер мен күйлерді ойнауға да жүйрік. Оның алыстағы 
көшпелі ауылға алып барған бір жаңалығы — сырнай. Баяғыда, Қайрақты қаласында 
сырнайға аса шебер Андрейдің қасында ойнауға қорынатын ол, «сырнай» дегенді 
көпшілігі көрмеген көшпелі ауылда ешкімнен жасқанбады да, жобалғы ойнаған түрінің 
өзімен «сырнайшы» атанып кетті. Бұрын мұндай музыка құралын көрмеген жұртқа, 
Балуанның сегіз пернелі кішкене сырнайының өзі, «дауысы даланы басына көтерген... 
дауысынан бейістің үні шыққан тамаша құрал» боп кетті... «Балуанның сырнай тартқанын 
көруге келдік» деушілер құлақ естір жерден жиналды, ойын - тойда жұрттың Балуаннан 
бірінші өтініші — сырнай тарту болды... Балуанды еліктеп, елде сырнай үйренушілер 
көбейе бастады... жақын жердегі қалалардың базарына шыққандарға, пұлы барлар 
«сырнай ала кел» деген аманат қосты... саудагерлер де мұнымен пайдаланып, қаладан 
әкелген сырнайларын «аттың құны, нардың пұлына» сатты... 
Музыкалық өнері сондай Балуан, әндерді, әсіресе өзі шығарған әндерді айтуға шебер 
болды. Бұрынғы шығарған әндері Ғалияға ғана арналған ол, елінен, жерінен алыстаған 
сайын сағынып, бірталай әнді осы сағыныштарына арнап шығарды. Оның қоңырлау даусы 
зор болмағанмен, екпінді, нақышты еді. Үнін аздап мұрнына жібере айтатын еді ол. 
Әндерін осы үнімен айтатын ол, тыңдаушыларын кей әнімен күлдірді, кей әнімен 
жылатты. Адамның туған ел, туған жерін қандай жақсы көруін, Балуанның сол тақырыпқа 
арналған әндерін естіген тыңдаушылар ерекше ұқты, бұл әндер тыңдаушыларға ерекше ой 
салды. 
— Шіркін, адам туған елі мен туған жерін сүйсе осылай сүйсін! — деп күрсіне 
тыңдады олар... 
Алыстағы көшпелі ауылдарға Балуанның әнінен басқа апарған тағы бір жаңалығы — 
бұл барғанға дейін, ол елдің қыз - бозбаласы әнді ең көп дегенде екеу - екеу боп қана 
қосылып айтатын еді, әйтпесе жекелеп айтатын еді. Әнді көпшілік қосылып айтуды орыс 
селосында көрген ол, осылай айтуды ауылдың қыз - бозбалаларына үйретіп еді, тамаша 
боп шыға келді. 
«Балуанның аралап бара жатқаны — көшпелі ауылдар» дедік қой. Ол елде арба атаулы 
жоқ екен, көшкенде жүгін түйеге артады екен, ойын - тойларына салт атпен барады екен. 
Балуан ұйымдастырған хорға аз ғана адам емес, ойын-тойға салт баратын қалың жас түгел 
қосылып, шетсіз-шексіз кең дала, театрдың шет-шегі жоқ сахнасына айналып кетті. 


— Бәсе, даланың көркі енді кірді ғой! — деп шаттанысты, жүздеген, мыңдаған бұл 
хорды естіген қарттар, — бұрын кигіз үйдің, одан асса, — алтыбақанның төңірегінен 
аспайтын ән, Балуан Шолақ келген соң, кең даланы керіп кетті ғой!.. Е, бәсе, осылай 
айтылу керек қой, ән!.. Отбасы, ошақ қасындағы аз ғана адам емес, қалың ел осылай түгел 
есіту керек қой әнді!.. Өркенің өссін, Балуан Шолақ, әннің еңсесін осылай көтерген!.. 
Бұл алғысын халық сырттан ғана емес, көзіне де айтқан соң, сезімі де ерекше серпілген 
Балуан ауылдағы ән - күйдің музыкаға ойналуына да бұрын болмаған жаңалық қосты: 
ауылдың бұрын жеке ойналатын құралдары — домбыра, қобыз, сыбызғының басын 
біріктіре ойнатып, оларға сырнайды қосып, ауыл бұрын көрмек түгіл естімеген оркестр 
жасады. 
— Бұл да қызық болды - ау! — деп қуанысты ауыл — әннің ғана емес, күйдің де басын 
қосты - ау бұл Балуан Шолақ!.. 
Балуан басын біріктірген ән - күй, көшпелі ауылдардың ішіне, сол ауылдардың өздері 
сияқты ұзай көшіп тарап жатты... 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет